Астанаға 20 жыл: Тарихи құндылықтарға толы ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасы
Бірлік Берікұлы, тілші:
– Назарбаев орталығына кіріп келгенде бірден көзіңіз осы еденге түседі. Мұнда қазақи нақышта әрленген ою-өрнектер көздің жауын алады. Ал айналасы киіз үй секілді, шеңбер тәріздес.
Ал мына жақта ЛЕД экран орналасқан. Мұнда дала дарабоздары, батырлар, ақын жазушылар, жыршылар сонымен қатар Қазақстанның әсем табиғатын суреттейтін бейнематериалдар көрсетіледі. Ал мына тұста Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30-дан астам тілдерге аударылған еңбектері орналасқан.
Жалпы ғимарат биікке зер салған көз жанары іспеттес. Сәулетшінің түпкілікті ойы бойынша ғимараттың қайталанбас келбеті тәуелсіз Қазақстанның өмірлік күш-қуатын білдіреді. Экологиялық сәулеттің жарқын үлгісі саналатын нысанның шатыры әйнектен жасалған. Тиімділігі қыс мезгілінде де жылу жинай алады. Ал іші елорда тарихынан сыр шертер құндылықтарға толы.
Маржан Мырзабекова, экскурсия бөлімінің аға сарапшысы:
– Біз сізбен ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының екінші қабатында тұрмыз. Екінші қабаттың басты ерекшелігі Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатын оқытқызатын білім беру орталығы орналасқан. Сонымен қатар Елбасымызға шетелдің Президенттері, ресми өкілдер және өзінің қаражатынан алынған көптеген 700-ден астам құнды жәдігерлер орын алады.
«Қазақстан жолы» атты интерактивтік білім беру орталығының 6 үстелі бар. Онда Елбасының идеяларын, бастамалары мен жолдауларын оқытады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды жастар мен қоғам белсенділері жыл сайын қатысып тұрады.
Маржан Мырзабекова, Экскурсия бөлімінің аға сарапшысы:
– Интерактивтік білім беру орталығының алғашқы үстелі Қазақстан патриоты деп аталады. Жалпы енді Елбасымызды білесіздер, ол кісі – нағыз патриот. Патриотпын деген әрбір азаматтың басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, оны сүю, оны бағалау. Сіздердің алдарыңызда Менің Қазақстаным атты әнұраны көрсетілген. Әнұранның басты ерекшелігі бұл – түпнұсқа.
Иә, бір жапырақ бұл парақтан жаңа әнұранның тарихы басталады. Елбасы «Менің Қазақстаным» өлеңінің мәтініне қаламмен өзгерту енгізген. Мұнда келген әрбір жас өрен ұлттық рухты оятатын құндылыққа аса құрметпен қарайды.
Астана бой көтергеннен бастап, Елбасыға сыйлық ретінде табысталған түрлі марапат пен сый-сияпаттар да жетерлік. Олардың қатарында «Ұлы Бадр» алқасы бар. Оны 2004 жылы Сауд Арабия королі Елбасыға ерекше ілтипатпен табыстаған. Сондай-ақ бұдан өзге күміспен күптеліп, алтынмен қапталған құнды жауһар туындылар жетіп артылады.
Маржан Мырзабекова, Экскурсия бөлімінің аға сарапшысы:
– Бастама және әріптестік үстелінде Қазақстанның сыртқы саясаты жөнінде сөз қозғауға болады. Мысалы, Қытай елінің президенті Си Цзинь Пиннің атынан фарфор базасы сыйға тартылған. Ресей елінің атынан композиция жобасы. Сонымен қатар Иран ислам мемлекетін айтуға болады. Бұл тарихи тостаған бірден көздің жауын алады. Себебі таза күмістен жасалған. 18-шы ғасырды қамтиды.
Бұл жердегі әшекейлер мен тарихи жәдігерлер қоры мұнымен шектелмейді. 2-ші қабат лық толы. Мұнда күніне 500-ге тарта адам келіп, тарихқа терең бойлайды, тамаша туындыларға тәнті болады. Бір сөзбен бұл ғимарат Астанаға көрік болып тұр, халқына рух беріп тұр.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Әліби Жүніс