Алматыда оқушыларға арналған сейсмотренинг өтті
Алматы мектептерінде оқушылар арасынан төтенше жағдайлар министрі тағайындалып, жас құтқарушылар ұйымы құрылды. Бүгін қаладағы «Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту ұлттық орталығында» Бостандық ауданының мектеп министрлері жиналып, оларға жер сілкінісі кезінде шұғыл әрекет ету алгоритмі көрсетілді. Тесттік жаттығулар мен бейнесабақтан соң оқушылар 7 балдық тербеліс тудыратын симуляторға кіріп, дағдарыс жағдайында қалай қорғану керектігін пысықтады. «Елімізде үш миллионнан аса оқушы бар. Жас болған соң олардың қабылдау зейіні жақсы. Сондықтан оқушылар арқылы төтенше жағдайлар мәдениетін арттыру маңызды»,— дейді ұйымдастырушылар.
Еркебұлан Қасенов, Бостандық ауданы ТЖБ басшысы:
-Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа төтенше жағдай кезінде және де осындай дағдарыс кезінде, өзін-өзі қалай ұстау керектігін, қалыпты ұстау керектігін оқыту үстіндеміз.
Гүлжаз Тұрсын, №81 гимназияның 10-сынып оқушысы:
-Симуляторға кірдік. Бастапқы сезімде бізде қорқыныш пайда болды. Сол қорқыныш сезімінен кейін «біз өзімізді сақтау керек» ережесін есімізге түсіріп, столдың астына кіріп, өзімізді қорғаған болатынбыз.