Жеті күн 01.04.2017
1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бакуге барады
Өзгелер ашу шақырса, біздің билік басу айтады. Бұл қастықтан қашық, достыққа асық болу қасиетінің әлі де қанымызда қайнап жатқандығына дәлел. Қай қоңсыласымызға болсын қабақ шытқанымыз жоқ, үнемі құшағымыз ашық.
Мәселен, осы уақытқа дейін Өзбекстан мен Ресей арасында мұнай тасымалдау бойынша біраз түйткіл болып, түйіні шешілмей жүрген. Шавкат Мирзиеев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуінен кейін сең сөгілді. Анығы, Қазақстан қол ұшын созды.
Негізі қара алтынды қыр асыру мүмкіндігі бұрынырақ болған. Яғни «Омбы-Павлодар-Шымкент-Зафарабад» құбыр желісі арқылы. Бірақ бертін келе ала шапанды ағайын атырабына баратын тұста техникалық ақау туындапты. Сол себепті сағызша созылған бұл мәселе.
Енді біздің тарап ебін тапқандай. Шымкентке дейін құбырмен келген мұнайды ары қарай көмірсутегі шикізатын құятын эстакада арқылы жеткізу жайын қарастыруда. Мұның тиімділігін біздегілер ғана емес, көршілес мемлекеттердің кәсіпорындары да түсінген сыңайлы. Қазір өзбек-орыс баж салығынсыз байланыс орнаттыруды ойластырып жатыр.
Сарапшылар: «Осы қарым-қатынастың соңы Өзбекстанның Кедендік және Еуразиялық экономикалық одақтарға кіруімен жалғасуы ықтимал», – деседі. Бұл ұйымдарға мүше болуды көптен бері көксеп, бірақ батылы бармай жүрген мемлекеттердің бірі – Әзербайжан.
Ертең Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бакуге барады. Әріптесі Ильхам Әлиевпен кездеседі. Мақсат – екі елдің ынтымақтастығын нығайтып, ырысты арттыру. Сонымен қатар көшбасшылар күн тәртібіндегі халықаралық мәселелерді де назардан тыс қалдырмасы анық. Сирия, Ауған ахуалы өз алдына, Таулы Қарабах та әңгімеге арқау болары сөзсіз.
Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қабылдады. Күн тәртібіндегі мәселе – қауіпсіздік қалқанын нығайту. Әсіресе «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен басқа да әлемдік деңгейдегі ауқымды шараларды өткізу қарсаңында тұрақтылық пен тыныштық жайын пысықтау аса маңызды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-В этом году будет проходит важные мероприятия мирового масштаба. Такие как заседения ШОС, проведение ЭКСПО-2017, приезд глав государств, правительств, парламентарий, в связи с этим надо нам подумать об обеспечении нормального проведения этих мероприятии, прежде всего качественно, тем более будет приезжать много туристов на ЭКСПО с нашей стороны и зарубежных наших гостей. Мы знаем терроризм имеет место, происходит. Поэтому обеспечение этой работы, глубинный анализ всех этих дел и совместная работа коллегами является задачей КНБ.
Кәрім Мәсімов, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
-В рамках подготовки ЭКСПО-2017 и проведение больших международных мероприятии, таких как ШОС и другие они находятся под постоянным контролем КНБ совместно с другими правоохранительными органами. Ваша задача, которая поставлена - обеспечить безопасное проведение всех этих мероприятии, а также борьба с терроризмом и религиозным экстремизмом, они находятся под постоянным контролем. И КНБ поставленные Вами перед нами задачи будут выполнены.
Әуелгі әңгімені қара алтын турасында қайырдық. Себебі түсінікті, қадірі бөлек. Десек те, біздің бренд мұнаймен бітпейді. Бағасын біліп, санаққа салсаң, біразға барады. Мәселен, қымыз мен шұбат. Дүниеде екеуінен асқан дәм бар ма?! Егер болса, солардың қайсысы 40-тан аса дертке шипа? Өкінішке қарай, бүгінде дүкендердің сөресінде самсап тұрған сусындардың жарнамасы жақсы. Олардың сұраныста болуының сиқыры сол ғана.
Демек, жарнама жасай білу де – өнер. Бұл қабілетті индустрияландыру картасы аясында ашылған кәсіпорындардың қызметкерлері меңгерсе, бос уақыт болмайтын ба еді?! Осыны ойлағандықтың бір көрінісі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Драмма» деген пән оқытылады. Онда оқушылар кез келген затқа жарнама жасау арқылы сатып алушылардың санын арттырудың қыр-сырын игереді. Ендеше, үміт үзілмесін!
Әрине, қазірде бренд атаулыдан құр алақан емеспіз. Айтуға тұрарлық Астана бар. Жас та болса, жасампаз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-В самые тяжелые 1990-е годы Астана дала народу крылья надежды, научила побеждать большие трудности. Сколько было сомнений. Действительно, время было лихое. Не хватало всего, не платили зарплату, не платили пенсии. Именно в такие трудные моменты решаются столь грандиозные задачи. Несмотря ни на что, мы все одолели, построили нашу столицу. Наша столица стала источником святости, духа Независимости. Духа созидания и единства.
Елорда ғасырлар тоғысында-ақ топ жарып, «Бейбітшілік қаласы» атанған. Өзіміз теліп алған теңеу емес, ЮНЕСКО-ның ұйғарымы. Тұрақтылық пен келісімді сақтауда көптен көш ілгері көрінген соң, берілген баға.
Астана ауқымды істерде алғашқы. Мәселен, екі жылда бір әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Оған қоса, алты жылдай алысқан Сирия үкіметі мен оппозиция өкілдері де тұңғыш рет біздің бас шаһарда бас қосты. Мамыражай өмір үшін күрестің келесі келіссөзі мамырда деп жоспарланған.
Шамдағы шайқастан білесіз, былайғы күннің өзінде озу қиын, тозудан гөрі. Демек, бүгінгідей бәсекелестік өршіген заманда өкпеңізді қолға ұстап жүгіруге тура келеді. Шындығы сол, қазір ебін тауып екі асамасаң, ешкім келіп, енші бермейтіні анық.
Ал Қазақстанның бір оқпен екі қоян атар кезекті сәті «ЭКСПО»-ға сай келді. Алдымен дүниежүзілік деңгейдегі көрмені өткізу арқылы «жасыл экономиканы жандандырады. Сосын сол инфрақұрылым негізінде халықаралық қаржы орталығын құрып, аймақтық хабқа айналу арманы және бар. «Бұл мақсат ойдағыдай іске асса, Астананың ғана емес, мұқым елдің адымы алымды болады», – дейді мамандар.
Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
-Бүгінде Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен байланыс орнады. Сондықтан Азия нарығы қаржы орталығына ынталы деп айта аламыз. Оның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Парсы Шығанағындағы елдер де бар. Ал Еуропа мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің қызығушылығы жоғары болатыны анық аңғарылды.
Бұл – Алматыдан кейінгі екінші талпыныс. Осы жолғы жұмыстың екпінді боларына сарапшылардың сенімі мол. Себебі талапқа сай талай нәрсе түзетілуде.
13 наурызда Мемлекет басшысы сот жүйесі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы заңнаманы әрі қарай жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық Заңға қол қойды.
Осындай маңызды құжатты бекіткен соң, Елбасы Дубайға ат басын бұрды. Өйткені «Астана» халықаралық қаржы орталығын құруда арабтардың тәжірибесі айрықша қаралып отыр.
Сапардың салты бойынша, алдымен жоғары деңгейдегі жүздесу болды. Нұрсұлтан Назарбаев Бірікккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Аман-саулық сұрасқаннан кейінгі негізгі әңгіме сауда-экономика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимыл турасында өрбіді. Келіссөз барысында қос тарап «Астана» мен «Дубай» халықаралық қаржы орталықтарының арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға келісті.
Сондай-ақ Елбасы «Дубай» халықаралық қаржы орталығына да барды. Басшылықпен болған отырыста ұйымның ұтымды тұстары жайында ой қозғалып, түйткілді мәселелері таразы табағына тасталды. Сөз соңында екіжақты ынтымақтастықтың ырысы мен болашақ өрісі талқыланды.
Сонымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы тоғыз айдан соң толық іске қосылады. Бұдан экономикаға не пайда? Сауалға сан түрлі болжам бар. Бірақ үлгі етіп үйренген «Дубайды» дәлелге алғанымыз дұрысырақ болар.
Таяу Шығыстағы салық жеңілдігі қарастырылған оффшорлық аймақ 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Бір мүшелдегі бергені, міне, Дубай қаласының ішкі жалпы өніміндегі үлесі – 8 пайыз. Шамамен 7 миллиард долларға жуықтайды. Біз де осыдан үміттіміз.
Егер қаржы орталығынан қайыр болмаса, алпауыттар алысып, орынға бола таласар ма еді. Былтыр Long Finance деп аталатын мекеме осындай 86 ұйымды тізімге алып, әрбірінің дәрменіне қарай дәрежесін анықтаған. Сол санақта дубайлықтар он үшінші болып орнықты. Ал әзірге алда тұрғандар әдеттегідей мына алтау. Алғашқысының тарихы тереңде, тамыры мықты екеніне дау жоқ. Дегенмен жаһандық жағдай рейтингті жаңартатын секілді?!
Оған Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығуы себеп. Премьер-министр Тереза Мэйдің ресми құжатқа қол қойғаны сол еді, Лондон қаржы орталығының қарамағында отырған ірі банктер бастарын басқа жаққа бұрды.
Мәселен, HSBC мыңға жуық жұмысшысын Лондоннан Париждегі еншілес мекемесіне көшірмек. Сонымен қатар өткен жылы швейцариялық банк USB де мыңға тарта қызметкерін Франкфуртқа ауыстырған.
2. Жаңғырту 3.0
Елбасының Үшінші жаңғырту Жолдауы – жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделі. Жұмыс сапарының басты мақсаты – осы бағытта атқарылып жатқан нақты істерді көріп, технологиялық және әлеуметтік жаңғырту саласындағы жаңалықтарды өңір жұртшылығына кеңінен түсіндіру. Бақытжан Сағынтаевпен бірге салалық министрлер де көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті өрістету жолындағы нақты істермен таныстырды.
Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Үстіміздегі жылдың бірінші наурызынан бастап азаматтарды «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы басталып кетті. Бұл біздің жұмыспен қамту аясындағы негізгі жол картамыздың бірі болып отыр.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Біздің мақсат – нулевой сыныпты енгізу. Ол қазіргі уақытта 12-жылдыққа көшкенде, ең бірінші бөлігі болады. 1+11 сынып біріңғай бағдарламаны енгізу. «Әліппе қайда кетті», – деп айтып жатыр ғой. Сол нулевой сыныпта 2019 жылдан бастап барлық мектептерде болады.
Сондай-ақ әлеуметтік жаңғырту бойынша денсаулық сақтау саласында да түбегейлі өзгерістерге бет бұруымыз қажет. Соның бірі ретінде 2018 жылдың 1 қаңтардан бастап азаматтарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын едәуір арттыруға бағытталған, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бақытжан Сағынтаев жаңа жүйені өңір жұртшылығына түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Денсаулық саласы да – білім сияқты әр адамға қатысы бар әлеуметтік мәселе. Сондықтан оны алдымен халық арасында түсіндірудің маңызы зор.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Қазіргі күнде әр облыста медициналық сақтандыру туралы қор құрылды. Филиалдарын ашуға жұмыс істеп жатырмыз. 2015 жылдан бастап арнайы заң қабылданған. Өткен жылы бірқатар өзгеріс енгізілді.
Өңірлерге жалғасқан жұмыс сапарында Премьер-Министр ірі кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту, экспортты ұлғайту, тоғыз жолдың торабында тұрған аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлер қауымдастығымен де арнайы кездесті.
Сонымен қатар сапар барысында Бақытжан Сағынтаев өңір тұрғындарымен және құрылыс саласының өкілдерімен кездесіп, «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылу барысын талқылады. Алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы баспаналы болады деп жоспарланған. Бағдарлама аясында салынатын үйлерге коммуналдық желілер тарту үшін Батыс Қазақстан облысында биыл 11 миллиард теңге бөлінбекші.
Ал Ақтөбе облысында жыл соңына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 500-ге жуық көпқабатты үй салынады. Шағын аудан 100 мың тұрғынға есептелген.
Ләззәт Ибрагимова, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басқарма төрайымы:
-Енді бұдан былай «Нұрлы жер» арқылы тек көпқабатты үй ғана емес, жер үй де алуға мүмкіндік туып отыр.
Жалпы жаңа технология, цифрлық индустрия барлық салаға серпін берері хақ. Мыңдаған жұмыс күшін алмастыруға қауқарлы. Сондықтан Үкімет қазірден бастап халықтың жаңа мамандықтарды игеруіне және кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасап отыр. Экономика өрісін кеңейтетін тек адам капиталы. Ал модернизация белесі халықтың хал-ахуалымен өлшенеді.
Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Мансұр Есқожин
3. Тасқынға тосқын
Соңғы күндері телефоннан маза кетті. «Қатты жел соғады», «Су тасқыны болуы мүмкін», «Жол жабылды» деген сынды хабарламаларда қисап жоқ. Онымен қоса, ауыл-аймақтағы ағайыннан беймаза мезгілді бейнелейтін мынадай бейнежазбалар да үзіліссіз келуде.
Табиғат пен адамның мінезі ұқсас қой. Бірде момын, бірде асау. Апта ілгеріде күн күрт жылынып, тіпті кей өңірлерде жаңбыр да жауған. Сонда батыс суға белден батты. Ал солтүстік пен шығыстың қалың қары жіпсіп, жылға-жылғаны қуалап су аға бастады.
Енді қайта суытып, жіпсіген жер қайыра қатып жатыр. Ауа райын болжайтындардың айтқанына сенсек, сәуірде де тәуір болатын түрі жоқ. «Бұл айдың алғашқы он күнінде қара суық жел тұрып, тіпті түнгі температура 18 градустық аязға дейін жетуі мүмкін. Содан соң ғана ат-тонды алмастыратын шуақты шақ туады», – дейді мамандар. «Алайда төтенше жағдай қызметкерлерінің аттан түсер сәті әлі алыс», – деп топшылады «Қазгидромет». Тікұшақтардың да төменде тұрмағанына біраз болды-ау. Көктем келгелі төбеде жүр.
Апта ортасында Қостанай облысында қар аралас жаңбыр жауып, аяғы боранға ұласты. Кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жеткен. Салдарынан республикалық маңызы бар «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» тасжолы жабылды.
Ал Атырауда секундына 17-22 метр жылдамдықпен соққан жел облыс орталығы мен аудандардағы түрлі әлеуметтік нысандарға айтарлықтай залал келтірді. Бірнеше ғимараттың шатыры зақымданды. Ал мына үйдің шатыры жойқын желге шыдас бермей, жерге құлады.
Замир Бердашев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
-Дауыл салдарынан 6 құрылыс нысаны мен 5 автокөлікке зақым келді. Жарақат алған адам жоқ.
Дауыл жел Батыс Қазақстан мен Қарағанды облысында да түрлі ғимараттарға біршама зиян келтірді.
Ал Қызылорда облысы Қазалы ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Басықара су торабында мұз кептеліп, Сырдария өзені арнасынан асқан. Балшықсай, Құмжиек және Шортай учаскелеріне су жайылып, 23 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұз жару жұмыстары жүргізілген соң ғана сірескең сең орнынан қозғалды. Қазір өзен арнасындағы су деңгейі айтарлықтай төмендеді.
Серік Сермағанбетов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:
-Мал басы шығын болды. Қазіргі кезде оның есебі алынып жатыр. Арнайы аудандық ТЖ комиссиясы құрылды. Заңға сәйкес төтенше жағдай салдарын жоюға байланысты шығын өтелетін болады.
Ал Жамбыл облысында Аса өзені арнасынан асып ақты. Тасқын су «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолын шайып кетуі мүмкін болған соң, халықаралық автомагистральде көлік қозғалысына шектеу қойылды. Автокөліктер ескі айналма жолмен жүрді. Өзендегі су деңгейін төмендету үшін Теріс-Ащы-бұлақ қоймасынан жіберілетін су секундына 10 текше метрге дейін азайтылды. Асаның жағалауында 600 метрлік бөгет тұрғызылып, арнаны таспен бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Су өзенге жақын орналасқан саяжайларға да жеткен.
Лейла Ермакова, Дрожник саяжайының тұрғыны:
-Бұрындары қоймадан су жіберілетін. Бірақ дәл мынандай мөлшерде болған емес. Үйімізге баратын жол су астында қалды. Айналып өтіп жатырмыз. Көлікпен айналып өту үшін Қаратау таулары арқылы жүру керек.
Ал қыста қар қалың жауған солтүстік облыстар тасқын суға тас түйін дайындалып отыр. Биыл жылдағыға қарағанда елді мекен мен тасжолдарды су басады деген қауіп басым.
Павлодар облысында еріген қардың суы жай емес, биік етіп салынған темір жолдың бір бөлігін шайып кетті. Мұнда Дегелең-Май қума жолында теміржолы бұзылған соң, бірнеше сағат жүк және жолаушылар пойызы кідірді. Сол учаскеге 140 маман жұмылдырылып, 100 вагон түрлі құрылыс материалдары мен 2000 құм толтырылған қап жеткізілді. Екі жол жөндейтін арнайы пойыз екі жақтан жұмыс істеді. Павлодар облысында болса, қар тез еріп жатыр. Толассыз жауған жаңбыр да жағдайды ушықтыра түскен. Қызыл су республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бірнеше жерінен асып ақты.
Абай Темірбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
-Баянауыл ауданындағы Теңдік пен Қаращы ауылдарының аралығында қар тез еріп жатыр. Су шамамен 700 метрге жайылған. Қаражар ауылының маңында да сондай жағдай. Кешеден бері бұл өңірге 6 арнайы техника мен жеке құрамның 10 маманы жіберілді. Жағдай жіті бақылануда.
Апта соңында қардың суы Қарағанды облысында елді біршама әбігерге салды. Қарқаралы ауданы Жарлы ауылындағы 9 үйді қызыл су басты. Тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір олар шаңырақтарына оралды.
Ал бертінде су деңгейі біршама басылды. Қарағанды облысында 170 елді мекенді су басу қаупі бар. Мұнда 28 мыңнан астам халық тұрады.
Төтенше жағдай қызметкерлері сәуір айының 3-9 аралығында күн күрт жылынып, су ағыны қайта күшейуі мүмкін екенін айтады. Басқа өңірлерде де жағдай осы шамалас.
Жомарт Асқаров, ҚР ІІМ ТЖК басқарма басшысының орынбасары:
-Қардың еріген суы жиналып, елді мекендерді басып қалатын қауіп Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Қарағанды облыстарында мейлінше жоғары болып тұр. Бұл аймақтарда күнделікті бақылау жүргізіліп жатыр. Жағдай жер серігі арқылы ғарыштан да қадағаланады.
Күн күрт жылынса, Шығыс Қазақстан облысындағы 110 елді мекенді су басуы мүмкін. Қазір тасқынға тосқауыл қою жұмыстары тиянақты жүріп жатыр. Арнайы комиссия құрылған. Атқарушы билік аймақтағы гидротехникалық нысандардың жағдайына алаңдап отыр. Бүгінде облыста ірілі-ұсақты 200-ден астам су қоймасы болса, оның тең жартысының техникалық жағдайы нашар.
Сансызбай Мұңғылбаев, «Шығыс су қоймалары» МКМ бөлім басшысы:
-Кезінде шаруашылық ретінде салынған. Ешқандай инженерлік есептеулер істелінбеген. Сондықтан жұмыс қажет. 102 миллион қаржы сұрадық. Жалпы сұрағанымыз – 256 миллион. Оған жоба жасау керек.
Облыста су басу қаупі бар елді мекендегі тұрғындарға ескерту жасалып жатыр. Тасқынға тосқын жұмыстарын ұйымдастыру үшін 4 топ құрылды. Барлық аудан-қалалардағы коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілді.
Ал Ақмола облысындағы Есіл, Жабай, Нұра, Колутон өзендеріндегі мұз еритін уақыт келді. Ол өзен арнасына кептеліп, су жағалауға жайылмас үшін мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен тұрғындарда аздаған қорқыныш бар. Әсіресе, мол судың зардабын бірнеше рет тартқан атбасарлықтар үрейленіп отыр. Жергілікті билік сақадай-сай екенін мәлімдеді.
Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:
-Бізде барлық ауданда жедел топтар құрылған. Жергілікті жерлерде апаттың алдын алу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана Атбасардың өзінде ұзындығы 9 шақырым, ал биіктігі 7,5 метр дамба салынды. Күш құрылымдары да қазір сақадай-сай дайын тұр.
Қар қалың түскен қыстан кейінгі жағдай бар өңірлердің күн жыли бере басталатын тасқын суға дайындық жұмыстарына биыл ерекше назар аударуды талап етіп отыр. Табиғат төтенше жағдай қызметі мен жергілікті әкімдіктердің қаншалықты жұмыла жұмыс істей алатындығын сынап көргісі келген секілді. Ауа райы болса, күн санап жылып келеді.
Автор: Әбдез Рахманұлы
4. Жанармай жыры
Көктем келгелі құтқарушылардың ғана емес, астаналық Насырхан Батырханұлының да жұмысы қауырт. Ол мына техникасымен жекеменшіктегі тұрғын үйлердің ауласын қарғын судан тазартады. Жанұясын асыраудың жалғыз жолы осы. Әзірге табысы әжептеуір. Алайда Энергетика министрлігінің мәлімдемесін естігелі бері алаңдаулы.
Ведомстваның басшылығы: «АИ-80 маркалы бензин өндірісін 2018 жылдан бастап тоқтатамыз», – деген тоқтамға келген. Себебі сұраныс жоқ. Вице-министр Әсет Мағауовтың айтуынша, Қазақстанда жеңіл көліктердің 99 пайызы АИ-92 маркалы жанармайды пайдаланады. Экологиялық тұрғыдан қарағанда, бұл – қазіргінің талабы. Әрине, өзімізді қоршаған табиғи ортаны өзіміз ойласақ, орынды.
Бірақ Насырхан Батырханұлы сынды тұрмыс-тіршілігі бір ғана темір тұлпарға телмірген жандардың жағдайы не болмақ? Мына көлік сапасы жоғары жанармайды жағуға жарап тұр-ау. Әттең, жүргізушінің құюға қауқары жетсе?! Сонда жетпегені техникам тозған екен деп утилицазиямен айналысып жүргендердің уысына ұстатуы керек пе?
Жұмысшылардың күнделікті тірлігі, елең-алаңнан қала маңына келіп, темір тұлпарларын қаңтарып, тапсырыс жолын тосып телефондарына телміреді. Атқаратын істері – жеке үйлерде жиылған кәріз суларын ақыға шығару. Көліктің бір бөшкесі – 2000-2500 теңге. Еңбеккерлер бұл ақшаны аз деп санамайды. Қанағат тұтады. Алайда соңғы уақытта арзан АИ-80 бензинінің бекеттерде болмауы бұлардың берекесін қашыра бастапты.
Насырхан Батырханұлы, көлік жүргізушісі:
-Бензин керек болса, барып құя алмаймыз. Таба алмаймыз. Талон қойып тастаған. Талон барып алайын десең, 92 бензиннен де қымбат сатады. Бағасы 110-120-ға дейін кетеді. 110 болса да құясың.
Үнемнің арқасында бала-шағасын бағып жүрген отағасы кейінгі кезде АИ-92 жанармайын қолдана бастаған. Бұрынғыға қарағанда қалта жұқарған, көңіл мұқалған. Өйткені техниканың қосалқы бөлшектері, кәріз суын төгетін орын, бензин бағасы. Осыған кететін қаржағы қарап, үйдің кірісін аңдау қиын емес секілді.
