Жеті күн. 06.02.2016
1. Дипломатиялық қызметті жақсарту жайы талқыланды
215 миллиард доллар. 2005 жылдан бастап Қазақстанға осынша көлемде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл тұста әуелі географиялық тұрғыдан тиімді орналасуымыз бен транзиттік мүмкіндіктерімізді айтуымыз керек.
Өткен бес жылдың ішінде Қазақстанда 2 мың шақырымға жуық теміржол төселіпті. Ұлы даланы көктей өтетін бір ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі Ляньюнганьнан шыққан жүкті бар болғаны 10 күннің ішінде Санк-Петерборға жеткізуге мүмкіндік береді. Сосын «Экономикалық бостандық», «Қолайлы бизнес климат», «Еңбек нарығының тиімділігі» секілді әлемдік «азулы» рейтингтерде Қазақстанға деген көзқарас жақсы. Бұл инвесторлар алдындағы беделімізді өсіреді. Бұл атқарылған қыруар жұмысқа берілген баға.
«Қазір ел экономикасына қаржы саламын деушілерге барлық жағдай жасалған», – дейді үкіметтегілер. Бұған салықтық жеңілдіктер, субсидиялар, визасыз тәртіп сияқты көптеген тәсілдерді жатқызады. Биылдан бастап инвесторларға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсетіле бастады. Астанада екеу, Алматыда үшеу, облыс орталықтарында бір-бірден арнайы бөлімдер ашылды. Енді қандай да бір рұқсат қағазын немесе лицензия алу үшін бірнеше мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырмай-ақ, «бір терезеге» келіп, инвестициялық жобаға қатысты көп мәселені шешуге болады.
2016 жылы қолға алынған тағы бір іс – инвестициялық алқа. Жоғарғы соттың жанынан Инвестициялық алқа құру «100 нақты қадам» «Ұлт Жоспарында» міндеттелген еді. Енді ол өз жұмысын бастады.
Мамандандырылған сот алқасында тек ірі инвесторлардың мәселесі қаралады. Сол «ірілерге» 2 миллион айлық есептік көрсеткіш көлемінде, бұл дегеніміз биылғы есеп бойынша 4 миллиард 242 миллион теңгеден көп қаржы салынған инвестициялық даулар қаралады. Бұл сомаға дейінгі шағымдар Астана қалалық сотына жолданады.
Екпін түсіріп айтатын жайт, биылдан бастап сот сатылары үшке қысқарғанын білеміз. Ал ірі инвестициялық даулар Жоғарғы Сотта тек екі сатыда қаралады. Демек, уақыт қысқарды. Бұл – бір. Екіншіден, инвестициялық істерді сот төрелегінің биік мінберінен қарау мәселенің маңыздылығын айшықтап тұрғандай. Хош!
Осы аптада инвестиция тарту туралы Сыртқы істер министрлігінде де сөз болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің кеңейтілген алқасында дипломатиялық қызметті жақсарта түсуді тапсырды.
Алыста жүрген атқамінерлер. Мемлекет мүддесін нығайтып, елдестіріп жүрген елшілер сәрсенбінің сәтті күні Астанада бас қосты. Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісіне дипломаттар тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Елбасыға есеп беру, сырттағы қызметін қорытындылаудың сәті бұл.
Асықпай ақылдасатын, салиқалы ой толғайтын мәселе көп. Мұны елшілер де білері анық. Дегенмен, жиын өткенді қорытындылаудан басталды.
Елбасы әуелі тәуелсіздікпен қатар түлеген қазақ дипломатиясының жетістіктерін ортаға салды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Осы жылдардың ішінде сіз бен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық. Жаңадан ешуақытта болмаған институттарды құрдық. Мемлекетті құрдық. Оның болмаған министрліктерін құрдық. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға алып келдік. Жасалған жұмыстар, сыртқы саясатты іске асыруда сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Мен оны білемін. Сол үшін де ризашылығымды айтамын.
Алда тұрған міндеттер аз емес. Жаһандық экономикалық дағдарыс, халықаралық терроризм мен әлемдік державалардың текетіресі. Тізіліп тұрған түйткілдер көп төңіректе. Мұның бәрі етек-жеңді жиып, жұмысты ілгерілетуді талап етеді. Елбасы осыны айтты.
Қиын-қыстау кезеңде жұмысты ширатудың маңызы зор. Оның үстіне болдық-толдық деп отырған жоқпыз. Алда үлкен шаралар күтіп тұр. Мәселен, биыл Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атануы мүмкін. Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қауымдастық біздің елді қолдайды деген сенімде.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Бүгін біз алдымызда тұрған мынау қиын-қыстау жағдайдағы істейтін шаруаларды айтуымыз керек. Заманның беталысы қазіргі бізге басқа талаптар қойып отыр. Сондықтан дипломатиялық қызмет жұмысын жүргізе түсудің, өсіре түсудің, жақсарта түсудің маңызы барлығымыз үшін өте зор.
Қазіргі таңда шетелдерде 60-қа жуық елшілік пен дипломатиялық өкілдік жұмыс істейді. 94 елді қамтиды. Сонда жүрген елшілердің бәрі дерлік Астанаға келген. Дені жиында сөз сөйледі.
Бұған дейін бірнеше рет Елбасының сынына іліккен дипломаттар бұл жиыннан соң нақты тапсырмалар алып, шетелде қандай тірлік тындыратынын ұйғарып кетсе керек-ті. Ең бастысы, Қазақстанға инвестиция тарту – әр елшінің негізгі міндеті. Мұны Президент былтыр қарашада өткен жиында тапсырған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Министерство иностранных дел итак должно этим заниматься. Чем ещё заниматься? Мы не такая держава – определяем мировую политику в дипломатии. У нас куда ни поедешь, послы не знают, чем занимаются. Своё дело не знает, экономику, тем более, не знает. Поэтому ориентация должна быть такая - на министерской встрече, на коллегии мы ещё об этом поговорим. Качество послов, раздувание посольств везде и всюду - надо не надо. Конечно, министерство такое, столько послов. А нам это не надо сейчас. Нам надо иметь представителя там где есть интерес Казахстана.
Елбасының бұл сөзі әлі күнге шейін елшілермен бірге, сарапшылардың көкейінде жүр.
Дипломатиялық қызметтің еңбек сіңірген қайраткері Болат Сұлтанов осынау қиын кезеңде елшілерге үлкен үміт артылып отырғанын айтады. Көп жағдайда Қазақстанның гүлденіп-қарыштауын дипломатиялық қызметпен байланыстырады. Себебі ел ішіндегі дамуды сыртқа насихаттайтын, капитал алып келетін де солар.
Болат Сұлтанов, Халықаралық ынтымақтастық зерттеу институтының директоры
-Мемлекет басшысы серпінді бастамалар көтеріп жатыр. Бұл идеяларды біздің дипломаттар алға қарай жылжытып, елдің әлеуетін сырт елде көрсетуі тиіс. Әрине, біз сыртқы саясатта табысты елміз. Бір ғана ЕҚЫҰ саммитінің өзі мақтан тұтарлық. Бірталай ұйымның ұйытқысы болып жүрміз. Дегенмен, заман өзгеріп жатыр. Сондықтан біз де өзгеруіміз керек. Бұл орайда дипломаттардың жүгі жеңіл емес. Олар Қазақ елінің өкілі, бет-бейнесі. Сондықтан Президенттің талапты ерекше қойып отырғаны дұрыс деп есептеймін. Әсіресе инвестиция тарту бойынша.
Инвестиция демекші, жиында министр Әсет Исекешов сөз сөйледі. Мүмкіндікті пайдаланып, сан тараптан келген Қазақ елінің өкілдерінің алдында бір көсілді.
Инвестиция тарту бойынша бірлесіп жұмыс істемек. Бұған дейін Қазақстанның елшіліктерінің жұмысын күшейту үшін Ұлттық экономика мен Инвестициялар және даму министрліктерінің мамандары жіберілген болатын.
Бұдан бөлек, алдағы ең ауқымды шара «Экспо-2017» көрмесіне де дайындық пысықталды. Компания басшысы Ахметжан Есімов те көпшілікке тіл қатты.
Айтпақшы, айтулы көрмеге шетелдердің кең ауқымда қатысуын қамтамасыз етуге сыртқы саяси ведомство жауапты. Бұл міндеттерді орындай алмаған елшілер тіпті қысқаруы мүмкін.
Өз кезегінде Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрлігі қазір елдің саяси және сыртқы экономикалық мүддесін ілгерілетуге, ел беделін нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі
-Соңғы үрдістер мен бүгінгі әлемдік ахуал Қазақстанның көпвекторлы саясатының стратегиялық маңызын аңғартып отыр. Сіздің сарабдал саясатыңыздың арқасында еліміз әлемнің барлық мемлекеттері және ұйымдарымен қарым-қатынастың сенімді жүйесін қалыптастырды. Ал қазіргі дүниежүзілік қаржылық жағдай экономикалық дипломатияның жаңаруын талап етуде. Сыртқы саяси ведомствоның басым бағыты – шетелдік инвестициялар тарту, елдегі индустриялық саясат пен «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға көмектесу.
Сыртқы саясатта Қазақстанның қол жеткізген бір жетістігі көлік-транзиттік дәлізбен байланысты. Қазақстан көлік логистикалық мүмкіншілігін пайдалану арқылы көршілес мемлекеттермен әріптестігін нығайтып, Азия мен Еуропаны тоғыстырды. Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, «Нұрлы жолмен» көркейтіп жатырмыз. Оған да сырттан тартар қаржы керек.
Қазақстан төңіректегі көршілермен келісіп орасан жұмыс атқарды. Бұған соңғы жылдары ашылған халықаралық автомобиль мен шойын жолдары дәлел. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп Тынық мұхиты мен Парсы шығанағын бір-ақ байланыстырдық, нарықтарды біріктірдік. Ақтау портын жетілдіріп жатырмыз. Айлақтағы астық терминалы арқылы қазақ астығы тиелген алғашқы кеме Иранға жол тартты.
Шакир Мұсаев, «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағасы
-Бүгінде біз жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Елбасымыз жетістігімізді ұдайы қадағалап, бағалап отырады. Біліктілігі жоғары ұжым болып, ел экономикасын дамытуға үлесімізді қоса бермекпіз.
Транзиттік әлеует – экономикалық дамудың негізгі діңгегі. Сондықтан бұл саланы әрі қарай өркендетудің маңызы зор. Ел аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін жылдың соңына қарай 25 миллион тонна, 2020 жылы 35 миллион тоннаға жеткізу көзделуде.
Мамандардың айтуынша, транзиттік әлеует интеграциялық үдерістердің өрлеуіне түрткі болмақ. Мұнда да Қазақстанның ролі басым. Отандық өнімді сыртқа шығарып, экспорттық әлеуетті күшейтуге ат салысатын тағы елшілер болмақ.
Болат Сұлтанов, Халықаралық ынтымақтастық институтының директоры
-Орталық Азия елдерімен сыртқы сауда айналымның үлесі 5 пайыз ғана. Сондықтан біздің Президенттің ішкі аймақтық интеграцияны дамыту жөніндегі бастамасы орынды. Қазір Орталық Азиядағы ахуал күрделеніп тұр. Тәжікстан, Қырғызстан, оның әрі жағында Ауғанстан бар. Бізге Мемлекет басшысының идеяларын қолдап, ЕАЭО аясында өзге елдермен еркін сауда аймақтарын құру керек. «Нұрлы жол» мен Жібек жолының экономикалық белдеуін үйлестіру маңызды.
Атқаратын жұмыс шаш-етектен. Дипломаттар алдында зор тұрған міндеттер тұр. Экономикалық, инвестициялық дамудың тетігіне айналуы мүмкін. Президент олармен ұзақ сөйлесті. Салиқалы ойларын жетікзуге тырысты. Елдің қамы үшін!
Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Оператор Қанат Әбілдин
2. Ақордадағы кездесулер
Бірің бауыр, бірің дос. Тамырлас Түркия және көршілес Ресеймен ынтымақтастықтың Қазақ елі үшін маңызы зор. Сондықтан екі мемлекет арасындағы жағдайдың күрделенуі бізді де алаңдатып отыр. Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
Бүгін Түркияның Премьер-министрі Ахмет Давутоғлу Астанаға сапармен келді. Елбасы мәртебелі мейманмен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық төңірегінде сұхбаттасты. Көлік, энергетика, туризм мен инфрақұрылым салалары пысықталды.
Мемлекет басшысы Түркия төңірегіндегі шиеленіскен геосаяси жағдайдың біздің елге де әсерін тигізетінін атап өтті. Ортақ тіл табысуға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Түркияның қазақтары үшін, біз үшін қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың маңызы жоқ. Біз осы саясаттан ешқашан таймаймыз. Сондықтан да қазіргі Түркияның төңірегінде болып жатқан ахуал мені өте көп ойлантады. Бұл жағдайдан шығудың амалын ойлау керек. Қалай былай болып кеткені барлығымызға белгісіз. Әр нәрсенің шешімін іздеген кезде бұл кімге пайдалы, кімге пайдалы емес дегенді ойлау керек. Сириядағы, Ирактағы жағдайдың қиын болуы Ислам қауымының бір-бірінің арасындағы бірлігін жоқтығына алып келеді. Баяғыда батыста айтып келе жатқан суниттер мен шейіттердің арасындағы қақтығысына қазір жақындап қалдық. Ресей мен Түркияның арасындағы ахуалдың қиын болуы кімге пайдалы? Ол Түркияға да, Ресейге де керек емес. Ол біз үшін де өте қиын мәселе. Түркия біздің бауырымыз. Ресей біздің бірнеше жүз жыл келе жатқан ең үлкен көршіміз. Қазақстан екіжақты бірдей жақсы көре отырып ешқайсысына сен жақсысың, сен жамансың деп айта алмайды. Сіздер бауырларсыздар, осыны түсінуіміз керек.
Ахмет Давутоғлу – биыл елімізге сапар шеккен алғашқы шетел қонағы. Тәуелсіздігімізді тұңғыш мойындаған Түркияның атынан биылғы жиырма бес жылдық мерейтойымызбен құттықтады. Екі ел қатынасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
Елбасы бастамасымен Түркі кеңесі құрылып, ал Астанада Түркі академиясы ашылды. Екі ел арасындағы қатынастар әрі қарай да өрби бермек. Бұған қос тарап мүдделі.
Ахмед Давутоғлу, Түрік Республикасының Премьер-Министрі
-Сіз Тұрғыт Озалмен бірінші рет кездескен кезіңізде: « Түркияда қанша қазақ бар?», – деп сұраған едіңіз. Сол кезде ол өзін қосқанда Түркияда 70 млн қазақ бар деп жауап берген. Біз жақында қайтадан санақ жүргіздік. Өзімді қосқанда Түркияда 78 млн 600 мың қазақтың сәлемін әкеліп отырмын. Қазақстанның Сіздің жетекшілігіңізбен осындай мәртебеге жетуі біз үшін үлкен қуаныш. Әр жетістігін өзіміздікіндей көріп, әрдайым мақтан тұтамыз. Түркия Қазақстан үшін Еуропалық одаққа кіретін есік болса, Қазақстан біз үшін Еуразия өңіріне кіретін қақпа.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін Нұрсұлтан Назарбаев «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Ғабит Байжановпен кездесуі кезінде талқылады.
Қазіргі уақытта мекеме дамудың жаңа кезеңіне көшіп жатыр. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделенуі мен халықаралық терроризм төндіріп отырған қатердің ұлғая түскенін ескеріп, Қазақстан шетелдердегі өз мүддесін қорғау жұмыстарын күшейтуге тиіс екендігіне назар аударды.
Ғабит Байжанов болса, ведомствоның алдына қойған міндеттері жөнінде баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
-Біздің сыртқы барлау жөнінде Қазақстанның үлкен тәжірибесі жоқ. Мекемеміз жаңадан құрылып, аяғына тұрып жатыр. Дегенмен, көп ойланып, толғанатын уақыт та жоқ. Төңіректің барлығы шиеленісіп тұр. Саяси-экономикалық ахуал көршілердің арасында, алыс-жақын елдердің арасында қазір күшейіп жатыр. Мынау террорлық шабуылдар күннен-күнге күшейіп жатыр. Біздің адамдардың сыртқа шығып барып, соғысқа қатынасып жатқандары бар. Осы мәселелерде барлық жағынан «Сырбардың» орны бөлек. Қоятын талап та өте үлкен. Осыған байланысты не істеу керек екенімізді біз ақылдасып, «Сырбардың» алдында тұрған міндеттерді анықтауымыз керек.
3. Саяси науқан қарсаңында...
АбзАпта ішінде бірқатар партиялар съездерін өткізді. Мәжіліс депутаттығына сайланатын үміткерлердің тізімін бекітті. Кейін тізім Орталық сайлау комиссиясына тіркелді. Сайлауалды бағдарламалар жарияланды. Штабтар құрылды. Бұл «Ауыл» мен «Патриоттар» партиясының былтыр қыркүйекте біріккеннен кейінгі алғашқы съезі.
Құрылтайда қатысушылар сайлауалды бағдарламаны бірауыздан қабылдап, партиялық тізімді де бекітті. Наурызда өтетін сайлауға ауылдықтардың атынан 19 үміткер сынға түсетін болды.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДП-ның төрағасы
-«Ауыл» партиясы үшін басты мақсат – халықтың дәстүрлі құндылықтарын дамыту. Отанымыз Қазақстанның тәуелсіздігін арттыру, «Мәңгілік елді» нығайтып, бекіту!
Екінші болып сайлауға қатысатынын Қазақстан коммунистік халық партиясы растады. Партия мүшелері коммунизмнің мызғымас идеялары әлемдік дағдарыстан алып шығар жалғыз жол деген ұстанымда.
Айқын Қоңыров, ҚКХП ОК Саяси бюросының мүшесі
-Барлық күш-жігерімізді сайлау науқанына жұмсап, сәтті қатысуымыз қажет. Ол үшін партияның әр мүшесі жұмылып белсенді жұмыс атқаруы тиіс.
«Ақ жол» демократиялық партиясы да сайлауға қатысатын 35 үміткердің тізімін бекітті. Ол үшін Астанадағы Орталық кеңсесінде XIII съезін ұйымдастырды.
Жиынға еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысты. Құрылтайда сондай-ақ саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасы бекітілді.
Азат Перуашев, «Ақ жол» ҚДП төрағасы
-Әлемдік дағдарыс отандық экономика мен бизнеске кері әсерін тигізбеуі қажет. Ол үшін еліміздегі барлық интеллектуалдық және саяси ресурстар шұғыл шараларды қолға алуы қажет. Сондай-ақ кәсіпорындарды өндіріс көлемін қысқартуымен жұмыс орындарды жабудан, ал халықты жұмысынан айырылуынан, табысының азаюы және жаппай кедейшілікке ұшырауы қатерінен қорғау біздің тікелей міндетіміз.
Осыдан 3 жыл бұрын ел алдында абыройға ие «Әділет» пен «Руханият» партиясы бірігіп, «Бірлік» партиясының негізін қалады. Енді, міне, еліміздегі ең жас саяси партия кезектен тыс съез өткізіп, мерзімінен бұрын Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатындарын жариялады. Депутаттыққа үміткер 8 кандидаттың тізімін бекітті.
Серік Сұлтанғали, «Бірлік» партиясының төрағасы
-Тек қана таза ауа мен таза су емес, жалпы мына ғарышқа ұшып жатқан нәрселер, атомный бомбаларды осы уақытқа дейін испытания жасады. Оның барлығы мына қайран жерімізге, ертеңгі күні өсіп келе жатқан балаларымызға не болады деген ой ғой.
Кезектен тыс құрылтайларын өткізіп, тізімдерін бекіткен партиялар Орталық сайлау комиссиясына барды. Заңнама талаптарына сай сайлауға қатысатын саяси ұйымдар ол жерге партиялық тізімге енген азаматтардың өтініштері мен өмірбаяндарын өткізді. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табыс пен мүлік декларациясын тапсырғаны туралы анықтамаларын берді.
Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы
-ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы «Нұр Отан» партиясы Орталық сайлау комиссиясына толық құжаттарды тапсырды. Партиялық тізімге енгізілген азаматтарды ҚР және Сайлау заңына сәйкестігін Ішкі істер министрлігі және ҚР Бас прокуратурасы арқылы тексерілді.
Құжаттарын толық өткізген партиялар кандидаттық куәліктерді де алып үлгерді. Партиялық тізімді алғашқы болып тіркеген «Нұр Отан» партиясына үміткер куәліктер бірінші болып табыс етілді. Оны «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов алды. Екінші болып кандидат куәлігін «Ақж ол» партиясына табысталды.
Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы
-Бұл азаматтардың барлығын конституциямен, ҚРСайлау заңына сәйкестігі тексерілді. Ішкі істер министрлігі, ҚР Бас прокуратурасынан келіп ресми хабардан сәйкестігі расталған.
Сонымен сайлауға 5 партия қатысатын болды. Олар осы аптада кезектен тыс құрылтайларынан өзге де шаралар ұйымдастырды. Мәселен «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдауын «Кәсіпкерікті дамыту қорының» жетекшілері Алматы, Қарағанды, Қостанай қалаларымен тікелей байланыс қашығып, қоғамдық қабылдауға келген астаналық кәсіпкерлерге кеңес берді.
Гүлбаян Танеке, кәсіпкер
-Менде өзі жеке кішкентай кәсіпкерлік орным бар. Тігін шаруашылығымен айналысамын, киім жобалаймын. Сондықтан біз осы жұмысты кеңейтсек деген ойымыз бар. Біз тағы да қосымша осы салада адамдарды дайындаймыз. Осы кәсіпке үйретеміз. Соны дамытсақ, кеңейтсек деген ойымыз бар. Енді осы кездесуден кейін біздің де үмітіміз бар. Бізге өте жақсы түсініктеме жауап берді, көмек береміз деп.
«НұрОтан» партиясының жаңа бағдарламасы ауылдағы отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға оң ықпал ете бастады.
«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында қолынан іс келетін азаматтарға пайызы төмен несие беріліпжатыр.
Соңғы екі жылда бағдарлама бойынша өңірде 34,5 мың тонна ет, 40 тонна сүт өндіріліп, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Әбдікерім Әбдіраманов, фермер
-Сауын сиырға типовой ферма салсақ па деген ойдамыз. Енді оның жерін алып қойдық.
Қанатбек Оспанбеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі
-Негізінен шағын жобалар қаржыландырылады. Оның ішінде шағын мал бордақылау алаңдары. Одан кейін шағын сүт өндіру аулалары, сосын сүт қабылдау бекеттері.
«Біртамшықан – сақталған өмір». Астанада дәл осындай атаумен республикалық акция басталды. Шараны ұйымдастыруға «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болған.
Қан тапсыруға ерік білдірген азаматтар бүгін елордадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына жиналды.
Ербол Әбілов, донор
-Қан тапсыру орталығына келіп жүргеніме 5 жыл болды. Бұл менің міндетімде ойлаймын. Қан тапсырған кезде өзіңде сондай қуаныш сезім болады. Неге десеңіз, бұл басқа білмейтін адамға көмектесу ғой.
Ал бүгін Орталық сайлау комиссиясына кандидаттар тізімін «Бірлік» пен «Ауыл» партиялары ұсынды.
Әзірге оларға кандидаттық куәлік берілген жоқ. Жалпы үміткерлерді тіркеу ақпанның 8-не дейін жалғасады.
Авторлары: Эльвира Тағайқызы, Мұхтар Ыбырайым
4. Сайлауға әзірлік барысы
Екі апта бұрын Президент сайлау өткізу туралы Мәжіліс депутаттарының ұсынысын құп көрді, Жарлыққа қол қойды. Сол кезден басталған жұмыс бір сәтке де саябырсыған жоқ.
Науқанның өтуіне жауапты басты орган – Орталық сайлау комиссиясындағылар ең әуелі тиісті құжаттарды, нормативтерді әзірледі. Олар интернетте жарияланды. Аймақтарға жіберілді. Кейін облыстағы комиссиялардың жетекшілері Астанаға шақыртылып, семинар-кеңестерге қатысты. Осылайша дайындықтың әр сатысын пысықтап қайтты.
Қос сайлауды бір мезгілде өткізумен қомақты қаржы үнемдейтініміз белгілі. Осы аптада кандидаттарға қаржы қандай көлемде бөлінетіні туралы алғашқы ақпарат ресми жария етілді.
Марат Сәрсембаев, ҚРОрталық сайлау комиссиясының мүшесі
-Мәжіліске өтетін кандидаттар олар партиялық тізімде ғой сондықтан оларға қаражат кәдімгідей бөлінбейді. Мына бөлінетін қаражаттар мәслихаттардың қандидаттарына бөлінеді.
Осы сомалардың не үшін жұмсалатыны туралы қысқаша айта кетсек. Бұл қаражат теледидар, радио мен жергілікті басылымдарда сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге, мақала басу мен көлік шығынын жабуға арналған.
Мәслихат депутаттығынан үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмысына жұмсайтын шығыны Орталық сайлау комиссиясы бекіткен тәртіппен жұмсалуы керек. Ол екі санатқа бөлінген. Біріншісі, облыс, Астана мен Алматы мәслихатына кандидат. Екіншісі – қалалық және аудандық мәслихат депутаттығынан үміткерлер. Санатына қарай телеарнадағы насихат жұмысына 70 және 36 мың теңгеден бөлінген. Радио-материал бағасы 20 мен 7 мың теңге көлемінде. Жергілікті басылымдарда екі мақаладан шығару көзделген. Бұл мақсатқа санаты бойынша 85 және 62 мың теңгеден қарастырылған.
Сондай-ақ үміткердің елді мекендерді аралап, кездесулер өткізу шығыны да ескерілген. Іс-шараларға 25 және 20 мыңнан бөлінсе, көлік шығынына 45 пен 28 мың теңге қарастырылған.
Жалпы үміткерлердің де сайлаушылардың да белсенділігі жоғары. Соңғы мәлімет бойынша, бір ғана Қызылорда облысында 405 мың 736 дауыс беруші бар. Өңірде саяси науқанды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарымен 506 сайлау комиссиясы айналысады. Олардың 9-ы аумақтық, 29-ы облыстық-округтік, 118-і аудандық және қалалық болып бөлінсе, қалғаны учаскелік сайлау комиссиялары.
Абайбек Жүнісов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы
-Бүгінгі күні алдағы сайлауды өткізуге кадрлық, материалдық резервтер толық жеткілікті деп есептейміз. Облыстық сайлау комиссиясы осы келе жатқан сайлауды ашық, жариялы түрде ұйымдастыруға барлық жағдай жасап жатыр.
Ал Павлодар облысында қалалық және аудандық мәслихаттар сайлауына қатысуға 14 азамат тілек білдірген. Қазір кандидаттардың қойылған талапқа сәйкестігін тексеру жүргізілуде.
Жалпы саяси науқан барысында өңірде 14 аумақтық, 216 округтік және 569 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Алдын ала есеп бойынша үміткерлерге аймақтың шамамен 450 мың азаматы дауыс береді.
Әлия Сабырханова, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы
-Павлодар облыстық сайлау комиссияларының жұмысы бекітілген күнтізбелік жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауына кандидаттар тіркелуде. Сонымен қатар комиссия мүшелерін оқыту шаралары басталды.
Ақмола облысында болса бүгінге дейін 327 адам мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылған. Әзірге олардың сегізі ғана тіркелді. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының кеңейтілген кеңесінде айтылды.
Шарада сайлау өткізуге қажет қаражат пен әзірлік барысы пысықталды. Қазір облыс бойынша 475мың 509 адам дауыс беретіні белгілі. Биылғы сайлауда ақмолалықтар барлық деңгейдегі мәслихаттарға 276 депутатты сайлауы керек.
Әзірге үміткерлердің басым бөлігі – өзін-өзі ұсынған азаматтар. Аймақтардың белсенділігі де назарға алыныпты. Ұсынылған кандидаттар санының көптігімен Солтүстік, Шығыс, Қостанай және Қарағанды облыстары алдыңғы қатарда тұр.
Ләззат Сүлеймен ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі
-Елімізде 13 399 сайлау комиссиялары қызмет атқарады. Бұл комиссияларда 93 195 адам қызмет атқарады. Аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қазіргі уақытта арнайы семинар-кеңестер өткізіп, төменгі тұрған сайлау комиссияларының мүшелерін оқытуға үлкен ден қойып отыр.
Дауыс беру бюллетеньдері туралы айта кеткен жөн. Оның саяси партияларға арналған нұсқасы бір жерде басып шығарылып, кейін өңірлерге таратылатын болды.
Ал облыс, қала мен аудан мәслихаты депутаттарына дауыс беру бюллетендері жергілікті жерлерде әзірленеді. Орталық сайлау комиссиясы оны дайындау бойынша баспаханалар тізімі жасалғанын мәлімдеді.
Бақыт Мелдешов, ҚРОрталық сайлау комиссиясының хатшысы
-Сол ақпанның 20 дейін анықтаймыз сайлаушылардың жалпы санын. Сол сайлаушылардың санына қарап сосын өзіміз қаулы қабылдаймыз. Қанша сайлаушыларға біз бюллетен дайындаймыз.
-Алдағы сайлауға Қазақстан халқы Ассамблеясы да қамдануда. Бірлестік мүшелері науқанға дайындықтарын арнайы әзірлеген жоспарға сай жүргізбек. Оған сай Ассамблея Кеңесі Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды 20-29 ақпан аралығында ұсынады.
Ал комиссия сайлаудан жиырма күн бұрын, яғни 29 ақпаннан 5 наурызға дейін кандидаттар тіркейді. Ал 6 наурыздан 13 күн бойы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүреді.
Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі
-Сайлауалды үгіт жүргізу мерзімдері әртүрлі. Саяси партиялар үшін насихаттау 20 ақпанда, ал мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін 23 ақпанда басталады. Ал бірақ барлығы үшін бір күнде 18 наурызда аяқталады.
Тағы бір маңызды ақпарат – Қазақстанда парламенттік сайлау туралы ақпараттық сайт іске қосылды. Веб-ресурс election2016.kz деп аталады. Онда саяси партиялар, кандидаттар, сайлау науқаны туралы жаңалықтар түгел жарияланған.
Сондай-ақ әлеуметтік сауалнамалар блогы бар. «sailau2016» бойынша әлеуметтік желілерде сайлау жөнінде талқылау жүріп жатыр.
Авторлары: Ақбөпе Бәкір, Марат Тоқмағамбет
5. Сайлауды қоғамдық бақылау комиссиясы өз жұмысын бастады
Бұған дейін үш мәрте Президент және екі рет Парламент сайлауларында байқаушы болған республикалық қоғамдық комиссия осы жолғы науқаннан да тыс қалмақ емес. Олар 20 наурыз күні барлық сайлау учаскесінде жұмыс істейді.
Комиссия құрамында елге танымал қоғам қайраткерлері, заңгерлер, жазушылар мен журналистер бар. Барлығы 11 мыңға жуық байқаушы қатысады.
Нұрлан Ерімбетов, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы
-Барлық жерлерден біз ақпарат алып отырамыз, заң бұзушылық болса, дұрыс ұйымдастырылмағанжұмыстар болса. Сайлауалды жұмыстар басталады. Осының қалай ұйымдастырылып жатқанын ақпараттық құралдар арқылы жұмыс істейміз.
Әділ Ахметов, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі
-Біздің комиссияның мүшелері барлығы елге белгілі адамдар. Кемшіліктер болса алдымен өзіміз көруіміз керек. Оны жасырмай бетке айтуымыз керек. Сондықтан негізгі мақсаты – осы сайлаудың әділетті өтуін қамтамасыз ету.
Отандық ақпарат құралдарының өкілдері де сайлау науқаны кезінде шынайы әрі әділ ақпарат таратуға уағдаласты. Бас редакторлар клубының отырысында Хартия қабылданды. Хартия этикалық нормаларды сақтауға үндейді.
Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар» клубының президенті
-Әріптестеріміздің осы саяси науқан кезіндегі жауапкершілігін тағы бір естеріне салып, өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарауын назарға алу үшін арнайы Хартия қабылдап отыр. Өздеріңіз білесіздер, бұл «Бас редакторлар» клубы 10 жылдай жұмыс істеп келе жатыр. Бұл үшінші сайлауға арнайы Хартия қабылдап отырмыз. Біздің қазір бүкіл республика бойынша 250-ден аса мүшеміз бар. Менің ойымша, осы тек қана «Бас редакторлар» клубына мүше емес басқа да әріптестеріміз, барлық журналистер бұл Хартияға өз үндерін қосады деп сенеміз.
6. Қаржы нарығындағы ахуал
Ақпан айының алғашқы күндерінде Қазақстанның қаржы нарығында айтарлық өзгерістер болды.
Доллар мен еуроны сату және сатып алудың ауытқу шегі кеңейтілді. Ұлттық банктің тиісті қаулысына сәйкес, АҚШ валютасын саудалаудағы бағамның ауытқуы 6 теңгеден, ал еурода 7 теңгеден аспауы тиіс.
Сондай-ақ депозиттегі қаражатты теңгемен сақтасаңыз, бұрынғы 10 пайыздық үстеме 14 пайызға көтерілді. Ал доллармен ақша жинау тиімсіз болып барады. Мөлшерлеме 2 пайызға төмендеді. Бұл да жаңа ақша-несие саясаты аясындағы бір қадам.
Тағы бір жаңалық. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен ақшаны 17 пайызбен алатын болады. «Мұның зиянынан пайдасы көп», – дейді экономистер.
20 тамызда Қазақстанда инфляциялық таргеттеу деген ұғым қолданысқа енген еді. Жалпы таргеттеу дегеніміз – алға қойылған мақсаттарға жету үшін, экономикалық бағытты таңдау. Инфляциялық таргеттеу арқылы еліміз қаржы-несие саясатын өзгертті.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі
-Инфляциялық таргеттеуге көшу және теңгені еркін айналымға жіберу, 2-3 айда жүзеге асырылатын шаруа емес. Қараша айынан бастап осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Наурыз айында жаңа техникалық комитеттің қолдауымен базалық үстемені төмендетпек.
Ал ақпанның екісінен бастап екінші деңгейлі банктер үшін базалық мөлшерлеме 17 пайыз болып бекітілді. Бұл көрсеткіш 2 пайыз шамасында ауытқып отыруы ықтимал. Яғни Ұлттық банк тап осындай көлеммен өзге қаржы құрылымдарына қарыз береді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы
-Бұл жүйе банктерді қысқа мерзімді өтімділікпен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік. Біз бұрынғы жүйені бұзған жоқпыз. Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің теңге өтімділігіне қол жеткізуіне қолдау көрсетулері қажет. Бірігіп құбылмалы айырбас бағамын жасау туралы шешім қабылдадық.
«Бастама валюта нарығындағы алып-сатарлықтың алдын алып, экономиканы тұрақтандыруға сеп болады», – дейді сарапшылар.
Дегенмен, базалық мөлшерлеменің көтерілуі – несие ставкасының өсуіне алып келуі мүмкін. Ал бұл еліміздің өркендеуіне өз үлесімді қосамын деген кәсіпкерлер үшін қолбайлау болуы ықтимал еді. Алайда экономиканың маңызды салаларын қолдауға бағытталған ауқымды бағдарлама бар екендігін естен шығармау қажет. Мәселен, жеңілдетілген 4 пайыздық үстемемен автонесие беру соның бір парасы.
Ерболат Досаев, ҚРҰлттық экономика министрі
-Үкімет пен Ұлттық банктің ортақ мүддесі – банктер мен нарық субъектілерінің қаржылық қабілетін жақсарту. Сондықтан алдағы уақытта базалық мөлшерлеме төмендейді. Алайда тап қазір теңгенің тиімділігін арттыруды көздеп отырмыз.
Екінші деңгейлі банктерге 17 пайыздық мөлшерлемемен Ұлттық банктен қарыз алу тиімсіз әрине. Сондықтан отандық қаржылық институттар арзан ақша іздеп, теңгелік депозиттерді көбейтуге күш салары хақ.
Әдетте, салымдағы қаражатқа банктер өздерінің пайыздық ставкаларын қосып, нарықты несиелендіреді. «Осылайша экономикалық белсенділік артады», – дейді ведомство басшысы.
Осы тұста айта кетерлік жағымды жаңалық, 1 ақпаннан бастап теңгемен салынған депозит сыйақысы 10 пайыздан 14 пайызға көтерілді. Ал шетел валютасымен жинақталған қаржыға қосылатын сыйақы керісінше, 2 пайызға кеміді. Бұл бастама доллардан бас тартуға сеп болмақ.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы
-Халық жылжымайтын мүлік пен көлік және өзге де тауарларды шетел валютасымен бағалауға үйреніп қалғандығы түсінікті. Мұндай жағдайда жұртшылықты депозитін теңгемен жинақтауға ынталандыру қиын. Сондықтан осындай қадамға барып отырмыз.
Қалай болғанда да түсінігімізді өзгертуге тура келеді. Импортталатын тауармен қатар экспортталатын өнімді доллармен саудалауымыз нарықтағы баға саясатына ықпал етуде.
Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі
-Мен бірнеше мәрте Қазақстанның газын теңгемен бағалау туралы бастаманы көтерген едім. «ТеңізШевройл» мен «ҚазТрансГазАймақ» секілді екі компанияның арасындағы көгілдір отынды жеткізу туралы келісім доллармен жасалған. Ал доллар бағамының өзгеруі газдың құнына, сосын электр энергиясы мен жылудың тарифіне ықпал етеді. Сондықтан газ бағасы теңгемен белгіленуі тиіс.
Теңгенің еңсесін тіктеу саясатының тағы бір тетігі күшіне енді. Бұдан бұлай көлік алып-сатарларының «Колесо.кз» және баспана саудасы қызу жүретін «Крыша.кз» сайттарындағы баға тек ұлттық валютамен көрсетіледі. Бұл доллар үстемдігінен аз да болса құтылуға түрткі болмақ.
«Ал тәуелділіктен мүлде арылу үшін отандық өнімді қолдауымыз қажет», – дейді сарапшылар.
Азаматхан Әміртаев, «Инвесторлар альянсы» ҚБ Президенті, экономист
-Теңгемізді қолдап, доллардан кету – басты қазір мемлекетіміздің қолға алып отырған жоспары. Біз қалай доллардан кете аламыз? Ол міндетті түрде отандық өнімді қолдаған кезде. Теңге қаншалықты күшейген сайын, біздің экономикамыз күшейеді. Осы жерде қазір жасалып жатқан шараның барлығы барлық тауардың бағасын теңгемен жасау ол дұрыс, уақытында жасалып жатқан шаралар.
Ғалымжан Керімбек, экономист
-Сырттан келетін тауарларды азайтуымыз керек. Яғни импорт аз болып, экспортқа шығаратын тауарларымыз көбірек болу керек. Сонда ғана ішкі тұрақтылық, баланс пайда болады. Ішкі ұлттық өнімдерді өндіруді біз көбейтуіміз керек.
Доллар бағамының мың құбылуынан ба әлде төл валютамызға деген сұраныстың артуынан ба кім білсін осы аптада еліміздегі барлық айырбас бекеттерінде теңге тапшылығы байқалды. Алайда отандық сарапшылар: «Ақша айырбастау орындарында бір мезетте теңгенің таусылып қалуы мүмкін емес, бұл олардың өзара ымыраласып жасаған құйтырқы әрекеті», – дейді.
Осыған байланысты Ұлттық банк шетел валютасын саудалаудағы ауытқу бағамын 2-ден 6 теңгеге дейін көтерді. Бұған қоса, енді айырбас бекеттері төл ақшамыз жоқ болған жағдайда тиісті анықтама беруге міндеттелді.
Ерлан Әбіл, экономист
-Валюта сатушылардың өз саясаты бар. Бұдан қорғау үшін қазір Ұлттық банк анықтама бергізетін болды. Егер теңгені сатпайтын уақытта неге сатпайтынын туралы ақпарат анықтамада теңгенің жоқтығына немесе аз болғанына анықтама беруге міндетті.
Теңгенің үстемділігі артқанда ғана нарықта тұрақтылық пайда болады. Ал қабылданған шаралар төл валютамыздың тұғырын асқақтатуға сеп болары хақ.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Зайнұр Байжігіт, Абдулла Исаев
7. Құрылыс саласын реформалау жүргізілуде
Ұлт Жоспарының 49-шы қадамында «құрылыстың ескірген нормалары мен ережелерінің орнына еурокодтар жүйесін енгізу» жайы айтылады. Тиісті жұмыс басталды. Түптеп келгенде еурокодтар қазақстандық құрылысшылардың көзін ашып көргені Кеңестік кезеңнен қалған байырғы нормаларды біртіндеп ауыстыру тиіс. Себебі біздің халықаралық жүйеден қалыс қалуға қақымыз жоқ.
Егер осы лекке бір қосылып кетсек, отандық құрылыс компаниялары тек өзімізде ғана емес, әлемдік нарыққа шыға алады. Ал бізге инвестор келеді. Еурокодқа көшкендіктен олармен «бір тілде» сөйлесуге, бәсекелес болуға талпынатын боламыз.
Бәсеке бар жерде, сапаның артатыны тағы бар. Бұл жылдам орындалатын жұмысқа жатпайды. Заңнамалық негіз дайындалады. Құрысшылар оқыталады. Осы сынды шаруа көп.
Сәрсенбінің сәтінде Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық экономика өкілдері бұл мәселе бойынша брифинг өткізді. Бұдан бөлек, құрылысқа рұқсат алудың үш сатысын түсіндірді.
Сәкен Сейітханұлы, тілші
-Осы уақытқа дейін кәсіпкер құрылыс нысанын салу үшін құжаттарын құттаумен күн құрғатып, ай сабылатын. Сәулет-жоспарлау, теxникалық шарттар, инженерлік желілердің сызбалары және тағы басқа көптеген қағаздарға қарайлайтын. Тек рұқсат алу үшін тірлікті тұралатып 40 күнін қиятын. Жоба сызбасына 60 күн яғни екі айын бос өткізетін. Сонда 3,5 ай бойы күту мен күндері өтетін. Жарты жыл бойы бойын жылытпай, қар жамылып жататын солтүстік өңірдегі бизнесмендер үшін бұл уақыт алтыннан қымбат. Сондықтан осы құлаш-құлаш құжаттан кәсіпкерлерді құтқару үшін жаңа заңнама күшіне енді.
Енді кәсіпкерлер құрылыс жасау үшін әкімшілік табылдырығын тоздырмайды. Іс бастаушылар рұқсат қағазды бірінші наурыздан бастап «Е-Үкімет» порталы арқылы алады. 40 күнде дайындалатын рұқсат қағазы енді 17 күнде әзірленеді. Жобалау жұмысы 60 күнде емес 15 күнде істеледі.
Нұрмұрат Ерманов, құрылыс компаниясының директоры
-Бұрын құрылысқа рұқсат алу үшін проектісін сыздырып алғаннан кейін әкімшілікке барып, көптеген адамдардың қолын жинауға тура келетін. Біреулері табылмайды, біреулері басқа болады. Сөйтіп жүргенде біреулердің қызметі ауысып кетеді. Сонда қайтадан жинауға тура келетін және оның уақыты да ұзаққа созылатын. Сондықтан бұл қазіргі жағдайда құрылысты бастап кетуге толық мүмкіншілік бар.
Құрылысты бастамас бұрын, әрине, белгіленген тәртіп бойынша ғимаратты тұрғызатын кірпішті, темірді, топырақты тексертеді. Сараптама мекемелері құрылыс материалдарын тексеру үшін арнайы қондырғының көмегіне жүгінеді. Мәселен, мына қыш кірпіш биік үй салуға қолданылады. Ол 70 тонналық қысымға шыдас беру керек. Құрылғы мұны 75 тоннаға дейін мүжілмейтінін көрсетті.
Амангелді Қазиев, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының маманы
-Отандық құрылыс заттары мен шетелдік құрылыс заттарында айырмашылық жоқ. Бәрі де бірдей. ТМД елдері бойынша нормативті стандарт бойынша жүреді. Соған бәрі де сәйкес келеді.
Еліміздегі осындай сараптау орталықтарының жұмысы енді жеке компаниялардың құзырына беріледі.
Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің айтуынша, қазір 19 жеке ұйым құрылыс заттарын қадағалау қызметіне әзір екенін айтқан. Сондықтан биыл тексеру ісінің 50 пайызы нарыққа өтеді.
Мархабат Жайымбетов, ҚР ҰЭМ Комитетінің төрағасы
-Технологиялық қиын емес нысандар бар. 10 қабатқа дейінгі ғимарттар тұрғын үй құрылысы бойынша 400 адамға дейінгі емханалар, қонақүйлер бәрін осы жекеменшік сараптама істей алады қазір. Біз 2017 жылы, 2018 жылы, 2019 жылы сөйтіп 90 пайызға дейін береміз. Мысалы, атом электр станция дейміз ба басқа да үлкен ғимарттар мемлекеттік сараптамада қалатын болады.
«Құрылыс саласының мамандары министрліктің бұл қадамы қайырлы болады», – дейді. Сараптама көптеген ұйымға үлестірілсе, құрылыс басшылары тындырымды топты іздейді. Сонда тексеру орталықтары тапсырыс алу үшін тірліктерін тиянақты істеуге талпынады. Яғни бәсекелестік орта қалыптасып, сараптама төлемі төмендейді. Қазір жоба көлеміне байланысты сараптау құны 2 миллионнан бастап 15 миллион теңгеге дейін барады.
Нұрмұрат Ерманов, құрылыс компаниясының директоры
-Сараптауды беретін бір компания емес бұрынғыдай қатып қалған бағамен істейтін болса, бірнеше бәсекелестік болғаннан кейін экспертизаның құнын түсіруге оның пайдасы бар. Өйткені ол қандай да мекеме болсын өзі сол жұмысты арзан істеп беруге мүмкіншілігі болады.
Міне, осыдан кейін тұрғын үй бағасы да қазіргіден кем болады. Әлбетте, сынық сүйем соманың өзі баспанасыз жадау жұртқа жәрдем емес пе? Бірақ бұл іске де жемқорлық деген індет із салса арзандайтын баспана арман болар тағы да.
Қайырлы Тәукен, заң ғылымдарының кандидаты
-Жобаға сараптама жүргізген субъекті соның сапасына сол жобаның болашақта қауіпсіз болуына жауап береді заң алдында.
«Ұлт жоспары» «100 нақты қадам» аясында құрылыстың сметалық құнын анықтаудың жаңа әдісі де енгізілді. Осы уақытқа дейін ғимаратқа кететін жабдықтарды жобалаушы нарықтағы баға бойынша белгілейтін. Содан кейін құбылмалы құнға байланысты құрылысқа қаржы жетпей нысандар сиырқұйымшақтанып кететін. Жаңа тәсіл құрылыс қаржысын қымқырудың алдын алып, теңгенің мақсатты түрде түгесілуін түгендейді.
Бағдарлама барлық бағаны көрсетіп, құрылыстың қарқынды жүруіне жол ашады. Сәйкесінше әр қаланың көркі мен келбеті сай ғимараттар бой түзейді.
Авторы: Сәкен Сейітханұлы
8. Мемлекеттік қызметте жаңа бетбұрыстар басталды
Бес реформадан бастау алған тың жаңалықтар мемлекеттік қызмет саласында да көп. Мәселен, конкурс өткізу қазір ішкі және жалпы болып екіге бөлінген.
Әуелі бос орынға сол мекеменің өзінен маман іздестіріледі, бірнеше жыл бойы тапжылмай жұмыс істеп, істің жай-жапсарын жақсы білетін адамды әріптестердің арасынан іздеу біріншіден дұрыс, екіншіден, әділ секілді көрінеді.
Егер лайықты адам іріктелмесе, сынаққа бүкіл мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлер қатыса алады. Мұны ішкі конкурс деп атаймыз. Ішкі конкурс кезінде кандидат табылмаған жағдайда ғана жалпы конкурс өтеді. Демек, осы тұста қолында заңнама жөніндегі сертификаты мен жеке қасиеттерді бағалау бойынша қорытынды қағазы бар кез келген азамат бақ сынай алады.
Ал тест тапсыру да жетілдірілген ол өз алдына бір бөлек әңгіме. Осындай өзгерістерді қамтитын «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңға, қабылданған этикалық кодекске тағы бір мәрте зер салуды жөн санадық.
Бақтияр Хамит, шолушы
-Талап қатаяды. Тәртіп күшейеді. Осы қос тіркес мемлекеттік қызметке қатысты жаңашылдықтардың мән-мағынасын барынша ашады. Су жаңа заңға сәйкес енді мемлекеттік қызметке көлденең көк атты адамдар келе алмайды. Өйткені үміткерлер үш сатылы сыннан өтсе ғана қызметке қабылданады.
Алдымен олар заңнаманы бес саусағындай білуге міндетті. Екіншіден, әдептен аспайтын, әбестікке баспайтын адалдығын дәлелдеуі тиіс. Соңғы сынақ – мемлекеттік орган өкілімен сұхбаттасу. Осы сыннан сүрінбей өткендер ғана мемлекеттік қызметке бір табан жақындайды. Алайда ескі заңда 3 айға созылған сынақ мерзімі жаңасында 6 айға дейін жалғасады. Сол уақыт аралығында кәсіби қарым-қабілетін көрсете алмағандарға қосымша 3 ай уақыт беру қарастырылған.
Тағы бір жеңілдік. Жас мамандарды арнайы бекітілетін тәлімгерлер жұмысқа баулитын болады. Мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеуге қатысты да елеулі өзгерістер бар.
Жаңа заңға сай жалақы әр қызметкердің лауазымына емес, атқарған жұмысының күрделілігі мен нәтижесіне қарай төленеді. Қызметкердің аса жемісті жұмысы бонуспен бағаланады. Яғни еңбегіне қарай, өнбегі. Бастама 2017 жылдан бастап жүзеге асады.
Жемқорлықпен күрес мәселесіне де мән беріліп, оның алдын алуға бағытталған қатаң шаралар қабылданды. Мәселен, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлерге тарту-таралғы алуға болмайды. Ал ресми кездесулерде жасалған сый-сыяпаттар болса, олар дереу мемлекет меншігіне өткізілуі тиіс.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков дәл солай істеді. Министрге Қытайда тарту етілген ұялы телефон мемлекет меншігіне өткеннен кейін көп ұзамай электронды саудаға шығарылды. Сатылып жатса, ел бюджеті қосымша 48 мың теңгемен толығады.
Жемқорлықтың алдын алады деп әзірленген келесі бір құжат – мемлекеттік қызметшілердің жаңа этикалық кодексі. Онда мемлекеттік қызметкердің жұмыс барысындағы іс-қимылының қағидасы, көпшілік алдында өзін-өзі ұстау ережесі, тіпті жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысы түгелдей қамтылып, тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлерге қоғамдық орындарда мас күйінде көрінуге тыйым салынады. Сондай-ақ дөрекілік танытып, оғаш мінез көрсетуге де болмайды. Оларға адал, әділ де қарапайым әрі сыпайы болу талаптары қойылады.
Қай кезде, қай ортада болмасын мемлекеттік қызметкер заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл ең басты өлшем және ең негізгі талап болып саналады. Осы орайда мемлекет қызметіндегілерге әдептен озбауды этика жөніндегі өкілетті өкіл үйрететін болады. Олар үйретіп қана қоймай, этика талаптарының сақталуын қадағалайды. Бұл институт орталық мемлекеттік органдарда, сонымен қатар өңірлік деңгейде, яғни облыс және Астана мен Алматы әкімдіктері аппараттарында енгізілген.
9. «Астана Экспо-2017» көрмесіне әзірлік қыза түскен
Апта басында Президент Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізгенін айттық. Сол басқосуда» ЭКСПО» көрмесіне шет мемлекеттерді көптеп тарту жайы да қаралған еді.
Жиыннан кейін Ұлттық компанияның Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қазақстанның сырт елдердегі елшілерімен бірге құрылыс алаңын аралады. Қарашаның бірінен бастап қатысушы мемлекеттер өздерінің павильондарында көрмеге дайындықты бастай алады.
Ахметжан Есімов, «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы
-Вы должны всем странам сказать, что с первого ноября мы начинаем, а до этого они должны проработать тематику своих контентов и содержания.
-Әрине, көрмеге дайындықтың ертерек басталғаны абзал. Сондықтан да павильондарды белгіленген мерзімде тапсыруға күш салынып отыр.
Негізі «ЭКСПО» құрылысы екпінді. Өткен аптада Ахметжан Есімов Президенттің қабылдауында болып, үнемделген қаржы мен қысқарған штат жайында баяндады. Бірақ бұл қазіргі қарқынға, болашақ сапаға кері әсер етпейді.
10. Шетел тәжірибесін зерделеу
«ЭКСПО» туралы сөз қозғалса, құрылыс барысымен бірге көрме өткеннен кейінгі ғимараттардың тағдыры қоса айтылады. Бұл бекер емес. Осы орайда әлемдік тәжірибеге көз жүгіртуді жөн санадық. Оңтүстік Кореяға барып келген әріптесім Владислав Цой Йосу «ЭКСПО» көрмесінен кейінгі көргенін айтады.
Оңтүстік Корея Астанасы Сеулден Йосуға дейін қатынайтын пойыздарда бос орын болмайды. 2012 жылы «ЭКСПО» көрмесі өткізілген қалашық бүгінде Чечжуден кейінгі туристер үшін тартымды аралға айналды. Тіпті Йосуда тұратын халық саны екі есеге, 150 мыңнан 300 мыңға артты.
Владислав Цой, тілші
-«ЭКСПО» арқасында Сеулден шағын қала Йосуға жүрдек пойыз жүре бастады. Ол 343 шақырымды 3 сағаттың ішінде өтеді.
«ЭКСПО» көрмесі өткеннен кейін 4 жылдан соң Йосуда демалушылар қатары сиреді. Қыс мезгілінде мұнда жүрдек пойызға жеңілдікпен билет алған зейнеткерлер мен студенттер келеді.
Исан Гын, студент
-Йосу – менің әкемнің Отаны, туған жері. Мен де бір кездері осы жерде тұрғанмын. Сондықтан қаланың қаншалықты өзгергенін көргім келді. Йосудың аумағы да, танымалдығы да артуда.
Ким Ми Хва, зейнеткер
-Мен Чонджу қаласынан келдім. 4 жыл бұрын көрмеге де қатысқанмын. Әр елдің павильондарын тамашалау ұнаған еді. Қазір олардың жұмыс істемейтіндігі өкінішті-ақ.
Бүгінде павильондар бос тұр. Кейде олар түрлі көрмелер мен өзге шараларды ұйымдастырушыларға жалға беріледі. Мына жерде Жапонияның ұлттық көрмесі болған еді.
Ли Чханг Дже, Йосу қорының жобаларын дамыту менеджері
-Экспонаттарды қалдырып, бұл жерді белгілі бер елдің мұражайына айналдыру мүмкін емес. Талап бойынша халықаралық шараға қатысушылар көрме аяқталғаннан кейін, экспонаттарын алып кетулері тиіс.
Түскі үзіліс кезінде «ЭКСПО» қалашығындағы кафеде біздің түсірілім топтан өзге тірі жан жоқ. Йосуда балық өндірісі жақсы дамыған. Сондықтан бұл мекеменің директоры әрі аспазшысы Ким Гым Е барлық тағамдарды теңіз өнімдерінен дайындайды. «ЭКСПО» оның жаңа кафе ашуна сеп болған.
Ким Гым Е, кәсіпкер
-«ЭКСПО» кезінде туристер санында шек болмады. Сондықтан өз кафемді ашуды жөн санадым. Бұған дейін қалада мейрамханам болған еді. Алайда кафедегі табысым көбірек. Көрме өткеннен кейін де келуші туристер саны артпаса, кеміген жоқ. Себебі жолдар жөнделіп, инфрақұрылым дамыды және аттракциондар салынды. Жұмыс күндері келушілер қатары сирегенімен, демалыс және мереке күндегі мына жерде ине шаншырлық орын болмайды.
Биг О Шоу немесе үлкен О әрпінен басталатын шоу – ең танымал Экспо нысаны. Ол Кореяда өткен халықаралық көрме мен Йосу қалашығының мақтанышына әрі көрнекі орнына айналды.
Көрме аяқталғаннан кейін де шоу жалғасын тапты. Алайда қара суық түсе бастаған сәттен, яғни қарашадан наурыз айына дейін әткеншектер жұмыс жасамайды. Ал қалған 7 айда мұнда келушілер саны 160 мыңды еңсереді.
Биг О – шоудың негізін қалаған тап осы компания. Нысан дауылға қарамастан теңіз үстінен бой көтерген еді. Алайда дизайнерлер мен конструкторлардың ерен еңбегі елеусіз қалмады.
Үлкен О әрпінен басталатын мультимедиялық шоу ең үздік халықаралық сыйлықпен марапатталды. Көрмеге келуші қонақтар өнерін сүйсене тамашалаған теңіз робот-мысығы да тап осы жерде жасалды.
Компания өкілдері 4 жылдан бері әлемдік технология дамығандықтан олардың роботтары ескіре бастағандығын мойындап отыр.
Пак Ки Сок, Көрмені жоспарлау, жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізу корпорациясының президенті
-Теңіз мысығы батареямен жұмыс жасады. Оны іске қосу үшін кезінде 10 батареяны пайдалансақ, қазір екеуінің өзі жеткілікті болар еді. Теңіз мысығының салмағы ауырлағандықтан оны қалың арқанмен байлап қойдық. Алайда сақтандыру шараларын келуші қонақтар байқамайтындай болуы шарт. Маман ретінде осы бір тұс есімде қалыпты. Дегенмен, айырықша шоу үшін көпшіліктің алғысына бөлендік.
Келуші қонақтардың назарын аударатын тағы бір көрнекі орын – орган орнатылған мұнара.
Владислав Цой, тілші
-Сегіз жыл бұрын осы жерде цемент қоймасы болған. Бірақ «ЭКСПО» ұйымдастарушылар осы ғимаратты экологиялық таза объектіне айналды. Қазір мында әлемдегі ең үлкен орган орналастырылған
Туристердің назарын аударатын тағы бір ерекше нысан – ауқымды аквариум. Оның сыйымдылығы – 6 мың тонна. Аквариумды тамашалауға жылына миллионнан астам адам келеді. Йосу «ЭКСПО» қоры көрменің осы және өзге нысандарын жеке инвесторларға сатуды жоспарлап отыр.
Ли Чханг Дже, Йосу қорының жобаларын дамыту менеджері
-Біз осы жерден инвесторлардың қаржылай қолдауымен халықаралық теңіз курортын ашу ойымызда бар. Жобаны жүзеге асыру үшін 250 млн доллардай қаражат қажет. Шипажайдан су велосипедтері мен теңіз көліктері бар спорт кешенін ашуды да жоспарлап отырмыз. Жуырда ғана біздің бастамамызбен Йосудан Чежу аралына күнделікті паром қатынайтын болды.
-Айтпақшы, Корей халқы Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінен хабардар. Корей сарапшыларының айтуынша, көрме нысандарының құрылысының өзі Қазақ еліне ауқымды пайда алып келеді. Әрі «ЭКСПО» арқасында Астана әлемге танылды.
Йосу көрмесін ұйымдастырған компания басшылар елордада өтетін халықаралық көрмеге қатысуға ынталы.
Ли Чханг Дже, Йосу қорының жобаларын дамыту менеджері
-Қауырт жұмыс істегендіктен Йосудағы Қазақстан павильонына бара алмадым. Бірақ 2015 жылы Миландағы «ЭКСПО» көрмесінде сіздердің павильон маған ерекше ұнады. Сондықтан Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға қызығушылық танытып отырмын.
Пак Ки Сок, Көрмені жоспарлау корпорациясының президенті
-Әдетте көрме нысандары «ЭКСПО» өткеннен кейін де туристерге қызмет көрсетеді. Онда зерттеу институттары, корпорациялар, оқу орталықтары пайда болады. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы дамыған елдердің бірі. Сондықтан «ЭКСПО» алаңы Азия мемлекеттерінің туристік орталығына немесе әлемнің танымдық, ағарту мекемесіне айналуы мүмкін. «ЭКСПО» көрмесі кез келген елдің дамуына серпін берері анық.
Йосу «ЭКСПО» көрмесінен түскен пайданы 4 жылдан кейін есептеуді жоспарлауда. 2020 жылға қарай 250 аралдың ортасында орналасқан қала жылына 10 млн туристі қабылдайтын әлемге танымал шипажайға айналуы тиіс.
Авторы: Владислав Цой