Хабар телеарнасы

Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Қытайға барды

Қазақстан мен Қытай арасында «Аягөз-Тачэн» үшінші теміржолының құрылысы басталды.

Бұл туралы Сенат төрағасы Қытайға ресми сапары кезінде айтты. Мәулен Әшімбаев бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесіп, сұхбаттасты. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, «Жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алысты.

Сенат спикері: «Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Орта дәліздің әлеуетін неғұрлым белсенді пайдалану елдеріміз арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз», – деді. Өз кезегінде Чжао Лэцзи екі мемлекеттің басшылары белгілеген міндеттерді бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы және басқа да бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын жоғары бағалады. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз жылдан-жылға мазмұны байып келе жатқан, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Достық пен тату көршілікке негізделген Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-сонды болмаған мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктес деңгейіне көтерілді. Барлық деңгейде тығыз байланыс орнады. Экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығая түскенін астап өткен жөн. Қазақстан мен Қытай арасындағы осындай қарым-қатынастарды Парламентаралық ынтымақтастық арқылы да қолдап, одан әрі дамытудың маңызы зор деп есептеймін.