Хабар телеарнасы

Алматының жылжымайтын мүлік нарығында қандай өзгерістер болды?

Жыл басынан бері Алматының жылжымайтын мүлік нарығында айтарлықтай өзгерістер болды. Биыл қаңтар және наурыз айындағы жер сілкінісі тұтынушылардың талғамына әсер етті. Пәтер бағасы төмендеп, жеке үйлердің құны қысқа уақытқа көтерілді. Тұрғын үй нарығындағы жағдай қалай? Қалалық әкімдік құрылыс сапасын бақылау үшін жаңа ережелерді енгізбекші. Сондай-ақ келесі жылы қаладағы үш мектепте сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталады. Одан соң тағы бір мектеп-лицейде және жеті балабақшада ғимараттардың беріктігін арттыру жұмыстары басталады.

Алматының жылжымайтын мүлік нарығы биыл күрделі өзгерістерге тап болды. Сатып алушылардың қалауына экономикалық әрі табиғи факторлар әсер етті.

Риэлтор Денис Вайншток қазір пәтер  бағасы төмендеп жатқанын айтады. Мұның себебін тиімді ипотекалық бағдарламалардың жоқтығы мен зейнетақы қорынан ақша алушылардың азаюуымен байланыстырады.

Денис Вайншток, жылжымайтын мүлік агенттігінің аға менеджері:

- Мысалы,  жыл басында 65 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтердің құны 70 миллион теңге болатын. Қазір 55-53 млн теңге төңірегінде. Яғни бағасы ай сайын 2-3 миллионға төмендеді. Бір бөлмелі пәтерлер де бар. 40 миллион теңгенің пәтерін қазір 29-30 миллионға алуға болады.

Мамамандар  жоғарғы қабаттағы пәтерлерге сұраныстың аз екенін айтады. Жер сілкінісінен кейін көптеген тұрғындар қауіпсіздікті ойлап жеке үйлерге қоныс аударды. Астана мен басқа қалаларға көшкендері де бар. Дегенмен бұл үрдіс жаздан бастап саябырсыды, - дейді Денис Вайншток.  

Денис Вайншток, жылжымайтын мүлік агенттігінің аға менеджері:

- Қазір пәтер құны біртіндеп зейнетақы қорынан ақша алғанға дейінгі кезеңдегі бағаға төмендеп келеді. Жас клиенттер сейсмикалық жағынан төзімді үйлер қайсы, - деп сұрайды. Үлкендері өздері де біледі. Жастар 3-ші қабаттан жоғары алғысы келмейді. Дегенмен анау-мынау бола қалса оған қарамайды. Бірақ адамдар осылай топшылайды. Осылайша жоғарғы қабаттағы пәтерлер аздап арзандады.

Пайдалануға беріліп қойған үйлердің жағдайы әкімдіктің де назарында. Алматыдағы ғимараттарға жүргізіліп жатқан сейсмикалық аудит аяқталуға жақын. Паспорттаудың бірінші кезеңі 2017-2018 жылдары өтті. Екіншісі былтыр қазанда басталды. Аудитті Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты жүргізуде.

Сейсмоаудит 20 желтоқсанда аяқталады. Оның қорытындысы жауапты мемлекеттік органдарға беріледі. Ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін күшейту үшін тиісті шешім қабылданады. Сондай-ақ Алматыда жуырда құрылыс жүргізудің ережелері жасалды. Жаңа ереже бекітілсе, сәулет-құрылыс бақылау органдарының қадағалау құзыреті күшейеді.

Нұрлан Боранбаев, Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы:

- Себебі жобалау бір бөлек, құрылысты сол жобаға сай сапалы жүргізу бір басқа. Әсіресе тау бөктерінде маңызды. Құрылыс аумағын үлкейту үшін компаниялардың жотаны кесіп немесе сайларға топырақ төгетіні жасырын емес. Нысанның жобалауға дейінгі құжаттарын бақылау күшейді. Егер ғимаратта тіреу қабырғалары жоспарланса, оны мемлекеттік сараптамадан өткізуге міндетті. Өйткені бұл өте маңызды.

Қазір Алматыдағы тұрғын үй нарығында тұрақтылық байқалады. Пәтер бағасында әзірге айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жеке үйлерге де сұраныс бірқалыпты, көктемдегідей қызығушылық байқалмайды. Үйсіз жанға бағаның арзандағаны жақсы. Тек базар нарығын доллардың бағамы бұзбаса игі.

А. Кемелжан, А.Садуақас, Сержан Жұмабаев