Павел Букаткин - соғыс тарихын жазысуға үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі
Осылайша өзі көзімен көріп, бел ортасында болып қайтқан зұлмат соғыстың бізге белгісіз беттерін ашып көрсетуге тырысты. Павел Романұлы жақында Мемлекет басшысының құттықтау хатын алды.
Көпшілік Павел Букаткинді тарихшы ретінде жақсы біледі. Ол өзінің саналы ғұмырын соғыс тарихын жазуға арнады. Соның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ақжайық өңірін, халықтың сол уақыттағы тұрмыс-тіршілігін түбегейлі зерттеп, Қазақстан жерінде де әскери іс-қимылдардың жүргізілгендігін дәлелдеді. Қазіргі Батыс Қазақстан облысының жері 1942 жылы әскери Кеңестің шешімімен Сталинград майданының аумағына енгізілген екен.
Павел Букаткин, ҰОС ардагері
-Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей Ордасы ауданының аумағын, соның ішінде Жәнібек, Шоңғай, Орда мен Сайқынды немістер жиі-жиі бомбалап тұрды. Жәнібектің үстінен бір мезетте 30 ұшақ бомба тастаған күндер де болған. Немістер әсіресе Сталинградты Қазақстанмен байланыстырып тұрған шойын жолға қатты шүйлігетін. Сол әуеден жасалған шабуылдар барысында адам шығыны болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазаға ұшырағандардың дені теміржолшылар еді.
Павел Романұлы 1943 жылдан бастап ұрысқа араласты. Курск доғасындағы мотоатқыштар полкінің 96-шы ротасында взвод командирі болды. Майдан даласының бел ортасында жүріп, 1-ші, 4-ші Украина және Белорусь майданына қатысып, Жеңісті Прагада қарсы алады. Неміс басқыншыларымен болған қиян-кескілескен ұрыстар кезінде көрсеткен ерлігі үшін көптеген орден медалдармен марапатталды. Бұл күнде жасы 90-нан асып кеткенімен, қария өзін тың сезінеді. Ол әлі күнге дейін аймақтағы жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істеп жүр.
Павел Букаткин, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Мені ел Президентінің ардагерлерге айрықша көңіл бөліп, құттықтау хат жолдағаны қуантып отыр. Шынымды айтсам, бұлай болады деп еш күтпеген едім. Жас келген соң аздап сырқаттанып, дәрігерге қаралып, емделіп жүрген жайым бар. Бұл хат маған күш бергендей болды. Денсаулығымды дұрыстап алған соң жұмысқа қайта шығамын.
Павел Букаткин Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 60 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келеді. Ұлы Отан соғысы ардагерінің бастамасы бойынша осы жоғары оқу орнының ішінен әскери мұражай ашылып, жұмыс істеп тұр. Оны өзі басқарады. Міне, соның арқасында жастар соғыс тарихын бүгінде жақсы біледі.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов