Париж Олимпиадасында 8 балуан сынға түседі
Қазақ балуандары Олимпиада ойындарынан алтын алмағалы 28 жыл өтіпті. Бапкерлер штабы биыл осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ұлттық құрама жігіттері соңғы оқу-жаттығу жиындарын Алматы облысындағы «Тау самалы» базасында пысықтап жатыр.
Еркін күрес шеберлерінің еншісінде 4 жолдама бар. Соңғы лицензия жақында 57 келі салмақтағы Мейрамбек Қартбайға бұйырды. Сонымен қатар Азамат Дәулетбеков, Жүсіп Батырмұрзаев және Әлішер Ерғали ел намысын қорғайды.
Әлішер Ерғали, еркін күрестен ұлттық құрама мүшесі:
- Бапкерді сыйлаймыз. Ол кісі не айтады, соны орындаймыз. Скакалкамен ұрса да, тимегендей тұра береміз ғой. Сол кісі жоспарды құрады. Сол кісінің жоспарымен жүреміз.
Мадияр Құрамысов, еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері:
- Әлішер Ерғали – мінезді жігіт. Салмақты, керек кезде жұлып алады. Сол мінезіне қарай оған медаль болады деп ойлаймын. Тамыздың бесі күні шығамыз. 8-11-і күрес болады.
Балуандардың оқу-жаттығу жиыны 2-ші тамызға дейін жалғасады. Еркін күрес балуандарынан бөлек, грек-рим және әйелдер күресі құрамасы да бірге дайындалады. Бұрымдылар Париж Олимпиадасынан сырт қалды. Дегенмен мамандар барлық спортшыларды бір жерге жинауды жөн көріпті.