Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 30 жыл ішінде 100 есе өсті
Қытай - Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. 30 жыл ішінде тауар айналымы 100 есе өсіп, былтыр 41 млрд долларға жетті. "Бұл тарихи рекорд", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасында қалыптасқан достық, әріптестік, ынтымақтастық туралы нақты әрі дәлелмен келтіріп көрсеткен. Кейінгі жылы екі жақты жоғары деңгейде маңызды шешімдер қабылданды.
Оған визасыз режимнің қалыптасуы, үшінші теміржол өткелінің құрылысы, мәдени орталықтардың салынуы, Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жариялануының өзі көп нәрсені аңғартады.
Қытай Халық Республикасы - Қазақстанның сауда және инвестициялық негізгі әріптесі. 30 жылдан астам уақыт ішінде қазақ-қытай арасындағы тауар айналымы 100 есе өсті. 2023 жылы оның көлемі 41 миллиард долларға жетті. Бұл тарихи көрсеткіш. Қазір көрші ел Қазақстан экономикасына қаржы құюшы шетелдік инвесторлар арасында ірі төртікке кіреді. Өткен жылы елімізге 2 млрд доллар тікелей инвестиция салынған. Ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,4 пайызға артық.
«Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы білім беру жүйесінде нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған прагматикалық көзқарасқа ерекше қызығушылықты атап өтті. Сондай-ақ ол қытай тіліне қатысты пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Әлемдегі және Қытайдың өзіндегі де тез өзгеріп жатқан тенденцияларды ескере отырып, мен тілдік дағдыларымды сақтау үшін, сондай-ақ Қытайдың саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы соңғы тенденциялардан хабардар болу үшін үнемі қытай тілінде кітаптар оқимын».
Президент сұхбатында Шанхай Ынтымақтастық ұйымының жұмысы, дәрежесі мен маңыздылығына ерекше тоқталған. Биыл Қазақстан ШЫҰ төрағалық ету аясында жасалған жұмыстарға тоқталып кетті. Соның аясында қауіпсіздік, сауда-экономикалқ байланысты одан әрі нығайту, экология және елдер арасындағы достастықты нығайта түсуге күш салынатын айтты. Төрағалық аясында 150-ден астам халықаралық деңгейдегі ірі іс-шаралар өткізілді. Ең маңыздысы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін саммиті екенін атап өтті. Президент ШЫҰ әрі қарай бамытып, жұмысын жетілдіре түсу бағытында стратегиялық шешімдер қабылданатынын айтты.
Әділ Каукенов, қытайтанушы:
- Қазақстан Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» бастамасына қосылғаннан кейін біз арқылы өтетін бағыттар тек екі ел арасындағы ғана емес құрлықаралық бағытқа айналды. Мәселен қазір Қытайдағы Ляньюньганнан немістің Дуйсбург қалсына, Лондонға, Испанияға жүк тасымалданады. Бұндай бағыттар көп. Тауар айналымы да артып жатыр. Сәйкесінше Қазақстан құрлықтарды байланыстырып тұрған транзиттік хаб ретінде теміржол желілерін әлі де дамыта беруі керек.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Синьхуа Қытайдың ең ірі әрі орталық ақпарат көзі. Қазір мен сол ақпарат агенттігінің алдында тұрмын. Бұл БАҚ құралы тек Қытайда ғана емес халықаралық деңгейде онға жуық тілде жаңалық таратады. Негізі 1931 жылы қаланған. Қытайда 30-дан астам, ал шет елдерде 170 тей бөлімі жұмыс істейді. Құрамында 10 мың тілші қызмет атқарады. Біздің президентің мақаласын миллиондаған оқырман оқып, танысты деп сенімді айтуға болады.
Автор: Руслан Бақытбекұлы.