Көкшетаулық Құралай Жұмабекова 11 бала асырап алған
Көкшетаулық Құралай Жұмабекова 11 бала асырап алған. Оның ішінде өзге ұлт өкілдері де бар. Бауырына басқан балаларының алды бүгінде тұрмыс құрса, ең кенжесі балабақшаға барады. Ал отбасында туған 6 бала кішкентай бауырларынан ағалық қамқорлығын аямайды. Жолдасы 6 жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Соған қарамастан, көңілі дархан Құралай Жұмабекова бүгінде 17 баланың анасы атанып отыр.
Кішкентай ғана Ринаттың бұл шаңыраққа келгеніне биыл бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында ол басқа да бауырларымен тіл табысып кеткен. Қазір 5-сыныпта оқиды. Бос уақытында спортпен шұғылданады. Болашақта еркін күрестен ел намысын қорғағысы келеді.
Ринат Көптелов, Қ. Жұмабекованың ұлы:
-Бәріміздің басымыз үлкен мерекелерде қосылады. Сол кезде біз қыдырамыз, үйде тамақ әзірлейміз. Уақытты көңілді өткіземіз. Мен анамды қатты жақсы көремін.
Ринат отбасында 4 ағайынды. Қазір екі ағасы мен бір қарындасы да осы жанұяда тәрбиеленіп жатыр. Бұл балғындардан басқа мұнда бірнеше әулеттің ұл-қызы бар. Әр баланың тағдыры әртүрлі. Аналары оларды бөліп-жармайды. Барлығына бірдей мейірімін төгіп, жақсы көреді.
Құралай Жұмабекова, көпбалалы ана:
-11 баланың ішінде ең үлкені Виктория. Ол қазір өзіммен бірге жұмыс істейді. Колледж, университет бітірді. Ең кішкентайым 5-те. Есімі – Милана. Бұлардың бәрі әр отбасынан келген. Сосын тағы бір қызым тұрмыста. Екі баласы бар. Жуырда тағы бір қызымды ұзаттым.
Батыл ананың шаңырағы әрқашан берекеге толы. Достық пен ауызбіршілік бар. Балалар бір-бірімен тату, туған бауырлардай өмір сүріп жатыр. Олар әр мерекені ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырған.
Ерлан Көптелов, Қ. Жұмабекованың ұлы:
- Үйдегі атмосфера ерекше, балалар көп болғасын ба әрқашан көңілді. Бауырларыммен ойнаймыз, ән айтамыз, бірге сабақ оқимыз. Қазір біздің үлкен ағаларымыз басқа қалада. Олар келгенде үй іші мүлдем көңілдене түседі.
Жүрегі шуаққа толы ананың ендігі мақсаты мүлде бөлек. Ол балғындардың ата-аналарын іздеп-тауып, балалармен қауыштырғысы келеді.
Құралай Жұмабекова, көпбалалы ана:
-Үлкен балалардың ата-аналарын іздеп, тапқанмын. Қызғаныш болады. Мен алғашында балалар оларды көріп, қалай қуанғанын көріп, жыладым. Но бірақ жылағаным балалар қандай бақытты екеніне жыладым. Балалар өз аналарын тауып, сүйіп жатқанда соған қандай бұлар бақытты, неге біз осы бақыттан айырамыз, неге мен көмектеспеймін деп ойладым.
Еңбек бәрін де жеңбек. Бұл – Құралай Жұмабекованың өмірлік ұстанымы. Балаларының санасына да соны сіңіруді көздейді. Қазір ол «аналар үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі. Көпбалалы ана өзі сияқты бала асырап алғысы келгісі келетіндерге көмектеседі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Азат Аитов