Хабар телеарнасы

«Қайрат» биылғы премьер-лиганың чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары

Қазақстанда футбол маусымы аяқталды. «Қайрат» биылғы премьер-лиганың чемпионы атанды. Алматы командасы соңғы турда «Атырауға» қонаққа барып, 1:0 есебімен басым түсті. Матчтың 59-шы минутында Георгий Зария пенальтиден жеңіс голын соқты. «Қайрат» төртінші мәрте Қазақстан чемпионы атанып, клубтың 70 жылдық мерейтойына тамаша сый жасады. Алматы командасы соңғы рет 2020-шы жылы премьер-лигада жеңіске жеткен еді. «Қайратпен» соңғы турға дейін «Астана» үзеңгі қағыстырып келді. Елорда футболшылары «Жетісу» қақпасына жауапсыз бес доп соқты. Дегенмен Бабаян шәкірттері басты қарсыласынан бір ұпайға қалып қойды. Үздік үштіктен «Ақтөбе» көрінді. Былтырғы чемпион «Ордабасы» төртінші орынға табан тіреді.

Кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиев келесі жекпе-жегін қаңтарға жоспарлап отыр. Қарағанды жігітінің қарсыласы әлі белгісіз.

Руслан қыркүйекте Алматыда өткен жекпе-жек кешінде ресейлік Тигран Согояннан басым тсіп, WBA Asia чемпиондық белбеуін иеленген болатын. Енді сол атағын қорғау үшін дайындығын пысықтап жатыр. Бір кездері Генадий Головкинмен бірге Абел Санчестің қол астында жаттыққан Мәдиевтің мақсаты – 63,5 келі салмақта әлем чемпионы атану. Осы уақытқа дейін 18 жекпе-жек өтікізіп, 16-сында жеңіске жеткен Русланның тәжірибесі толысқан. Қазір Мейіржан Рахымжановтың қол астында тер төгіп жүр. Қаңтарда болатын кездесуге тас-түйін дайын боламын, - дейді.

Руслан Мәдиев, кәсіпқой боксшы:

- Мен күзде ресейлік Тигранға қарсы өте қиын жекпе-жек өткізіп, чемпиондық белбеуге иелік еттім. Біраз тынығып, денсаулықты қалыпқа келтірген соң жаттығуға қайта кірістім. Енді сол белбеуді қорғауым керек. Қарсыласым әлі анықталған жоқ. Бірақ қаңтар айында шаршы алаңға шығамын деп жоспарлап отырмын. Қазір қарсыласты зерттеу қиын шаруа емес. Ең бастысы – бабымда болсам болды. Келер жылға жоспарлар көп. Бәрін уақыт көрсетеді.  

Қонаев қаласында халықаралық шахмат турнирі аяқталады. Алматы облысында үшінші рет ұйымдастырылған турнирге 12 елден 240 спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында АҚШ атынан сынға түскен белгілі гроссмейстер Тимур Гареев жеңіске жетті.

Ал әйелдер арасында индонезиялық Челси Моника Иглесиас үздік нәтиже көрсетті. Швейцариялық жүйе бойынша жылдам ойналатын шахмат турнирінде Ақылбай Иманғали, Малика Зиядин, Жамал Мамадов, Айя Тайырқызы, Әділ Азатжан сияқты Алматы қаласында жаттығатын өрендеріміз өз жас ерекшеліктері бойынша үздік атанып, алтыннан алқа тағынды. Ардагерлер арасында Марат Пірімбетов бірінші орын алды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйлықпен марапатталды.

Қанат Базылхан