Хабар телеарнасы

Жеті күн. 16 сәуір 2016

Сюжеты
1 Қазақстан мен Иран байланысының жаңа кезеңі басталды 2 Қазақстан-Иран арасындағы экономикалық байланыс артады 3 Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы арта бермек
4 Ислам ынтымақтастығы ұйымының ХІІІ саммиті өтті 5 Қазақстан Президентінің Өзбекстан Республикасына іс-сапары 6 Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифесіне әлем сарапшылары пікір айтуда
   
7 Еліміздегі геология саласындағы мәселелер    

1 Қазақстан мен Иран байланысының жаңа кезеңі

2 миллиард долларлық келісім. Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапары кезінде құны осынша болатын 66 құжатқа қол қойылды. Тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы, көлік-логистикасы секілді көптеген салаларды қамтыған жобалардың қай қайсы да салмақты. Санкциялар кезінде де Қазақстан Иранмен қарым-қатынасты үзген емес, ал осы күні соңғы кездері сәл құлдырап кеткен өзара сауда-саттықты ұлғайтуға ден қойылып отыр. Алты-жеті жыл бұрын алыс-беріс 2 миллиард доллараға иек артқан екен, демек, шындап кіріссек, мүмкіндік бар, қос тарап сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға уағдаласты. Тұтас Орталық Азияда тұратын адамдардың саны Иран халқынан аспайды, демек Парсы шығанағындағы бұл ел – көл-көсір нарық. Біраз уақыт бойы томаға-түйық күн кешкен сол нарыққа қазір талпынатындар көп. Ислам республикасымен байланыстарды байыптауға біздің ел де бейілді. Барыс-келісті көбейтуге «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржол магистралінің өзі-ақ сеп болып отыр. Жаңа бағыт ашылғанға дейін мәселен, Иран кәсіпкерлері өз тауарларын көбіне көп Қазақстанға жүк көліктерімен жеткізіп келді, теміржолмен жөнелтуге болар еді, бірақ ол қымбатқа түсті. 

Екіншіден, вагондар аз. Уақыттан ұтылғандықтан ба, көп шығын кеткендіктен бе, осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанмен жұмыс істейтін 200-ге жуық бизнесменнің 15-сі ғана өз кәсіптерін сақтап қалғаны туралы айтылған болатын. Енді байланыс қайта жанданды. Қазір кедергі жоқ, керісінше мүмкіндік ұланғайыр. Қос елді енді Каспий ғана түйістірмейді. Пойызбен, автокөлікпен қатынауға болады.

Талғат Уәли, тілші

-Бұл Саад Аббад кешеніндегі Джумхури сарайы. Кезінде Риза шах мұнда тек мәртебелі меймандарды ғана қабылдап отырған. Үрдіс бүгінге дейін жалғасыпты. Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің Нұрсұлтан Назарбаевпен осы жерде жолығуы бекер емес. 

Екі елдің байрағын көтерген Иранның атты әскері Президент кортежін сарайдың алдына әкелді. Нұрсұлтан Назарбаев көліктен түсе сала, Иран президентімен мұсылмандық ғұрып бойынша амандасты. Екі ел басшылары алдымен шағын құрамда кездесіп, Қазақстан мен Иранның сауда-экономикасын сөз етті. Алдағы уақытта қай салаларда алыс-беріс болатынын бір пысықтап алды. Одан кейін Президенттер кеңейтілген құрамда бас қосқан болатын. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Құрметті, Президент мырза. Құрметті, ирандық бауырлар. Сіздің шақыруыңызбен қонақжай Иран жеріне келгеніме қуаныштымын. 

Батыс елдерге экономикалық қылбұрау салған кезең Иран халқы үшін нағыз сынақ болды. Мұнайы мен газын еш мемлекет алмайды. Импорт пен экспорт тоқтады да қалды. Кей мемлекеттер Ираннан сырт айналғанда, бауырлас қазақ елі арадағы байланысты үзген жоқ. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері, біз Иранмен ешбір қатынасты үзген жоқпыз. Жоғары деңгейде ұстадық. Қанша жағдайда қарсылық, эмбарго болса да, Қазақстан Иранға деген көңілін ешқашан бәсеңдеткен жоқ. 

Қазақстанның бұл қадамын Иран билігі жоғары бағалайды. Мұны президент Хасан Рухани кездесу барысында бірнеше мәрте айтты. 

Хасан Роухани, Иран Ислам Республикасының Президенті

-Қазақстан әрдайым бізге жақын болды. Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қол ұшын созып келеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің елге жасаған сапары қарым-қатынастарымызға тың серпін беретініне сенімдімін. 

Елбасының ресми сапары аясында сотталғандарды еліне беру, өсімдіктерді қорғау, ғылым және жаңа технологиялар, өнеркәсіп, кеніштерді игеру, Жібек жолы бойынша ұзақ мерзімді келісім мен банк саласындағы өзара түсіністік, теміржол компаниялары арасындағы өзара түсіністік туралы құжаттарға қол қойылды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-66 екіжақты құжатқа қол қойылды. Жалпы соммасы 2 млрд доллардан артық. Оның үстіне тау-кен металлургия, ауыл шаруашылығы саласында, транспорт-логистика, туризм, ғылым-білім, медицина саласында қол қойылды. 

Иранға салынған санкциялары әлі толығымен алынған жоқ. Тек мұнай-газ бағыты бойынша эмбарго күшін жойды. Бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір ұтымды қадамын айтпасқа болмас. Көп ел Ираннан сырт айналып жатқанда, барлық санкцияларға қарамастан, Қазақстан теміржол төсеп тастады. Қазір біздің елден шыққан отарба Түркіменстанды басып өтіп, Иранның Бендер-Аббас портына еш кедергісіз бара алады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Көлік жүйесі бізге кедергі болып келді. Қазір айтайын дегенім, президент Роуханидің тікелей қатынасуымен біз Қазақстаннан Түркіменстан арқылы теміржол салдық. Иранмен Бендер-Аббасқа шығатын жол қазірдің өзінде Шығыс Қытайдан Иранға бірінші контейнерлік пойыз 12 тәулікте келді. Теңіз арқылы ол екі жарым есе уақыт алар еді. Сонымен теміржол, автожол Каспий теңізі арқылы бізге үш жақтан жол ашылды. Бұл экономиканың қарым қатынасын дамытады деп сенемін.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да қауіпсіздік мәселесін назардан тыс қалдырған жоқ. Маңызды мәселені сөз ету үшін Иран Ислам Республикасының рухани көшбасшысы Аятолла Әли Хаминимен де кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Екіншіден, біз өңірлік саяси жағдайды көп талқыладық. Біздің пікіріміз бір. Мына лаңкестік пен терроризмге қарсы күресті бүкіл дүние болып, бірігіп жасау керек. Себебі ол бәрімізге қауіп. Лаңкестік дегенді мұсылмандықпен бірдей деп санауға біз күрес жүргізуіміз керек. Ол үшін Ислам бірлігін сақтауымыз керек. Біздің ойымызша, Сауд Арабиясы мен Иран арасында ешқандай түсінбеушілік болмау керек. Ол мәселені келіссөздермен өткізуге болады деп санаймыз. 

Бауырлас елмен банк саласында да бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев та Иранның орталық банкі басшысымен ортақ құжатқа қол қойды. 

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы

-Ұлттық банк Иранның орталық банкімен бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат арқылы ақпарат алмасуға мүмкіндік болады. Мәселен, ирандықтар Қазақстанда банк ашқысы келсе, біз сол банктің құрылтайшысы жөнінде кеңірек ақпарат ала аламыз. 

Иранмен алыс-берістік ауыл шаруашылығы саласында болмақ. Асылжан Мамытбеков бірлескен құжатқа қол қойды. Енді Қазақстан Иранға қарай экспортты арттырмақ. 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі

-Иранның халқы көп. Оның тұтыну қабілет өте жоғары. Жоғарлап келе жатыр. Сондықтан жылдан жылға бидай, арпа, майлы дақылдар, одан басқа қазір біз ет өнімдерін де Иранға экспорттауға жұмыс істеп жатырмыз. Одан басқа бағыт Иран бизнесі Қазақстанға инвестиция салып, ары қарай Ресей нарығына сатпақшы, Қытай нарығына сатпақшы.

Қазіргі уақытта Ираннан Қазақстанға келіп кәсібін дөңгелетіп жүрген бизнесмендер бар. Арман Джавидиян – солардың бірі. Өз жерлестерін біздің елге шақырған кәсіпкер: «Қазақстан – инвесторлар үшін жұмақ мекен», – деді.

Арман Джавидян, кәсіпкер /Иран/

-2014-ші жылы Алматыда жылқы бордақылайтын кешен аштым. Енді ет комбинатын салсам деген жоспарым бар. Мен Қазақстан Үкіметінің инвесторларға жасап отырған көмегіне өте ризамын. Қазақстандықтарға қандай жағдай жасалса, бізге де дәл солай. Енді еңбек ету керек. 

Ирандықтар Қазақстанмен тау-кен саласында да жұмыс істеуге ниетті. «Екі елдің де жер қойнауындағы байлықтарды бірге зерттеп, табысқа кенелу баршаға тиімді», – дейді олар.

Бахман Садихи, кәсіпкер /Иран/ 

-Біз баламалы қуат көзін алумен айналысамыз және мұнай өңдеу зауыттарымыз бар. Компаниямыз әлем бойынша 39-шы орында. Геологиялық барлау саласында бірлесіп жұмыс істесек деген ниетіміз бар. Қазақстанда 4 зауыт салсақ деп ойлаймыз. 

Біздің елдің кәсіпкерлері де сырт қалып отырған жоқ. Ирандық әріптестерімен белгілі бағыттар бойынша жұмыс істеп, табыс тапсақ деген ниеті бар.  

Махмұт Нәлібаев, кәсіпкер

-Қостанай өңірінде алғашқылардың бірі болып, мұнай өнімінің бар екенін тапқанбыз. Одан басқа мыс кеніші орындары бар. Алтын кеніші бар. Соларды бірге жұмыс жасауға жаңа біраз келісімге келіп жатқан жағдайымыз бар. 

Ал Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев: «Ирандық әріптестерімен қарым-қатынасты үзбейміз», – дейді. Керісінше барлық келіссөздердің толық жүзеге асуын жіті қадағаламақ.  

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі

-Машина құрастыру, көлік логистикасы мен жаңа технологияларға ирандықтардың қызығушылығы жоғары. Ирандық министр әріптесіммен үнемі хабарласып, жағдайды қадағалап отыруға келістік. 

Бизнесмендермен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның экономикалық әлеуетін тағы бір мәрте еске салды. «Қазақстанға инвестиция әкелген кәсіпкер 180 миллион халқы бар нарыққа жолдама алады», – деді Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Вы знаете что Казахстан является членом ЭАС. Куда входит 5 государств. Между этими странами нет таможенных барьеров, экономических границ. Делая бизнес в Казахстане, вы получаете рынок Россий и Белоруссии, Кыргызстана и Армении. 

Жиынды қорытындалаған Президент өз еліміздің бизнесмендеріне де ақыл-кеңесін айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қазір мынадай жағдай. Қиын жағдай деп жатырмыз ғой мұнайдың. Барлығы қазір мұнайға қарай жүгіру деген жоқ. Ақшаның бәрі онда емес қазір. Ондай заман енді болмайды. Қазір осындай әр салада жұмыс істеу керек. 

Осылайша Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына жасаған ресми сапары толағай табыстарға толы болды. Енді тек орайлы мүмкіндікті қалт жібермей, қажырлы келіссөздерді пайдаға жарату керек. Ол әрине, бизнес қауымдастық пен сала басшыларының міндеті. 

Авторы: Талғат Уәли, Айдос Меделбеков, Жанұзақ Боранбаев

2 Қазақстан-Иран арасындағы экономикалық байланыс артады

Еуразиялық экономикалық одақ құрылғалы бері Иранның өзара ынтымақтастыққа мүдделі екендігі жиі айтылып жүр. Қазіргі кезде Ислам республикасының бірлестікке қосылған мемлекеттермен қарым-қатынасы жақсы. Астық пен жүгеріні, жүк көліктері мен орман материалдарын тасымалдайды, электр энергиясын алады, жеміс-жидекті,мұнай өнімдерін жөнелтеді. Жоспар жүзеге асса, Иран өз тауарларын алып, нарыққа экспорттайды. Сондай-ақ сарапшылар: «Санкциялардан босаған Парсы шығанағындағы ел бүгінгі күні өзіне геосаяси тұрғыдан кедергі келтірмейтін, шарт қоймайтын сенімді серіктес іздейді», – дейді. 

Берікбол Дүкеев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері

-Иранның Еуразиялық экономикалық одаққа қызығушылық танытуы ең алдымен ашылатын нарықтар, мүмкіндіктеріне байланысты, себебі ЕЭО өзінің географиялық, нарықтық көлемі бойынша 170 млн адамды қамтиды. Соған орай Иран өзінің экономикасын диверсификациялау мақсатында нарықтарын кеңейту үшін ЕЭО маңызы зор. Және Қазақстан секілді мемлекеттер арқылы Иран өзінің бұл ұйымдағы қолдауын одан әрі арттыруға тырысады.

Екі ел қарым-қатынасына қайта оралсақ. Президент сапары кезінде Қазақстан-Иран іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Кәсіпкерлер соммасы 1 млрд долларға тең 50 келісімді жүзеге асыратын болып келісті. Тегеран төрінде өткен іскерлік кеңеске қос тараптан 200-дей компания қатысты. Ел экономикасына серпін беретін келісімдерге қол қоюға Қазақстан «ұлт чемпионы» ретінде танылған ең ірі, һәм беделді кәсіпкерлерді апарыпты. Сөйтіп екі жақ бірлесіп жұмыс істеуге, ауқымды, пайдалы жобаларға қомақты қаржы құюға уағдаласты. 

Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы

-Бұл келісімдер ирандық компаниялардың Қазақстан экономикасына инвестиция құюын қарастырады. Инвестициялардың басым бөлігі, әсіресе ирандықтар жетістікке жеткен мұнай-химия өндірісіне қатысты болады. Біз осы жылдан бастап осы ірі жобаларды бірігіп жүзеге асырамыз деп үміттенемін. 

Иран санкциядан босаған бетте Қазақстанмен саяси, экономикалық қатынасты тереңдетті. Оған негіз – мемлекеттегі тұрақтылық. Еліміздің халықаралық аренада сенімді серіктес ретінде танылуы, мойындалуы. Тағы бір себеп, қазақ жері инвесторлар үшін жайлы мекен. Дәлел келтірсек, жер, мүлік, ұжымдық табыс салығы да Ресеймен, Қытаймен салыстырғанда айтарлықтай төмен. 2015 жылдан бері, металлургия, машина жасау, мұнай-химия саласына ақша салған инвесторлар бірқатар салықтан босатылады. Инфрақұрылымы сақадай сай жер учаскелерімен де қамтамасыз етіледі.

Берікбол Дүкеев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ғылыми қызметкері

-Инвестициялық тұрақтылық бар Қазақстанда. Бизнес жасау ыңғайлылығы бойынша ДОИНГ бизнес индексі бойынша 41 орын иеленеді. Және соңғы уақытта оның позициялары артып келеді. Сондықтан тек Иран емес, басқа мемлекеттерден де бізге инвестиция көлемі артып келеді.

Екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға әл-ауқаты жетеді. Алайда біз мүмкіндіктерді толық пайдаланып жатқан жоқпыз. Бұл пікір Иран тарапынан тең төрағалық еткен Амир Абедикі.  

Амир Абеди, Қазақстан-Иран Іскерлік кеңесінің тең төрағасы 

-Біздің елдер арасындағы ынтымақтастық көкжиегі өте кең. Әрі бұл әріптестіктің келешегі де зор. Бірақ бұл мәселеде асығыстық танытудың қажеті жоқ. Әр басқан қадамымызды өлшеп, сапаға басымдық бергеніміз жөн.

Сонымен кей келісім шарттарға тоқталсақ. Мәселен, «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясы ирандық үш мегахолдингпен бірлесе жұмыс істемек. Олар мыс, темірдің жаңа кеніштерін ашпақ. Іздеуді биыл бастайды. 

Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» АҚ Басқарма төрағасы

-Біздің әріптестер егер ірі кен орындары табылса, 400 млн долларға зауыт салуға дайынбыз деп отыр. Жаңа кеніштерді моноқалалардың маңынан іздейміз. Яғни болашақта зауыттар салынса, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев сияқты қалалар жанданады.

Ал Қызылорда қаласында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт бой көтермек. Астын сызып айту керек, Қызылорда облысы – еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда, Иранмен тығыз қарым-қатынас жасайтын өңір. Сыр халқы Парсы шығанағындағы жұрт үшін күріш, майлы, дәнді дақылдардың сортын таңдап өсірмек. Қармақшы жеріне екі тарап бірігіп, алып құс фабрикасын салмақ. Құрылысын жыл соңына дейін тәмамдап, өнімінің 70 пайызын елге үлестіреді. 30 пайызын Иранға, Ресейге экспорттайды. Жоспарлары осындай.

Нұрлан Іздібаев, кәсіпкер

-Оның қуаттылығы жылына 1 млрд теңгеден асатын бағаға бағаланып отыр. Келешекте 2 мың тоннамен шектелмей, әрі қарай өркендетіп, 10 мың тоннаға дейін ет бағытындағы құс асыраймыз деп отырмыз. 

Былтыр Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 700 миллион долларды құраған. Ойға алған жоспарлар жүзеге асса, бұл сомма еселенеді. Тағы бір жайт, Иранның 80 миллион тұрғыны біздің елде ғана өсетін қатты бидайға мұқтаж. Біз де олардың кепкен жеміс-жидегін, құрмасы мен мандаринін жаман көрмейміз. Сондай-ақ жазға салым Иран нарығына ай сайын 150 тонна ет те жөнелтуіміз мүмкін.

Бауыржан Бақшилов, Continent Trading компаниясының директоры

-Иранда азық-түлікке қойылатын талаптар өте жоғары. Біз оларға ет экспорттау үшін ирандықтар алдымен зауыттарымызды мұқият тексеріп, тіркеуден өткізеді.

Бұл Еркебұлан Илиясов. Аlageum electric компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы. Іскерлік кеңесте құны 2 миллион долларлық меморандумға қол қойып келді. Яғни Аlageum electric компаниясы Иранды Кентаудағы, Оралдағы трансформатор зауытының өнімімен қамтамасыз етеді. Зауыттар ирандықтарға тиесілі талаппен трансформаторларды қайта жабдықтап жатыр.

Еркебұлан Ілиясов, Alageum Electric компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы

-Талаптарының бірі трансформаторды алюминий емес, мыстан жасау керек. Енді біздің бүгінгі күнде зауыттар қондырғыларды жаңа технологиялардың арқасында трансформаторды алюминийден де, мыстан да жасауға мүмкіндік береді.

Орал қаласындағы зауыттың жылына 12 мың трансформатор жасауға мүмкіндігі бар. 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дайын өнімнің 90 пайызы Ресейге экспортталады. 10-20 пайызы ішкі нарықта сатылады. Иран трансформаторды Түркия мен Қытайдан алып, тұтынатын. Кенеттен бізге көңіл бұруы трансформатордың бағасы мен сапасына байланысты.

Еркебұлан Ілиясов, Alageum Electric компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы

-Ол бағамыздың тиімділігін айта кетсек, біз мыс және алюминий шикізатын Қазақстаннан аламыз. Алюминийді Шымкенттен, Оңтүстік Қазақстан облысынан, мысты Қарағанды облысынан аламыз. Және басқа қара металлды айтсақ, оны Қарағандыдағы Теміртаудан алып келеміз.

Айтпақшы, Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолының ашылуы жүк тасымалын жеңілдетті. Аlageum electric Иракқа трансформатор жөнелткенде, Өзбекстан-Түркіменстан-Иран шекараларынан түрлі кедергілерден өтіп, жүк 2 айда әзер баратын. 

Енді 1-шілдеден бастап, бір вагон трансформатор Иранға Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолымен 5-7 күнде жетпек. Айтпақшы, іскерлік кеңес әуе жолдарының мәселесін де шешті. Қазіргі таңда қос мемлекет арасында аптасына 14 рет ұшып-қонуға рұқсат бар. Ал маусымның екісінен бастап, «Эйр Астана» компаниясының аэробустары аптасына үш рет тұрақты қатынап тұрады.

Салтанат Томпиева, ҚР ИДМ Халықаралық қатынастар және авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы

-Жолаушылар үшін тариф бірдей болады. Біз Иранды Қытайдың, Ресейдің ішкі қалаларымен байланыстыруды да жоспарлап жатырмыз. Бұл транзит ағымы артып, ұшатын туристер де, бизнес өкілдері де көбейеді деген сөз. 

Хамид Гадими, Air Astana АҚ Ирандағы өкілі

-Барлығы нарыққа байланысты. Егер Тегеранға бару үшін Астанадан Алматыға жол жүретін жолаушылар саны көп болса, онда елордадан тікелей қатынайтын рейстерді ашуға себеп болады.

Екі ел визалық жүйені жеңілдетуді қарастырып жатыр. Бұл мәселе шешім тапса, туризмнің де, сауданың да, іскерлік қарым-қатынастың да дамуы қарқын алады.

Авторлары: Мақпал Мадиярова, Сәбина Сексембаева, Азамат Сәметов

3 Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы арта бермек

Ираннан кейін Елбасы Түркияға барды. Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті басталмас бұрын Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар кездесулер өткізді. Қос елдің ендігі мұраты – өзара тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Күрделі кезеңге қарамастан, қазіргі жағдай да жаман емес. Бірақ екі елдің басшылары алыс-берісті одан бетер арттыруға келісті. 

Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған осыдан тура бір жыл бұрын Астанаға келген. Үш сағат бойы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге ынтымақтастық жайын талқылап, содан соң бизнес форумға қатысқан болатын. Іскер қауым бас қосқан жиында 1,3 миллиард доллардың құжаттары бекітілген еді. Осы жолы ел басшылары әуелі сол уағдаластықтардың орындалу барысын қарастырды.

Жергілікті компания жетекшілерімен кездесуінде Елбасы бизнеске жасалған жағдай жайында көп әңгімеледі. Салық пен виза жағынан қолдау көп. Жер бөлу, инфрақұрылым тарту жолға қойылған. Жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстанның орны жақсарып келеді. Осы сынды оң өзгерістер түрік кәсіпкерлерін бейжай қалдырмағаны хақ, олар елімізде іс жүргізуге ықыласты екенін айтты. Бауыр, дос, һәм стратегиялық әріптес. 

Анадолы мен Ұлы дала елі бүгін бір-бірін осылай құрметтейді. Тарихы тамырлас екі мемлекеттің арасында еш түсініспеушіліқ жоқ. Керісінше, қолдауы көп елдер. Көшбасшылардың қашан да жылы жүзбен жүздесуі сондықтан. Бұл жолы да солай. Атажұрттан ат терлеткен ағайынды мұнда құшақ жая қарсы алады. 

Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесудің жөні бөлек. Қазір геосаяси ахуал ушығып тұр. Сириямен шекарадағы шиеленісті айтпағанда, Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынаста кикілжің көбейді. Қазақ елі бұл қырғи-қабақ қақтығыстың бейбіт шешілуін қалайды. Сондықтан экономикалық-инвестициялық ахуалдан бұрын, бұл кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер көп айтылғаны хақ. Ондай түйткілдің қатарына Таулы Қарабақтағы жағдайды да жатқызуға болады.

Сарапшылар екі ел басшысының әуелі осы мәселелерге назар аударғанына сенімді. Бұдан бөлек, қазақ-түрік қатынасының перспективалары сөз болды. Түркиямен экономикалық ынтымақтастық көбіне құрылыс пен қызмет көрсету саласында қарқынды болса, енді Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоған алдағы басымдықты шағын және орта бизнеске беру мәселесін алға тартты. Былтыр Қазақстан ДСҰ-ға мүше болды. Демек сауда-саттық енді қарқын алады деген сөз. 

Мұхтар Ыбырайым, тілші

-Түрік бауырлар қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Елдегі лаңкестік пен  іргелес жатқан Сириядағы ахуал, террорлық топтарымен күрес. Осының барлығы толағай табыс әкеліп отырған туризмнің дамуын бәсеңдетті. Оның үстіне экономикалық дағдарыс қыспаққа алды. «Қазіргі уақыт күрделі болғанмен, Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасына еш кедергі жоқ», – дейді сарапшылар. Бүгінгі күнгі 2 миллиард долларлық сауда-саттықты 10 миллиардқа жеткіземіз деген қос президенттің уағдасы соның айғағы болса керек. Келісім бар, ендігі кезек кәсіпкерлерде.

Кәсіпкерлер кідіріп қалмақ емес. Инвестициялық қарқыны бұрыннан қуатты. Түркі капиталының қатысуымен елімізде 1600 кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Тағы қыруар қаржы құюға бауырлас елдің бизнесмендері білек сыбанып отыр. Осы күндері Ыстамбұлда 500 млн доллардың 20 келісіміне қол қойылды. Іскерлер дамудың даңғыл жолында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Соңғы 10 жылдағы экономикадағы Түрік бизнесінің инвестициясы 2 млрд долларға жетті. Өткен жылы үздік 10 шетелдік компаниялардың ішінде 3-і түріктің компаниясы болды. Қазірдің өзінде Қазақстан мен Түркияның бірлескен 91 жобасы іске асуда. Оның жалпы құны 3 млрд долларға жақын. 

Ulker Group, Turkuaz, Yildirim Holding. Ұзын саны 25 жетекші компанияның басшысы Елбасымен сұхбаттасты. Серіктестіктің аясын кеңейту – басты мұрат. «Әсіресе көлік логистикасының әлеуеті зор», – деді Мемлекет басшысы. Түрік кәсіпкерлерін төрт тарапты байланыстырып тұрған қазақтың транзиттік мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Түркиядан Грузияға баратын Карса Халяфи жолы бәріміз үшін тиімді. Биыл ашылады деп маған айтты. Барлық елдердің көлік министрлері бірігіп, бір ұйым жасауымыз керек. Бұрынғы жолдардан өте тиімді қарым-қатынас. Кавказ арқылы Каспий теңізіне келу, одан кейін Қытайға шығу, біздің өңірге шығу тиімді болады. Мен білемін оны. Сондықтан тарихы терең бұрынғы Жібек жолы арқылы біз қарым-қатынасымызды дамытатын боламыз.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері өз алдына, Еуразиялық экономикалық одақ арқылы нарықтың да кеңейгенін біледі мұндағылар. Тіпті одан пайдаға кенелгендер көп. Өнімін бес елге бірдей саудалайтын мүмкіндік берілуде. 

Фатих Узуноглы, Galaksi Group компаниясының төрағасы

-Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіп, ең тиімді шарттар ұсынуда. Бұл мүмкіндіктер түрік кәсіпкерлерін айтарлықтай ынталандырып отыр. Түркиядағы әріптестерімізді Еуразиялық экономикалық одақтың кең нарығы қызықтырып жатыр.

Өмер Джихад Вардан, ТР Сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі Кеңестің төрағасы

-Қазақстан Президентімен маңызды кездесу өтті. Нәтижесінде алдағы күндері түрік кәсіпкерлері Қазақ еліне қомақты инвестиция салатын болды. Бұл Түркия мен Қазақстанның сауда-экономикалық, іскерлік байланыстарын нығайтады деп есептейміз.

Жақын болашақта түрік капиталының қатысуымен елімізде тағы бірқатар нысан бой көтереді. Оның ішінде фармацевтикалық нысан да бар. Жылына кем дегенде 1 млрд таблетка шығаратын зауыт салу жоспарда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Қазақстан өзіне керекті дәрі-дәрмектің 70-80 пайызын 800-млн долларға сырттан әкеледі. Сондықтан дәрі-дәрмек Қазақстанда шығарылатын болса, сіз айттыңыз 1,5 млрд таблетка жылына деп, бұл бизнес бізге керек. Бізге де, сізге де пайдалы. 

Бұған қоса, кілем, киім-кешек, химия пен тамақ өнеркәсібі өрге баспақ. Тіпті xром өндірісінің көшбасшысы саналатын «Йылдырым» компаниясы металлургия зауытын салып беретін болды. 

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы 

-«Йылдырым» – өте үлкен компаниялардың бірі. Олар мына шикізат саласында, металл өндіру саласында қазір Хромтауда өзінің үлкен 500 млн АҚШ долларына жуық инвестиция салған мекемесі бар. Содан әрі қарай тағы да металл өңдейтін зауыт салатынын айта кетті.

«Йылдырымның» жұмысы мұнымен шектелмейді. Қазақстанда іске асыратын жобалары көп. Компания президенті келешекке жоспары туралы біздің арнамызға арнайы сұхбат берді. 

Юксел Йылдырым, Yildirim Group президенті 

-Біз өндіріс, металлургия, энергетика мен логистикаға инвестицияны күшейтуді жоспарлап отырмыз. Қазақстан Президенті кездесу барысында біздің жоспарымызды қолдайтынын айтты. Осы күнге шейін қазақ тарапынан ешқандай тосқауыл болған жоқ. Серіктесіміз өзара тиімді жалғасын табады деп сенеміз. 

Бұдан бөлек, құны 2 млрд долларды құрайтын тағы 60 келісім қаралуда. Қысқа мерзімде жүзеге асыру жоспарда. Дені индустриялық-инновациялық бағдарламаға енсе игі. 

Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның Түркиядағы елшісі 

-Түркия кәсіпкерлерінің Қазақстанға деген қызығушылығы және Қазақстандағы химия, текстиль, туризм және ауыл шаруашылығы саласындағы объектілердің ең іргетасы деп атуға болады. 

Ерлан Хайыров, ҚР ИДМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің төрағасы

-Түрік компаниялары Қазақстанда жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті. Елде бұрыннан жұмыс істеп жүрген компаниялар да көп. Оларды қызықтырып отырғаны  инвестициялық климаттың қолайлылығы. Алдағы уақыт серіктестік тек нығая бермек. 

Енді бұл жобалардың көп ұзамай орындалуы мемлекеттік органдардың еншісінде. Қазақ тарапы маңдай термен келген келісімдерді орындауға бірден кірісері xақ. Президенттің қойып отырған басты талабы да осы.

Ахмет Будан, кәсіпкер /Түркия/

-Түрік инвесторлары үшін Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінің мәні зор. Біздің компания Қазақстан нарығында 15 жылдан бері қызмет етуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында автожол салумен айналысып келеміз. Сондықтан Қазақстанда кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау жоғары деп сеніммен айта аламын. 

Халили Улуер, кәсіпкер /Түркия/

-Қазақстан Президенті – түрік әлемінің ірі тұлғасы. Анадолы халқы оны ерекше құрметтейді. Түрік іскер топ өкілдерінің Қазақстанда табысты еңбек етуі, экономиканың барлық салаларында бой көрсетуі сыйластықтың бір парасы ғана. 

Түркияға сапар бірталай кездесуге ұйытқы болды. Іскерлік әріптестікті алға жылжытып болған соң, Нұрсұлтан Назарбаев ескі досымен де қауышты. Анадолы елінің он бірінші президенті Абдулла Гүлмен жүздеспей кету мүмкін емес. Оның түркі тілдес елдердің арасын жақындатуға ықпал еткен Қазақ басшысына деген құрметі ерекше. Өзі ел басқарған жылдары Қазақстан мен Түркия байланысын нығайтуға ерекше күш салды. Ең жиі сапарлаған елдерінің тізімінде Мысырдан кейін біздің мемлекет тұр. Елбасының Түркияға бұл жолы сапары ықпалдастықты арттыруға тың серпін береді деуге толық негіз бар. Қазақ-түрік қатынасы жаңа деңгейге көтерілмек. Алда жаңа келісімдер, жаңа жобалар көп.

Авторлары: Мұхтар Ыбырайым, Ержан Жүніс, Жұмағали Біргебаев, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев, Руслан Жәкеев

4 Ислам ынтымақтастығы ұйымының ХІІІ саммиті өтті

Ислам Ынтымақтастығы ұйымының саммиті қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоған мұсылман әлеміндегі татуластық жөніндегі бірлескен декларация қабылады. Құжатта аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу, дауларды шешу жолында сындарлы ұстанымнан айнымау, мемлекетаралық дауларға ревизия жүргізу секілді мәселелер айтылады. Кейін саммитке қатысушылардың бәрі декларацияны құптады. 

Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары 

-Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия басшысы Реджеп Тайип Ердоған қол қойған декларация тек Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдерге ғана жолданып отырған жоқ. Мұсылман мемлекеттеріндегі түйткілдерден бөлек, мысалы, қазіргі таңда таулы Қарабақтағы жағдай, Сирия дағдарысы секілді мәселелер бар, құжат осы тектес кикілжіңдерді саяси дипломатия жолымен шешуге үндейді.

Ал Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев барша мұсылман қауымына төнген ортақ қауіп ретінде ішкі жанжалдар мен қақтығыстарды атады. Мәселен, ұйымға мүше 57 елдің 11-нің басына бұлт үйіріліп, берекесі қашып тұр. Ливия мен Сирияның ойраны шықты. Соғыс Иракты есеңгіретіп кетті. «Ислам әлемі суннит және шиит болып екіге бөлінудің алдында. Бұған жол бермеу керек», – деді Қазақстан басшысы. Айпақшы, Қазақстанның көптеген бастамалары саммиттің қорытынды құжатына енді.

Бұл күндері әлем жұртшылғы Ыстамбұлға көз тікті. Шаһарда күллі ислам әлемінің болашағы талқыланды. Ислам дінінің діңгегі саналатын араб елдерінің корольдері, Таяу шығыстан Азияға дейінгі аймақты алып жатқан мұсылман үмбеті мен игі бастамалардың басында жүрген Қазақстан көшбасшысы осында. Ұзын саны 56 елдің өкілі бас қосты. Саммиттің өзектілігі артып тұр. Терроризм мен экстремизмнің белең алуы, мұсылман елдеріндегі алауыздық пен тұрақсыздыққа көпшілік алаңдаулы. Көкейкесті мәселені шешудің жолдарын Қазақстан мен Түркия басшылары бірлескен декларацияда ұсынды. Саммит қарсаңында қабылданған құжат 8 тармақтан тұрады. Қос ел президенті халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға және достық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған қағидаттарды берік ұстанатынын растады. 

«Мемлекеттер шекараларының мызғымастығы, аумақтық тұтастық пен егемендікті құрметтеу, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау, мемлекетаралық қатынастардағы даулар мен қақтығыстарды бейбіт келіссөздер арқылы шешу жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының басты қағидаттарын растаймыз».

Екі ел президенттерінің бұл үндеуі саммит қатысушыларына жолданды. Ұсыныстар барлық елдердің тарапынан қолдау тапты. Құжаттың жай-жапсарын Елбасы ИЫҰ-ның бас хатшысы Ияд Амин Маданимен де пысықтады. 

«Жаһандық түйткілдердің басым бөлігі мұсылман елдермен байланысты. Сондықтан саммит дер кезінде шақырылып отыр», – деді Президент. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Өте маңызды жиналыс болайын деп отыр қазіргі қиын жағдайда. Дүниеде болып жатқан ахуалға жауап беру үшін дәл уақытысында шақырдыңыз, біз қолдаймыз! Барлық дайындалған шешімдер, жобалар, барлығын Қазақстан қолдайды. Мен  Түркия президентімен Мұсылман әлемін бірлікке шақырып, әдейі жолдау жасап отырмын. 

Декларацияны жиынға қатысушылар құптады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бастамалары ислам әлемін татулыққа бастайды. Алауыздыққа жол бермей, ауызбіршілікті сақтауға шақырып отыр. 

Аккан Сувер, Marmara Grubu стратегиялық зерттеу орталығының төрағасы

-Ислам ынтымақтастығы ұйымының ХІІІ саммитіне жиылған мемлекет және үкімет жетекшілері Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған мен Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ислам әлеміндегі татуластық жөніндегі 8 тармақтан тұратын бірлескен декларациясы негізінде алқалы жиынның қорытынды құжаты дайындалды. Онда ұйымға мүше елдерді ауызбіршілікке шақырып, қордаланған мәселелерді тек бейбіт жолмен реттеуге басымдық берілген. Бұл ретте, дінаралық және конфессияаралық диалог үшін бірегей алаңға айналған Қазақстан өшпенділік пен экстремизм идеологиясына қарсы толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру жолында әлем елдеріне керемет үлгі көрсетіп келеді. 

Жиында Таяу Шығыс, Африка мен Азия құрлығындағы әскери-саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кеңінен қаралды. «Бұл мәселелерді бейбіт диалогпен шешу керек», – дейді сарапшылар. 

Жаһандық мәселелерге қатысты ұсыныстарын Қазақстан да ортаға салды. Елбасы көпшілік алдында сөз сөйледі. Бірақ бұл сессия жабық есік жағдайында өтті. Президенттің пікірінше, мұсылман әлеміне төніп тұрған қатерлердің дені ішкі қақтығыстармен байланысты. Қазір Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 11 ел түрлі қиындықтарды бастан өткеруде. Сунниттер мен шиіттер шиеленісінің өзі – үлкен қауіп. 

Әшірбек Момынов, дінтанушы

-Суниттік, шиіттік бөлініс соңғы уақытта күш алып бара жатыр. Оның негізінде әскери блогтар құруды жоспарлап жатыр. Біз қабыл етіп болмайтын, жамандыққа, соғысқа, ислам мемлекеттерін ыдырауға алып баратын әрекет екенін Президентіміз атап өтті. Бұны тоқтату қажет. 

Жағдайдың күрделенуіне себеп болған басты фактордың бірі – терроризмнің өршуі. Ұйымға мүше 15 ел лаңкестіктен зардап шегуде. Терроризм мен соғыстың салдарынан босқын атанып, босып кеткендер қаншама. Бұл мәселелерді шешуде ИЫҰ-ға мүше елдердің басшыларына зор үміт артылуда. 

Фарух Питафи, журналист /Пәкістан/

-Мұсылман әлемін қазір терроризм мәселесі алаңдатып отыр. Жағдай өте тұрақсыз, бейбіт тұрғындар қаза болуда. Сондықтан бұл саммиттің маңыздылығы зор. Ислам елдерінің басшылары бір үстелдің басында бас қосып, түйткілді тарқатудың амалдарын іздеп көрмек. Бұл Түркиямен бірге бейбіт бастамалдардың басы-қасында жүрген Қазақастан үшін де маңызды. 

Қазақстан ұйым шеңберіндегі міндеттерді толығымен атқарып келеді. Көптеген елдердегі жанжалдарды реттеуге атсалысты. Мәселен, Ирактағы бітімгершілік миссияға белсене қатысты, Ауғанстанға көмек қолын созды. Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі проблеманы шешуде белсенділік танытты. Бейбітшілік миссиясы мұнымен шектелмек емес. Нұрсұлтан Назарбаев саммит барысында тағы да бірқатар бастамалар көтерді. Исламдық инфрақұрылымдық интеграция жобасын әзіреуді ұсынды. Келер жылы Астанада ұйымның ғылым мен теxнологиялар жөнінде саммитін өткізуге шақырды. 

Әшірбек Момынов, дінтанушы

-Қазақстан бұл жиынға қатысып қана қоймай, өзінің бастамаларымен келді. Өзінің жұмыстар істеуге, нақты ұйымдар құрып, олардың жұмысын басқаруға қызығы бар екенін көрсете алды.

Қазақстан Таяу Шығыста ядролық қарудан еркін аймақ құруды қолдайды. Жойқын қарудан ада әлем қалыптастырып, терроризмді жою – Қазақ елінің ізгі арманы. Ол үшін исламның атын жамылып жүрген бүлікші топтарға тойтарыс берудің мәні зор. Қазақстан ұсынысы бойынша кешенді шаралардың дені осыған бағытталуы тиіс. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Тағы бір мәселе – терроризмді исламнан ажырату. Мұсылман діні – дүниеге ең соңғы келген әділ дін. Біз үздік екенін білеміз. Оны дүниеге дәлелдеу үшін мұсылман еліне жұмыс жасауымыз керек. Статистика бойынша, терроризм шабуылдары мұсылман елдерінен көп. Бізге мұндай түсінікті жойған жөн, «Ислам терроризмге қарсы» үндеуін қабылдап, сол арқылы үмбет деңгейін көтеру керек. Өзі де солай. 

Саммит алаңдарында Елбасы бірқатар кездесулер өткізді. Сауд Арабиясының Королі Салман бин Әбдел Әзиз әл Саудпен түрлі салалардағы ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады. 

Президент Ислам мемлекеттерімен серіктестікті нығайтуға атсалысып жүрген Беларусь басшысымен кездесті. Байқаушы статусына ие Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевпен сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытудың негізгі бағыттарын талқылады. 

Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған Ұлы дала елінің бірқатар бастамаларын Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері қолдады. Тіпті саммиттің қорытынды құжаты коммюникеге енгізді. Қақтығыстарды реттеуде исламдық татуласу үрдісін енгізу қолдау тапты. Бұдан бөлек, саммит Астанада Азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде ислам ұйымын құру бастамасын құптады. 

Сирия дағдарысын реттеу мен бейбітшілік орнатуға бағытталған қазақ елінің еңбегін бағалады. Бұл – ұйым дамуына біздің елдің қосқан үлесінің бір парасы ғана.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Мұxтар Ыбырайым, Жұмағали Біргебаев, Хасен Омарқұлов, Алмаз Омарғалиев, Руслан Жәкеев

5 Қазақстан Президентінің Өзбекстан Республикасына іс-сапары

Елбасының бес күндік турнесі Ташкентте түйінделді. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен кездесті. Өзара ынтымақтастықта талқылайтын мәселе көп. Екі елдің басшылары солардың негізгілері жайында пікір алысты. Қазақстан мен Өзбекстан сауда-саттық өсіруге, инвестициялық байланысты дамытуға мүдделі. 

Сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздікке алаңдайды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов халықаралық терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы мен заңсыз көші-қон тақырыптарында пікір алысты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға Ислам Кәрімовтың шақыртуымен арнайы келді. Соңғы рет Елбасы Ташкентте 2013 жылы болды. Ол кезде екі ел арасында стратегиялық әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылды. Содан бір жылдан кейін өзбек басшысы Қазақстанға сапарлады. Екі ел арасында Мәңгілік достық туралы шарт рухында өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылыс жасады. 

Осылайша Қазақстан мен Өзбекстанның әріптестігі мен аймақтағы ықпалы жыл санап күшейіп келеді. Десе де, тасадан төніп тұрған қауіп-қатердің сипаты да өзгеріп, олармен күрес жолдары да күрделене түсуде. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен террорлық шабуылдар екі елді де алаңдатуда. Қазақ көшбасшысының жаһандық қауіпсіздік саласындағы тәжірибесі мол. Бұл факт Елбасының Вашингтондағы ядролық саммитінде, Түркия мен Ирандағы сапарлары барысында да жиі айтылды. Өзге мемлекеттер лидерлері Нұрсұлтан Назарбаевтан теріс пиғылды терроршылармен күрес және қауіпсіздік саласы турасындағы пікірі мен ұстанымдарын тыңдады. Ташкенттегі кездесуде де осы мәселелер әңгіменің өзегіне айналды. Президенттер төс қағыстырып, бір-біріне деген үлкен сыйластық пен ыстық ықыластарын білдіргеннен кейін, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға көшті. Елбасы ең алдымен екі елдің тарихи жақын, бауырлас халық екендіктерін тілге тиек етті. Достастық, татулық пен бірауыздылық арқасында бірлесе жеткен жетістіктерге тоқталды. Әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және қауіпсіздік саласындағы ықпалдастықтарын сөз етті. Қос тарапты стратегиялық дамудың тиімді тұстарын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Я горжусь своей дружбой с Вами и дружбой казахского и узбекского народов. Цель состоит в том, чтобы укрепить эти отношения, взаимное доверие и передать следующим поколениям. От имени всех казахстанцев желаю узбекскому народу процветания и успехов.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қазақ көшбасшысына шақыруды қабыл алғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ қазіргі кезеңнің аса күрделі екенін жеткізді. Экономикалық қысылтаяң шақта, әрі теріс пиғылдылардың әрекетінен қауіп күшейген кезде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ортақ мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастырудың аса маңызды екендігін тілге тиек етті.

Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының Президенті

-Біз өмір сүріп жатқан қазіргідей күрделі кезеңде дәл осы қасиеттер қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары қазіргі жағдайда дұрыс шешімді бірлесіп іздеу жолында пікір алмасу үшін де маңызды. Әлемдік экономикада дағдарыс жалғасуда, дүние жүзінің ешбір мемлекеті қиындықтан кенде емес. Біз дұрыс жолмен жүріп, әрдайым бағытымызды бірлесе байыптап отыруды қалаймыз.

Азия құрлығында террорлық шабуылдар көрсеткіші батыс мемлекеттерге қарағанда төменірек. Десе де, лаңкестердің амбициясы барған сайын күшейіп келеді. Тіпті Кәрі Құрлық пен Америка секілді азулы алыптар билігі радикалды топтармен күресте әлсіздік танытуда. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандық ахуалға баса назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Время такое, когда геополитические моменты настолько сложны. Все большие игроки, как Россия, Китай с интересом следят за нашим сотрудничеством. Я горжусь своей дружбой с Вами и дружбой казахского и узбекского народов. Цель состоит в том, чтобы укрепить эти отношения, взаимное доверие и передать следующим поколениям.

Таяу Шығыс пен Еуропадағы террорлық актілер және Ауғанстандағы шиеленістер толастар емес. Соңғысымен шекаралас Өзбекстан мемлекет ішіндегі діни экстремизм мен сепаратистік қозғалыстармен күресті күшейтіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. «Енді жетістікті бірлесе бекемдеп, аймақтық қауіпсіздікті нығайту керек», – дейді сарапшылар.

Сапарбай Жобаев, сарапшы

-Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы достық байланыс тарихи негізге ие. Себебі біз бауырлас мемлекеттерміз. Екінші, Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздік, аймақтың мәселелері де Өзбекстанмен шешпесе, басқа шешу жолы жоқ. Сондықтан Өзбекстан Президентінің Қазақстан Президентін шақырып, осы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар, мәдени байланыстар, мынау транспорттық байланыстар, жақында болатын ШЫҰ саммиті Ташкентте өтеді. Сонда көтерілетін мәселелер өте өзекті болып тұр. Біз көршіміз, бауырлас мемлекетпіз. Біздің әлемдік саясаттарымыз біркелікте, келісілген жағдайда жүруі керек деп ойлаймын.

Осындайды ескере келе, екі ел бірінші кезекте әскердің әлеуетін еселеуді көздейді. Террорлық әрекеттерден қорғану үшін құқық қорғау органдарының жұмысын да бірізділендірмек. Шекарадағы қауіпсіздік те бекемдей түседі. Бұған өзара ықпалдастық туралы мемлекетаралық құжаттар арқау болмақ. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы

-Экстремистік, террористік топтардың күшейе түсуі, қауіптің жаңа түрі пайда болды деген сөз. Ол өз кезегінде шұғыл шара қабылдауды талап етеді. Бұл дегеніңіз, бірінші кезекте киберқауіпсіздікке қатысты. Сын-қатерді алдын алу үшін ақпарат алмасып, ортақ база құру қажет. Осы орайда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік Кеңес хатшылары Қазақстан Президентінің лаңкестерге қарсы жаһандық коалиция құру бастамасын құптайтындарын айтуда.

Тағы бір проблема – Орталық Азия елдері таласа жаратып жатқан су мәселесі. Қысқаша қайырсақ, бар проблема тіршілік нәрінің Сырдариядан алынатындығында болып тұр. Өзен Қырғызстаннан Тәжікстан арқылы Өзбекстанға және Қазақстанға ағады. Міне осылайша Өзбекстан және Қазақстан ағыс бойымен жоғарыда орналасқан елдерге су жағынан тәуелді болып отыр.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер- министрінің бірінші орынбасары

-Тауарға айналдыруға болмайды. Ол Құдайдың берген заты. Аққан су түбіне дейін жету керек. Таудың басындағы су бізден басталады, оны мен берем, бермеймін деуге болмайды деп біз айтып отырмыз. Осы судың бойындағы әрбір мемлекет өзінің үлесін алу керек. Өйткені судың бойында халық тұрады. Күн көрісін табу үшін бау-бақшасын егеді. Сол себептен біз бір шешім болу керек деп айтып отырмыз.

Премьердің орынбасары екіжақты кездесуде су мәселесіне қатысты нақты құжат қабылдана қоймағанын айтты. 

«Өзбекстан суды Қазақстанның қажеттілігіне сай өткізіп отыруға ауызша ғана уәде берді», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары

-Өзбекстан тарапындағы біздің әріптестеріміз айтып отыр, құжат қай кезде қол қойылатыны білгісіз, қол қойыла ма ол да белгісіз. Біз дайынбыз. Біздің тарап бүкіл сол құжаттың ішіндегі мәмілемелермен келісіп отырмыз. Бірақ біздің әріптестеріміз әр кезде де әртүрлі сұрақ көрсетеді. Енді біздің әріптестер осы құжатқа қарамай-ақ, ауызша келісейік, келген судың көлемінің Қазақстанға тиісті бөлігін сіздер толық күйінде алып отырасыздар. Мысалы, өткенде 11 наурызда болған кездегі біздің кездесуде Астанадағы, сонда осындай уәде беріліп, соңынан су келіп жетті.

Қазақ пен өзбек бұдан басқа аймақтағы елдердің нарықтарын қорғап қалғысы келеді. Бірлесіп жаһандық экономикадағы сәтсіздіктерге де лайықты жауап қатпақ. 

Ал бұл үшін тарихтағыдай шығыс базарларын қайта қайнатып, жүздеген жылдар бойы шаң басқан керуен жолдардың күре тамырына қан жүгіртуіміз қажет.

Лола Исламова, сараптамалық сайттың бас редакторы

-2015 жылы екі елдің тауар айналымы 3 миллиард долларға дейін жетті. Қазақстан бізге негізінен мұнай өнімдерін, астық пен ұн экспорттайды, ал бізден көрші елге мақта, көкөніс, түрлі-түсті метталдар секілді және тағы бірқатар өнімдер жеткізіледі. Екі ел бір-біріне осылай өзара көмек жасайды. Менің ойымша, қазақ пен өзбек экономикасының көзқарасы бір. Стратегиялық әріптестік арқасында екі ел аймақтағы лидерлігін ұлғайтып, қауіпсіздік пен экономикалық жағдайларын реттей алады.

Екі ел де Шанхай ұйымында ынтымақтасқан. Мемлекет басшылары бұл жолы Ташкентте тағы бас қосады. Бұл ұйымға биыл 15 жыл, 2001-ші жылы құрылған еді. 

Шанхай кеңесінде терроризмге қарсы күрес, шекара қауіпсіздігі, есірткі айналымын тежеу, сепаратизм мен экстремизм қаупінің алдын алу секілді күрделі мәселелер талқыға түседі.

Авторы: Жұрағат Баман, Қанат Әбілдин, Дулат Ентебеков

6 Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты Манифесіне әлем сарапшылары пікір айтуда

«Әлем. ХХІ ғасыр». Өткен айдың соңына қарай Елбасы Вашингтон саммитінде жариялаған бұл бағдарлама халықаралық қауымдастық тарапынан қызу талқыланып жатыр. Құжаттың өзегі – жаһан жұртын бейбіт өмірге үндеу. 

Нұрсұлтан Назарбаев манифесінде 5 мәселеге ерекше мән берген. Біріншіден, ядролық қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттар мен Арктикада орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау қажет. Әрі жаппай қырып-жою қаруларын жасауда ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тосқауыл болатын халықаралық құжат әзірлеу маңызды. 

Президент өз бағдарламасында тағы бір мәселеге арнайы тоқталды. Жойқын қарудың күш ала бастаған халықаралық лаңкестік топтардың қолына түсу қаупі бар. «Жаһан жұрты иық тіресе отырып, бұған жол бермеуі керек», – деді. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл пікірімен отандық сарапшылардың 96,6 пайызы келіседі. Вашингтон саммитінен кейін ел ішінде арнайы жүргізілген сауалнама қорытындылары осыны көрсетті. Сұралғандардың 95,5 пайызы Президенттің жаппай қарулануды доғару туралы бастамасын қолдаған. Сауалнамаға қатысушылардың 92 пайызы «Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі қазіргі заманның өзекті мәселелеріне толық жауап береді» деген пікір білдірген. 

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Манифесі Біріккен Ұлттар ұйымының екі негізгі органы Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Бағдарлама халықаралық ұйымдар ғана емес, шетелдік сарапшылар мен ғалымдар тарапынан да үлкен қолдау тапты. 

Дэрил Кимбалл, Қарулануды бақылау жөніндегі қауымдастық  директоры  

-Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірін ерікті түрде жапты. Бұл жағдай АҚШ Конгресін 1991-92 жылдары ядролық қаруды сынақтан өткізуді тоқтату жөніндегі актіні қабылдауға итермеледі. Біздің ұйым Қазақстан басшысының ұсыныстарын толық қолдайды. 

Ли Цыго, Зерттеу институтының бөлім директорының орынбасары 

-Нұрсұлтан Назарбаев  көреген басшы. Вашингтондағы саммитте айтқан ұсыныстарының кең қолдауға ие болып, БҰҰ-ның маңызды құжаттарының қатарына алынуы – соның дәлелі. Президенттеріңіздің бастамалары  біздің елдің де ұстанымымен үндес. Жалпы Қазақстан мен Қытай көп мәселелерде мүдделес. 

Өмер Өзкая, саясаттанушы 

-Қазақстан – уран шикізатына бай елдердің бірі. МАГАТЭ-нің туының астында төмен байытылған уран банкін құруды қолға алды. Осыдан ақ елдеріңіздің халықаралық деңгейдегі беделін аңғаруға болады. Ал Вашингтон саммитінде Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған құжат бүгінгі күннің өзекті деген мәселелерін шешуге үлкен сеп болады деп есептеймін.

7 Еліміздегі геология саласындағы мәселелер

Елбасының Иран мен Түркия жасаған сапарлары кезінде геология салаласына қатысты бірқатар құжат бекіді. Мәселен, Тегеранда өткен бизнес форумда Қазақстандағы барлау жұмыстарына 30 миллион долларлық ирандық инвестиция тартылатын болып шешілді.  

Ал Ыстамбұлдағы басқосуда «Қазгеология» компаниясы мен Yildirim холдингі арасында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі келісімге қол қойылды. Геология саласына деген мемлектеттің көңілі ерек. 

Оңайландыруға қарамастан бастапқы жоспарлаған 3,2 миллиард теңге қысқарған жоқ, керісінше 2,7 миллиард көлемінде қосымша қаржы бөлінді. Сосын инвесторлар тарапынан қызығушылық бар екенін айтуымыз керек. Өткен үш жылдың ішінде «Қазгеология» компаниясы 50 миллион доллар қаржыны сырттан тартқан.

Геологиялық барлау оңай емес, қаржы көп керек. Оның үстіне тәуекелі басым. Демек жұмсалған ақша өзін-өзі ақтамауы әбден мүмкін. 

Мәселен, геологиялық зерттеулердің мыңнан екісі нәтижелі болса, пайдаға кенелдім дей беріңіз.  

Сондықтан Үкімет үшін үнемі тәуекелге бара бергеннен гөрі инвесторлар тарту әлдеқайда тиімді. Осы аптада геологияға қатысты әңгіме Мәжілісте айтылды. Депутат Галина Баймаханованың топшылауынша, тек осы саламен айналысатын арнайы министрлік қажет. 

Екіншіден, қордаланған қандай мәселелерге шұғыл назар аударған жөн?

Елімізде геолог мамандары тапшы. Әсіресе соңғы жылдары инженер-гидрогеологтардың сиреп кеткені сезілген. 

Өйткені 4 жыл бұрын Алматыдағы оқу орны дәл осы жерді барлау және пайдалы қазбаларды болжайтын білімгерлерді даярлауын тоқтатқан. 

Серік Әшімов, Геологиялық барлау компаниясы директорының орынбасары

-Геология саласында тап қазір мамандар өте аз. Еліміздің жоғары оқу орындарында бүгінде инженер-гидрогеологтарды оқытпайды. Семейдегі геологиялық барлау колледжінде тек техник-гидрогеологтарды дайындайды. 

Маманның сөзіне сенсек, қазір дала жұмыстарын орындайтын жұмысшыдан гөрі, ғылымды игерген қызметкердің күші керек. «Сонда ғана саланың салмағы артады», – дейді. Расымен қазіргі уақытта елімізде геология саласының сан қырын терең түсіндіретін пән жоқ екен. 

Болашақ геологтарды оқытатын Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті де геологияны жалпылама үйретеді. 

Сандуғаш Боранбайқызы, оқытушы

-Жылдан-жылға біздің студенттердің геологияға қызығушылығы артып келеді. Жылдан-жылға саны да көбейіп келе жатыр. Енді түсінеді ғой, қоғамда, мемлекет те түсінеді. Геологияны дамыту керек. Әлі де мамандар жетіспейді деп айтуға болады. 

«Қазгеология» компаниясының өкілдері қазір маман тапшылығы аңғарылатынын жасырмайды. Дегенмен мемлекет тарапынан бұл олқылықтың орнын толтыруға күш салынып жатыр екен. 

«Болашақ» бағдарламасымен геологтарды да шетелге жіберіп, оқытуымыз – соның айғағы. 

Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» АҚ Басқарма төрағасы 

-2-3 жылда біздің геология саласындағы тапшылық мамандар азаяды. Мүмкін болашақта 4-5 жылдан кейін ондай болмайды деп ойлаймын. Өйткені қазір көптеген жастар геология саласына өте жақсы көңіл бөліп жатыр.

Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова геология саласына көңіл бөлініп жатқанына сенсе де, кем-кетігін ашық айтып отыр. Жұмысты жүйеге келтіру үшін арнайы министрлік құру керектігін алға тартады. 

Галина Баймаханова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Қазба байлықтарының түрлері әр ведомстваның қарауында. Мысалы, қатты пайдалы қазбалар Инвестициялар және даму министрлігінің құзырында. Ал энергетикалық шикізаттар: уран және мұнай-газ Энергетика министрлігінде. Сондықтан осылардың бәріне жауапты бір орган болмаса, қиындықтар мен мәселелер туындайды. 

Геология саласында түйткілдер жеткілікті. Оның бірі – дүниежүзілік талаптарға сай келетін заманауи зертхананың жоқтығы. Дәлірек айтсақ топырақтың құрамын анықтайтын мекемелер бар елімізде. 

Бірақ олар халықаралық анықтама бере алмайды. Сол себепті тиісті құжатсыз компаниялар әлемдік қаржы орталықтарынан барып қаржы сұрай алмайды.  

Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» АҚ Басқарма төрағасы

-Бізден шыққан зертханадан анықтаманы алып, олар дүниежүзілік қаржы институттарынан барып ақша сұрай алмайды ғой. Өйткені олар: «Сендердің зертхаларын маған келмейді», – дейді. Ал дүние жүзі бойынша келісім жасаған 4-5 компания ғана бар. Солардың анықтамасын ғана қабылдай алады. 

Қазіргі уақытта еліміздегі инвестициялық жағдайдың жақсы екенін білген шетелдіктер қалталарына қаржысын салып біздің елге келуге құлықты. Болжам бойынша, 2019-шы жылға дейін геологиялық барлау жұмыстарына 900 миллиард теңге көлемінде сырттан қаржы тартылады. 

Ғалым Нұржанов, «Қазгеология» АҚ Басқарма төрағасы

-Жұмсалған жерден үлкен кен орны табылып жатса, яғни ол инвестор ары қарай сол кен орнын өндіру үшін зауыт салады. Фабрика салады. Ол яғни үлкен қаржылар құя бастайды. Содан кейін зауыт, фабрикалар салынғаннан соң, жұмыс орны пайда болады. 

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері жер қойнауы тұрақты зерттеліп жатыр. Мәселен тың құрылғылардың көмегімен жуырда жаңа кен орындарының көздері табылды. Арнайы құрал 2,5 шақырым тереңдіктегі пайдалы қазбаларды анықтаған. Бұрынырақта осы жұмыстар 15 жылға дейін созылатын, қазір қас-қағым сәттің шаруасы. 

Балтабек Қуандықов, Геология-минералогия ғылымдарының докторы

-Тәуелсіздігіміздің ішіндегі ең үлкен жетістігіміздің өзі мынау Каспий қайраңынан үлкен дүние жүзіндегі ең үлкен кен орындарының ішінде үшінші орын алатын Қашаған кен орны ашылды. Одан басқа теңіздің қайраңынан, Қашағанның айналасынан тағы да көптеген кен орындары ашылып, бұйыртса, биылғы жылы тойымыздың шашауы ретінде Қашағаннан бірінші мұнай аламыз деп жоспарлап отырмыз. 

Елімізде кен жоспарлы түрде 5 шақырым тереңдіктен алынады. Жерасты байлығын игеруді арттыра түсу үшін одан әрі ұңғуға болады. 

Ал егер осы жетістігімізге тоқмейілсіп тыныш отыра берсек, қазынамыз 20-25 жылда таусылуы мүмкін екен. 

Балтабек Қуандықов, Геология-минералогия ғылымдарының докторы  

-Кен орындарының бәрінде өзінің ғұмыры бар. Әуелі шарықтау шегіне дейін жетеді. Содан кейін ең жоғары көлемде шығаратын өнімдері болады. Содан кейін төмендейді. Сол заңдылыққа байланысты біздің мұнайымызды өндіру, жаңадан мұнай көздері ашылмайтын болса, 20-25 жылдан кейін мұнай өндіру саласы төмендейді. 

Кенімізді қазып, қара алтынды қалқып алып жатсақ да, жер ананың желіні тартылар емес. Геолог мамандар жер қыртысының 25 шақырым тереңдігіне дейін қазба байлықтары бар деген тұжырым жасап отыр. 

Сол 25 шақырымға бойлау қиын іс, сондықтан министрлік пен компаниялар бірлесіп, алдағы жылдары 15 шақырым тереңдікті танып көрмекші. 

Ол жұмыс нәтижесі жаһандық жаңалық болары анық. Өйткені әлемде қазір ең терең ұңғыма Ресейде, ол 12 шақырым 262 метрге жеткен. 

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айтжан Отызбаев