Ислам даму банкі елімізге $1 млрд-тан астам инвестиция салады
Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына 1 млрд доллардан астам инвестиция салады. Бүгін Бакуде өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында осындай келісімге қол қойылды. Ал бұл - Ислам даму банкінің тарихындағы ең көлемді жоба. Сонымен қатар аталған банк еліміздің су саласына тағы 3,5 млн доллар көлемінде өтеусіз грант бөлді. Аталған қаржыларға Қазақстанда жаңа 4 бірдей су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасы жөнделмек. Сондай-ақ 115 канал қалыпқа келтіріледі. Құрылыс жұмыстары Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Астана қаласында жүргізіледі. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын техникалық жарақтандырып, су ресурстарын басқаруды жетілдіру үшін автоматтандыру орталығын салуға жұмсалмақ.