Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабында «Таза Қазақстан» - жай науқан емес. Бұл әр адамның және барша халықтың күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажеттігін жазған.
Түркістан облысы Ордабасы ауданының тұрғыны Лесбек Жүсіп осы игі бастамаға атсалыссақ деген ниетпен ауылдастарын тал егуге шақырды. Ол өз ауласы мен туған өлкесін көгалдандыруға өзі бастамашы болып, биыл көктемде 300 түп көшет егіпті.
Лесбек Мұңсызбайұлының жасы 80-ге келсе де қимылы ширақ. Қария таңертең ерте тұрып, ауласындағы ағаштар мен гүлдерді суарады. Бақшасын күтіп-баптайды. «Егілген әрбір түп ағаш ауылдың ауасын тазартып, оттегі мөлшерін көбейтеді», - дейді қария. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері белсене қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Биыл өзі бастамашы болып, аудан орталығына 300 түп көшет отырғызды.
Лесбек Жүсіп, Ордабасы аудандық әкелер мектебінің төрағасы:
- Қазір жайқалып өсіп тұрғанын көріп, біз қатты қуанамыз. Күн сайын осы жерден қуанышпен қайтамыз. Өйткені бұл – жастарға үлкен тәрбие. Жастар табиғатты аялай білуі керек. Қалай аялау керек? Бірінші кезекте талдың бұтағын сындырмау керек. Мүмкіндік болса, өзі тал егіп, гүл отырғызсын. Жастар осындай еңбектен бастап, оның жемісін көрсе, бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Оның өзі үлкен қуаныш. Өйткені келер ұрпаққа олар да біз арқылы өз еңбегінің нәтижесін қалдырып жатыр.
Мұндай игі іс «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына серпін береді. Аудан тұрғындары ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындарының тал егіп, айналаны жасыл желекке айналдыруы - қоршаған ортаны қорғаумен қатар отансүйгіштіктің шынайы үлгісі екенін айтады. Қазір тазалық қызметкерлері орталық саябақта күзгі көшет егу науқанына дайындалуда.
Нұрсейіт Айтбайұлы, «Темірлан» абаттандыру мекемесінің инженері:
- Тал егіп, жерді көгертіп, таза ұстасақ, бұл – өзіміздің болашағымызға, деніміздің сау болуына үлкен пайдасын тигізетін нәрсе. Қазір талдарды бұтап, жерлерді дайындап, аудан көлемінде тал егуді бастаймыз. Қазіргі таңда Темірланға кіреберісте 4 гектар, бергі жағында 5 гектар жерге былтырдан бері тал егіліп жатыр. Ертеңнен бастап сол жерге, жолдың екі бетіне төрт қатар тал егуді бастаймыз.
Жасыл желек ауылдың көркін кіргізіп, тұрғындардың демалатын жайлы орнына айналады. Биыл көктемде аудан орталығы Темірлан ауылында 20 мың көшет пен 120 мың түп гүл егілді. Барлығы көктеп, жайқалып тұр. Енді ауыл сыртындағы күрежолдың бойына ағаш егу үшін жері дайындалып жатыр.
Азат Оралбаев, Ордабасы ауданының әкімі:
- 5 гектар жерді қазып, дайындап қойдық. Одан бөлек, Қарауылтөбе деп аталатын жерде жолдың екі жағына тал ексек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар Темірланда тағы екі орын дайындап жатырмыз. Сол сияқты 10 ауылдық округте арнайы қоршалған, су жүйесі бар жерлерге күзде 20 мыңнан астам көшет егеміз деп отырмыз. Егу – бір бөлек, ал оны күтіп ұстау мәселесі тұрақты бақылауда болады.
Ағаш егу - ауылдың сәнін келтіріп қана қоймайды, ауаны тазартып, табиғатты қорғауға үлес қосады. Биыл Түркістан облысында 1 млн 300 мың түп көш отырғызу жоспарланған. Оның 500 мыңы көктемде орналастырылса, қалған 700 мың түбі күзде егіледі деп күтілуде.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш