Хабар телеарнасы

Күйзеліс дерт пе?

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша елімізде 900 мыңға жуық адам күйзеліске ұшыраған. Бұл ресми мәлімет. Демек, осыншама адам мамандардың көмегіне жүгінген. Ал, көмек сұрамай, ішкі дертін ақтара алмай жүргендері қаншама?! Ашушандық, жалғыздық, көңіл-күйдің болмауы бұл дерт пе, жоқ әлде қалыпты жағдай ма?  

Бет-бейнесін көрсетпей, аты-жөнін құпия сақтауды сұраған кейіпкер біраз уақыт депрессияда жүргенін айтады. Себебі ол бір күнде бірнеше жақынынан айырылды. Тосыннан келген суыт хабар, өмірін астаң-кестең етеді.

Жасырын кейпкер:

-Ол уақытта мен ұйықтай алмадым. Көбіне шаршаңқы жүретінмін және көңілсіз. Күлу, өзгенің қуанышына ортақтасу деген нәрсе біраз уақытқа дейін, өтірік айтпасам, бірнеше айға дейін маған қолымнан келмейтін үлкен жұмыс сияқты болып көрінді.Ол уақытта мен жұмыстағы өз міндетіміді қаншалықты сапалы атқарғанымыды білмеймін. Өйткені көп қате жібердім. Көп жағдайда қасымдағы әріптестеріме, достарыма көп ашу шақырып, қатты айтқан кездерім болды. 

Қоғамда мұндай оқиғалар аз емес. Тас түскен жеріне ауыр дейді. «Бірақ осы ретте біз сол адамдардың жан-күйіне қаншалықты үңіліп жүрміз?» деген сұрақ туындайды. Психотерапевт мамандарының айтуы бойынша, елімізде әрбір 3-і адам күйзеліс дертіне шалдыққан. Бірі айтады, бірі жасырады. «Бірақ олардың дені жоқшылықтан емес, кейде тоқшылықтан»,– дейді дәрігерлер.

Раушан Сәрсенова, психотерапевт:

-Қазіргі заманда стресстік ситуациялар көп. Адамдардың стресске бейімділігі төмендеп кетті. Енді бұл өмірдің барысы, қазіргі қоғамның байланысына қарай адамдар көбіне әр адамның өзіне керекті, өзіне сәйкес деген нәрселерге көп бермейді де, сыртқы ортада болып жатқан процесстерге еліктейді. Сондықтан да өздеріне керекті нәрсені білмегендіктен, бәсекеге түседі, жарысқа түседі. Виртуальный өмір.

Көп жағдайда, адамдар күйзелістен өздері шығады. Сырласады, көңілін аулайтын хобби табады. Бірақ күйзелістің орта және ауыр дертіне шалдығатындар да аз емес. Мұндайда мамандардың көмегі қажет. Бұл ұят емес.

Раушан Сәрсенова, психотерапевт:

-Көбінде тығырықтан шыға алмай жатқан кезде мамандарға барған жөн. Терапия жүргізетін психологтар бар қаншама. Психотерапевтер бар. Психолог пен психотерапевтінің айырмашылығы көбінде біз анықтап диагнозын да қоя аламыз, медикоментозный емін де, емін де жасай аламыз деген сияқты. Содан кейін методикалары, техникалары бар арнайы, соған байланысты түсіндіріп, анықтап, содан шығуға болады.

Журналист, документалист Сәби Байбосынов жуырда ғана осы тақырыпта деректі фильм түсірді. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше Қазақстанда 900 мыңға жуық адам күйзеліске ұшыраған. Ал ол жандардың дені алыста емес. Қасымызда жүр.

Сәби Байбосынов, журналист:

-Біздің елде күйзеліс дегенге аса мән бермейді. Жай, көңіл күйі болмай жүр дей салады. Ал шын мәнінде, бұл – дерт. Түптен келгенде, бұл адамның өмірі. Сондықтан бей-жай қарауға болмайды.

Сондықтан кеш болмай тұрғанда жақыныңыздан, қасыңызда отырған жаннан «Қалың қалай?, «Барлығы дұрыс па?» деп бір сұрап қойыңыз.

Авторлары: Алуа Маханбет, Әлібек Әлиев