Ардагерлер бүкіл елге жаңажылдық тілектерін жолдады
Қайролла Бақтыбаев бүгінгі бейбіт өмірдің әр сағатын кешегі соғыс жылдарындағы әрбір жеңісті шайқастың нәтижесі деп түсінеді. Сондықтан Ұлы Жеңістің Елбасы құттықтауына ерекше қуанып, аталық алғысын жеткізді.
Қайролла Бақтыбаев, Ұлы Отан соғысы ардагері
- Президенттің құттықтауын алып жатырмыз. Үлкен рахмет. Ол - біздің саясат. Мен – «Еңбек ерімін». 40 жыл металл қорыттым. Бала-шаға өсіргеміз. Президент соның бәрін ойлап, шығарып отыр.
Қайролла Бақтыбаев соғысқа 1943 жылы аттанып, елге 1948 жылы бір-ақ оралған. Бірінші және екінші Украина майданында соғысып, Румыния, Венгрия және Австрияны жаудан азат еткен. Соғыста ерлігі үшін 20-ға жуық орден медальмен марапатталған. Ал соғыстан соң 40 жылдан астам металлургия саласында еңбек етіп, 1971 жылы «Социалистік Еңбек ері» атанған. Қазір жас ұрпақты еңбекте ерен болуға шақырып, ақсақалдық ақылын айтуда.
Әутәліп Қалиев та сұм соғыстың тауқыметін көрген. Соғыс аяқталған соң металл балқытып, өндірісте 40 жыл еңбектенген. 70-жылдары «Еңбек ері» және екі рет Ленин атындағы Орденмен марапатталған. Елдің егемендік алып еңсе тіктегенін көзбен көрген ардагер Елбасы құттықтауына ерекше қуанды.
Қайырбек Айжігітов соғысқа қатыспаса да сол жылдары тылда тынбай еңбек етті. Қайырбек ақсақал да 50 жылға жуық өндірісте өнімді жұмыс істеді. Нәтижесінде «Құрметті металлург» атанды. Қазір сол еңбектің өнбегін көріп отыр.
Қайырбек Айжігітов, еңбек ардагері
- Назарбаевтың атынан бізді құттықтап жатыр. Бұның өзі Нұрсұлтанның өзі келіп, құттықтап жатқанмен тең деген сөз. Артқа қарай 10 жас шегерілгендей, өмірге деген құштарлық пайда болып отыр.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 629 ардагер бар. Олардың бәрі де Елбасы құттықтауын алды. Ал Жеңістің 70 жылдығына орай оларға облыста түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.
Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов