Алматы облысында 8 жыл бұрын берілген мектеп жабылып қалды
Алматы облысының Боралдай кентінде сегіз жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп жабылып қалды. Себебі төртінші наурызда болған жер сілкінісінен кейін ғимарат сыр берген. Мыңдаған оқушы содан бері онлайн оқып жүр. Ал тұрғындардың айтуынша 1 миллиард 300 миллион теңгеге салынған білім ошағының жағдайы зілзалаға дейін де мәз болмаған.
Бұл мектепті Боралдай кентінің Жайнақ шағын ауданының тұрғындары көптен күткен. 2016 жылы ашылған кезде балаларымызды енді алысқа тасымайтын болдық дескен. Бірақ сол қуаныштары ұзағанын болмады. Екі жыл өтпей жатып ғимараттың едені түсе бастаған. Құрылыс компаниясы жөндеген болыпты. Сөйтіп жүргенде кепілдік мерзімі өтіп кеткен. Кейін қабырғасына сызат түсіп қақырай бастаған. Ата-аналар жер сілкінісі болмай жатып-ақ, мектептің оқуға қауіпті екенін айтып дабыл қаққан.
Зүбітай Қазанова, Боралдай кентінің тұрғыны:
-Жер сілікінісіне дейін болған нәрсе. Жер сілкінісі болған кезде өзі түсіп жатқан еден, түсіп жатқан қабырғалар кетті де, бұлар жер сілкінісіне жаба салды. Негізі салынған кезде, қабылдап алған кезде, дұрыс қабылдап алынбаған мектеп болып тұр.
Наурыздың төртіндегі жер дүмпуінен бері балалар онлайн оқып жүр. Іле ауданының білім бөліміндегілер оқушылардың қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдадық»,—дейді. Нысанның жөндеуге келетіні немесе келмейтіні техникалық бақылаудан кейін ғана белгілі болады.
Әлішер Сырым, Іле ауданы білім бөлімі басшысының М.А.
-Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасына бекітілген тапсырма берілген. Ол кісілер облыстық мәслихатқа өтінім беріп қойды қаржы бөлу бойынша. Техникалық қорытынды алуға және құрылыстық монтаждық жұмыстар жүргізуге. Техникалық қорытынды жасау үшін де КазНИИСА-ның заключениесін алу үшін де қаржы керек болғаннан кейін соған бюджеттік өтінім беріп қойды.
Мектеп 600 орындық. Бірақ мұнда мегаполис іргесінде халықтың тығыз орналасуына байланысты 2 мыңға жуық бала 3 ауысымда оқып келген. Ата-аналар көзге көрініп тұрған мәселенің сонша созылып кеткеніне наразы. «Бір ай болды. Егер мектепті апатты деп таныса тасымалдау мәселесін тездетіп қолға алу керек еді. Онлайн оқытуға қарсымыз»,— дейді.
Маржан Нұрғалиева, Боралдай кентінің тұрғыны:
-Бұл мектепте үш балам оқиды. Қазір онлайнда оқып жатқаны қиын болып жатыр бізге. Білімге де әсер тиіп жатыр. Төмендеп жатыр деңгейі. Жауап келіп жатқан жоқ. Оқуға рұқсат берілген жоқ не здания оқытуға болады, не болмайды деген жауап келген жоқ әлі.
Мектеп басшылығы тасымалдың мүмкін еместігін айтады. 2 мың баланы тасу үшін бірнеше автобус керек. Оның тендері тағы бар. Сапасыз салынған мектептен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік те хабардар. Олар да өз тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізбек. Ал балалар болса, мектептің мұндай күйге түскеніне түсінбей дал. Сыртынан қарап кетіп жүр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейскенов