Қазақстанда шағын және орта бизнестің жартысына жуығын әйелдер басқарады. Бүгінде олардың жетекшілігімен 1,1 миллион компания жұмыс істеп тұр. Бұл елде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің 48 пайызы. Әйелдер кәсіпкерлігі сауда-саттықпен ғана шектелмейді. Олар ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және әлеуметтік салада да белсенді еңбек етуде. Биыл кәсіпкер әйелдерді қолдайтын KMF Isker hanymy сыйлығы алтыншы рет ұйымдастырылды. Осы жылдар ішінде жобаға 10 мыңға жуық адам қатысты.
Биыл KMF Isker hanymy жобасына қатысу үшін 1000-нан аса өтініш түсті. Олар әр саланың туын тіктейді. Бірі әлеуметтік кәсіп иесі болса, енді бірі ауыл шарушылығында еңбек етеді. Ұйымдастырушылар финалистерді іріктеу кезінде кәсіптің табысына емес, ел экономикасына қосатын үлесіне баға берді.
Шалқар Жүсіпов, «KMF банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Солардың ішінен 90-ы финалға өтіп отыр. Оның ішінде 24 номинация бар. Әр номинацияны ерекше атап өтуге болады. Ал «KMF Банк» пен «KMF Демеу» корпоративтік қоры үшін бастапқы миссиямыз – кәсіпкерлікті дамыту.
Бұл жолы бас жүлде - 2 миллион теңге. Оны шымкенттік кәсіпкер Динара Әуезмұратова ұтып алды. Ол он жылдан бері тәтті жүгері өндірумен айналысады. Өңірдегі ауыл шаруышылығының дамуына ықпал етіп келеді. Кәсіпкер 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Динара Әуезмұратова, кәсіпкер:
- Тәтті жүгеріні біз егеміз, диқандардан сатып аламыз. Оны өңдейміз. Қайтып сатамыз. Бүкіл Қазақстан бойынша Өскемен, Ақтау, Ақтөбе, Астана, Қарағанды қалаларының бәріне жеткіземіз. Осы екі жылдан бастап экспортқа шықтық. Ресей еліне. Ресей елінен келіп, біздегі тәтті жүгеріге деген сұраныс өте күшті болды.
Жобаға алты жыл ішінде 10 мыңға жуық адам қатысты. Бұл байқау ауқымын көрсетеді. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бастама дәстүрге айналды. «KMF Демеу» қоры алдағы уақытта бизнеске қажетті оқыту бағдарламаларын өткізбек. Тренингтерде кәсіпті басқару мен заманауи технологияларды қолдану тәсілдері таныстырылады.
Ернұр Рысбай, Айдос Қалиев