Жеті күн. 28.11.2015
1. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматы қаласында болды
«Инвестиция тарту, мемлекет пен жекеменшік серіктестігін нығайту – осы кезеңдегі негізгі жұмыс болуы тиіс». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аптаның алғашқы күндері Алматы қаласында болды. Бірқатар нысандарды аралады. Қала әкімі Бауыржан Байбекті қабылдау кезінде осындай тапсырма берді.
Алматының аяқалысы жақсы. Оған мына көрсеткішкер айғақ: өсім – 2,5 пайыз, ал, инвестиция 1,3 пайызға көбейген, 1 млн шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. Сосын бизнестің көкжиегі кеңейіп келеді. Он адамның алтауы шағын және орта кәсіпкерліктің қарамағында жұмыс істейді. Салық түсімдерінің 44 пайызын осы сектор беріп отыр.
Ендігі жылы қала әкімдігі «мемлекеттік инвестицияны 70 миллиард теңгеге дейін азайтамыз, сол арқылы экономиканы қайта құрылымдаймыз» деп алдына міндет қойған. Есесіне бизнестің белсенділігін арттыруға күш салынады. Қазірдің өзінде тараптар 14 балабақшаның, 3 мектептің және 1 емхананың құрылысына қатысты нақты келісім бекіткен.
Өзге өңірлерден келген 500 мыңға жуық мигрант бар. Солардың мәселесі қазір өзекті болып тұр. Есепке алып, ретке келтірмесек, күні ертең бұдан проблема туындауы мүмкін екенін Президент ескертті. Қалада бұдан басқа да тәртіпке келтіретін жұмыс көп. «Әсіресе», – деді Нұрсұлтан Назарбаев, – «террорлық қатер көбейген уақытта сақ болған жөн».
Елбасы отандық өнімді алуға үндеді. Сіз бен біз болып, шамалы өндірісті қолдамасақ, олардың шаруасы шатқаяқтайды, қолдасақ, еңбек өнеді, салық түседі, былайғы жұрт жалақы алады. Сапар кезінде Нұрсұлтан Назарбаев мән берген тағы бір мәселе – жеке мен мемлекеттің серіктестігі.
Апта басында Алматыда жұмыс сапарымен болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен қала әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады.
Президент мегаполистің тыныс-тіршілігін әкімнің өз ауызынан естіп, алдағы жоспарын тыңдады. «Бұл шаһар ел дамуында маңызды рөл атқарады. Мәдениет пен білімнің ордасы. Сондықтан қалада мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы маңызды», – деді Президент. Алматыда халық ең көп шоғырланған. Көші-қон ағымдары толастар емес. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, өзге өңірлерден келген 500 мың мигрант оңтүстік шаһарды мекен етіп отыр. Сондықтан Елбасы тәртіпті күшейтуге ерекше көңіл бөлу керектігін алға тартты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-По моему поручению было выявлено 342 участка 400 га под ИЖС, коммерческие цели и так далее, которые не работают. Однако по 153 участкам ни какой работы не проводиться. Не начата работа с прежними собственниками, не изято и передана другим. Не істеп жатырсыңдар?!
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі
-Нұрсұлтан Әбішұлы, біз 3 айдың ішінде тексеру жүргіздік. Негізінде, жер телімдерінің саны 750-ге тартады. Қазіргі таңда уақытша пайдалануға берілген жерлерді қайтару үшін заңдық тұрғыдан қарастырып жатырмыз. Ал қалған учаскелерді сот арқылы қайтарамыз.
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент аймақ әкімдеріне мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті қолға алуды айрықша тапсырған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- ГЧП - надо людям тоже объяснить человеческим языком, а не эзоповским что такое ГЧП. Государственно-частное партнерство, то есть государство и частник вступает в партнерство. Государство дает ему землю, инфраструктуру подводит, условия создает, если надо кредитует. На сегодня у нас созданы все условия для применения ГЧП, приняты соответствующие правовой акты, но до сих пор нет должного эффекта.
Осы тапсырма аясында Алматыда тұңғыш рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша 216 орындық жаңа балабақша санаулы күннен кейін пайдалануға берілмек. Еуропалық стандарттарға сай салынған балабақша ғимаратына Президент өзі барып, бүлдіршіндердің ата-аналарымен тілдесті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Кезінде балабақшаның барлығынан айырылып қалдық. Енді қазір қайтадан жинап жатырмыз. Қала бойынша қанша процент қазір балабақша? – 70 пайыз. Жақсы. Жаман емес ол. Әсіресе мұндай мекемелерді мемлекетпен бірге ГЧП деген бар. Мемлекет саған жер береді, су әкеледі, жарық береді. Солай ғой? Жол салады. Ал мынаны салу ол бизнестің шаруасы болу керек. Мемлекет дотация береді.
Қазіргі таңда Қазақстанның қай аймағын алсаңыз да балабақшалардың жетіспеушілігі байқалады. Президент бұл мәселені шешудің тағы бір жолын ұсынды. Ат шаптырым аймаққа зәулім сарайлар тұрғызып, байлығын қайда шашарын білмей жүргендер халыққа да жақсылық жасауы керек.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Қазақтар 4-5 қабат үй салды. Оның ішінде үйді сыпыру үшін 5-6 адам керек, барлығына 10 шақты адам ұстау керек. Қазір не қыларын білмей жүр. Ең үлкен машина мініп, танк сияқты машина болса соны да алар еді. Ал қазір мінекей ықшамдап істеуге келдік. Үй де кішірек болу керек. Жағдай да солай, дүние де солай. Сондықтан олармен сөйлесіңдер. Төрт этажды үйді не қылады? Берсін балабақшаға.
Бұл балабақшаны алматылық кәсіпкер не бары үш айдың ішінде ескі ғимаратын сүріп, жаңадан тұрғызған. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің халыққа тигізген тағы бір пайдасы деп есептеуіңізге болады. Өзіне пайда түспейтін болса да инвестор жобаға бір миллиард теңгесін жұмсаған.
Мұрат Әділханов, кәсіпкер
-Біз бұл жерден ешқандай пайда, табыс табайын деп жатқан жоқпыз. Біз тек қана Елбасының тікелей тапсырмасын орындаудамыз. Біздің пайдамыз болашақ балаларымыз осы жерден дұрыс тәрбие алып, елге қанат болып, Елбасының Жолдауларын іске асырса, біздің ең үлкен пайдамыз осы болмақ.
Алматының қақ ортасына салынған әдемі балабақша алыстан менмұндалап тұр. Қас қағым уақытта іргетасынан бастап тұрғызылған балабақшаға ең бірінші кезекте ата-аналар риза. Қабырғалары қақырап, тозығы әбден жеткен балабақшаға барған балақайлар енді еуропалық стандарттарға сай келетін ғимараттың табалдырығын аттамақ.
Дидар Аятқанқызы, ата-ана
-Бұрын үлкен балаларым, ескі балабақшада тәлім алып, қазір үлкен кластардың оқушылары. Қазір кішкентай сәбиім осындай керемет балабақшаның шаңырағында тәрбие алатынындығына мен өте қуаныштымын. Міне заманауи жаңадан салынған . Мұнда керемет патриот балалар тәрбиеленетініне мен өте сенімдімін.
Саналы ұрпақтың өсіп-өнуіне бірінші кезекте білім қажет екені белгілі. Қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан бұл салаға қажетті қаражат тұрақты бөлініп тұрмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Образование – самое главное в будущем для развития государства. Образование начинается с детского сада. Мы построили за это время 1700 школ и столько больниц в Казахстане. Чтобы ни случилось, какой бы кризис, мы никогда не будем жалеть денег на развитие человека.
Нұрсұлтан Назарбаев ат басын бұрған келесі нысан «КазЛегПром-Алматы» серіктестігі болды. Киім-кешек пен аяқ киім өндірісін қатар қолға алған ТМД-дағы теңдесі жоқ кәсіпорын еліміздің күштік құрылымдарына арнайы киім тігумен қатар, сәнді үлгідегі күнделікті тұрмыста киетін киімдерді де шығара бастаған. Мұндай сәнді үлгідегі костюмдерді Елбасының өзі де киеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Міне сендердің тіккен костюмдерің. Сендердің тіккендеріңді мен киіп жүрмін.
Отандық өнімге қолдауды өзінен бастаған Президент өзгелерді де Қазақстанда жасалған тауарларды тұтынуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Я хочу сказать всем казахстанцам костюм «мейд ин Казахстан», покупайте наше отечественное. Во-первых, легкая промышленность начнет дышать работать, люди которые здесь работают получают зарплату, платят налог государству и всем выгода и поступление в бюджет и собственные товары. Зачем закупать откуда-то издалека обобщать западных бизнесменов?
Талғат Уәли, тілші
-Менің үстімдегі мына костюм шет елдік мамандардың өнімі. Мұндайды қазір кез келген қазастандық киіп жүр. Шындығын айтқанда бұл қазір аса сәнді емес. Нағыз сәнді киім қазір отандық өнім. Мен киіп тұрған мына костюм - Қазақстанда жасалған. Сәнді, матасы да сапалы, бағасы да қолжетімді.
Қазір отандық нарықты өз тауарларымызбен толтыруға толық мүмкіндік бар. Себебі импорттық тауарлар халыққа қолжетімсіз бағада саудалануда. Мұны кәсіпорын басшылығы да растап отыр.
Айбек Бектұрғанов, «КазЛегПром-Алматы» ЖШС директоры
-Сейчас на выравнивании тенге есть возможность завоевать рынок. Импорт дороже, а у нас дешевле. от 20 до 30% завоз одежды уменьшился. нищу надо занимать.
Отандық тауарды сатып алу арқылы өз жерлестерімізді жұмыспен қамтуға да үлес қосатынымызды да естен шығармайық. Мәселен мына кәсіпорында бас аяғы 450 жұмысшы еңбек етіп отыр.
Сымбат Бөстемесова, тігінші
-Осында жұмысқа кірдім. Қазір осында жұмыс істеп жатырмын. Өзіме ұнайды. Жалақымыз жақсы. Мен жаңадан жұмыс істеп жатырмын. Бірінші айдан бері ай сайын қосылып жатыр. Жалақымыздың көбірек болуы өз қолымызда, қалай жұмыс істесек солай жалақы аламыз.
Алматыға жұмыс сапарының келесі күні Президент облыс әкімі Амандық Баталовты қабылдады. Кездесуде аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады. Амандық Баталовтың айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге екпін берілуде. Мәселен қант қызылшасының алқабы шамамен 4 мың гектарға дейін ұлғайған. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын Асық» бағдарламалары бойынша төрт түліктің өсімі байқалады.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі
-Елбасы бізге тағы да тапсырма берді. Қазіргі кезде облыс экономикасын әлеуметтік дамыту жағынан. Елбасы бізге кризис кезіндегі халыққа, елге жаңадан жұмыс орынын табу, өндірістердің өнімдерін көбейту, содан кейін шағын және орта бизнесті дамыту, сондай бағыттарда жұмыс жасау жөнінде тапсырма берді. Біз Елбасының берген тапсырмалары бойынша жұмыс жасаймыз.
Ал шағын және орта бизнесті дамыту бағдарламасы аясында 360 компания қаржыландырылып, аймаққа 100 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Авторлары: Талғати Уәли, Еділ Ермекбаев
2. Мемлекет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасы қорының басшылығымен кездесті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент Қоры басшыларының есебін тыңдады. Орталық қазір үш бағыт бойынша жұмыс атқаруда. Ол – ғылымға құштар дарынды балаларды қолдау. Әлеуметтік салаға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мен қайырымдылық шаралары, сондай-ақ, әлемдік экономика және саясат институты арқылы ақпараттық-сараптамалық жұмыстарды жүргізу. Алматыда Нұрсұлтан Назарбаевқа жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылып, алдағы жоспарлар баяндалды. Тұңғыш Президент Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұрахановтың сөзінше, осы уақытқа дейін 46 әлеуметтік, саяси және мәдени шаралар өткізілген. Оған 24 500 адам тартылыпты. Тағы 17 жоба жыл соңына дейін аяқталмақ.
Сағындық Нұраханов, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры
-Бір жыл ішінде Тұңғыш Президент Қорының ұйымдастыруымен жастарға дәстүрлі шәкіртақы, гранттар және жүлделер тағайындалды. Сондай-ақ жаңа жобалар қолға алынуда. Мәселен, «Алтын тобылғы» әдеби жүлдесі сияқты жаңа бағдарламалар өткізілді. Оның нәтижесі желтоқсан айында жария болады.
Сұлтан Әкімбеков, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының Әлемдік экономика және саясат институтының директоры
-Елбасымен өткен кездесуде «Астана» клубының жұмысын талқыладық. Президент клуб жұмысының маңыздылығына тоқталды. Соның аясында болашақта қандай мәселелерге назар аударылуы керек екендігіне тоқталды.
Қор басшылығымен әңгімелескен соң Президент «Беймәлім Қазақстан» фотокөрмесін тамашалады. Онда еліміздің әр аймағының пейзаждары түсірілген ерекше фотосуреттер қойылған. Жалпы, орталық атқарған жұмыс орасан. Мәселен, «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» аясында Қазақстанның әр түкпірінен 22 үкіметтік емес ұйымға қаржылық қолдау көрсетілген. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және сауықтыруға, инклюзивті қоғамды дамытуға, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық, татулық және келісімді нығайтуға бағытталған жобалар бар. Бұдан бөлек, «Мектепке апарар жол» бағдарламасы бойынша көмекке мұқтаж мың балаға керек-жарақтары алынған.
3. Игілікке бастар іс
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры 2000 жылдың 22 желтоқсанында құрылған. Қордың басты мақсаты – әлеуметтік, қайырымдылық жобаларды жүзеге асыру. Сонымен қатар, мәдениет пен өнер саласындағы дарынды жастарға қолдау көрсету.
Тұран ансамблі – ұлттық өнерді жастар арасында насихаттап жүрген ұжымдардың бірі. 2008 жылы алғашқы күйтабақтары тыңдарманға жол тартады. Күйтабақ көптің көңілінен шығады. Репертуары толыға түскен ансамбль 2011 жылы екінші күйтабақты шығаруды жөн көреді.
Мақсат Медеубек, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі
-Қордың қазіргі қазақ жастарына, жастардың өзінің шығармашылық жобаларын жүзеге асыруына көмектесіп жатқанын былай сырттай еститінбіз. Өзіміз енді шығармаларымыз жиналып қалғаннан кейін бізде осы ойға тоқталып, көмек сұрап құжаттарымызды өткізген болатынбыз. Құдайға шүкір грант иегері атандық. Сөйтіп өзіміздің күйтабағымызды өстіп ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының қолдауымен дүниеге әкелдік.
Қазақстандық балет өнерінің қара шаңырағы Селезнев атындағы хореографиялық училище. Өнер ұжымының Президент Қорына алғысы шексіз. Қордың қолдауымен елімізде маңызды халықаралық және республикалық бауқаулар өтіп тұрады.
Анвара Сыдықова, Селезнев атындағы АХУ ұстазы
-Біздің училищенің 80 жылдық тарихы бар. Осы уақыт аралығында оқу ордасынан балет өнерінің көптеген жұлдыздары шықты. Елбасы Қоры «Өрлеу» фестиваліне қолдау жасап келеді. Осындай көмектің арқасында Қазақстанның балет өнері әлемнің атақты сахналарында табысқа жетіп жүр.
Дарынды шығармашыл жастармен қатар болашағынан мол үміт күттіретін жас ғалымдарға да ерекше мән беріледі. Мысалы, тек 2015 жылдың өзінде Қор 8 республикалық байқау ұйымдастырып, 100-ден астам адам грант пен стипендия иегері атанды.
Жанар Темірбекова, Сүлеймен Демирель атындағы университеттің кафедра меңгерушісі
-Мен Тұңғыш Президент Қорының лауреаттығын Алты елдегі трансформациялық көшбасшылық және экономикалық әлеует мәселелеріне арналған жұмыстарым үшін алған едім. Бұл жұмыстарда біз негізінен жалпы мәдениеттің адам өміріндегі көшбасшылық қасиеттерімен оның кәсіпкерлік ынтасына деген ықпалын зерттеген едік. Бұл зерттеу алты елде жүргізген болатынбыз. Осы зерттеулердің нәтижелері көптеген халықаралық конференция мен шетелдегі Имфак факторы бар журналдарда жарияланды.
Астана қаласындағы №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Расулбек Аипов. Дәрігер 2009 жылы Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының грантын ұтып алады. Осылайша АҚШ-тағы озық клиниканың бірі Цинциннати чилдренде білімін жетілдіріп қайтқан. Бүгінде Расулбек Аипов жетекшілік ететін аурухана талай бүлдіршіннің дертінен айығуына септігін тигізіп отыр. Аурухана жылына 17 мың баланы қабылдап, 6 мыңнан астам операция жасайды.
Расулбек Аипов, Астана қаласы №2 балалар ауруханасының бас дәрігері
-Балалар проктология жағынан өзімнің білімімді, тәжірибемді жетілдіруге мүмкіншілік берді. Сол жерде көрген әдістерді өзіміздің жұмыс практикамызға енгізіп, біраз жетістіктерге жеттік деп ойлаймын.
«Әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесі» де игі дәстүрге айналды. Жәрмеңке аясында үкіметтік емес ұйымдар өз бастамаларын көрсетіп, өзекті жобалар Қор тарапынан қаржыландырылады. Игі бастамалардың шапағатын көріп отырғандардың арасында бүлдіршіндер де бар. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан 2200 балаға көмек жасалды. Биыл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры алғаш рет әдебиет саласында «Алтын тобылғы» сыйлығын жариялады. Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 120 шығарма түсті. Жеңімпаздар 4 желтоқсанда анықталады. Дарынды жастарды қолдау арқылы елдің әлеуетін арттыруға бағытталған шапағаты мол іс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Авторы: Ұлан Нарынбек
4. Үкімет отырысында Елбасы берген тапсырмаларды жүзеге асыру барысы қаралды
Тапсырманы тап-тұйнақтай орындау. Өткен аптада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент біраз мәселені көтерді. Мақсат-міндеттер жүктеді. Сол мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жайы дүйсенбі күні Үкімет үйінде талқыланды.
Ең әуелі үкілеген үмітіміз – «Нұрлы Жол» жайында айтылды. Қаржының толық игерілмеуі кесе-көлденеңдеп шықпағанда, бағдарламаның аяқалысын оң бағалауға болар еді. Бірақ, жыл аяқталар шақта Ұлттық қордан алған ақшаның 32 пайызы әлі кәдеге жаратылмағаны белгілі болды. Істің басы-қасында жүргендер «қаражатты бір айдың ішінде орнымен жұмсаймыз» деп уәде етті. Ал, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «игермеген жағдайда» басқа өңірлерге бөлу жөнінде ұсыныс айтты.
Индустриаландыру картасы. 9 айдағы Ішкі жалпы өнім өсімінің бестен бір бөлігі осы бағдарламаға тиесілі. Бұдан бөлек, 1 триллион теңгенің өнімі шығарылған. Бұл – Қазақстан үшін қомақты көрсеткіш.
Үкімет үйі. Ел үмітін арқалаған министр мырзалар мен әкім-қаралар дүйсенбінің таңында осында тоғысты. Жұмыс жайы айтылмас бұрын, өзара шүйіркелесіп, тіптен сыбырласып та жатты.
Хош. Сонымен кеңестің күн тәртібіне 11 мәселе шығарылды. Алғашқысы – «Нұрлы Жол» бағдарламасына бөлінген қаржының игерілуі. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, 770 млрд теңгенің бүгінде 68 пайызы ғана жұмсалған.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Өңірлер қаржыны биыл игеріп үлгермесе, ақшаны бағдарлама аясындағы жобаларды асыра орындап отырған облыстарға бағыттауды ұсынамын.
Бұл дегеніміз қаржыдан қағылған өңірлерде жобалар тұралап, жаңа жұмыс орындары құрылмайды. Мәселен Ақмола облысының Есіл қаласында осындай жағдай. Ондағы жылыту орталығы мен жылу жеткізетін желілердің тағдыры қыл үстінде тұр. Себеп – құрылысқа қажет қаражат уақтылы бөлінбеген. Ақмола облысынан өзге Павлодар, Қостанай облыстары және Алматы мен Астана қаласының басшылығы да ақшаны игеруге асықпай отыр. Мәселенің түп-төркіні бюрократияда жатыр.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары:
-Әкімдіктер мен министрліктер арасындағы келісулер алты айға дейін созылған. Яғни хат-хабар алмасуға қыруар уақыт кетеді. Мұндай жағдайда жобаларды мерзімінде аяқтау мүмкін емес. Демек бұл мәселеде бюрократияны болдырмау қажет. Жыл аяғына дейін түйткілдің түйінін табуға тырысамыз.
Түйіні табылмай тұрған мәселенің тағы бірі – мемлекеттік органдардың мешкейлігі.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі
-Мемлекеттік органдар да,ескі әдіттерінен арыла алмай келеді. Яғни миллиардтаған теңгеге өтініш берулерін доғармай тұр. Біз былтыр 2 триллион теңгенің өтінішін кері қайтардық. Бірақ сол сомалар келесі жылы қайтадан алдымыздан шығады.
Енді Индустрия саласын сөз етсек. Жыл қорытындысы бойынша 120 жаңа өндіріс іске қосылады. Оларда шамамен 10 мыңға жуық жұмыс орындары құрылады деген жоспар және бар.
Дегенмен, мемлекет ашылмай жатып тұралайтын кәсіпорындарды аяққа тұрғызуға енді құлықты емес. Бүгінде олардың саны – 21. Алдағы уақытта мұндай жағдайдың алдын алу үшін «Индустрияландыру бағдарламасының 2-ші бесжылдығына» ревизия жүргізіліп, жобалар жіті зерттеледі.
Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі
-Бұл жұмысты 2016 жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Және оның аясында экспортық әлеуеті бар жобаларды ғана іріктеп аламыз.
Индустриядан инвестицияға ойыссақ. Соңғы 5 жылда ел экономикасына шеттен құйылған қаржы көлемі 8 пайызға ұлғайған. Биыл 6 жоба жүзеге асырылып, 600-ге жуық жұмыс орны құрылды. Дегенмен бұл салаға салқынын тигізген жайттар да жоқ емес.
Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі
-Мәселен құты шыныларды шығару бойынша қытайлық жобаға Алматы облысынан инфрақұрылымы тартылған жер тауып бере алмадық. Жарты жыл бойына тұтас өңірден сондай учаске іздеумен әлек болдық. Ақырында Алматыда индустриялдық аймақ жасақталып жатқандықтан ол жобаны сол араға орналастыратын болдық.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін арнайы инвестициялық кеңес құрылмақ. Сондай-ақ 2016 жылдан бастап инвесторларға «бір терезе» қағидаты негізінде қызмет көрсетіледі. Ел экономикасына ақша тартудың тағы бір амалы – мүлікті заңдастыру. Науқан басталғалы бері 408 млрд теңге сомасындағы қаражат көлеңкеден шығарылған.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі
-Ақшаны заңдастыру жұмыстары түбегейлі өзгертілді. Енді банктегі есеп-шотты көрсетсе жеткілікті. Ақша заңдастырылады. Ал шетелдегі қаржыны көлеңкеден шығару үшін өтініш жазу қажет. Және ол қаражат үшін 10 пайыз салық төлеуге тура келеді.
Әлеуметтік саладағы ахуалға аялдайық. Еңбекпен қамтуға бағытталған бағдарламаларға жыл ішінде 370 мың адам тартылған. Олардың 346 мыңы жұмысқа орналасып, 185 мыңы екі қолға бір күрек тапты. Басында 5 пайызға жетеді деп болжанған жұмыссыздық деңгейі межелі көрсеткіштен аспаған.
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі
-«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жұмыс орындарын ашу үшін бірқатар жаңа тетіктерді әзірледік. Мәселен, 250-ден артық қызметкері бар ірі өндіріс кешендерінің жалақыға кететін шығынын субсидиялауды ұсынамыз. Сондай-ақ өз кәсібін ашатындарға шағын несие беруді ұлғайту қажет. 55 пен 64 жас аралығындағы адамдарды еңбекпен қамтуға арнайы бағдарлама бар.
Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
-Қаржыны мақсатсыз жұмсау, қызметтік өкілеттілікті теріс мақсатта пайдалану және алаяқтық. Бас прокуратура өкілдері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын тексеру кезінде осындай заңбұзушылықтарды көптеп анықтады. Сондықтан жергілікті әкімдіктер бағдарламадағы игі мақсаттарға атүсті қарамаса екен деген талабымыз бар.
4 сағат бойына тапжылмай кеңескен кабинет мүшелері осы және өзге де талаптарды Үкіметтің дағдарысқа қарсы әзірлеген үш жылдық арнайы жоспарына енгізуге уағдаласты. Құжаттың таныстырылымы желтоқсанның 8-іне жоспарланған.
Авторы: Бақтияр Хамит
5. Ақтөбе облысының әкімі брифинг өткізді
Әкімдер брифингі жалғасуда. Осы аптада тілші қауым Бердібек Сапарбаевтың есебін тыңдады. Ақтөбе облысының тізгініне бір-екі ай бұрын ғана келген ол - өңірдің олжасы қайсы, олқылықтары неде екенін айтып берді.
Елең еткізер жаңалық баршылық. Мәселен, алдағы жылдан бастап аймақтағы барлық бюджеттік мекемелердің көліктері газбен жүретін болады. Бұл – біріншіден, жанар-жағармайды үнемдеуге жол ашады. Екіншіден, қаржы шығындарын екі есеге қысқартады. Салыстыру үшін айтайық. Өңірде бензиннің литрі 120-139 теңге аралығында сатылса, газдың литрі небәрі 23 теңге. Ырыққа көнбей тұрған нарық бағасы да назарда. Әсіресе, азық-түлікті қымбаттатпауға күш салынып отыр. Елбасы атаған 33 түрлі тауардың құны ерекше бақылауға алынды.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі
-Сол тауарлардың ішінде күріш, қант, шайдан басқасының бәрі өзімізден шығады. Негізгі бағасы өскен тауарлар осылар болып тұр. Оған қосымша картопты айтуға болады. Сондай-ақ пияз бен сәбіз де бізде аз. Бұған қазіргі кезде тиісті шаралар қолданып жатырмыз.
Өңірдің өндірісте де қолға алған өрелі істері бар. Жыл басынан бері 4 кәсіпорын іске қосылды. 2015-тің соңына дейін тағы бесеуі қолданысқа беріледі. Шағын және орта кәсіптің те аяқ алысы жаман емес. 9 айда өңірдің іскер азаматтары 192 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Құрылыс та қарқынды. Биыл барлығы 476 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.
Бастысы, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға басымдық берілуде. Облыста жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар көп. Мектеп, балабақша тапшылығын жоюға екпін беріліп отыр. Жергілікті билік бұл бағытта мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігіне иек артпақ.
Жалпы, жеке мен мемлекеттің серіктестігі жайында 2005 жылы Қазақстанда көбірек айтыла бастады. Сол кезде алғашқы екі жоба жүзеге асты. Ақтөбе облысында электр желілері тартылды, елдің шығысында теміржол стансасы салынды. Араға бір жыл тастап «Концессиялар туралы» заң қабылданды. Кейін қаржылық тоқырау қол байлады дедік, басқа мәселелерді алға тарттық, әйтеуір мемлекет пен жекеменшік әріптестігі жетекке жүрмей қойды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент мұны баса айтты, түсінікті тілмен түсіндіруді талап етті. Қазір тиісті жұмыс басталды. Әуелі мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер оқытылмақ. Екіншіден, аймақтардың «сұранысы» анықталып, сосын нақты жоба бойынша инвестор іздеу басталады.
Жақында заң жаңарды. Соған сәйкес, мемлекет пен жекеменшік әріптестігінің аясы кеңейді. Енді бұрынғыдай шектеу жоқ, жобаны экономиканың барлық салаларында жүзеге асыруға болады.
6. Сенімді серіктестік
Қазақстан – азаматтық қоғам болып енші алғалы 20 жылдан асты. Үкімет экономиканың негізгі салаларына өз ақшасын салып келеді. Әл-ауқатымызды арттыруға тиіс шағын және орта бизнеске де қазынадан қаражат беріп келеді. Стоп! Енді әннің қайырмасы болуы заңды секілді, әлеуметтік әріптестік немесе жауапкершілік те болуы тиіс қой! Сондықтан Елбасы бастап, бизнес өкілдерін мемлекеттік нысандар құрылыстарына қатысуға шақырды. Иә, 2006 жылы. Әлгі біз айтқан заңның қабылданғаны да сондықтан.
Айдос Көбетов, Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы
-Біріншіден жер болу, инфрақұрылымдарды тарту, салуға кеткен шығындардың орнын толтыру, мемлекеттік кепілдіктер беру, сатып алу бойынша кепілдіктер беру, осы заңда көзделген.
Қарапайым тілмен айтсақ, мемлекет пен жекеменшік арасындағы серіктестік дегеніміз мынадай:
Мемлекет салынуы қажет әлеуметтік нысанның қажетті жер учаскесін бөледі, жол, жарық және суын әкеп береді. Ал кәсіпкер сол ғимараттың құрылысын салады.
Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығының мәліметі бойынша елімізде, осы бағдарлама негізінде 84 жоба бар екен. Бірақ, оның түгелі дерлік әлі жүзеге асқан жоқ, яғни, нақтыланып жатыр. «Тек 8 жобаны іске асырумен шұғылданудамыз» деді шенеуніктер. Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы мен темір жолы, Шымкенттегі автожол жобасы басты бағыт. Алматы мен Қарағандыда 2 аурухана, Шымкент пен Қарағандыда 2 түрме салынуы тиіс. Ал өңірлерде барлығы 76 жоба әзір тұр деген дерек бар. Бірақ, әлі қағаз жүзінде ғана.
Талғат Балқияев, Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы
-Біз теміржол салдық, қазір онда поездар жүруде. Алайда, ол жоба инвесторларды үркітіп жіберді. Біріншіден, банктік ұйымдар. Яғни, қаржы дер кезінде қайтпайды деген қауіп бар. Жобаны қате жобалаудың кесірінен, оларға кезекті займды төлеу кезінде ақша жетпеді. Сондықтан зейнетақы қаржысын салды. Жобаны дұрыс емес басқару арқылы дефолтқа жол берді.
Иә, яғни, он жылға жуық уақыт ішінде мемлекет пен жеке меншік арасында әріптестік орнады дегенмен, бұл жобаның айналасында қыруар проблема қордаланып қалған еді. Елбасының әр жылдардағы Жолдауларында бұл жаңашылдықты жандандыру керек деп келгені сондықтан. Арнайы заңға мөр басылуы енді істің көшін түзейді.
Серікбай Нұрғисаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Бүгін осы әріптестік ретінде жекеменшік пен мемлекет арасындағы әріптестік жоқтың қасы. Бұл екі жақтың да кінәсі. Мемлекет мүмкіндік бермегені, екінші, жекеменшіктің мемлекетке әріптес болуға сенімсіздік білдіргені. Олардың қоян қолтық жұмыс істеу үшін жеке заң керек болды.
Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бұл жүйені неге қатаң сынады? Себебі өңірлерді басқару ережесі бойынша, әр аймақ жетекшісі жекеменшік өкілдерімен келісіп, ірі жобаларды іске асыруы тиіс. Алайда бәрі керісінше, орталық бар, орындалған жоба жоқ. Соның бірі – Ақтөбе облысы. Өңірде балабақша 87 пайыз жетіспейді. 32 мың бала кезекте тұр. Демек, жекеменшік пен жергілікті биліктің қол алысатын жері осы. Бұл жайт әкім Сапарбаевты да мазалайды.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі
-Біздің өңірлік орталықтың жұмысы нашар. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының әлеуметтік нысандары бойынша 17 жоба тұр. Алайда, олардың бірде бірі іске аспаған. Сондықтан сынға ұшырадық. Өңірлік орталыққа тапсырма бердім, келесі жылға кем дегенде 5 жобаны олар әзірлеп беруі тиіс.
Ал Ақтөбедегі атқарушы билік пен бизнестің басын біріктіретін ұйымның басшысы болса, сынға сағы сынбапты.
Әлия Боранбаева, өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының директоры
-То что прошло, это прошло. Сегодня задачи другие.
Сосын алдағы жоспарын жайып салды. Бірақ барлық жоба қатырма қағазда ғана қатып тұр.
Әлия Боранбаева, Өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының директоры
-Біздің облыста ешқандай консессиялық жоба жоқ. Тіпті еліміздің өзінде де ондай жобалар жоқ қой. Бизнес өкілдері сенбейді емес, тек мемлекеттік кепілдік жоқ еді.
Қызылорда билігі де жекеменшікті ірі әлеуметтік нысандар құрылысына тартуға тырысып бағуда. Мәселен, мына балабақшаны кәсіпкер салып берген. Ғимараттың игілігін бүлдіршіндер көріп отыр. Ендігі кезек, құны 1,5 млрд теңгелік емхана, 600 орындық колледж, апатты мектептер. Қызылорда әуежайын жаңғырту да бизнестің мүмкіндігіне иек артады.
Әлия Жақыпбаева, Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары
-Инвесторлар ғимараттың құрылысын, реконструкциясын жасайды. Олардың инвестицялық шығындарын т.б. кезең-кезеңімен өтеп беруге болады.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі ұғымы бізге Батыстан келді. Қазір әлемнің 60-тан астам елінде осы тиімді тәсіл қолданылады. Әсіресе, Ұлыбритания мен АҚШ-та жыл сайын 100-ге жуық мемлекет пен бизнес арасындағы келісімшарттарға қол қойылады екен. Бұл бюджеттің 20 пайыздайын үнемдеуге жол ашады. Ал бізде 106 жобаның 6-ауында ғана алға жылжу бар.
Талғат Балқияев, Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы
-Мемлекет пен жеке серіктестік жобаларының табысы кәсіпкерге бірден қайтпайды. Дегенмен, дүниежүзінде бизнесмендер осы жүйеге ақшасын салады. Неге? Себебі бұл сала – тұрақты бизнес. Егер мемлекет өзіне қандай да бір міндеттеме алса, ол дағдарыс, экономиканың құлдырауы секілді қиындықтарда да міндетін орындайды.
Заң күшіне енді. Енді Үкіметтің, әсіресе, жергілікті атқамінерлердің мойнына үлкен жүк артылды. Серіктесті табу және онымен әріптестік орнату, сол арқылы қазына тиынын төкпей-шашпай жұмсау қажет. Үкімет «өлтірмейді» деп емес, «әріптес, бірігейік» деген кезең келді.
Авторы: Нұрбек Әмиша
7. Парламентте ел бюджеті қабылданды
Сенат еліміздің басты қаржы құжаттарын қабылдады. Бұл жолы бір доллардың бағамы 300 теңге деп есепке алынды, ал мұнай бағасы барреліне алдағы екі жылда 40 доллар, 2018-2020 жылдары 50 доллар деп белгіленді.
Экспортқа жөнелтілетін тауарлар құнсыздандағасын, табыс азайды. Сондықтан, «тарта жесең, тай қалады» тәсіліне көштік. «Дәл қазір осы қажет» дегенге ғана қаржы қарастырылған. Мәселен, 80 пайызы салынған ғимараттардың құрылысы толық аяқталады, жаңалары кейінге шегерілді. Мемлекеттік мекемелердің де шығындары біраз оңайталанды. Осылайша 1,5 триллион теңге үнемделді.
Жыл сайын қараша айында Парламент қабырғасында көбіне бір-ақ нәрсе қызу талқыланады. Ол – бюджет. Өйткені Кодекске сәйкес елдің басты қаржы құжаты 1 желтоқсанға дейін қабылдануы тиіс. Ай басында алдымен төменгі палата депутаттарына түскен заң әбден сүзгіден өтіп, осы аптада Сенатқа жіберілді.
Қазынаны құрайтындар экономикадағы барлық жағдайды ескеріпті. Экспорт төмендеп, кіріс азайған. Мұнай бағасы да мың құбылып тұр. Дегенімен құжатты ең төменгі көрсеткіштермен түзген.
Марат Құсайынов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары
-2016-2017 жылдары мұнай бағасы барреліне 40 доллар және 2018-2020 жылдары 50 доллар көлемінде айқындалды. Металдардың әлемдік бағасының орташа жылдық қарқыны 5 жылдық кезеңде 2,4 пайыздық деңгейінде болжанады.
Бұған дейін бюджет жобасын әзірлеу кезінде бір доллары 250 теңгемен есептеліп еді. Енді ол 300 теңгеге дейін жетті. Есесіне мемлекеттік мекемелерге бөлінетін ақша азайды. Ал зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы мен жалақыға берілген қаржы сол күйінде сақталды.
Ертарғын Астаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-«Нұрлы Жол», «Жұмыспен қамту жол картасы-2020», Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «2020 жылға дейін аймақтардың даму бағдарламасы» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар қаржыландыруын жалғастырады.
Өз ісіне салғырт қараған мекемелер қазына қаржысынан қағылады. Мемлекеттік бағдарламаны уақытылы іске асырып үлгермегендер бастағандарын тоқтата тұруы керек.
Гүлжан Қарақұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 80 пайызға дайын жобалар мен құрылыстар аяқталады. Ал жаңа бастамалар мен жобаларды әзірге тоқтата тұрамыз.
Сонымен бюджет түсімі 2016 жылы – 6 триллион 943 миллиард теңге болып бекітілді. Оған Ұлттық қордан жіберілетін кепілдендірілген трансфертті қосыңыз. Ал шығыс кірістен де артық – 7 трлн 666 млрд теңге көлемінде ұсынылды. Оған себеп – әлеуметтік салаға тағы қосымша қаражат қарастырылды. Ал тапшылық – 723 миллиард 400 миллион теңге көлемінде болады деп болжанды.
«Бюджетте тапшылықтың болуы заңдылық», – дейді депутат Глеб Щегельский. Ол оны бүге-шүгесіне дейін қарап шыққандардың бірі.
Глеб Щегельский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
-Осы жолғы бюджетте 3 пайызға дейін тапшылық байқалады. Бірақ мұндай көрсеткіш кез келген мемлекетте болуы мүмкін. Қаржы жетіспеушілігі нөлден 3 пайызға дейін болса, онда бюджет дұрыс түзілген деп есептеледі.
Отырысқа қатысқан 38 депутаттың барлығы да бірауыздан заңды қолдады. Көбі қайта-қайта тәптіштелген құжаттың ел игілігі үшін ғана жасалғанын айтуда.
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
-Бүгінгі бюджетті қолдай отырып, әлеуметтік сипаттағы халықтың ішкі тыныштығын қамтамасыз ететін, қоғамның ішкі сипатына, тыныштығына жасақталатын бюджеттің алдымызға келіп, өмірге қадам басайын деп отырғанын қолдағым келеді.
Ел аман, жұрт тыныш заманда да қазына қаржысы талай саналып, талай өзгеріске ұшырап жүрді. Бірақ осы жолғы қайта қараудың жайы басқа екені түсінікті. Қос палата депутаттары бюджеттің экономикалық өзгерістерден басқа министрліктер тарапынан жіберілетін олқылықтар үшін де көп түзетілетінін еске салды. Әрбір минут есепте тұрған кезеңде халық үшін маңызды заңдарды емес, ақшаны санай бермесек екен деген ұсыныстарын да айтып қалды.
Авторлары: Эльвира Тағайқызы, Бауыржан Сыздықов
8. Аптаның маңызды оқиғаларына қысқаша шолу
Автоөндірушілер одағы. Елімізде отандық автоөндірушелердің одағы құрылды. «ҚазАвтоПром» деп аталады. Ол салаға терең талдау жасай отырып, қазақстандық көліктерге деген сұранысты арттыруға жұмыс істейді. Бір тудың астына «СемАз», «Дэу Бас Қазақстан», «Азия Авто» және «Бипек Авто Қазақстан» компаниялары бірікті.
Серіктес іздейді. «Қазақ Теңіз Көлік Флотының» 51 пайыз акциясы сатылады. Құны – 60 млн доллар. Инвесторлар тарту арқылы ұлттық компанияның жұмысын ширату көзделіп отыр.
Дедолларизация. Елімізде ипотека теңгемен беріледі. Жалақысын АҚШ валютасымен алатындар ғана оны доллармен рәсімдеуге құқылы. Тиісті заңға Мемлекет басшысы қол қойды.
Қолданыстан шығады. Ескі ақша айналымнан шығады. Келер жылдың қаңтарынан 2 мың, 5 мың, 10 мың теңгелік банкноталардың 2006 жылғы үлгілері қолданыстан алынады. 31 желтоқсанға дейін оларды банктерде айырбастап алуға болады.
«Нью-Йорк» кітапханасы қазақ жазушыларының кітаптарымен толықты. 120 жылдық тарихы бар ғылым ордасынан енді - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармалары мен «Қазақтың 1000 күйі» жинағын таба аласыз.
9. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша пәтер салу жалғасуда
Халықтық құрылысқа бетбұрыс. Қазақстанда биыл «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша төрт жүз мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Жалпы 2020 жылға дейін 29 мың отбасын жалдамалы баспанамен қамту межеленіп отыр.
Елбасы тапсырмасына сәйкес әлеуметтік тұрғын үйлерді салу – стратегиялық маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындалды. Ипотекалық тұрғын үйге балама болатын тиімді тетік енгізілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жеңілдіктер қарастырылды. Олардан алғашқы жарна талап етілмейді. Пайыздық өсім төлеудің де қажеті жоқ. Табысыңыз жетпесе, кепіл болатын алты адамды тауып, келісім шартты рәсімдеңіз.
Қараша айындағы жағдай бойынша төрт мыңнан астам пәтер ел игілігіне тапсырылды. Олар негізінен Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Тараз, Қарағанды, Қостанай, Семей, Талдықорған, Павлодар, Көкшетау және Ақтауда салынған. Енді жыл соңына дейін жоспардың қалған бөлігі іске асырылуы тиіс. Сонда бағдарламаға қатысушылар 2 мың 872 пәтерде Жаңа жылды қарсы алуы мүмкін. Жалпы, жалдамалы баспана мәселесі өткен аптада Президенттің төрағалығымен болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған еді.
Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы
-Мы сейчас четко видим, что до конца года мы сдадим 430 тыс кв метров жилья. То есть на 30 тысяча больше. И где-то порядка 7,5 тысяча квартир.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Это число доступных, как мы говорим?
Қуандық Бишімбаев «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы
-Средняя стоимость у нас в стране вышло 126 тыс кв метров. Аренда одного кв метра вышла где-то в среднем 900 тенге.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Я вспомнил, по областям мне говорили. Ну возьмем Астану, приезжает из Кызылорды человек. Многодетный становится здесь, малоимущие, доступный. И через полгода ему поручает доступную квартиру, не справедливо. Астанчаны стоящие здесь должны быть. Что-то мы упустили в этом вопросе. И тем тоже надо давать. Но они не должны ехать специально для того, чтобы в Астане быстро получить квартиру незаслуженно. А люди по 80 лет стоят в очередях. Здесь есть какой-то упущение, давайте посмотрим.
Сөз жоқ, әлеуметтік жалдамалы тұрғын үйлер баспанаға зәру жандардың қол жетімді әрі сапалы қоныспен қамтылуына мүмкіндік беріп отыр. Осы аптада Ақтөбе және Семей қалаларының тұрғындары жаңа пәтер кілттерін алып, қуанышқа кенелді.
10. Ақтөбе мен Семей халқы баспана қуанышына бөленді
Биыл бір ғана «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 4 мыңнан астам қазақстандық баспаналы болды. Жыл аяғына дейін тағы 3 мыңға жуық отбасына жалдамалы пәтер кілті табыс етіледі. Осылайша, жоспар 6 пайызға асыра орындалмақ. Ең бастысы халыққа қолжетімді. «Жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы аумағы 80 шаршы метрден аспайды. Шамамен аумағы 50 шаршы метрлік пәтерді алған отбасы айына 45-50 мың теңге төлейтін болады», – дейді «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы
-Біздің Республика бойынша орташа жалақы 120 мыңды құрайды. Сонда екі азамат жұмыс істейтін болса, олардың алатын жалақысы 200 мыңды құрайтын болса, 45 мың өте қолжетімді. Өйткені, нарықтың бағасымен салыстырсаңыздар, ол ешқандай салыстыруға келмейді.
Сондай-ақ, баспананы жалға алу үшін алғашқы жарна төлеудің қажеті жоқ. Үстемақы да қосылмайды. Пәтердің шаршы метрі Астана, Алматы қалаларында 1120 теңге болса, өзге аймақтарда 923 теңге. Тұрғын үй 20 жылға жалға беріледі. Алайда, 5 жылдан кейін баспананы толықтай сатып алуға құқылысыз.
Тек жалға алумен шектелетіндер үшін, ай сайынғы төлем екі есеге кемитіндігін еске саламыз. Себебі, жалға берілетін пәтердің шаршы метрі де арзанырақ болады. Дегенмен, отандастарымыздың дені баспананы сатып алуды жөн санауда. Өйткені, «Нұрлы Жол» бағдарламасы қала жағалаған қазақ үшін, баспана мәселесін шешудің ең тиімді жолы.
Мемлекеттік қызметкер Аслан Тұрғанбаев осыдан 6 жыл бұрын үй кезегіне тұрған. Басын ауыртқан баспана мәселесі оңтайлы шешіліп, 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды. 62 шаршы метр пәтерге айына 57 мың теңге төлейді.
Аслан Тұрғанбаев, қала тұрғыны
-Бұрын біз ата-анамызбен жалдамалы пәтерде тұрғанбыз. Енді өзіміздің шаңырағымыз бар, өте қуаныштымыз.
Ақтөбеде Асланмен қатар 148 тұрғын баспаналы болды. Оларға «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында салынған «Кең Дала» және «Алтын Дала» кешеніндегі көп қабатты тұрғын үйлердің кілті табыс етілді.
Сәния Бекеева, қала тұрғыны
-Өте қуаныштымын. Ата-ана ретінде. 5 жылдан бері осы кезекте тұратын еді. Бүгін,міне сәті түсіп, сол пәтердің кілтін алып жатырмыз. Осы бағдарлама болғанына өте қуаныштымыз.
Өңірде баспанаға мұқтаж 17 мың азамат тіркелген. Қазір аймақта жалдамалы тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды бәсеңдетпеу үшін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен «Бәйтерек» Холдингінің Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі
-Өткен 10 айдың ішінде тек қана біздің өңірде 353 мың шаршы метр пәтер берілді. Жылдың аяғына дейін тағы 150 мың шаршы метр береміз деген ойымыз бар. Соның нәтижесінде ең кем дегенде 470 ақтөбелік жанұя жаңа пәтерге ие болады.
Ал Семей қаласында жыл соңына дейін 2 үйдің құрылысы аяқталып, 126 отбасына жалдамалы пәтер кілті табыс етіледі. Тек осы аптада аталған өңірдің 120 тұрғыны қоныс тойын тойлады. Солардың бірі – Толқын Омарова. Оның тұрмысқа шыққанына 3 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында жолдасы екеуі жалдамалы талай пәтердің табалдырығын тоздырған.
Толқын Омарова, қала тұрғыны
-Пәтер жалдауға төлеген барлық ақшамыз далаға кететін. Ал қазір осы бағдарлама арқылы біздің төлеп жатқан пәтерақымыз осы үйдің бағасына кіреді де, кейін 20 жылдың ішінде осы үй бізде қалады. Бізге сонысы ыңғайлы, қолайлы.
Жанат Тұрғамбаева да бюджеттік мекемеде еңбек етеді. Бала-шағасымен 10 жыл баспана тауқыметін тартып, енді міне, мемлекеттік бағдарлама арқылы жалға берілетін пәтерге ие болып отыр.
Жанат Тұрғамбаева, әскери қызметші
-Көгілдір экранды ашып қалсаң көп жерде соғыс, қаржы дағдарысы деп жатыр. Соған қарамастан, мына «Нұрлы Жол» өзіміздің, Елбасымызға мың да бір рахмет, осындай басымызға баспана қамтамасыз етіп жатыр.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы
-Елбасы бізге «Нұрлы Жол» бағдарламасының әдістері, ережелері азаматтарға қолжетімді болсын деп тапсырған. Бүкіл әлем қиын жағдайда. Бірақ Қазақстанның мүмкіншілігі бар. Үкімет әлеуметтік бағдарламаларды қысқартпай, Елбасының тапсырмасымен іске асырып жатыр.
Биыл салынатын пәтерлердің жалпы саны 7 мың 136 болса, келесі жылы 4,5 мың отбасына баспана кілті табыс етілмек. 2020 жылға дейін 29 мың қазақстандықты тұрғын үймен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, «Нұрлы Жол» бағдарламасы – тұрғын үй тауқыметін тартқан қандастарымыздың мәселесін толықтай шешіп, нарықтағы баспана бағасының реттелуіне де сеп болмақ.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Нұргүл Қонақбаева, Болат Көкенайұлы, Ақсәуле Байменшина
11. Аграрлық университет ауыл шаруашылығын дамытады
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ғылым мен білімнің басым бағыттарының жаңа стратегиясы». Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 85 жылдығына орай осындай атаумен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бес жыл бойы Ұлттық зерттеу университетін трансформациялаудың арнайы бағдарламасы жүзеге асып келеді. Бұл ең әуелі аграрлық саладағы бизнесті, ғылым мен өндірісті етене жақындатуды көздейді. Оқу орнында атқарылған жұмыс нәтижелі. Зертханалар ашылды. Ғылыми мектептер құрылды. Қаржыландыру көбейді. Біліктілік жоғарылады. Мемлекеттік тапсырыс саны артты.
Конференция ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесімен басталды. Дәнді дақылдардың, жеміс пен көкөністің жаңа сұрыптары, дайын өнімдер мен жаңа технологиялар көпшілік назарына ұсынылды. Бұлардың әрқайсысында университет түлектерінің үлесі бар екені анық.
Теміржан Айтбаев, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ директоры
-ҚазҰАУ білім беруде, ғылымда тығыз жұмыс жасаймыз. Бүгінгі таңда біздің институтымыз картоп, көкөніс дақылдарының 25 түрі бойынша 140 тан астам жаңа сорттар шығарды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 45 жаңа сорт будандастырылған. Біздің жаңа жетістігіміздің бірі – осы картопты биотехнологиялық әдіспен тұқымын көбейту, сауықтыру.
Университет ректоры Тілектес Есполов конференция барысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті 2010 жылдан бері ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануға ден қойып отырғанын айтты.
Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің ректоры
-Ұлттық зерттеу университетін трасформациялаудың негізгі мөлшерлері анықталған. Ол бірінші – аграрлық бизнес, аграрлық ғылым және агроөндіріспен тікелей байланыстыру. Екінші – зияткерлік меншік және технологиялардың өнімін коммерциялизация жасау үшін оған толық жағдай жасау. Ал үшінші – аграрлық сектор агроөндіріс кешеніне білікті де білімді маман дайындау.
Үкімет шешімімен еліміздегі 3 аграрлық университет, 23 ҒЗИ, 30-ға жуық тәжірибе шаруашылығы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына берілді.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
-Қазіргі жағдайда ашып айтатын болсақ, бұл жерде бірқатар проблемаларымыз бар. Өйткені бұл үш сала, біздің үш негізгі бағыттарымыз бір-бірінен алшақтап кеткен жағдайлар болған. Қазіргі жағдайдағы негізгі мақсат осы бизнес, ғылым және білім беру саласының интеграциясы болып табылады.
Осы мәселені шешуге атсалысу үшін Қазақ ұлттық Аграрлық университеті тың жобаларды қолға алған. Университетте 6 ғылыми-зерттеу институты, 31 зертхана жұмыс істейді. Оқу орны материалдық-техникалық базаны күшейтуге, шетелдік ғалымдармен байланысқа ерекше мән беріп отыр. Бірнеше жылдан бері Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы жұмыс істеп келеді. Студенттердің лайықты білім алуы үшін инновациялық жылыжай да кәдеге асып тұр.
Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
-Технологиялық жабдықтау, материалдық-техникалық базасын нығайту өте маңызды. Өйткені, әсіресе, ауылшаруашылық саласындағы мамандар тек қана кітаппен ғана оқып қоймайды, олар нақты техниканы қарап, нақты лабораторияда жұмыс істеп, сондай білім алу керек.
Жоғары оқу орны Оңтүстік Кореялық «Нору Холдингпен» меморандум бекіткен. Енді келісім нәтижесіне сай жуық арада «Қазақ-Корей орталығы» ашылады. Озық биотехнологиялық және агрохимиялық әдістерді меңгеріп, ақпараттық технологияны ауылшаруашылық саласына тиімді енгізе білген таңғы шық елі 30 жылдың ішінде өз елін азық-түлікпен толық қамтамасыз ететін дәрежеге жеткен. Тіпті Европа елдерімен Қытайға жеміс-жидек, көкөніс пен гүл экспорттап отыр. Оңтүстік Кореялық ғалымдар қазақстандық әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын.
Хан Ён Чже, «Нору Холдинг» президенті (Оңтүстік Корея)
-Аграрлық университетпен бірге біз зерттеу орталығын құрдық. Орталық ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларды Қазақстанның табиғатына бейімдеп, өндіріске қосумен айналысады.
Ғылыми-зерттеу жұмысының мүмкіндігін арттыру үшін биотехнология, нанотехнология, цитология, ветеринарлық медицина және санитария саласына ерекше мән берілуде. Микробиология, агроинженерия, стратегиялық-технологиялық басымдықтар да үнемі назарда. Бүгінде Қазақ ұлттық Аграрлық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғам статусын алып отыр. Демек талапта күшеймек.
Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің ректоры
-Осы Ұлттық зерттеу университетіне трансформациялау кезінде заман талабына сай бүгін мына нарыққа бейімделуіміз керек. Біз мемлекетке масыл болмауымыз керек. Бүгін жаңа механизмге, өзін-өзі басқару механизміне, өзін-өзі қаржыландыру механизміне көшіп отырмыз.
85 жылдық мерейтойға орай агроөнеркәсіп саласындағы компаниялар бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Әртүрлі мамандық бойынша білім алып жүрген университет студенттері болашақ жұмыс берушілермен етене танысты.
Ерасыл Алпысбаев, Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің студенті
-Резюмелерімізді тастадық ол кісілерге. Өте керемет өтті. Болашақта сол кісілермен жұмыс істесем деген ниет, ой бар.
Нұрбек Иманов, Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің студенті
-Бүгінгі жәрмеңкеге корпорациялардан делегаттар келді. Сол делегаттармен сұхбаттасып, жалпы қандай талаптар бойынша оларға жұмысқа орналасуға болады, сол сұрауды сұрастырдық.
Қазақ ұлттық Аграрлық университеті 85 жыл бойы еліміздің аграрлық секторының дамуына қомақты үлес қосып келеді. Осы уақыт аралығында жоғары оқы орнынан 140 мыңнан астам студент түлеп ұшты. Олардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, қоғам қайраткерлері, көрнекті академиктер бар. Сонымен қатар университет 11 мыңнан астам ғылым докторы мен ғылым кандидатын дайындап шықты. Қазір олар еліміздің барлық өңірлерінде табысты еңбек етіп келеді.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Әбен Нарымбаев, Геннадий Лукин