Хабар телеарнасы

Ұшақ апатынан аман қалған Әзербайжанның 14 азаматы отанына оралды

Ұшақ апатынан аман қалған Әзербайжанның 14 азаматы отанына оралды. Әзербайжан Airlines компаниясы оларға 20 мың манат, бұл 6 млн теңгемен шамалас қаржылай көмек бөледі. Ал қаза болғандардың отбасыларына осыдан екі есе көп қаржы беріледі. Оған қоса барлық жолаушылар тиісті сақтандыру төлемін алады. Әзербайжан Airlines әуекомпаниясы Ресейге қарасты Минеральные Воды, Сочи, Волгоград, Уфа, Самара, Грозный, Махачкала, Саратов, Владикавказ және Нижний Новгород қалаларына ұшақ ұшырмайтынын мәлімдеді. Ал Әзербайжан басшылығы ұшақ апатын ТМД мемлекетаралық авиация комитеті тергесін деген ұсынысты қабылдаған жоқ. Ресми Баку бұл оқиғаны сарапшылардың халықаралық тобы мен Ембрайер компаниясының мамандары тергесін деген талап қойды. Ал Әзербайжан бас прокуратурасының қызметкерлері Грозныйға келді. Олар ресейлік әріптестерімен бірге Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты тергеу жүргізеді. Прокуратура қызметкерлерінің тағы бір тобы 25 желтоқсанда Ақтауға келгенін бұған дейін айтқан едік. Қазір олар оқиға орнында қазақстандық әріптестерімен бірге жұмыс істеп жатыр.

Ильхам Әлиев, Әзербайжан президенті:

-Тиісті тапсырма беріп, премьер-министрмен сөйлестім. Ол басқаратын комиссия құрылды. Әзербайжан делегациясы Ақтау қаласына аттанды. Комиссия міндеті осы істі толық тергеп, маған және Әзербайжан халқына ақпарат беру.