Хабар телеарнасы

Спортшылар Париж Олимпиадасына аттанды. Спорт жаңалықтары

Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында алғаш рет брейкинг пен бадминтоннан сынға түседі. Брейкданстан Әмір Закиров өнер көрсетсе, бадминтоннан Дмитрий Панарин бақ сынайды.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
-Олимпиада ел намысын абыроймен қорғау маңызды әрі өте жауапты міндет. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпиада ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі. Бұл жарыс та табысты боларына сенімдімін.

Жанкүйерлер әдеттегідей бокс пен күрес түрлерінен жүлде күтеді. Дзюдошылар да ел мерейін асырады деген үміт басым. Бапкерлер спортшылардың психологиялық әзірлігі жақсы дейді.

Нұрбол Сүлейменов, дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері:
-Әрине, Елдос тәжірибелі. Екі Олимпиаданы көрген. Екеуінде де медаль алған Елдостан күтеміз. Одан кейін Ғ. Қырғызбаев өзіміздің шәкіртіміз бар тәжірибелі. Әлем чемпионатының жүлдегері. Өте тәжірибелі мықты спортшы. Қалған балалардан да күтеміз енді. Бәрін бөліп-жарып айта алмаймыз

Семсерлесуден Қазақстан спортшылары тұңғыш рет командалық сында Олимпиадаға қатысады.

Отандық спортшылар Тбилисидегі әлем кубогы кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, кешенді сынға жолдама алды. Бұрын-соңды біздің жігіттер ұжымдық жарыста мұндай жетістікке жеткен емес. Олимпиадаға тек әлемнің үздік сегіз командасы қатысады. Парижде Руслан Құрбанов, Ерлік Сертай, Эльмир Әлімжанов және Вадим Шарлаимов сайысқа түседі.

Ерлік Сертай, семсерлесуден Қазақстан құрамасының мүшесі:
-Эльмир ең жасы үлкен, бірақ онда ондай жоқ. Мен лидермін, мені тыңдауың керек деген секілді. Бізге қарайды, біз оған қараймыз. Енді бәріміз жақсы қарым-қатынастамыз, аға-іні секілді. Мен оларға сіз деп сөйлемеймін. Эльмир сен деп. Ол да маған кішкентай деп қарамайды.

Қазақстан командасы қазір әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Кувейтте өткен Азия біріншілігінде ұлттық құрама қазіргі Олимпиада чемпионы Жапониядан басым түсіп, алтын медаль ұтып алды. Жекелей сында Ерлік Сертай көзге түсіп, қола жүлде еншіледі. 25 жастағы спортшы енді алғашқы Олимпиадасына барады.

Ерлік Сертай, семсерлесуден Қазақстан құрамасының мүшесі:
-Тарих жасап жатырмыз. Жетелеген нәрсе дисциплина ғой жұмыс. Соның арқасында нәтиже болады. Нәтиженің арқасында Олимпиадаға түсіп отырмыз. Армандап, құдайға шүкір, жетіп жатырмыз армандарымызға. Жақсы семсерлесуші бәрін білу керек.

Қазір семсерлесуден ұлттық команда Испанияда оқу-жаттығу жиынында жүр. Семсерін сайлаған жігіттер Олимпиада ойындарын 28 шілдеде бастайды. Сол күні жекелей сындағы жарыстар өтеді. Командалық бәсеке 2 тамызға жоспарланған.