Мамаев қорғанында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш орнатылады
Мақсаты – патриоттық ұйымдар арасында ынтымақтастық орнату. Шараға бес елдің делегаттары мен еліміздің іздестіру отрядтары қатысты. Жиын соңында ТМД елдерінің іздестіру жасақтары мен Ұлы Отан соғысын зерттеуші ғалымдар күш біріктірмекке келісті.
Қан майданға Қазақ жерінен бір миллионнан астам солдат аттанып, жартысы оралмады. Олардың 46 мыңы – Ертіс өңірінің ержүрек ұлдары. Қазақ жерінде алғаш рет ұйымдастырылған форум аясында Ұлы Отан соғысын зерделеу және есімдері ұмыт болған жауынгерлерді іздестірумен айналысатын азаматтар батыр бабалардың рухына тағзым етті.
Макка Қаражанова, 106-шы қазақ кавалериялық дивизиясының ерлік жолын зерттеуші /Украина/:
- Өкінішке қарай, бүгінгі күні белгісіз қалған дивизиялар баршылық. Форумның мақсаты да сол – ұмыт болған батыр бабаларымыздың сүйегін көтеріп, туған жерлеріне қайта жерлеу. Біз күш біріктірсек, хабарсыз кеткен 350 мың жауынгердің қатары азая түсетіні анық.
Бүгінгі таңда Қазақстанда алты іздестіру жасақтары болса, олардың екеуі Павлодарда. Сондықтан Ертіс өңірін іздестіру қозғалысының орталығы деп атауға негіз бар. Мәселен, еліміздегі ең ірі жасақ «Майдан жолы» ұйымы 10 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт аралығында Ресей, Украина және Беларусь жерлерінде қазақ солдаттарының 25 ескерткіші орнатылды. Ал биыл Волгоград жеріндегі Мамаев қорғанында қазақ жауынгерлерінің ерлігіне арналған тағы бір ескерткіш бой көтермек.
Жұмабек Қамзин, қоғам қайраткері:
- Қазір ол жерлерде тозыңқырап қалған зираттар, ескерткіштер бар. Оларды зерттеп, қалпына келтіру керек. Жаңғырту да қажет. Осы жұмысты Орталық Азия халықтары, өзбек, қазақ, қырғыз болсын, айналысу керек деген ниеттемін.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Ертіс өңірінде өтіп жатқан «Іздеу-2018» іздестіру отрядтарының халықаралық форумы Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені дәл осы күндері 30 жыл бұрын Калуга қаласында алғашқы кеңестік форум өтті. Игі дәстүр биыл жалғасын тапты. Орталық алаңда Украина, Эстония, Беларусь, Ресей және Қазақстан өңірлерінің іздестіру жасақтары бас қосып, ортақ мәселелерді талқыға салды.
Ал ортақ мәселелер жетерлік. Сала мамандарының айтуынша, іздестіру жасақтарының кәсіби деңгейін арттыру қажет. Отрядтарға жаңадан қосылған жастарды оқыту мәселесі тағы бар.
Майдан Құсайынов, «Мемориалдық зона» іздестіру отрядының негізін қалаушы:
- Форумда іздестіру жасақтарының мүшелерін оқыту, мұрағаттық деректермен дұрыс жұмыс жасауға үйрету мәселелерін көтереміз. Бүгінде әр аймақта осындай отрядтар бар, бірақ кәсібилігі көтеру керек. Сол себепті бұл мәселені бірлесіп шешу керекпіз. Іздестіру отрядтарының жұмысын жаңа форматқа ауыстыруды да көздейміз.
Форумқа қатысқан бес ел өкілдері халықаралық іздестіру қоғамдық ұйымын құруға уағдаласты. Алдағы уақытта ТМД елдеріндегі отрядтардың арасы жақындап, ынтымақтастық көкжиегі кеңеймек. Айта кетейік, «Іздеу – 2018» форумы бұдан былай жыл сайын ұйымдастырылмақ. Келесі жылы шараны өткізу мәртебесі Омбы облысына бұйырды.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий