«Тоғысқан тағдырлар» – қазақ телевизиясындағы алғашқы телехикая
«Хабар» Агенттігінің бастамасымен қолға алынған жобаның алғашқы сериясы 1996 жылы көрерменге жол тартқан. «Тоғысқан тағдырлар» тыңнан түрең салып, қазақ телевизиясында бұрын-соңды болмаған телехикая жанрының қалыптасуына жол ашты.
Жаңа формат және ағылшындық технология. Кино саласында жүрген қазақстандық мамандардың телехикая дегенді көгілдір экраннан көргендері болмаса, өздері тікелей араласқан емес. Мұндай туындының сценариінен бастап, түсіру жұмыстарына дейін отандық киногерлер үшін бейтаныс әлем еді. Сол себепті «Тоғысқан тағдырларды» түсіруді британиялық мамандар бастады.
Ермек Шынарбаев, «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының продюсері:
– Ағылшындар келе салысымен режиссер, сценарист, операторлар мен актерлерге арналған курс ашты. Продюсер, әрі өздеріне ізбасар ретінде Халықбек Салықовты дайындаған еді. Өкінішке орай, ол жол апатынан қаза тапты. Содан барып жобаға мен қосылдым.
Көп ұзамай ағылшындық мамандар еліне қайтып, телехикаяны түсіруді қазақстандық топ жалғастырады. «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы талай актердің шеберлігін шыңдап, жастардың кино әлеміне келуіне септігін тигізді.
Жанна Қуанышева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
– «Тоғысқан тағдырлар» шынында да барлық шығармашылық топтың тағдырын өзгертті. Ол кезде біз телехикаяның не екенін білмейтін едік. 465 серия түсіріліп, бірнеше жыл бойы көрсетіледі деп ойлаған жоқпыз.
Телехикая ә дегеннен-ақ көрерменді баурап алады. Халық сенбі мен жексенбінің кешін асыға күтеді. Актерлардың танымалдылығы артып, олардың киген киімдеріне дейін көрермен арасында сәнге айналды. Тіпті хат жазып, жан сырымен бөліскендер де көп болыпты.
Бақытжан Әлпейісов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Бірде бір қызық оқиға болды. Қай қаладан келгені есімде жоқ, менен келіп сұрағаны есімде. Менің баратын жерім болмай тұр еді. Сіздердің бір үйіңізге барып, ата-әженің қолынан шәй ішіп, түнеп шығуыма бола ма. Сіздердің үйлеріңіз сондай кең. Кеңпейіл адамсыздар. Қонақжайсыздар. Мені де кеудемнен итермессіздер барсам деп.
Телехикая 1998 жылы ТМД елдері медиафорумының нұсқауы бойынша жылдың үздік туындысы атанады. «Тоғысқан тағдырларды» түсіру 2000 жылы тоқтады. Дегенмен әлі күнге дейін бұл жоба танымалдылығы мен ұзақтығы бойынша отандық телехикаялардың арасында көш басында тұр.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев