Астана экономикалық форумы жаһандық сын-тегеурін саммиті форматында өтеді
Форумға 11 жаһандық тақырып арқау болмақ.
2007 жылы Давос экономикалық форумында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпы жаһандық экономиканы орталықтандыратын арнайы база құру қажет екенін айтқан еді. Сол жылдары әлемдегі валюталық қаржы құрылымы әлсіреп, дүниежүзілік экономика дағдарысқа ұшырады.
Астана экономикалық форумы осындай сын-қатерлерді болдырмаудың бір жолы іспетті. Бұл бизнесмендер, ірі банкирлер мен инвесторлардың кездесу орталығына айналды. 2012 жылы Астана экономикалық форумында айтылған ойлар БҰҰ Бас ассамблеясының пленарлық сессиясында ұсынылып, ұйымның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунның жоғары бағасын алған. Артынша Астана декларациясы БҰҰ-ға мүше елдер үшін әлемдік дағдарыстан шығу жоспарының негізгі бағыттарының бірі ретінде таңдалды.
Қазақстанға келген пайдасы жайлы айтсақ, форум тарихында жалпы құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын 300 меморандум мен келісімге қол қойылды. Биылғы форум жаһандық сын-тегеурін саммиті форматында өтеді. Осылайша «Глобал челлендж саммитінде» экономикалық өсім, ресурстық тұрақтылық, цифрландыру, адам өмірін ұзарту, қаржы революциясы және бүкіләлемдік қауіпсіздік мәселелері талқыланады.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Өзекті тақырыптар қатарына адамның қоғамдағы рөлінің өзгеруі, қоғамдық қарым-қатынастың дамуы сынды мәселелер қосылады. Денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп бағытының өркендеуі де сөз болады. Сондықтан әрбір саладан білікті мамандар бас қосып, 3 күн бойы қазіргі таңдағы мәселелерді талқыға салады.
Биылғы шараның тағы бір ерекшелігі, форум үш күнге жалғасады. Дайындық барысы туралы осы аптада Үкімет үйіндегі отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде осымен 11-ші рет өткелі тұрған алқалы жиынға қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Оған қатысатын спикерлер саны рекордтық көрсеткішке жетпек.