Үкімет басшысы алғашқы қызметтік сапарын Қарағанды облысынан бастады
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңа қызметке кіріскелі алғашқы қызметтік сапарын Қарағанды облысынан бастады. Ол алдымен мұндағы бірқатар маңызды өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып білді. Мемлекет басшысы: «Экономикалық өсім жыл сайын кемінде 6% өсуі тиіс»,— деген болатын. Бұл тапсырма кенді өлкеде қалай жүзеге асып жатыр?
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Биыл бәрін бітіру керек. Ешқандай кедергі болмау керек. Қаражат, мердігер оның барлығы түсінікті, бірақ бітіру керек биыл, жұмыс жасаңыздар белсенді. Одан басқа жолды тазалау мәселесі бар. Ақтөбеде көрдіңіз ғой 2500 көлік тұрып қалды жолда. Оны да байқау керек.
Қарағанды облысының әр саласындағы экономикалық өсім өткен жылы 5,6-8,3% аралығында болды. Бірақ бұл тоқмейілсуге болады деген сөз емес. Инвесторларға қолайлы климат жасап, экономиканы әртараптандыру – басты міндеттердің бірі. Бұл орайда Премьер аралап көрген патрон зауыты тұрған еркін экономикалық аймаққа қызығушылық танытушылар бар. Мұнда 1,5 трлн сомаға 61 инвестициялық жобаның пулы құрылды. 14 мың жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 10 инвестициялық жоба жүзеге асады.
Ермек Алпысов, Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары:
-Қосымша өсім беретін орын ретінде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Саран» индустриялық аймағы бар. Мұнда 21 резидент жұмыс жүргізіп отыр. Әлі 270 гектар бос жер бар. Бірақ әрмен қарай даму үшін бірқатар инфрақұрылымдық сұрақтар тұр. Бірінші энергия қуатын арттыру керек. Ол үшін республикалық бюджеттен 30 млрд теңге қаржы қажет. «Саран» индустриялық аймағында да осы мәселені реттеу үшін шамамен 28 млрд теңге қаржы керек.
Премьер «Qarmet» компаниясына табан тіреді. Кәсіпорынның ұлттық инвесторға қандай күйде берілгені баршаға аян. Қазір бұл олқылықтар кезең-кезеңмен реттеліп жатыр. Олжас Бектенов металлургтермен пікір алысып, жұмысшы мәртебесін арттыру, жалақыны ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру сынды өзекті сауалдарға тоқталды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Айлық, қауіпсіздік мәселесі біздің назарда болады. Жаңа инвестор тиісті шараларды белсенді қабылдайды. Тиісті уәде берді. Сондықтан біз бәрін бақылаймыз. Жас кадрларды дайындау күрделі мәселе, оны қарап, техникум және басқа оқу орындарын қамтамасыз етеміз. Үкімет тарапынан кез келген көмек болады, уайымдамаңыздар.
Мұнан соң Премьер «Саран» индустриялық аймағындағы ірі жобалармен танысты. 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын зауыты былтыр 1700-ге жуық автобус шығарды. Ал автомобиль шиналарын шығаратын кәсіпорын көктемде толық қуатына көше бастайды. Ол үшін 500-ден астам қызметкер оқытылып, жұмысқа дайын. Қосымша 1000-нан астам жұмыс орны құрылады.
Үкімет басшысы компанияның инвестициялық жоспарларын іске асыруды барынша жеделдету керегін айтты. Бұл Қазақстан экономикасының құрылымын өзгертуге елеулі үлес қосуы тиіс», — деді ол.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар