Жаңа 2015 жыл көкшетаулық ҰОС ардагері Оспан Жүсіп үшін ерекше болмақ
Ал, Жаңа жылдағы Елбасының сыйлығы қарияны қатты қуантты.
Оспан ақсақал, майданға 1942 жылы 18 жасында аттанған. Қарт жауынгер Белоруссияны азат етуге қатысып, Курск түбінде жау әскерін жайратуға атсалысыпты. Майдангерді мереке қарсаңындағы Елбасының құттықтауы қатты қуантты. Қария, Президенттің қамқорлығына дән риза екенін жеткізді. Сұм соғысты көзбен көрген ардагер: «Енді әлемде тек бейбітшілік болсын», - деп тілейді.
Оспан Жүсіп, ҰОС ардагері
-Еліміз оңды дамып келе жатыр. Бұрынғыдай емес. Қазір бүкіл жер жүзінің бәріне елімізді Н.Назарбаев таныстырды. Сол кісі болмаса, бізді кім танушы еді бұрын? Соғыс болмасын, соғыс болмасын. Соғысты көрсетпесін енді бізге.
Жасы тоқсаннан асқан ақсақал қазір отанасы екеуі 5 қыздан 16 немере, 33 шөбере сүйіп отыр. Жетпіс жылдық отбасылық тәжірибесі бар Жазира әжей, жастарға шаңырақты шайқалтпаудың сырымен бөлісті.
Жазира Жүсіп, ардагердің жұбайы
-Бір-бірін екеуі түсіне білуі керек. Бір-бірінсіз ештеңе шешпеу керек. Әр уақытта ақылдасып отыру керек. Үлкен кісілер болса, сол кісілермен ақылдасу керек.
Оспан ақсақал соғыстан соң орта мектепте ұстаз болып қызмет атқарған. Бүгінде әке жолын қыздары жалғастыруда. Мерейлі отбасының өнегелі өмір жолы өзгелерге үлгі. Ал осындай жандарды қадірлеп, олардың еңбегін құрметтей білген елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный