Хабар телеарнасы

Боччадан ұлттық құраманың құрамы жаңартылды

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Федерация спортшыларымен және жаттықтырушы құраммен кездесті. Биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2025 жылға жоспарланған жарыстарға дайындық барысын талқыланды. Мәселен, Финляндияда өткен халықаралық жарыста қазақстандық боччашылар жеке және командалық сында 3-орын алды. Бахрейнде болған ірі турнирдің жекелей сынында Алмат Рехат күміс медаль еншілесе, Итиана Шыңғысханова қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Қуаныш Асқарбеков, Александр Курмантаев және Итиана Шыңғысханова командалық сайыста жеңіс тұғырының екінші сатысына жайғасқан еді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті: 

-Елімізде боччашылар қауымдастығының даму қарқыны көңіл қуантады. Қазіргі таңда 20 өңірдің 11-інде бочча үйірмелері ресми түрде жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта бүкіл елді қамтуды жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кетер жайт, 12 параатлетіміз «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атанды.Сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілер ресми аттестациялаудан өткізілді. Одан бөлек, боччадан ұлттық құраманың құрамы жаңартылды.