Елімізде 2030 жылға дейінгі инновацияларды дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдама әзірленіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалығымен өткен инновациялық штаб отырысында саланы қолдау тетіктері мен отандық кәсіпорындардың табысты тәжірибелері талқыланды. Елдің өндірісінде қолданып жатқан технологиялар мен инновациялық жүйенің маңызы айтылды.
Инновациялық даму жолына түсу – ел үшін маңызды міндеттің қатарында. Бұл ретте ғылыми зерттеулерге ғана емес, оның іс жүзінде қолданылуына баса мән беріледі.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
- Қазақстанда инновациялық әлеуеті бар мың жарымнан аса кәсіпорын анықталған. Дегенмен жобалардың шамамен 60 пайызы әзірге бастапқы кезеңінде тұр. Осыған байланысты енді оларды сүйемелдеу, инновацияларды қолдау құралдарын кеңейту бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарлануда.
Санат Аханов, Qazinnovations директоры:
- Жаңа модельдің басты ерекшелігі – тек жай ғана ғылыми идея емес, экономиканың нақты технологиялық мәселесі қарастырылады. Біз «инновация арқылы ғылым» қағидатына көшіп жатырмыз. Яғни бизнес, салалар мен өңірлер нақты технологиялық сұранысты қалыптастырады, ал ғылым сол сұранысқа нақты шешімдер ұсынады.
Ғылым мен өндірістің өзара тығыз байланысының маңыздылығын бизнес өкілдері де атап өтуде. Соның жарқын мысалдарының бірі – мұнай-газ саласына цифрлық технологияларды енгізу. Бүгінде қазақстандық мамандар кен орындарын цифрлық модельдеу жүйесін әзірлеуде. Бұл жүйе үлкен көлемдегі деректерді біріктіруге, өндірістік процестерді талдауға және өндіру тиімділігін болжауға мүмкіндік береді. Мұнай-газ өндіретін отандық компания бұл ретте жасанды интеллектті енгізуге баса мән бермек.
Рахым Өтеев, «КМГ Инжиниринг» ғылыми-техникалық институтының бас директоры:
- «ҚазМұнайГазда» «Абай» атты ақпараттық жүйе бар. Мысалы, бізде 100-ден астам кен орны бар. Сол кен орындарынан түсетін барлық мәлімет «Абай» жүйесіне жинақталуы керек. Яғни, деректер базасына түседі ғой. Бұл жоба 2021–2024 жылдары пилоттық режимде жұмыс істеді. Қазіргі таңда 30 мың ұңғыманың мәліметін бір жүйеге біріктіріп жатырмыз. Аналитикалық құралдардың көмегімен қай жерге ұңғыма бұрғылау керек, қандай режим қолдану қажет, қандай құрылғыларды пайдалану керек деген сұрақтарға жауап аламыз. Жүйе 2025 жылы іске қосылды.
Инновацияларды сәтті енгізу өңдеу өнеркәсібінде көрініс табуда. «Кентау трансформатор» зауыты күшті трансформаторлар өндірісін роботтандыру жобасын жүзеге асырды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын автоматтандырылған дәнекерлеу және болатты кесуге арналған заманауи швейцариялық жабдық сатып алған.
Бауыржан Құдайбергенов, «Кентау Трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы:
- Роботтандырылған дәнекерлеу кешені еңбек өнімділігін 50 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Дәнекерлеу жіктерінің дәлдігін 99 пайыз деңгейіне дейін жеткіздік. Бір ауысымда жұмыс істейтін 35 дәнекерлеушінің еңбегін автоматтандырылған жүйе алмастырды. Соның нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, еңбек өнімділігі едәуір өсті.
Бұл бағытты дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларынан өзге, бизнес те қатысуы керек. Атап айтқанда, ғылымға, зерттеулерге және кадр даярлауға инвестиция салатын компаниялар үшін салықтық ынталандыру тетіктерін кеңейту ұсынылуда.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков