Хабар телеарнасы

Қатерлі ісік ауруын жеңген пациенттер тең кеңес беру жобасын бастады

Қатерлі ісік ауруын жеңген пациенттер тең кеңес беру жобасын бастады. Бұл туралы белсенділер Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты. Мұндай жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Кеңес берушілер алдымен екі айлық дайындықтан өтті. Курсқа қатысқан 17 адамның барлығы обырды жеңіп шыққандар. Олардың арасында Алматымен қоса, Астана және Павлодар қаласының тұрғындары бар. Кеңес беру мектебі қашықтан жұмыс істейді. Оған еліміз бойынша әр аймақтан хабарласуға болады. Тең кеңес беру мектебі қатерлі ісікпен емделіп жатқан науқастарды жігерлендіріп, дұрыс тамақтану мен емделуге қатысты ойларымен бөліседі. Ақпараттық және психологиялық қолдау көрсетеді. Осының бәрі жоба аясында тегін жасалады.

Полина Юрченко, тең кеңесші:

-Онкологиялық диагноз қойған кезде бәрінде қорқыныш болады. Бүгін ертең өмірмен қоштасатындай күйге түседі. Әрине, бұл адами құбылыс. Бірақ біз сондай науқастарға үміт бергіміз келеді. Мәселен, мен өзім де осының бәрін бастан кештім. Ауырған кезде шынымды айтсам, кімнен кеңес аларымды білмедім. Сонда да бар күш жігерімді салып ауруды жеңіп шықтым. Әрине, дәрігерлердің еңбегі зор. Біз дәрігер, психолог немесе әлеуметтік қызметкер емеспіз. Бірақ солардың арасын жалғап, қызметті қолжетімді етуге көмек беретін тең кеңесшіміз.