Елдің оңтүстігінде шаруалар қант қызылшасын жинап жатыр. Биыл жылдағыдан мол өнім алу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл егіс алқабы 4,5 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 24 мың гектарға жуықтады. Тәтті түбір Жамбыл мен Жетісу өңірлерінде өсірілгенімен, алдағы уақытта тағы бір облысты қосу көзделіп отыр. Бұл үшін қазір инвестиция тарту ісі қолға алынып жатыр.
Жетісу облысында қант қызылшасын теру науқаны 10 күн бұрын басталды. Осы уақытқа дейін 65 000 тонна жиналыпты. Биыл өңірде тәтті түбір алқабы 1 200 гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 13 500 гектар болған.
Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биылғы өнім 585 мың тонна болады деп болжап отырмыз. Оның 210 мың тоннасын сол қант зауыты қабылдаса, 375 мың тоннасы Көксу қант зауытына өткізіледі. Жоспарымызда 100 мың тонна қант өндіру бар. Оның 30 мың тоннасы қант құрағынан, яғни тростниктен өндірілді. Енді қалған 70 мың тонна қантты қант қызылшасынан өндіретін боламыз.
Өңірдегі екі қант зауыты қызылша қабылдауға кірісті. Әрқайсысы қуаттылықты арттыру үшін жаңғырту жұмыстарын жүргізуге ден қойған. Ақсу зауытында модернизациялау келер жылы басталатын болса, Көксуда алғашқы кезеңі аяқталды. Нәтижесінде қант өндіру екі мыңнан үш мың тоннаға дейін артқан.
Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:
- Қантты қайнатып, кептіріп шығаратын жағын бітірдік десек те болады. Енді келесі этапта қызылшаны дайындау. Кесіп, өңдеу этапына кірісіп жатырмыз. Ол енді осы жылдың аяғына бітіріп қалуымыз керек.
Қант қызылшасы негізінен еліміздің екі өңірінде өсіріледі. Екіншісі - Жамбыл облысы. Онда 450 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Тәтті түбір облыстағы екі кәсіпорында өңделеді. Олардың қуаты аталған көлемдегі шикізатты өңдеуге қауқарлы. Сондықтан мұнда биыл қант қызылшасының алқабы 3,3 мың гектарға ұлғайып, 9,9 мың гектарға жетті.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- Бұл алқаптарды біз қант зауыттарының өңдеу мүмкіндіктеріне қарай реттеп отырмыз. Өйткені 2024 жылы қант қызылшасының көлемі күрт өсіп кетті. Ал зауыттарымыздың қуаттылығы оған жетпей, біраз қиындық болғаны есіңізде шығар. Сондықтан қазір зауыттардың қуаттылығы мен егіс алқаптарының көлемін бір-біріне сәйкестендіріп отырмыз. Бірде-бір қызылшаның далада қалмауын қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Бүгінде елде 4 қант зауыты бар. Қант тапшылығын болдырмау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, олардың да қуатын арттыру белсенді жүргізіліп жатыр. Әрі шаруаларды қолдау ұлғайды. Тұқым, минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға субсидиялар берілсе, қажетті техника мен жабдықтар алуға да көмек бар. Сондықтан егіс көлемі биылдың өзінде 23 800 гектарға жетті.
Мамандардың айтуынша, еліміз бойынша қант қызылшасының биылғы түсімі жылдағыдай көлемде және ішкі нарықта қант тапшылығы болмайды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Дархан Күнтуов