Жапар Оразалинов: Бейбіт заманда бесік тербететін жастарымыз көбейе берсін
Сол жылы сүйгеніне үйленіп, шаңырақ көтерген. Жетпіс жылдан бері жұп жазбай келе жатқан қария мен кейуананың ынтымағы кім-кімге де үлгі.
«Әскерге шақырылғанда 18 жасқа енді толған бозбала едім»,- дейді ол.
Алдымен Өзбекстанның Ферғана қаласындағы 6 айлық сержанттар курсында дайындықтан өткен. Содан кейін Украина майданына аттанған. Киев, Житомир, Великие Луки, Бердычев қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Оның жауынгерлік жорықтары іле-шала Польша жерінде жалғасады.
«Ондағы шайқастарды әлі ұмытқан жоқпын», - деп еске алады қарт жауынгер.
Жапар Оразалинов, ҰОС ардагері
-Мен үшінші жарақат алдым. Қолымнан алдым, аяғымнан алдым, мына бетімнен алдым. Польша жерінде госпитальда жатып, 1945 жылдың басында мені сол жерден қайтарды.
Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталған. Соғыстан келген соң, ауылдық кеңес пен ұжымшарда еңбек етті. Зайыбы Күлжаһан екеуі 8 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Бүгінде балалары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты күн кешуде. Майдангерлер үнемі мемлекет назарында. Облыс орталығынан жайлы пәтер берді.
«Жеңіс мерекесінде сый-сияпаттан кенде емеспіз»,- дейді ардагер.
Жапар Оразалинов, ҰОС ардагері
-Жастарға тілейтінім, мұндай соғысты көрмесін. Мұндай соғыс еш жерде болмасын.
Биыл Жапар ақсақалдың отбасы үшін мерейлі мерекелер жылы болмақ. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі келе жатыр. Өмірлік серігі КүлжаҺан Сахмолдақызы екеуінің отау құрғанына 70 жыл толады. «Бейбіт заманда, бірлігі жарасқан елде өмір сүріп, бесік тербететін жастарымыз көбейе берсін.» Жарасымды жұптың ақ тілегі осындай.
Авторлары:Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев