«Өмір жолы». Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан Қажымұқан Мұңайтпасов
Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы! Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді.
Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Кейбір зерттеулерде оның 1886 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқан кедей шаруаның баласы болғандықтан, орыс байларына және дәулетті адамдарға жалданған. Сөйте жүріп бала балуан деген атқа ие болған.
Қажымұқан 1906 жылдары рет әлемдік деңгейде көріне бастаған. Алманияда өткен дүниежүзілік сайыста ол әлем чемпионы атанады. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған палуан онша ұнай қоймайды. Сол үшін де Қажымұқан орыс палуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Қажымұқанға неше түрлі лақап аттар беріледі. Сол кездегі саясат бойынша бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестіреді. Сонымен қатар Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері болған.
1909 жылы халықаралық палуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүние жүзіне Мұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды.
1910 жылы Мұқан тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына табан тірейді. Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күрестен болған біріншілікте ол Америка чемпионы атанады.
Ол поляк қызымен отау құрған. Омбыда мешітке апарып, оған Бәтима деген ат беріп, мұсылман дініне кіргізген. Патша үкіметі құлаған соң балуанның отбасы азамат соғысы мен аштықтың салдарынан біраз сергелдеңге тап болады.
1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы», – деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды. Өмірінің соңғы кезеңі Түркістан жерінде өтеді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Қажымұқан ҚКСР Жоғарғы кеңестің төрағасы Қазақбаевқа жолығып: «Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сол арқылы ақша тауып, майданға көмектессем» – деген ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты үкімет қолдап, екі жылға жуық жүріп цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша табады.
Ол 1948 жылы ОҚО, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Оның төрт әйелінен тараған ұрпақ Түркістан мен Ақмола өңірінде өмір сүруде.