«Өмір жолы». Қазақ халқының әйгілі әнші-сазгері, ақыны Жаяу Мұса
Жаяу Мұса Байжанұлы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жасыбай көлінің жағасы, Ақшоқы алқабында дүниеге келген. Әйгілі әнші-сазгер, ақын.
Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады.
Ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды.
Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Мәскеу, Владимир, Петербор қалаларында, Полония, Литва жерінде болады.
Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулие-ата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады.
Алыста жүріп, туған жерін сағынып «Сүйіндік» әнін шығарады. «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады.
Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне қарасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады.