Хабар телеарнасы

Жетісуда егін орағы аяқталуға жақын

Диқандар 250 мың гектарға себілген масақты дәнді-дақылдың 70%-ін орып үлгерді. Қамбаға 395 мың тонна астық жиналды.

Несібесін жерден терген шаруалар үшін биылғы жаз қолайлы болды. Жауын-шашын мол түсіп, өнім бітік шықты. Облыстағы орташа түсім гектарына 22 центнерден айналып отыр. «Ендігі маңызды мәселе – өсірілген дәнді-дақылды лайықты бағаға өткізу»,- дейді шаруалар. Себебі арпа мен бидайдың нарықтағы құны көңіл көншітпей тұр.

Рүстем Шарапиев, шаруашылық жетекшісі:

- Біз тек қана складқа тығамыз. Баға болған кезде сатамыз. Ол қашан болады? Оны ешкім білмейді. Өндіріс болса бізге жеңілдік болар еді. Өндіріс жоқ, жеңілдік жоқ. Өткізетін жер жоқ. Бар болса да ол жерге бүкіл Қазақстанның арпасы мен бидайы сыймайды. Сыймаған нәрсені сыртқа шығару керек, не қайта өңдеу керек.

Бақтияр Шампиков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күнге 4 трейдермен 24 мың тонна сатып алынды. Сонымен қатар мал азығына 94 мың тонна сатылды. Қазір басқа да нарықты зерттеп жатырмыз.