«Хабар» агенттігінің арнайы сыйлығы оралдық ардагерге табысталды
Естеріңізге сала кетейік, Агенттік қызметкерлері Жеңіс күнін жақындатқан аға ұрпақ өкілдеріне материалдық қолдау көрсету мақсатында бір күндік жалақыларын аударған болатын.
Ғарифолла Абдолұлы жуырда ғана өзінің 91-ші көктемін қарсы алды. Өмірлік жарынан айырылғанына отыз жылға жуықтаған. Қазір қыздарымен тұрады. Қарияның көңіл-күйі көтеріңкі.
«Әкеміз соғыс тақырыбында әңгімелегенді ұнатпайды, бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін санамызға тоқудан жалыққан емес», - дейді қызы. Ақсақал 365-ші Батыс атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасына қатысқан.
Ғарифолла Ғадылшин, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Отанды қорғау жолында бармаған жерім, баспаған тауым қалған жоқ. Үш жыл бойы соғыс өртінде жүріп, әбден шыңдалдық. Бір жолғы ұрыста қатты жараландым. Қатты жарылысытан құлағым бітіп, мұрнымнан қан кетті. Есімді ауруханада жидым.
Соғыстан кейін қария жүргізуші болып еңбек етіп, екі қызы мен бір ұлын өсіріп-өндірді. «Әкеміз белсенді демалысты жақсы көретін. Ылғи шаңғы теуіп, отбасымызбен саяхатқа шығып тұрдық»,- дейді қыздары.
Майдангер «Хабар» Агенттігінің атынан жолданған сыйлықты қуана қабылдады. Өйткені ақсақал отандық арналарды үзбей көреді екен.
Әлфия Ғадылшина, ардагердің қызы
-Бірде әкем менің үйімде қонақ болып отырып, маған біреу үлкен теледидар тарту етсе ғой деген арманын айтып қалды. Біз әрине оған өзіміз сатып әпереміз ғой дейміз. Ал әкеміз болса, «жоқ, маған сыйлыққа берілгенін қалаймын» деп өз пікірінен таяр емес. Міне, енді оның арманы шын мәнінде жүзеге асты, сол үшін майдангердің ұрпақтары атынан алғысымызды айтамыз.
Көнерген фотосуреттерді қарап отырған қария өткен өмір белестерін еске түсіреді. Соның ішінде сұрапыл жылдардың жаңғырығы әлі де көкірегінде сайрап тұрғаны анық. «Соғыстың әр күні, әр сәті жадымда. Майдан даласында қалған қаруластар бізге бейбітшілікті аманаттады. Соны біз мәңгілік сақтауға тиіспіз», - дейді майдангер.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов