Алматының іргесіндегі Іргелі ауылында көшенің асфальты ойылып жатыр
Алматының іргесіндегі Іргелі ауылындағы көшенің асфальты ойылып, қара жолдары езіліп жатыр. Жол азабын тартқан тұрғындар әкімдікке талай арыз айтқан. Алайда жол мәселесі жөнін таппай тұр. Оған қоса ауылға қоғамдық көлік кірмейді. Тіпті ауылдың жанында аялдама болмаған соң, автобус тоқтамайды. Іргелінің мәселесі қашан ілгерілейді?
Алматы қаласына жақын жердегі Іргелі ауылына қатынайтын жалғыз автобус осы. Шағын болғандықтан, адам сыймайды және ұзақ күтеді. Ал өзге ауылға баратын үлкен әрі жаңа қоғамдық көліктер Іргелінің іргесіне тоқтамайды. Себебі ауыл жанында аялдама жоқ.
Айгүл Жауғашарова, Іргелі ауылдық округінің тұрғыны:
-Қалаға балалар келіп қатынауы өте қиын. Бізге Алтын Ордадан балалар түнде жаяу келеді. Өзіңіз ойлаңызшы, Алтын Орданың іші өте қауіпті, небір адамдар жүреді немесе Асыл арманнан бері қарай осы жерге жету үшін километр, одан да көп жаяу жүреді.
Іргелі ауылының әкімдігі тұрғындардың шағымын алғаш естіп тұрғандай. Бас маман барлық ұсынысты жазып, сызып алған соң, халыққа шешімін айтамыз деп уәде берді.
Аркен Кенжебай, Іргелі ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
-Алматы қаласының мобильді басқармасымен сөйлесіп көреміз. Олардың ұсынысы бойынша қосымша қандай маршрут жүргізуге боладыа. Енді осы жерде 5 маршрут бар. Олардың бағытын ауыстыруға тырысып көрейік. Болмаса басқа маршрут жүргіземіз бе деген ойымыз бар.
Іргелі ауылдық округіндегі тағы бір проблема – тозығы жеткен жол. Ауылдың орталығындағы Қонаев, Сапарлы көшелерінің ойылып жатқанына бірнеше жыл өткен. Ауыл Алтын Орда базарына жақын болғандықтан, аталған көшелермен ірі жүк көліктері көп жүреді. Округ әкімдігі жыл сайын жолды жөндейміз деп тек уәде берумен шектеледі.
Толқын Қанағатова, Іргелі ауылдық округінің тұрғыны:
-Әкімдіктегілер әр көктем сайын жолды жасаймыз деп келеді. Осымен үшінші көктем келді. Біз тек қана дұрыс жағдайда өмір сүргізіміз келеді. Балаларымыз мектепке таза жолмен барып қайтса дейміз. Біз ойықтарды жамауды емес, осы көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды сұраймыз.
Бас маманның айтуынша, ойдым-ойдым болған көшелер екі жыл бұрын жөндеуден өткен. Биыл тағы да жамау жоспарланып отыр. Орталық көше - облыстық маңыздағы жол. Сондықтан оған қаржы бөлу - Алматы облысы әкімдігінің құзырындағы мәселе. Жауаптылардың айтуынша, биыл да жолдың ой-шұңқыры жамалады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев