Хабар телеарнасы

Сенат «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасын мақұлдады

Жаңа редакцияда 500 жуық өзгеріс бар. Мәселен, құрылысқа қосалқы мердігерлерді тартудың үлесі 50-ден 30%-ке дейін төмендетілді. Ал тауарлар сапалы болуы үшін конкурста айтылған бағаны 3% артық төмендетуге болмайды. Демек кім аз баға ұсынса, сол ұтады деген қағида енді жарамайды.

Сондай-ақ байқауға қатысушы компаниялардың бұған дейін қандай жұмыс атқарғаны, қаржылық, техникалық, кадрлық өзге де деректері мемлекеттік базалар арқылы тексеріледі. Былайша айтқанда, жалған компания және жасанды құжаттармен тендерді ұтып алу мүмкін емес.

Айта кетейік, елімізде мемлекеттік сатып алуға жыл сайын шамамен 6,5 трлн теңге жұмсалады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:  

- Мақұлданған заңдар аясында әділ, ашық және тиімді мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыптастыру үшін жаңа құқықтық тетіктер қарастырылып отыр. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Жалпы мақұлданған заңдар елдің экономикалық өсуі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді деп сенеміз.