Телғара Әбенов: Енді қайтып соғыс болмасын...
Өмірі өнеге толы ардагерді жергілікті әскери қызметкерлер әрқашан үлгі тұтады. Қой жылымен бірге келген Президент құттықтауы қарт майдангерді бір серпілтіп тастады.
Телғара Әбенов төсбелгілері тізілген костюмді иығына ілген сайын, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Өйткені әр марапатта ерлікке толы өмірінің ізі жатыр.
Ол 1943 жылы небәрі 17 жасында әскерге шақырылды. Тепсе темір үзетін жігіт әуе десанты жасағына қабылданды. Австрия, Венгрия жерін басқыншылардан азат етуге қатысты. «Вена қаласы үшін болған шайқаста ауыр жараланып, Жеңісті госпитальда қарсы алдым», - дейді майдангер. Жергілікті әскери комиссариат қызметкерлері ардагерді үйіне іздеп келіп, сұхбаттасуды дәстүрге айналдырған. Өйткені Отан үшін от кешкен кешегі сарбаздан алар тағылым көп.
Алмат Нұртаев, аудандық әскери комиссариат қызметкері
- Мен өзі военкомат саласында жұмыс істеймін, осы ардагер аталарымыздан үлгі алып, өткенін сұрап, хал-жағдайларын сұрап үлгі тұтып, осы салада жұмыс істеп жүрміз.
Жаңа кірген қой жылы майдангер үшін құттықтауларға толы болды. Бірақ та соның ішінде Елбасы марапатын жеткізгендердің орны ерекше.
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңындағы мұндай сыйлыққа ардагердің айтары тек қана алғыс. «Мемлекет қарияларға бар қамқорлықты жасап отыр, бізге керегі, қоғамның назар аударғаны», - дейді ақсақал.
Телғара Әбенов, Ұлы Отан соғысының ардагері
- Рахмет! Президентке рахмет! Бізді ойлап жатқаны үшін рахмет! Оның еңбегі күшті. Қашанда елдің, халықтың қамын ойлап жүреді. Ұзақ ғұмыр жасасын, біздің жасымызды берсін оған.
Телғара ақсақал бейбіт өмірде беделді қызметтер атқарды. Ұлағаттты ұрпақ тәрбиеледі. «Менің байлығым балаларым, сосын кітаптарым» дейді өзі. «Батальон батысқа бет алды» атты мына мемуарда оның полкі туралы жазылған. Майдангер қаруластарын еске алғанда, осы кітапты қолына алып парақтап, «енді қайтып соғыс болмасын» деп, адамзат баласына амандық тілейді.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров