Майдангер: Қырық жыл соғыста болсаң да, ажалы жеткен ғана өледі
80 жасынан бастап қылқаламды жанына серік еткен ардагер осымен 4-інші рет «Жеңіс көктемі» атты жеке сурет көрмесін өткізіп жатыр.
Липат Петрович осы көрмені өткізу үшін бір жыл тыңғылықты дайындалған. Жасы 93-ке аяқ басқан қарт майдангер 50-ге жуық картинасын қойған.
Ардагер қылқаламы көбіне Өр Алтайдың табиғатын бейнелейді.
«Соғыс жылдары жарты Еуропаны жаяу жүріп өткен байырғы жауынгер туған өлкемнен асқан әдемі мекен көрген емеспін», - деп ағынан жарылады.
Липат Семин, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Мен үшін Қазақстаннан асқан сұлу жер жоқ. Шығыс Қазақстан тіптен жұмақ мекен ғой. Табиғаты тамаша.
Ұрыс даласына 19 жасында өз еркіммен аттанған жас жауынгер Сталинград түбінде барлаушы болған. Ростов, Донбас, Севастополь қалаларын азат еткен. Белорусь, Польша, Шығыс Прусияда жаумен шайқасқан. Екі рет жарақат алған.
Біріншісінде тіптен 70 шақырым госпитальге қысты күні жаяу жүріп барғанын еске алады ардагер. Екінші ретте басынан жарақат алып, бір ажалдан қалған.
Липат Семин, Ұлы Отан соғысының ардагері
-Ол майдан шебі Оңтүстік деп аталады. Донбасты азат еттік. Менің танкіме бомба түсті. Бүкіл экипаждағылар қайтыс болды. Мен тірі қалдым. «Қырық жыл соғыста болсаң да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы.
Соғыс аяқталғанан кейін елге оралып, бас құрады. 4 қызды өсіріп жеткізіп, немере-шөбере сүйіп отыр.
«Саналы ғұмырымда 5 үй тұрғыздым», - дейді ардагер.
Суретші баспанасының іші-сыртына дейін ағашпен өрнектегенді ұнатады. Үйіндегі жиһазына дейін сәнді. Әдемілікті жаны сүйетін әкесінің өнерін қыздары ерекше мақтанышпен айтады.
Вера Чиркова, ардагердің қызы
-Эстетикалық талғамы жоғары. Романтик. Жасы 90-нан асса да, үнемі қозғалыста. Бақшада кез келген өсімдікті жайқалтып өсіреді. Бәрін өз қолымен істегенді ұнатады.
Қылқалам иесінің қасында үнемі жүретін шөбересі Полина. Ол атасының сурет салу шеберлігін үйреніп жүр.
Полина Зубарева, ардагердің шөбересі
-Мен атаммен мақтанымын. Ол ақ көңіл. Бірде-бір дауыс көтеріп көрген жоқ. Дүкеннен бір барғанда 10 дана балмұздақты бірден сатып алып береді.
Бүгінгі шат-шадыман күнімізге ардагерлердің қосқан ерен еңбегі өлшеусіз. Бейбітшіліктің әрбір таңы үшін біз оларға қарыздармыз.
Біз қарт жауынгердің көңілін аулап, бір қуантайық деп «Хабар» агенттігінің атынан теледидар сыйладық. Енді ардагер бос уақытында су жаңа теледидардан сүйікті арнасын көретін болады.
Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Аслан Төлепов