Еліміздің бірқатар өңірінде дауыл туралы ескерту жасалды
Қатты жауын-шашынның әсерінен және қар жамылғысының тұрақсыз күйіне байланысты Талас Алатау жотасында және Алматы облысының таулы аудандарында 27-28 желтоқсан аралығында қар көшкіні күтілуде. Ал Жамбыл облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты Батыс Еуропа - Батыс Қытай автомагистралі жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, Алматы-Ташкент тас жолының Оңтүстік Қазақстан облысына дейінгі аралығы түнгі сағат 2 жарым кезінде жабылған. Жуалы ауданында да жүріп тұру қиындады.
Аида Құдайқұл, Жамбыл облыстық ТЖД бас маманы:
-Алты техникалық бригада қатты жел мен жолдың нашар көрінуінен Шақпақ асуына 9 жарымда жетіп, жолда қалған жұртты қауіпсіз жерге эвакуациялауды бастады. Құрметті тұрғындар, республикалық маңызы бар жолдардың жабылуына байланысты жолға шықпауларыңызды сұраймыз.