Саранда зауыт жұмысшылары 300-ден астам ағаш екті

  • 4
  • 28.09.2026, 18:53

Қарағанды облысының Саран қаласында ірі кәсіпорындардың жұмысшылары 300-ден астам ағаш екті. Экологиялық акция арнайы индустриялық аймақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында өтті. Бұл – өндірісі қарқынды дамып жатқан Саран қаласын көгалдандыруға, экологиялық ахуалын жақсартуға өз септігін тигізеді,-дейді ұйымдастырушылар.

Экологиялық акцияға Саран экономикалық аймағында орналасқан QazTehna, Silk Road Electronics, Saran Machinery және Tengri Tyres зауыттарының жұмысшылары қатысты. Олар экоакция аясында 300-ден астам терек екті. Зауыт жұмысшылары өндірістік аймақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына үнемі белсенді түрде атсалысады.

Темірлан Марат, «Silk Road Electronics» ЖШС учаске басшысы:

- Әріптестерімізбен бірге ағаш отырғызып жатырмыз. Жас маман ретінде өз қаламызды көркейтуге атсалысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Өндіріс орындары өте көп. Өндіріс орындарында қоқыс, химикат болады. Қасымызда осы ағаш тұрғаны бұл ауа-арйына өте жақсы деп ойлаймын.

Акцияға қатысушылар көктемде Қостанай облысының кәсіпорындары бастаған экологиялық эстафетаны жалғастырды. Бүгінде Саранда жаңа өндіріс орындары қарқынды дамып келеді. Мұнда автобустар мен жүк техникалары, автокөлік шиналары, тұрмыстық электроника және басқа да өнімдер шығарылады. Кәсіпорындармен бірге қалада жаңа жұмыс орындары ашылып, аумақтар абаттандырылуда.

Александр Критский, «Silk Road Electronics» ЖШС директоры:

- Біз, зауыт қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы акцияларды тұрақты түрде өткізіп отырамыз. Бүгінгі ағаш егу акциясы машина жасаушылардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылды. Таза ауада еңбек етіп, сергіп қалдық. Мұндай шаралар ұжымның ауызбіршілігін арттыра түсетіні сөзсіз.

Жаңадан егілген ағаштарды күтіп-баптауды кәсіпорындар өз жауапкершілігіне алады. Акцияға қатысушылар көгалдандыру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.

Авторлар: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит.