Astana Think Tank Forum 2024 халықаралық форумы өз жұмысын бастады
Астанада жаһандық жүйенің іргелі негіздерін талқылауға арналған Astana Think Tank Forum 2024 халықаралық форум өз жұмысын бастады. Алқалы жиынға 22 мемлекеттен 45 сарапшы келді. Олар қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты дамуды қамтатамасыз етудегі орта державалардың рөлін талқыға салды. Екі күндік форум барысында геосаясаттағы мәселелерден басқа да өзекті проблемалар қозғалды.
АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азия елдерінен келген белді сарапшылар мен зерттеушілер елордаға жиналды. Негізгі тақырып - орта державалар тұрғысынан жаһандық халықаралық жүйенің іргелі негіздерін талқылау. Әлемдік тәжірибеде бұл мемлекеттер талай дағдарысты еңсеруде үлкен рөл атқарған. Қазақстан да сол топқа кірген беделді ел.
Ашок Саджанхар, қорғаныс зерттеулері және талдау институтының атқарушы кеңес мүшесі, /Үндістан/:
- Қазақстан жыл сайын маңызды рөл атқарып келеді. Әсіресе, соңғы уақытта әлем дағдарысты бастан кешіп жатқанда ықпалы күшейе түсті. Нақты айтар болсақ, елдің мұндай әрекеті пандемия кезеңінен бастап, қазіргі Ресей мен Украина, Израиль мен Иран, Израиль мен Хамас қақтығыстары кезінде де тараптарды бейбітшілікке шақырумен келеді. Әрі Қазақстан Орталық Азияда ғана емес, Еуразия аумағындағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады.
Форум орта державалар дипломатиясының негіздеріне арналған сессиядан басталды. Пікірталасқа қатысушылар олардың стратегиялық рөлдерін жан-жақты талқылады. Сарапшылар біздің ел әлемдегі шиеленісті жағдайға қарамастан, көпвекторлы саясат және ұлттық мүддені қорғаудың негізгі қағидаттарын ұстанатынын айтты.
Бүгінгі күні әлем бойынша «орта держава» деп танылған елдердің санын нақты айту қиын. Өйткені бұл белді сарапшылардың берген бағасы мен зерттеулерінің нәтижесінде анықталып жатады. Ал бүгінгі сессия барысында дүниежүзінің әр түкпірінде қалыптасқан саяси жағдай, шиеленісті ахуалдардан өзге, экономика, жасыл энергетика және өзге де салалар туралы айтылды.
Сохаил Махмуд, Стратегиялық зерттеулер институтының бас директоры /Пәкістан/:
- Қазіргі уақытта мемлекеттер жасыл экономика және цифрлық экономиканы дамытып жатқанын айтап өткім келеді. Қазақстан цифровизацияға үлкен мән беріп, өркендетуге бет алды. Бұл өте дұрыс бағыт. Себебі оның болашағы зор. Әрі қарапайым азаматтар үшін өте қолайлы және әлемдік деңгейде елдің де абырой-беделін асырады.
Форум жұмысы ертең де жалғасады. Онда Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі кеңістіктегі өзара байланыстың геосаяси, экономикалық және стратегиялық аспектілері сөз болмақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Азамат Саметов