Хабар телеарнасы

Ақын Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл толды

Биыл ақын, филология ғылымдарының кандидаты Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай туған жері Қарағанды облысының Нұра ауданында республикалық ғылыми конференция өтті. Сонымен қатар танымал тұлғаның өмірінен сыр шертетін туындының тұсауы кесіліп, ескерткіш тақта ашылды.

Танымал ақын Бүркіт Ысқақовтың 100 жылдығына орай Нұра кентіндегі орталық кітапханада ескерткіш тақта ашылды. Жиналған жұртшылық тағдыры күреске толы тұлғаның өмірінен үзінді ретінде театрландырылған  қойылымды тамашалады.

Бейбіт Мамраев, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Осы жастарға айтайын дегенім, осы тарих беттерін құрметтеуіміз, сақтауымыз, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бүркіт ағамыз мұндай құрметке әлдеқашан лайық адам еді.

Бүркіт Ысқақов – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Ұзақ жылдар «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарында, «Лениншіл жас» газетінде және Әдебиет және өнер институтында қызмет еткен. «Жас қалам» үйірмесі мен «ЕСЕП», яғни елін сүйген ерлер партиясында жүріп, халық мүддесіне қатысты мәселелерді көтерді. Кейін шығармалары  цензураға ұшырап, «Үкіметке қарсы үгіт жүргізді» деген жаламен жазықсыз 25 жылға сотталған. Сол жылдары солақай саясатты әшкере еткен отты жырлары жарық көрді. Ол 1956 жылы ақталып шықты. Өмірі күреске толы қайраткерді еске алуға арналған конференцияда ғалымдар елорда көшелерінің біріне Бүркіт Ысқақовтың есімін беру туралы бастама көтерді.

Марат Әбсеметов, филология ғылымдарының кандидаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Мен өзім 10 жылдан асты Астананың қалалық ономастика бөлімінің мүшесімін. Жақын отырыстарда ол мәселені біз көтереміз деп ойлаймын. Бүркіт Ысқақов атында көшенің атын беру, одан әрі кетсе ескерткіш қою.

Конференцияда Бүркіт Ысқақұлы туралы фильм көрсетілді. Сонымен қатар оның өмір жолы баяндалған тарихи-биографилық туындының тұсауы кесілді.

Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар