Жеті күн. Елбасы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне ресми сапармен барды. Зор келісім – мол жемісің
1. Елбасы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне ресми сапармен барды
Өткен аптада Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім грамоталарын қабылдау кезінде шетелдік инвестициялардың жартысына жуығы, яғни 100 миллиард доллар қаражат Еуропалық одақ елдеріне тиесілі екенін айтқан. Президенттің Лондон мен Парижге сапарларынан кейін елге келетін капиталдың көлемі тағы да ұлғаятын болды. «Жүрген аяққа жөргем ілігеді». Біз бір нәрсені қаперде ұстауымыз керек, инвестиция тек бірлігі бекем елге келеді.
Сәтті сапар. Елбасы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне барды. Екі ел етене араласады. Мәселен, ресми Лондонның саудадағы алыс-берісті өсіремін деп, ерекше ықылас танытқан 14 мемлекеті бар. Міне сол тізімге Қазақстан қосылған. Ал біз «инвестиция тартуға қолайлы» деп 6 елге басымдық берсек, сол «алтылықтың» алғы шебінде Ұлыбритания тұр.
Ағылшындардан аларымыз көп. Сөзімізге тұздық болсын. Ұлыбритания әлемдегі қаржы-экономикалық маңызды орталықтардың бірі саналады. Ашық әрі ауқымды нарығымен жаһанға танымал. Қазақстан да аймақтық қаржы орталығын құруға қадам басты. Демек, осы тұста үйренеріміз көп. Бұл бір мысал.
Сосын бізді инновациялар мен технологиялар қызықтырады. Бұдан Британия кенде емес. 2050 жылға дейінгі Стратегияны орындауға, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскен кезде мұның маңызы өте зор.
Әлемдегі экономикалық жағдай қанша күрделене түссе де, Қазақстан инвестициялық тартымдылығын сақтап тұр. Президенттің Ұлыбританияға сапары кезінде 13 миллиард долларлық келісімдер бекітілді. Лондонда алпауыт мемлекеттің бизнес элитасымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізге ағылшын ақшасы емес, сенім керек», – деді.
Сонымен «стратегиялық» деп таңбаланған қарым-қатынасқа қарқын қосыла ма? Президенттің бұл жолғы сапары несімен маңызды?
Әйгілі Даунинг Стрит 10 мекенжайы. Ұлыбританиядағы тарихи ғимарат. ХVIII ғасырдан бастап күні бүгінге дейін үкіметтің бас кеңсесі саналады. Аулада дайындық қауырт. Тек мәртебелі меймандар үшін төселетін қызыл кілемше де жайылған. Әдетте тұманы тұтасып, бұлт арылмайтын Альбион елінде сирек кездесетін құбылыс. Аспан шайдай ашық. Мұны екі жақтың делегаттары жақсылықтың нышанына балады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Британия Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронның өзі қарсы алды.
Бұдан кейін қос басшы екеуара кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдар бойы Қазақстанның тұрақты серіктесі болып келген Ұлыбритания елінің Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронге «Достық» орденін табыстады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Я хочу поздравить вас с победой и c новым правительством. Это уникальный случай в истории в вашей страны. У Вас серьезные успехи которые Великобритания достигла в экономическом развитии в это сложное время под вашим руководством.
Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания Премьер-Министрі
-Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Осыдан 2 жыл бұрын мені Қазақстанда қалай күтіп алғандарыңыз әлі есімде. Қазақстан экономиканы дамытуда орасан жетістіктерге жетуде. Реформаларды қарқынды жүзеге асыруда. Бұл бізді таң қалдырып отыр.
Қазақстан мен Ұлыбритания басшылары бір сағаттан артық жабық есік жағдайында әңгімелесті. Онда қандай мәселелер талқыланғаны журналистерге беймәлім күйде қалды. Десе де қазақ делегаттарының құрамында Ерлан Ыдырысов, Владимир Школьник, Әсет Исекешов пен Аслан Сәрінжіповтердің жүргеніне қарағанда, ол жерде екі ел арасындағы қарым-қатынас, энергетика, инвестиция тарту және білім беру мәселелері қаузалған деп болжауға болады.
Ағылшын саясаткерлерінің кеудесіне таққан қызыл мак көрген адамның назарын өзіне аудармай қоймады. Бұл Бірінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқан британ жауынгерлеріне деген тағзымның белгісі.
Айта кетерлігі, Елбасының осы сапарының өзінде 46 құжат бекіді. Келісімдер толық жүзеге асса, Ұлыбританияның белді компаниялары қазақ жеріне 13 млрд доллар көлемінде инвестиция әкелмек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Приглашаю вас работать в Казахстан. Мы ни о чем не просим Лондон. Мы лишь призываем вас прийти в Казахстан и вместе с нами зарабатывать деньги.
Үкіметаралық комиссияның екінші отырысына қатысқаннан кейін Мемлекет басшысы қазақстандық тілшілермен кездесіп, бекіген құжаттардың мазмұнын тарқатып баяндап берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Бұл ел елімізге он екі млрд доллар инвестиция салған ел. Қарым-қатынасымыз жаман емес. Дағдарыс кезінде де өркендеп, өсіп келе жатыр. Мысалы, жерді барлау мәселесінде бұл елде өте озық технология бар. Біз қазір бір-екі километрде жүрміз. Олар өте тереңде Қазақстанның байлықтары қанша екенін зерттеп, біздің запастарды көбейтетін жағдайлар жасайды.
Бұдан бөлек, Лондонға барып қайту жеңілдейтін болды. Мегаполиске қатынайтын жаңа рейстер іске қосылмақ. Енді Альбион еліне аптасына 5 рет сапарлауға болады. Сонымен қатар Британия Қазақстанда ғылымды дамытуға қомақты қаржы құюға келісіп отыр.
Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі
-«Ньютон – Әл-Фараби» деген қаржы фонды бар. Сол фондтан он миллион фунт ақша бөлінеді. Ол қаржыға біріккен ғылыми жобаларды қаржыландыратын боламыз.
Болатбек Әбдірасілов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының ректоры
-Ұлыбритания бізге мемлекеттік қызметкерлерді оқыту саласындағы жобаны еліміздегі мемлекеттік басқаруға қатысты көмек көрсету туралы осындай жақсы меморандумға қол қойылды.
Еуропалық Даму банкі Қазақстан көлік желісін жаңғыртуға көмектеспек. Осылайша елордамызда қоғамдық көлік қызметінің сапасы артады. 2017 жылға дейін су жаңа 200 автобус астаналықтарға қызмет көрсетпек. Бұдан бөлек елімізде жаңа жолдар салып, ескілерін күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд еуро қаржы бөлді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі
-Екі ірі банкпен келісімшарт жасадық. Оның ішінде жаңа жолдарды салу үшін Еуропалық Даму банкі өз қаржысын бөліп отыр. Және мына «Сити банк» деген елімізге инвестиция құюға дайындығын көрсетіп отыр.
Жалпы Британия – қазақ жеріне инвестиция құйған тұңғыш мемлекеттердің бірі. Арадағы алыс-беріс бір ғасыр бұрын қалыптасқан. Дәлірек айтқанда 1905 жылы ағылшындар Спаск мыс-кен орнына қызығушылық танытып, өткен ғасырдың басында акциясын Лондон биржасына шығарған. Бұған қолымызға түскен мына құжат дәлел.
Тобайас Эллвуд, Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары
-Ұлыбритания Қазақстанның Еуропалық одақ елдері ішіндегі ең ірі сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Соңғы екі жылда арада 3 млрд 600 млн доллардың жүгі айналған. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмақ емеспіз. Екі жақты алыс-берісті арттыру үшін Ұлыбританияның Қазақстандағы арнайы сауда елшісін тағайындадық. Премьер-Министр бұл лауазымға лорд Джон Астерды бекітті.
Сапар аясында қол жеткен тағы бір келісім – тараптар бір-біріне құқықтық көмек көрсетуге келісті. Демек, қылмыс жасап Қазақстаннан қашқандардың енді Британияда жасырынып жүруіне жол берілмейді. Айта кетерлігі, Альбион елі бұл келісімді санаулы мемлекетпен ғана жасасқан.
Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Дулат Ентебеков, Айдос Меделбек
2. Зор келісім – мол жемісің
«Көлік арық, жүк ауыр». Қазір осындай кезең. Осындай кезеңде жаһан жұрты жатпай-тұрмай, жаңа табыс көздерін табуға талпынады. Әсіресе бауырлас, әріптес, серіктес елдермен алыс-берісті арттыруға, импорт-экспорт есебінен кірісін көбейтуге күш салатыны даусыз.
Лондонға сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев билік басындағылармен қатар, іскер топ өкілдерімен де жолықты. Экономиканың әр саласына тартылған британ инвестициясы бұрыннан бар. Енді ол ортаймақ емес. Елбасымен кездесуде бизнес серкелері ынтымақтастыққа ынталы екенін танытты.
Сапардың соңғы күні Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Патшайымы Екінші Елизаветамен кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Филип Хэммондпен кездесіп, еліміз Еуроодақпен экономикалық қатынасты тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-В целом Европейский союз для Казахстана особый торговый экономический партнер. 50 процентов товарооборотов у нас с ЕС. И я подписал соглашение о углубление отношении. Теперь мы накануне подписания итоговых документов.
Елбасының Лондонға сапары кездесулерге толы болды. Қазақ Президенті Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-Министрі Тони Блэрге де жолықты. Бұл сапарда ағылшынның ірі кәсіпкерлері де Қазақстанның алдағы әлеуеті жайлы ой жүгіртті. Әрмен қарай еліміздің көсегесін көгерту үшін қажетті үш бағыт бар деп топшылады.
Ричард Эдванс, «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз директоры
-Мұнай мен газдан бөлек Қазақстанның жер қойнауы қазба байлықтарына бай. Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығына жарамды алқап жеткілікті. Экономиканы дамыту үшін сіздерге осы үш саланы жақсарту қажет.
Әлемдік экономикадағы қазіргі ахуалды ескерер болсақ, бұл кезең бүкіл бизнес үшін үлкен сынақ екені белгілі. Нағыз бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ғана өзгелермен иық тірестіретін болады. Әсіресе мұнай мен газ арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған компаниялар енді мығым стратегиямен қадам басулары шарт. Себебі алдағы уақытта мұнай бағасы одан әрі арзандайды деп күтілуде. Осы қиындықтардың алдын алу үшін Нұрсұлтан Назарбаев әлемді аралап, елге инвестиция тартудың амалдарын жасап жүр.
Сэм Уольш, «Рио Тинто» компаниясының Бас директоры
-Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды бірге жүзеге асыратын болып келістік. «Рио Тинто» қазба байлықтарын іздеуде әлемдегі озық технологияларды қолданады. Бірлескен жұмысымыз жемісті болары кәдік.
Инвестициялық жобаларға қаражат тартуда бізге алып компаниялардың көмегі керек. Мемлекет басшысы сондай-ақ Ұлыбританияның ірі бизнес өкілдерімен кездесті. Тізімде әлемдегі аса ірі мұнай газ концерні «Шелл» мен елімізде фармацевтикалық зауыт салуға ниетті «Хикма Фармасьютикалс» және металлургиялық «Арселор Миттал» сынды компаниялардың басшылары бар. Жиынтық қаражаты жарты триллион долларды құрайтын бұл компаниялардың инвестициялық әлеуеті зор.
Бен Ван Берден, «Шелл» концернінің бас атқарушы директоры
-Біз Қазақстандағы мұнай-кен орындарына қаржы салуды әрі қарай жалғастырамыз. Оның ішінде Қарашығанақты кеңейту жобасына, сондай-ақ, Астанада газ құбырын жүргізуге қатыспақпыз.
Десе де кездесулердің ішіндегі ең айтулысы төрткүл дүниені қаржысымен уысында ұстап отырған әулиеттің мүшесі Джейкоб Ротшильдпен болды. Жасы сексенді алқымдаған барон бүгінде алтын биржасын күніне қырық құбылтып отыр. Байлығы ешқашан таусылмайтын әулет мүшесімен Нұрсұлтан Назарбаев дастархан басында Астана қаржы орталығын құру жөнінде асықпай отырып әңгімелесті.
Қазақ Президенті Лондонға екі күндік сапарын Букингем сарайында қорытындылады. Нұрсұлтан Назарбаевты патшайым екінші Елизаветаның өзі есік алдынан күтіп алды. Елбасының құрметіне монарх сарайының қарауылы қазақ тілінде рапорт берді. Сөйтіп гвардия салтанатты жағдайда сап түзеп, еліміздің әнұраны орындалды.
Ұлыбритания патшайымы екінің біріне дастархан жаймайды. Бұл ағылшын монархының елімізге ерекше ілтипатын көрсетсе керек. Назарбаев Елизавета патшайымға Ұлыбритания үкіметімен жасалған келісімдер туралы баяндады. Ағылшын монархы Елбасының сапарына жоғары баға берді.
Авторлары: Талғат Уәли, Зайнұр Байжігіт, Дулат Ентебеков, Айдос Медельбек
3. Елбасы Француз Республикасына ресми сапармен барды
Ұлыбританиядан кейін Елбасы Парижге аттанды. Екі ел арасындағы алыс-беріске, барыс-келіске екпін қосылмаса, бәсеңдеген жоқ. Бірлескен кәсіпорындар бар. Ондаған жобалар жүзеге асып жатыр. Франция – Ресей, Қытай, Нидерланд пен Италиядан кейінгі Қазақстанның жетекші сауда серіктесі.
Былтыр Франция Президенті Франсуа Олланд Қазақстанға тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келгенде құны жарты миллиард доллар болатын 17 келісімге қол қойылған еді. Осы жолы қос елдің басшылары сол уағданың нәтижелерін талқылады. Дағдарыс өзара ынтымақтастыққа салқынын тигізе қоймаған.
Екі ел ынтымағын кеңейткен сапар. Тариxи һәм экономикалық мәні зор. Бәрінен бұрын Нұрсұлтан Назарбаевқа деген қошемет ерекше. Салтанатты қабылдаудың ең биік мәртебесіне лайық құрмет көрсетілді. Францияда мұндай ерекше рәсім ең мәртебелі меймандарға бұйырады екен. Мемлекет басшыларын салтанатты түрде қабылдаудың дәстүрлі мекені атанған «мүгедектер үйіндегі» ресми бөлім Француз басшысының қатысуынсыз өтеді. Мұнда Елбасын Парламентпен байланыс жөніндегі Мемлекеттік xатшы мен Париж әскери губернаторының өкілі қарсы алды.
Республикалық гвардияның тағы бір топ сарбаздары Францияның бас ғимараты Елесей сарайында сап түзеді. Салтанатты рәсімнен келген Нұрсұлтан Назарбаевты Франсуа Олланд осында күтіп алды. Достық кездесу – достық қол алысу.
Мұxтар Ыбырайым, тілші
-Астана-Париж диалогы дағдарысқа қарамастан, дамудың даңғыл жолында. Екі ел көшбасшысының мүддесі ұқсас бұл тұрғыда. Жиі кездесуі де сондықтан. Соңғы 3,5 жылдың ішінде бесінші рет жүздесіп отыр. Елесей сарайында стратегиялық серіктестікті әрі қарай өрбіту үшін бас қосты.
Париж – Астананың маңызды сауда серіктесі. Ресей, Қытай, Нидерланд пен Италиядан кейін 4-орында тұр. Былтыр тауар айналым 6 млрд долларға жуықтаған. Дегенмен, преспективалар зор. Франция Қазақстанның саяси һәм экономикалық реформаларын қолдайды. Париж Астанамен әріптестікті әрі қарай өрбітуге дайын. Мұны Француа Олланд айтты. Бастысы, әлемдік экономикалық тұрақсыздық жағдайында инвестициялау бәсеңдемек емес.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Бүгінгі келіссөздер жаңа сапалық деңгейдегі міндеттерді шешуге дайын екенімізді дәлелдеді. Бұл арқылы машина жасау, көлік пен коммуникация, жоғарғы теxнологиялар, инновациялар, ғылым, білім және мәдениет салаларында ірі жобалар жүзеге асырылады. Біз Сіздің елдің диалог үшін ашық, жаңа жетістікке әзір, сенімді серіктес екендіктеріңізді көріп отырмыз. Бұл сапар жемісті жұмысқа ортақ ықыласымызды арттырып, бірлескен жаңа қадамдарға жол ашады деп үміттенеміз.
Франция «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады. Арнайы шартқа қол қойылды. Бірнеше күн бұрын дәл осындай келісім Ұлыбританиямен қабылданған. Қос серіктес елге ең үлкен павилиондар берілмек. 1 мың шаршы метр. Айтпақшы, «Астана-ЭКСПО» «Шел» компаниясымен де келісімге қол қойды. Мұнай алыбы көрмеге қолдау көрсетіп 8 млн евро бөледі.
Ахметжан Есімов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының төрағасы
-Көрмеге қатысушылар ресми түрде қазір 50-ден асты. Жалпы біз қатысушылар 100 мемлекеттей болады деп жобалап отырмыз. Биылғы жылдың аяғына дейін тағы 4-5 мемлекет қосылады деп отырмыз. Елбасының сапары аясында осындай үлкен жетістіктерге қол жеткіздік.
Тараптар ғарыш саласындағы ынтымақтастықты да дамыта түспек. Білім берудің дамуына да серпін беріледі. Болашақта екі елдің білім министрліктері тәжірибе алмасатын болады. Қабылданған тағы екі құжаттың басты мақсаты сол. Сапар аясында екі ел лидерлері бірлескен декларация қабылдады. Жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытынды құжаты. Қазақ-француз ынтымағын нығайтуға қосқан үлесі үшін Нұрсұлтан Назарбаев Франсуа Олландқа 1-ші дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Мұндай орден тек Сингапур мен Ұлыбритания премьерлері, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мен АҚШ бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтонда ғана бар.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға ресми сапары ЮНЕСКО-ның 38-ші сессиясымен тұспа-тұс келді. Мұнда да Қазақ елі мен оның басшысына деген құрмет ерекше. Нұрсұлтан Назарбаев – алқалы жиынның мәртебелі мейманы.
70 жылдық тариxы бар іргелі ұйымға Қазақстан 1992 жылы мүше атанды. Содан бері бірлестіктің белді өкілі ретінде оның дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев бұл мінбеге 1995 жылы көтерілген болатын. Ол кезде жас мемлекетіміздің алдағы мақсат-міндеттерін баяндаған. Жиырма жыл өтті. Бүгінгі Қазақстанның бастамалары жаһандық сипатқа ие.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі – соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау. Бұл бүкіл әлемде жаһандық инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға барлық ұлттың әділетті түрде қол жеткізуі. Сондай-ақ адамзат дамуына деген жалпыға ортақ жауапкершілік негізінде дамудың жаңа трендін қалыптастырады.
Қазақстан «ЮНЕСКО» аясындағы 14 халықаралық конвенциясының толыққанды мүшесі. Тарихи, мәдени мұраларды қорғауда біздің елдің еңбегі зор. Қазіргі таңда Ұлы Даланың рухани құндылықтарын жаңғырту үстінде. ЮНЕСКО-ның тізімінде біздің ескерткіштер мұқият қорғалуда. Олардың қатарында Отырар, Түркістан, Сауран мен Сығанақ бар. Ендігі кезекте Елбасы бейбітшілік пен орнықты дамуға қолдау көрсетуге шақырып отыр. Ол үшін арнайы халықаралық академия құруды ұсынды. Елбасы: «Ұйымның «Әлем мәдениеті» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қақтығыстардың ертерек алдын алу жолдарын іздеудің маңызы зор. Әсіресе лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы күресті күшейту керек», – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-«Ислам мемлекеті» деген атты жамылғандар Таяу Шығыстың бірегей тарихи-мәдени мұрасына орны толмас зиян келтіруде. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін батыл айыптайды. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттің әлемдік бірыңғай желісін құруды ұсынамыз. Ислам радикализмімен күрес кезінде оны бейбітсүйгіш Исламмен шатастырып алмау маңызды.
Астана – мәдениеттерді жақындату мен әлемдегі келісімді нығайтуың көшбасшысы. Бұл қызметін ЮНЕСКО жоғары бағалайды. Елбасымен жеке дара кездесу кезінде ұйымның Бас директоры Ирина Бокова Қазақстанмен серіктестіктің маңызына тоқталды. Алдағы уақытта да еліміз бұл бірлестікпен мәдени және тариxи мұраларды сақтау, ғылым мен білім саласындағы xалықаралық байланыстарды нығайту бағытындағы шараларды іске асыра бермек.
Мұxтар Ыбырайым, тілші
-Нұрсұлтан Назарбаев 38-ші сессия барысында Қазақстанның бастамалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Қазақ елі бұл бірлестікті қолдайды. Айтпақшы, ЮНЕСКО «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қызығушылық танытып отыр. Елбасы ұйымның орнықты дамуға қол жеткізудегі рөлін көрсету үшін көрмеде «ЮНЕСКО павильонын» ұйымдастыруды ұсынды. Қазіргі таңда халықаралық көрмеге 10-нан астам ұйым қатысуға ниет білдіріп отыр.
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Қанат Әбілдин, Руслан Жәкеев
4. Кемеліне келген келісім
Елбасының Ұлыбритания мен Францияға жасаған сапарларында ең әуелі инвестиция мәселесі көп айтылды. Дағдарыс тұсында, қала берді Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға кіріскен уақытта қаржылық қолдау қажет-ақ.
Басқасы басқа, Қазақстан мен Франция бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырудың жолын біледі. Мәселен, «Альстом» электровоздары, «Еврокоптер» тікұшағы, «Пежо» мен «Ситроен» көліктері, айта берсең тізім ұзақ. Бұл тізім болашақта тағы да толыға түспек.
Елбасының француздардың іскер адамдарымен кездесуі нәтижелі болды. Бірнеше құжат бекіді. Соның арқасында қаржы тартылады. Өндіріс бой көтереді. Бюджетке табыс түседі. Жұмыс орындары ашылады.
Франция Қазақстанның үшінші ірі инвесторы саналады. Бизнесмендерінің біздің елге деген қызығушылығы бұрыннан жоғары. Қазіргі таңда 130 компания жұмыс істейді. Мұнымен шектелмек емес. Әріптестіктің аясын кеңейтуге қос тарап та ниетті. Лондоннан Парижге аттанған Мемлекет басшысы елге қаржы тартып, бірлескен серпінді жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру үшін Франция индустриясының капитандарымен арнайы кездесті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Мы приехали с этим официальным визитом, чтобы просить Вас обратить внимание на Казахстан и расширить нашу совместную работу. Многие из Вас уже работают в Казахстане, хорошо знают возможности долгосрочного перспективного развития нашей страны. Наш взаимный товарооборот несмотря на непростые ситуации в мире все равно содержится на уровне 6 миллиардов долларов. За последние десятилетия французские инвестиции в экономику составили более 12 миллиардов долларов.
Қазақстанның инвестициялық климаты қолайлы. Мұны француздық әріптестер жақсы біледі. «Бізге қарай қаржы құюға ынтасы артуы елдегі реформалар мен тұрақтылықтан», – дейді олар. Мүмкіндік көп. Тіпті ел ішінде болып жатқан түрлі бағдарламаларға ат салысуына жол ашық. Ал бізге сенімді серіктес керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-В ближайшее время мы уже начнем принятую программу — масштабного разгосударствления и приватизации предприятий горно-металлургической, нефтедобывающей, энергетике, транспорта, связи, инфраструктуры. Думаю будет интерес Ваших компаний принять участие в этой большой компании. Мы бы приветствовали французские компании, которые уже зарекомендовали себя как надежные партнеры в приватизации.
Кездесуге Эйрбас, Викат, Суфле, Рочильд груп, Арева сияқты 20-ға тарта компаниялардның жетекшілері келді. Әлемдік аты бар алыптар барлығы. Ұзынсаны 14 келісімге қол қойылды. Жақын арада елімізде тағы бірнеше француздық кәсіпорын ашылады. Дамыған ел инвестициялармен бірге жаңа технологияларын әкелмек. Атап айтқанда, 150 жылдық тариxы бар «Aubert&Duval» компаниясымен серіктестік кеңейеді. Металлургия саласының көшбасшысы 2009 жылдан бері Өскемендегі Титан-магний комбинатымен тығыз қарым-қатынаста. Онда титаннан жасалған бөлшектерді «Эйрбас», «Бойнг» сияқты ұшақ құрастыратын компанияларға тасымалдайды. Елбасы компания басшысымен жеке кездесіп, ықпалдастықтың жаңа бағыттарын саралады.
Жорж Дюваль, «Аubert&Duval» компаниясының президенті
-Мына құйма Қазақстаннан келеді. Бұдан біз бөлшектер жасаймыз. Мәселен, ұшақтың есігі осы қазақтың титанымен қапталады. Қос қанаттың астында орналасқан қозғалтқышты да Өскемен титаны ұстап тұр. Осылайша, Қазақстан титандары ең заманауи «Эйрбас» ұшақтарында қолданылады. Болашақта біз Өскеменде тұтас бір сала қалыптастырсақ деген ниеттеміз. Ұшақтың басқа да бөлшектерін шығару ойда. Ең бастысы, біз титан бөлшектері қалдықтарын қайта өңдейтін өндіріс ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл болашақта авиа өндіріске тағы бір шикізат алуға жол ашады.
Қазақстан бұл нарықта жаңа ойыншы саналғанымен АҚШ, Ресеймен бәсекелесіп, сапалы өніммен танылу үстінде. Алда серіктестіктің жаңа белестерін бағындыру жоспары тұр.
Әсем Мамытова, Өскемен титан-магний комбинатының директоры
-Біздің комбинат Францияның «Сафран» компаниясының сертификатын алды. Бұл серіктестіктің аясында жаңа пеш құрамыз. Онда авиа қозғалтқыштар үшін титан құймалары әзірленеді.
Францияның мұнай алыбымен де қатынас тереңдейді. Нұрсұлтан Назарбаев «Total» компаниясының атқарушы директоры Патрик Пуянемен әңгімелесті. Еліміздің энергетика саласын дамытуға бұрыннан ат салысып жүрген концерн жақын болашақта Ақтөбе облысындағы Мұғалжар кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізбек.
Патрик Пуянне, «Total» компаниясының атқарушы директоры
-Біз Қашаған кен орнында жұмыс істейміз. Оны іске қосу 2016 жылдың соңына жоспарланып отыр. Қазір басқа да бағыттарды дамыту үстіндеміз. Мұғалжар кен орны Ресеймен ынтымақтасып, Каспий теңізінде жаңа кен орындарын қарастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Тағы бір жаңалық. Болашақта елімізде Peguegot Citroen автокөлігі толық циклде құрастырылады. Қос елдің машина жасау қауымдастықтары арнайы келісім қабылдады. Жоба соммасы – 350 млн доллар. Елбасы компанияның басшысы Карлос Тавареспен кездесуде алдағы ынтымақтастықты пысықтады.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» холдингі басқармасының төрағасы
-Келер жылдан бастап автомобиль экспортын арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстанда Пежо автокөлігін құрастыруды жыл сайын 15 пайызға дейін көбейту жоспарда тұр.
Жақын арада Қазақстанда мұнай-газ саласына қажет теxникалар шығаратын кәсіпорын ашылмақ. Тіпті теңіз түбінде мұнай өндіретін роботтар жасау қарастырылып отыр.
Мейрам Пішембаев, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» қауымдастығының төрағасы
-Мұнай-газ саласына қажет саймандар, насостар, машиналар. Ең бізге тиімдісі болашақта теңіздің авшорда мұнайды өндіру мәселесінде роботтар, судың қасында жұмыс істейтін сондай теxникалар шығаратын одақ. Осы одақпен келісімшартқа отырып жатырмыз.
Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі
-Жаңа келісімдерге қол қойылды. Атырауда техникалық газдарды өндіретін зауыт салынады. Инвестициялардың көлемі – 100 млн доллар. Франциялық, британдық әріптестер дағдарысқа қарамастан, Қазақстан жаңа реформаларының арқасында қызығушылық тудырып отырғандықтарын айтуда.
Француз экономисі Жак Аттали ел жетістіктерін жоғары бағалағандардың бірі. Елбасымен кездескен сарапшы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіретініне сенімді. Бұл экономистің Нұрсұлтан Назарбаевпен алғашқы кездесуі емес. Олар 25 жылдан бері таныс.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Мне очень важно было с Вами поговорить и встретиться как со старым другом. Я бы хотел поддерживать постоянный контакт и знать, что в Париже есть близкий человек.
Ірі бизнес өкілдері Астана мен Париж арасындағы алтын көпірге айналуда. Экономикалық серіктестіктің тасын өрге домалатып, екі елдің де экономикасын өркендетуге атсалысып жүр. Мәселен, «Викат» компаниясы 2010 жылы Жамбыл облысында цемент зауытын ашқан. Былтыр кәсіпорын 1,3 млн тонна өнім шығарды. Ел қажеттілігінің 15 пайызы осы компанияның еншісінде. Енді компания жаңа жобаларын ұсынуда.
Гийо Сидос, «Vicat» компаниясының директоры
-Бізде Астанаға қатысты жоспарлар бар. «ЭКСПО» көрмесін өткізуге орай цементке деген сұраныс артады деп ойлаймын. Біздің өнімнің негізгі тұтынушылары – Алматы мен Ақмола облыстары. Бұл зауытты о баста Қазақстанда салуымыздың себебі – елдегі тұрақтылық. Оған қоса, мамандары білікті.
Жан-Мишель Суфле, «Soufflet» компаниясының директоры
-Қазақстан сапалы астығымен әйгілі. Біздің зауытымыз орналасқан аймақ өте әдемі. Бірақ жазы қысқа болғаны қиын. Бидайдың толық жетілуіне уақыт аз. Сондықтан астықты ең сапалы деңгейге көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Ауылшаруашылық, мұнай-газ бен инфрақұрылымдық жобалар. Бұдан бөлек, француз кәсіпкерлері өңдеу саласына қызығады. Айта кету керек, мұндай деңгейдегі бизнесмендермен кездесудің мәні зор. Бір елдің емес, тұтас дүниенің дамуына ықпал етіп отырған олар қазақ елімен әріптестікті тереңдетуге мүдделі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қазақстанның бұл елмен қарым-қатынас жасауы бізге өте қажет. Қазақстанның дәрежесін көтереді. Қазақстанға инвестиция әкеледі. Қазақстанға теxнология әкеледі. Өте үлкен құрметпен қарсы алып отыр. Екі ел арасында 24 жоба іске қосылды. Құны 1,5 млрд долларлық он жоба жұмыс істеу барысында. Кеше іс адамдары құны 5,5 млрд доллар болатын келісімшартқа қол қойды.
Серіктес елдің бизнес өкілдері Қазақстанда индустриялық және инфрақұрылымдық жаңғыртуға қатысуды тұрақты түрде жалғастырады. Іскер топтың өкілдерімен өткен кездесудің басты мақсаты да сол еді. Барыс-келісі көбейген қос елдің енді алыс-берісін арттыру мұраты тұр алда.
Авторлары: Нұрбек Әмиша, Мұxтар Ыбырайым, Қанат Әбілдин, Руслан Жәкеев
5. Елбасы Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесті
АҚШ-пен де алыс-беріс арта бермек. Апта басында Астанаға Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Джон Керри келді. Елбасы мейманды Ақордада қабылдады. Екі ел ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Недавно в Нью-Йорке я встречался с Президентом США Бараком Обамой, мы обговорили вопросы двустороннего взаимодействия. С первых дней Независимости нашей республики, которой в декабре исполнится 24 года, мы сотрудничаем с Вашей страной, и казахстанский народ благодарен за постоянную поддержку нашего суверенитета и развития экономики. Сегодня в нашей стране действует порядка 500 компаний с участием американского капитала. Мы нацелены на продолжение данной работы.
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы
-АҚШ расында да Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі саналады. Бүгін мен Америка сауда палатасының Қазақстандағы өкілдерімен кездестім. Олар өздерінің Сіздің елде қол жеткізген табысына қанағаттанатындарын білдірді. Мен екі елдің тығыз серіктестігі Бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспарын жүзеге асыру ісіне елеулі ықпал ететініне сенімдімін.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Қазақстанға Орталық Азияға жасаған турнесі аясында келді. Ол сапарын өткен сенбіде Қырғызстаннан бастаған еді. Кейін Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін аралап, өңірдегі қауіпсіздік мәселелері, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайға байланысты бірқатар жиындарға қатысты.
Айта кетейік, бұл Джон Керридің Мемлекеттік хатшы болып тағайындалғаннан бергі екі жарым жыл ішінде өңірге жасаған алғашқы ресми сапары. Мәртебелі мейман Елбасымен ғана жолығып қойған жоқ, Астананы аралады. Бірқатар нысандарда болды.
Индира Жылқайдарова, тілші
-АҚШ тың 68-ші Мемлекеттік хатшысы, саясаткер Джон Керридің Қазақ еліне аяқ басуын көпшілік оның Орталық Азияға жоспарланған турнесі аясында деп жорамалдауы мүмкін. Астарына үңілсек, АҚШ-тың Орталық Азиядағы беделі мықты біздің елмен қарым-қатынасты нығайтып, бұл өңірмен байланысты үзгісі келмейтіні сезіледі.
Джон Керридің өзі Орталық Азияның бес мемлекетін аралауының мәнін бір саяси интрига, пайдақұмарлық емес деп түсіндірді қазақстандық журналистерге. Өңірлік қауіпсіздікті бірлесе шешу – басты мақсат. Ресми сапарында Керри мырза ел Үкіметінің басшысымен таңғы ас ішті. Сосын қазақ дипломатиясының өкілдерімен жолықты.
Осылайша жылышырай танытқан АҚШ Мемлекеттік хатшысы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесуінде энергетика саласындағы біздің ғалымдардың жобаларын жоғары бағалады. Тіпті америкалық тараптың «ЭКСПО-2017» халықарықаралық көрмесіне қатысататынын ресми растайтынын мәлімдеді. Екі елдің экономикалық, инвестициялық байланысы кеңеймек. Ыдырысов мәртебелі мейманға Алматының апортын ұсынды. Керридің жақында осы сұрыпты алманы өз елінде тамсана мақтағаны есімізде. Жалпы АҚШ билігінің Орталық Азияның барлық елдеріне сапарлауын ресейлік сарапшылар сан-саққа жүгіртіп жатыр. Ал қазақстандық америкатанушы маман Фатима Күкееваның пікірі мынаған саяды.
Фатима Көкеева, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, америкатанушы
-Америкалық саясаткерлер Қазақстанның тұрақтылығын бағалап отыр. Серіктестіктің жаңа формасына ашық ел болғандықтан да АҚШ тың назары ауды. Көпвекторлы сыртқы саясатымыздың ерекшелігі.
Қазақ елі Президентінің барлық реформаларын ерекше бағалаған АҚШ дипломаты елордадағы мұсылмандардың мінәжат үйіне де кіріп шықты. Азиядағы ірі құлшылық үйлерінің бірі Хәзірет сұлтан мешітіне аяқ басқан Джон Керри мұсылман ережесі бойынша аяқ киімін кіреберісте шешіп қалдырды. Ғибадат үйіне кіруге рұқсат бергені үшін бас имамға алғысын білдіріп, мешітті қасиетті орын деп атады. Джон Керри құр қол келмепті. Құранның жазулары бар картинаны тарту етті. Мейманға сәулетті мешітті аралатып, ішіндегі көне жәдігерлермен таныстырған бас имам Серікбай Ораз мұхит асып келген дипломатқа ұлттық ыдыс тері торсықты сыйға тартты.
Астананың бұрқасыны шыдатсын ба, дипломатты бүрсең қақтырды. Мешіттен шыққан Джон Керриді демеп, баспалдақтан түсуге көмектескен қазақстандықтардың ілтипаты ерекше.
Бір-біріне сыйлы елдердің бизнес серіктестігі де осал емес. Біздің елде америкалықтардың қатысуымен 500 бірлескән кәсіпорын жұмыс істейді. Джон Керри солардың бірі локомотив жинайтын зауытта да болды. 9 цехы бар зауыт жылына 100 локомотив жасауға қауқарлы. 600 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Әділбек Мәкішев, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ вице-президенті
-Джон Керри мырза біздің зауытқа жайдан-жай келіп отырған жоқ. Біз америкалық технология бойынша локомотив шығарамыз. Бұл «Қазақстан темір жолы» мен АҚШ-тың «Дженерал электрик» компанияларының бірлескен кәсіпорны. 294 дана өнімді ішкі нарыққа да, Украина, Қырғызстан, Тәжікстанға да саттық.
Біздің елмен энергетика саласындағы серіктестігі басым АҚШ-тың Қазақстанға тікелей инвестициясының көлемі 30 млрд долларға жетті. Қазір Қазақстан мұнайға тәуелділіктен арылу үшін индустрияны дамытуға кірісті. Бұрынғы әскери, сенатор, қазіргі Мемлекеттік хатшы Джон Керри Қазақстанның «100 нақты қадам» ұлттық жоспарымен де таныс екен. Біздің бітімгерлік рөлімізді де қолдап отыр. АҚШ саясаткері ағылшын тілінде білім беретін Назарбаев университетінің студенттеріне дәріс оқығанда да мұны атап өтті. Бір сәтке тілін сындырып қазақша көңіл хошын білдірді.
Ол Орталық Азиядағы белді мемлекет – Қазақстанның БҰҰ дағы Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігін қолдайтынын айтты. «АҚШ-тың да мақсаты Орталық Азиядағы қауіпсіздік. Ресей немесе Қытаймен жанжалдасу жоспарда жоқ», – деді ол.
Джон Керри, АҚШ Мемлекеттік хатшысы
-Орталық Азия тек кенге бай аймақ емес. Мұнда білімді, білікті адамдар көп. Біз тек қолдауға әзірміз. Экономикалық интеграцияның дами түскені дұрыс. Қазақстанның бар бастамасын қолдаймыз. Орталық Азия – дамыған Азияның жүрегі. АҚШ үшін бұл аймақтағы тұрақтылық жаһандық қауіпсіздіктің белгісі болады.
Алып державаның саяси тұлғасы түрлі лаңкестік ұйымдарға қарсы бірлесуге шақырды. Жаһандық мәселелерді шешудегі Орталық Азияның рөлі зор. Алдағы уақытта жаңа технологияларды игеру және білім саласында Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатылмақ. Дәріс барысында спортта велосипед пен серфингке әуестігі бар Керри мырза атақты боксшы Геннадий Головкиннің де осы өңірден шыққанын атап, қазақстандықтардың мүмкіндігін мойындайтынын айтты.
Индира Жылқайдарова, тілші
-Естеріңізде болса, АҚШ Президенті Барак Обама БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы кезінде Қазақстан Американың Орталық Азиядағы негізгі серіктесі екенін айтқан болатын. Біздің ел басқа да ұлы державалармен, мәселен, Ресеймен және Қытаймен стратегиялық әріптестікті тереңдетіп келеді. Осының бәрі сайып келгенде Тәуелсіз елдің көпвекторлы саясатының жемісі.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Мейрамбек Ақмаханов
6. ҚР Ұлттық банкіне жаңа төраға тағайындалды
Мұны да еңсереміз! Қазақстан қаржылық қиындықтардың талайынан қыбын тауып шыққан.
Бұл үшін Үкіметтің нақты жоспары бар. Қорымыз да жеткілікті. Енді бизнес те құлық танытса игі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі сын сәттерде кәсіпкерлерге үлкен үміт артылатынын аңғартты. «Шағын кәсіп иелері шаруасын ширатса, ірілері қал-қадірінше жұмыс орындарын қалпынша сақтаса, экономикаға едәуір демеу болар еді», – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қазір экономикада қиындық бар. Өзіміздің ішімізде шыққан кризис емес тағы да айтамын. Бұл дүниежүзінде біздің сыртқа шығаратын шикіз бағасының құлдырап 2 есе төмендеуі. Оның үстіне, Ресей менен Батыстың арасындағы текетірестің әсерінен экономикасының төмендеуі, Қытай экономикасының біраз төмендеуі, біздің сататын базарымыз бұның барлығы. Бізге соның қиыншылығы тиіп тұр. Дегенмен, Қазақстанның жағдайы қанша күрделі болғанменен, барлық мүмкіншіліктер бар, резервтер бар. Сыртқы қарызымыз төмен басқа елмен салыстырғанда. Үкімет Банкпен бірге дұрыстап жұмыс істесе біз бұдан шығамыз.
Дәл осы мақсатта Президент Ұлттық банк төрағасын ауыстыру туралы тоқтамға келді. Елбасы еліміздің ақша-несие саясатын жүргізу міндетін атқаруға Данияр Ақышевты лайық деп тапты. Оның кандидатурасын Президент әуелі Сенат депутаттарынының қарауына жолдады. Айта кетейік, Конституцияда көрсетілген талап бойынша, Ұлттық банк төрағасын Президент тек Парламенттің Жоғарғы палатасының келісімімен тағайындай алады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Экономикаға беретін несие төмендеді. Сондықтан бұл жағдайлардың барлығын біз шешуіміз керек. Теңге жоқ. Жұмыс істейтін теңге болу керек. Теңге жоқ болғаннан кейін долларға көшіп жатыр барлығы. Мұның өзінің мамандардың білімімен шешілетін көп жағдайлары бар. Сол жағдайлар кейінгі кезде төмендеп кетті. Соған байланысты Ұлттық банктің басшысын ауыстырып, жаңа Ұлттық банктің төрағасына Данияр Акишевті қабылдауға шешім қабылдап отырмын.
Данияр Ақышевтың кандидатурасын сенаторларға Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин таныстырды. Мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін ескере отырып, депутаттар оны жоғары лауазымға тағайындауға бірауыздан келісім берді. Айта кетейік, 39 жастағы Данияр Ақышев бұған дейін 7 жыл қатарынан Ұлттық банк төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген. Ал осы жылдың тамыз айынан бері Президенттің көмекшісі қызметін уақытша атқарып келген еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
-Қатысып отырғандар – 41 сенатор. Жақтағандар – 41. Бірауыздан бұл шешім қабылданды. Ал енді құттықтаймыз. Данияр Талғатұлы Елбасының сенімін ақтап, жауапты қызметті абыроймен атқарады деп сенім білдіреміз.
Сонымен Ұлттық банктің төрағалығына жаңа басшы келді. Көп ұзамай доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өсті. Сөйтіп сабасына түсе бастаған көңіл қайта қобалжыды.
Мамандар бағамға қатысты қандайда бір батыл болжам жасауға барып отырған жоқ. Бірақ «Жеті күн» тілшілері желдей ескен көп әңгіменің арасынан естиярын елеп-екшеп алды.
7. Аптаның маңызды оқиғаларына қысқаша шолу
Үздік өнім. Елімізде «Халық маркасы-2015» байқауының жеңімпаздары анықталды. 100-ден астам компания қатысқан бәйгеде макарон, құс еті және конфет өндіруші үш кәсіпорын жүлделі болды. Бұл брендтер 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесінде жаһан назарына ұсынылады.
5 трлн теңге. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында осынша қаражат жатыр. Мұндай мәліметті қор өкілдері жариялады. Капиталдың белгілі мөлшері – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың бағалы қағаздары мен депозиттерді инвестициялауға бағытталған. Олардан биыл 10 пайыз көлемінде табыс түсті.
АИ-80 тапшы. Бұл отандық мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс көлемінің өзгеруімен байланысты. Мәселен, Павлодардағы зауыт АИ-80 өндірісінің мөлшерін қазан айынан бері қысқарта бастаған. Ал атыраулық кәсіпорын бензиннің бұл түрін шығаруды мүлде доғарды.
Қажет құжат. Бұдан былай жұмыс беруші қызметкерін қысқартқан жағдайда қазіргідей бір емес, екі айлық жалақы көлемінде өтемақы төлейді. Ал жұмысқа жаңадан орналасқан азаматтар сынақ мерзімін күтпей, алғашқы күнінен бастап еңбекақы алатын болады. Мұндай жаңалықтар Жоғарғы палата депутаттары қабылдаған жаңа Еңбек кодексінде көрініс тапқан. Бұдан бөлек Сенаторлар Үкіметтік емес ұйым қызметін реттейтін заң жобасын қабылдады.
8. Парламентте Үкіметтік емес ұйымдар туралы заң қабылданды
-Елдегі үкіметтік емес ұйымдардың саны қанша?
Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-Олар үлкен армия ғой кәдімгі
-Сол армияның сапасы қандай?
Қанат Қалышев, «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебі директорының міндетін атқарушы
-Үкіметтік емес ұйымдардың барлығы бірдей белсенді жұмыс істемейтінін атап өту қажет.
-Жаңа заң жобасы үкіметтік ұйымдардың тағдырына қалай әсер етпек?
Марат Бәшімов, сарапшы
-Онда мемлекеттік емес ұйымдар өзінің жұмыстарын ақшаларын қайда жібергенін көрсетеді.
Астанадағы атақты «Думан» мұхитаралында «Арт терапия» шығармашылық орталығы бар. Қоғамдық бірлестік 2004 жылы жұмысын бастаған. Мақсат-міндеттері – мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру, оңалтуға жәрдемдесу. Бұл жерге ой-өрісінің дамуы тежелген, жүйке жүйелері сырқат 1,5 жастағы бөбек те, «Мәңгілік бала бейнеде» қалған қыз-жігіттер де ем алуға келеді. Дімкәс жандар құмды, сазды ермек етіп, жетілмей жатқан ақыл-есіне қозғау салуға тырысады.
Гүлмира Татенова, қоғамдық бірлестік директоры
-Біз адам ағзасын қалыпқа келтіру үшін тек табиғи дүниелермен жұмыс жасаймыз. Біз тағы оңалтудың жаңа түрін бастамақпыз. Яғни ауру баланы водолаздардың көмегімен мұхитаралына түсіреміз. Бұл ем шараға біраз жыл дайындалдық.
Ал 1995 жылы құрылған «Астана қалалық әйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігі қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртып, қазіргі буынға үйрету үшін түрлі ұлттық шаралар өткізеді. Тастанды балалардың, тұрмыс тауқыметі тығырыққа тіреген қыз-келіншектердің мәселелерін шешумен, отбасы құндылықтарын насихаттаумен айналысады.
Клара Ержанова, қоғамдық бірлестік төрайымы
-Азаматтық қосылу деген пәле өсіп жатыр. Азаматтық қосылуда балалар туады да, не әкесі бар, не әкесі жоқ екенін білмейміз. Шешесі үйсіз қалып, біздің алдымызға келіп, соған араластық, сотқа дейін бардық.
Елімізде осындай қоғамдағы сан алуан түйткілдердің шешімін табуға тырысып жүрген қоғамдық бірлестіктер жетерлік. Бүгінгі таңда 1,5 млндай қазақстандық еңбек ететін 27 мың үкіметтік емес ұйым тіркелген.
«Нұр Отан» партиясы мен Мәдениет және спорт министрлігі сол 27 мыңның қызметін 3 жыл бойы арнайы зерттеген. Нәтижесінде тек 12 223 ұйымның жемісті жұмыс істейтіні, қалғаны қағаз жүзінде ілініп-салынып жүргені анықталған.
Қанат Қалышев, «Нұр Отан» партиясының саяси менеджмент мектебі директорының міндетін атқарушы
-Үкіметтік емес ұйымдардың барлығы бірдей белсенді жұмыс істемейтінін атап өту қажет. Тіпті тіркелген ұйымдар өз бетінше қызметін тоқтатқан. Біз жүргізген зерттеудің масты мақсаты – мемлекет сенім арта алатын Үкіметтік емес ұйымдарды анықтау.
Осы аптада Сенат кейбір заңнамалық актілердегі үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты баптарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдап, Елбасыға жіберді. Енді Президент қол қойса, екі жылдан бері талданып, талқыланған жаңа заң күшіне енбек. Ал бұл Заң үкіметтік емес ұйымдардың ашықтығын қамтамасыз етпек. Осы заң жобасын өзгертіп, толықтыруға толықтай қатысқан Сенатор Бірғаным Әйтімова құжат үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсартады, жетілдіреді деп сенеді.
Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-Енді координациялық кеңес арқылы халыққа көмектесіп жатқан, елдің тұрақты дамуына үлес қосып жатқан үкіметтік емес ұйымдарға премия беріледі. Сол премияның мөлшері белгіленген. Және ол премияның қалай белгіленгені координациялық кеңесте үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен қаралады.
Осы күнге дейін үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік тапсырыстарға берілетін тендерлермен күнелтіп келген-ді. Енді қаржыландыру көзі көбейтілмек. Әлеуметтік тапсырыстардан бөлек, қоғамға пайдалы жоспар ұсынғандар гранттарға ие болады. Ал ол гранттардың иегерін арнайы құрылатын операторлар анықтайды.
Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-Оператор өзі коммерциялық емес, мемлекеттік емес ұйым. Ол тек қана осы үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобалар бар, басқа жобалар бар, гранттар бар соларды жұмсауды түсіндіретін тағы бір инструмент ретінде белгіленіп отыр. Кім болады ол сұраққа жауап бере алмаймын. Ол қазақша айтқанда есі дұрыс адам болуы керек деп ойлаймын.
Ал Үкіметтік емес ұйымның асханасын жетік білетін, қоғам қайраткері Нұрлан Ерімбетов тендерге түсетін тақырыптарды енді үкіметтік емес ұйымдардың өзі таңдайтынына қуанады. Өйткені бұған дейін қаржыландырылатын әлеуметтік тақырыптарды, бағыттарды шенеуніктер бекітетін. Ерімбетовті алаңдатқан енді бір жайт – Үкіметтік емес ұйымдарды шетелдің қаржыландыруы. Қоғам қайраткері: «Бұл ретте аса сақтық қажет», – дейді.
Нұрлан Ерімбетов, сарапшы
-Барлық үкіметтік ұжымдар ашық болуы керек. Қаржыны қайдан алып жатыр? Оны қандай проблемаларды шешу үшін жұмсап жатыр? Оны халық та, Үкімет те, біздің қоғам да, біздің әріптестеріміз де біліп отыруы керек? Қаржы қайдан келді? Не үшін келді? Басқа елдерден қаржымен бірге ой-пікірлер келеді, идеялар келеді. Кейбір ағымдар келеді.
Заң қабылданса, Үкіметтік емес ұйымдар мемлекет берген қаржының әр тиыны үшін есеп береді. Тіпті тындырған істері туралы толық мәлімет көпшілік назарына ұсынылып, интернетке жарияланады. Осы ретте алты жүздей бірлестік Заң жобасына наразылық білдіріп, құзырлыларға хат жолдапты.
Айна Шорманбаева, қоғамдық бірлестік президенті
-Егер заң қабылданса, барлық бірлестіктер дерекқорға мәлімет өткізеді. Сонда көбісінің есебінде техникалық қателер болуы мүмкін. Осындай болмашы нәрселер-ақ Мәдениет министрлігінің нұсқауымен жергілікті органдардың бірлестіктерді тергеп-тексеруіне жол береді. Яғни бұл тұста шенеуніктерге басым құзырет беріп тұр.
Ал «Арт терапия» қоғамдық бірлестігі: «Ашықтықтан қорықпаймыз, кез келген ісімізге нақты есеп бере аламыз. Тек заң жобасы қаржылық қиындықтардан құтқарып, коммерциялық жолмен қаражат табу мәжбүрлігінен құтқарса болды», – дейді.
Гүлмира Татенова, қоғамдық бірлестік директоры
-Бұл заң жобасы өте маңызды екен. Біздің жұмысымыз халықтың денсаулығын жақсартуға, балаларды оңалтуға бағытталған. Сондықтан гранттарды, қаржыны бөлерде операторлар біздікі сияқты ерекше ғылыми-зерттеу бағдарламаларына басымдық берсе екен.
«Бұл заң жобасы азаматтардың белсенділігін арттырады. Үкіметтік емес ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін нығайтады. Мемлекет өміріндегі рөлін күшейтеді. Олардың ғимарат жалдап, қағаз-қалам алуына, қызметкерлерінің біліктілігін көтеруіне себін тигізеді», – деп отыр сенаторлар да, сарапшылар да.
Авторлар: Мақпал Мадиярова, Бекболат Базаров, Ерзат Зайытхан
9. Ұлттық чемпиондар анықталды
Орта кәсіптегілерді ірі бизнеске жетелеудің жаңа тәсілі. Енді нарықта өзгеден оқ бойы озық шығып, өзін-өзі дәлелдеген кәсіпорындар шоғыры құрылады. Яғни үздігі іріктеледі.
Бұл жұмыстар Елбасы тапсырмасына сәйкес «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасы аясында қолға алынды. Шағын бизнестің маңдайалдысы кімдер? Оларды қолдауда мемлекет қандай бағыттарды ұстанып отыр?
-Өндіріс көлемі 30 пайызға дейін азайып қалды.
-Бұл уақытша дағдарыс.
-Шетелден біз ешқандай өнім алмаймыз.
-Экономикада локомотив субъектілері болу керек.
«Нарықтық экономикада бәсекелестікке төтеп бере алғандардың ғана өміршеңдігін жоғалтпауы заңдылық. Сондықтан қазір бизнестегі әлсіздер кері шегініп, мықтылар даму бағытын өзгертуге талпынып жатыр», – дейді сарапшылар.
Бауыржан Исабеков, экономист
-Инновациялық стандарттарды қолдана отырып, заманауи менеджментті пайдалана отырып ұйымдастырған компаниялардың ғана өз жұмысын нәтижелі ұйымдастыруға мүмкіншілігі бар.
Бизнестің дағдарып қалмауы үшін кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа тетігі енгізілді. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Жобаны «Бәйтерек» холдингі шетелдік тәжірибелі компаниямен бірлесіп дайындады.
Юкка Максимайнен, «Mckinsey&Company» Қазақстандағы басқарушы серіктесі
-Бұл Қазақстан экономикасының жаңа даму кезеңі. Ұлттық чемпиондар бағдарламасын әзірлеуде Германия, Малайзия тәжірибесі негізге алынды. Біз кәсіпорындарды ірі немесе шағын деп бөле-жарып қараған жоқпыз. Орташа деңгейдегі компанияларды тізімге алдық.
Бауыржан Исабеков, экономист
-Қаржылық дағдарыс кезінде үнемдеу кезінде Ұлттық чемпиондарды қолдау өте тиімді болып табылады. Бұлар өздерінің тұтынушыларын тапқаннан кейін мердігерлік әдістің арқасында өндірісті жаңаша ұйымдастыруға мүмкіншілігі болады.
Отандық 300 компанияның ішінен 28 кәсіпорын іріктеліп алынды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуда 3 сала айқындалды. Тамақ өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс материалдарының өндірісі. Ұлттық чемпиондар енді осы салаларды алға ілгерілетуде ауқымды жобаларды іске асырады.
Бағдарлама аясында Қазақстанда бұрғылау қондырғылары, қуат трансформаторлары, үлкен автобустар, балалар тағамын, құс етін, мәрмәр өндіруде жаңа жобалар іске асырылады. Мәселен, Шымкент қаласында кернеуі 220 және 500 кВт болатын қуат трансформаторларын шығару қолға алынбақ.
Әділбек Тәжібаев, инженер-құрастырушы
-Электровоздарды электр жарығымен қамтамасыз етеді. Біз қазір ең бірінші тәжірибелік алғашқы трансформатор жасап шығардық. Сынақтардан өтті. Болашақта жүйелі шығарамыз деген үміттеміз. Тапсырыс беруші Ресейде.
Бұл компания энергетика, машина жасау саласындағы үздіктер көшін бастап тұр. Құрамында 30 кәсіпорын бар. Олар шығаратын электр жабдықтары қазақстандық брендке айналып, шетел нарығын жаулап алған. Мәселен, Кентаудағы трансформатор зауыты қазір өндіріс көлемін ұлғайтуда.
Хайрулла Қожабаев, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ атқарушы директоры
-2 жарым миллиардқа қазір тапсырысымыз. Нақты тапсырыстар бар. Зауыт үш ауысымда жұмыс жасап жатырмыз. Біздің зауытта 1 мың 200 адам жұмыс жасайды. Сол әр жұмысшы өзінің жұмысын тиімді ұйымдастыруы керек. Сол кезде бізде жетістік болады.
Тамақ өнеркәсібіндегі ірі кәсіпорынның бірі – Алматыдағы май өнімдерін шығаратын комбинат. Экологиялық таза сапалы өнімдер алпауыт ел Қытай нарығына саудалана бастапты.
Роза Бекішева, цех басшысы
-Тәулігіне 12-13 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Шетелден біз ешқандай өнім алмаймыз. Тек Қазақстанда өндірілетін өнімдерді пайдаланамыз.
Комбинатта 200-ге жуық адам еңбек етуде. Жұмысшылар қатары көбейтілмесе, қысқармайды. Себебі биыл майлы дақылдар молынан жиналды. Өнімге тапсырыс көп. Жұмыс жеткілікті. Шетелдік озық технологиямен жұмыс жасайды. Бұл сапалы өнім алуға сеп. Енді ұлттық чемпиондар қатарына қосылып, экспорттық әлеуетін арттыруды көздеп отыр.
Татьяна Солохина, комбинаттың директоры
-Компаниямыздың стратегиясы ауқымды. Қазір өсімдік майларын Батыс Қытайға экспорттаймыз. Алдағы уақытта экспорттық әлеуетімізді арттыра бермекпіз. Ресей нарығына шығу жоспарда бар.
Бағдат Бектұрғанқызы, тілші
-«Ұлттық чемпиондар» тізіміне енген кәсіпорындардың бірі – осы біз тұрған құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орны. Неміс технологиясымен жұмыс жасайтын зауыттың өндірістік қуаты жылына 198 мың текше метр өнім шығаруға қауқарлы.
«Экотон+» кеуекті газды бетон бұйымын шығарудағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Қабырғалық құрылыс материалдарын дайындауда ұлттық брендті қалыптастырды. Экологиялық таза, сапалы өнімге сұраныстың аздап азайғандығы болмаса, өндіріс қалыпты жұмысын жалғастыруда.
Ерболат Рахымбаев, «Экотон+» АҚ зауыт директоры
-Үлкен мемлекеттік құрылыстардың саны азайып, Ақтөбенің өндіріс көлемі 30 пайызға дейін азайып қалды. Оның өзінде біз көмектесіп отырмыз. 25-30 пайыздайын Астанаға алып отырмыз.
Бизнесті жүргізуде ең үздік әлемдік талаптарды ұстанады. Астана қаласы нарығында сұраныстың алпыс, ал өңірлердегі құрылыста қырық пайызын қамтып отыр. «ЭКСПО» қалашығының салынуы тапсырыс көлемін ұлғайта түскен. Отандық өнім Ресей мен Қырғызстанға да саудаланып жатыр.
Ерболат Рахымбаев, «Экотон+» АҚ зауыт директоры
-Шығарып отырған өнімді 15-20 пайызға дейін ұлғайтсақ деген ойымыз бар.
«Ұлттық чемпиондардың» қазіргі аяқ алысы жаман емес. Ал болашаққа жасалған бағдары ауқымды.
2018 жылға қарай таңдап алынған 30 компанияның табысы 170 млрд теңгеге көбейеді. 5 мыңдай жұмыс орны ашылады. ЖІӨ өсімі 85 млрд теңгені құрап, ел қазынасына 24 млрд теңге қаржы құйылмақ. 35,5 млрд теңгенің өнімі экспортқа шығарылса, импортты алмастыру 66,4 млрд теңге болады деген жоспар бар.
Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Ұлан Нарынбек, Әлібек Әлиев, Аят Дүйсенбаев
10. Ұлттық банк ұлттық валютаны нығайтпақ
Доллар бағамының теңгеге шаққандағы құнының күрт өсуі елді тағы бір елең еткізді. KASE-нің кешегі кешкі сессиясында бір доллар 310 теңге 85 тиын деп белгіленді. Біз экономистерге сауал тастадық.
Сұлтан Әкімбеков, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры
-Валюта бағамы 300-ге жеткенін көріп отырмыз. Бұл жерде мына мәселені атап өту маңызды. Басты экономикалық серіктестер болып табылатын Ресей мен Қытайдың жағдайы осы биржалық көрсеткіштерге себепші. Мәселен, Ресей – Қазақстанның ірі экономикалық әріптесі. Сондықтан рубльдің осындай үлкен девальвациялық өсуі Қазақстанға тікелей әсер етіп отыр. Егер біз доллар құнын ұстап тұра берсек, онда біздің өндірушілеріміздің тауарлары бәсекеге қабілетті бола алмайды.
Ұлттық банктің де ұстанған саясаты айқындалды. Ұлттық резервтерді сақтау үшін бас қаржылық оператор ішкі валюта нарығына қатысуын қысқартты. Ресми мәлімдеме осындай.
«Бұл өзгеріс қаржылық тұрақтылық үшін қауіп төндірмейді және Ұлттық банктің баға тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына қайшы келмейді. Ұлттық банк өзінің сұраныс пен ұсыныстың арақатынасын және іргелі факторлардың қолданылуын көрсетпейтін бағамның едәуір ауытқуын реттеу құқығын сақтайды. Теңгенің айырбастау бағамының бұдан былайғы серпіні негізінен әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен айқындалатын факторлардың әсерінен қалыптасатын болады». Банктің баспасөз қызметі осындай хабар таратты.
Сұлтан Әкімбеков, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры
-Түсінікті, әрине, проблеманың бірі – экономиканы несиелендіру. Ұлттық банктің жаңа басшылығы экономикамызда теңгелік өтімділікті көбірек көтеруге ынталы. Теңгенің өтімділігі жоғарыласа, теңге көп пайдаланылады, долларға қысым жасалады.
Сапарбай Жұбаев, экономист
-Біз осы еркін айналымға өткеннен соң барлық экономика жақсы болып кетеді деген мәселе емес. Өте қатаң шешімдер алу керек. Біз теңгені де экономикаға көбірек шығаруымыз керек. Ал оның қандай жолы бар? Егер жай теңге шығарсақ, инфляцияға әкеледі. Егер бюджет тапшылығын қамтамасыз ету үшін шығарылған облигацияларды қолданып, солардың орнына ақша берсек, бұл инфляция емес, экономикаға ақша шығару болады.
Елбасының айтып отырғаны осы. Ұлттық валютаға деген сенімділікті арттыру. Теңгенің тегеуріні мықты болу үшін несиелендіруді теңгемен жүргізу маңызды. Дәл осы несиелендіру мәселесі осы аптада Сенатта талқыланды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Қуат Қожахметов, несиелендіруге қатысты заң жобасын депутаттарға таныстырды. «Жеке тұлғаға ипотекалық несиені шетелдік валютамен беруге тыйым салынады», – деді ол. Бас банк исламдық қаржыландыру көлемін арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде экспортқа бейім экономикамыздың әлеуетін күшейтеді. Теңге тұрақтанады. Сонымен бірге, Ұлттық банк Қазақстанның зейнетақы жинақтарын басқарады. Жүйеге салынған 5 трлн-нан астам қаржы бар дедік, енді оның бір бөлігі алдағы жылдары Тұрғын үй жинақ банкі секілді институттарды несиелендіруге жұмсалады. Ал қаржының қорғалуына кім кепіл?!
Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-Соңғы кезде ҰБ мәлімдеме жасады. 15-16 жылдары осы қор есебінен экономиканы кредиттендіру мәселесін шешіп жатырмыз деп. Зейнетақы қорының қаржылары қандай бағыттарға кредиттеледі? Оның тиімділігі қалай болады? Оның қайтарымы қалай болады?
Қуат Қожахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары
-Біз оларға теңгемен береміз, олар экономиканы теңгеде несиелендіреді. Кейін бізге теңгемен қайтарады. Сөз жоқ, бұл қаржылар қайтарылады және экономикаға табыс әкеледі.
11. Жеңіске бергісіз тең ойын
Осы апта қазақ елі үшін жемісті келісімдер мен керемет жеңістер күні болды. Елбасының карт құрлыққа жасаған сапары және «Астана» командасының УЕФА чемпиондар лигасындағы сенсациясы тұтас Еуропаны Қазақстанға қаратты.
Екі жыл бұрын Еурокубок додасының финалында ойнаған «Атлетикомен» тең түскен елордалық команда мәртебелі турнирдегі екінші ұпайын еншілеп, қазынасын 500 мың еуроға толтырды. Осы уақытқа дейін «Астана» чемпиондар лигасында 13 миллион 700 мың еуро табыс тауып, клубтар арасындағы рейтингте тоғыз саты жоғарылады. Қазір «Астана» 155-орынға орналасты.