Әлішер Ыбрайымұлы, көлік жүргізушісі:
-АИ-80 болмаса қарапайым халық қиналып қалады. Осындағы жігіттердің көліктері ескі, саймандары жоқ. АИ-92 құямыз, ол көлікке тура келмейді, зиян. Ақшасы да қымбат.
Жүргізушілердің сөзіне қарасақ, бекеттерде АИ-80 маркалы бензин аз немесе жоқ дегенге саяды. Мың рет естігенен бір рет көрген артық деп біз де жанармай станцияларын жағаладық. Расымен арзан отын бірнеше бекетте жоқ. Тек біреуі талонмен саудалайтын болып шықты. Алайда бұл кемшілік көп кәсіпкерге кедергі емес. Өйткені Ақмола облысының шаруалары техниканың дені дизель отынмен жүргендіктен, қажеттілік шамалы деп біледі.
Сергей Чепурной, серіктестік басшысы:
-Бізде небары 2 машина ғана бензинмен жүреді. Қалғандарының барлығына сұйық отын құйылады. Сондықтан АИ-80 бензинінің жоқтығы біз секілді ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына өз әсерін еш тигізбейді. Сол себепті де бізде оған қатысты проблема болмайды. Бізге тек дизель отыны керек.
Жанармай бекеттері бүгінде АИ-80 бензинің 90 теңге көлемінде сатса, АИ-92 бағасы 140 теңгенің айналасы. Ескі көліктері көп Нұрмұрат Ерманов: «Егер ендігі жылдан бастап қымбат отынды жақсақ, қалтамызға салмақ түседі», – дейді. Сәйкесінше, өндіріп отырған өнімге әсері болатынын жасырмайды.
Нұрмұрат Ерманов, шаруа қожалығының төрағасы:
-Жанар-жағармайдың бағасы қымбаттаса, біздің шығаратын өніміміз де қымбаттайды. Тасу, жеткізу құны қымбаттағаннан кейін сатылатын кезде бағасы жоғары болып кетеді.
Шығыннан бөлек, ескі көліктерге қымбат, яғни АИ-92 бензинін құйсаңыз, зияны тиеді. Мамандардан білдік. Олардың сөзінше, өткен ғасырдың машинасы мен қазіргінің көлігін салыстыру санаға сыймайды.
Сұлтан Өмірәлиев, автомобилистер қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
-Көбінесе ауылшаруашлық көліктері АИ-80 де жүріп үйреніп қалған. Ал шетелден келген Еуро-4, Еуро-5 сәйкесімен АИ-92 келетін болса, оның октановый числосы, әрине, көбірек болады. Сол себептен техникалық сипаттамасы бойынша клапандары да күйіп кетуі мүмкін.
Көне көліктер қымбат бензинді көтере алмаса, бұзылуы жиілейді. Демек, көп адамның күнкөрісі болып тұрған техникалар саннан шығады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының айтуынша, қазірдің өзінде елде тозған көліктен, озғаны көп.
Бақыт Ілиясов, ҚР АШМ департаменті директорының орынбасары:
-Ауылшаруашылық дала жұмыстарына көбінесе 80-90 пайыз көлемінде дизель отынын пайдаланады. Сол себептен АИ-80 маркалы бензиннің 2018 жылы тоқтатылуына байланысты, біз ауыл шаруашылығы өндірісіне көп әсері тимейді.
Маманның сөзіне илансақ та, жоғарыдағы кейіпкерлердің көп сұрағы көкейде кептеліп тұрады. Өйткені олардың күнделікті нәпақасы ескі көлікпен келеді. Дегенмен таразының екінші басында да салмақты себеп бар. Ол ескі көліктердің және оған құйылатын отынның ауаға зияны.
Әсет Мағауов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
-Коммуналдық шаруашлыққа және Қорғаныс министрлігіне арнайы шығуы мүмкін. Ал мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары аяқталғанда, жаппай АИ-80 бензинін өндіру тоқтайды.
Экологияға зардап келмес үшін арзан отыннан құтылып, газбен жүретін жағдайға келеміз деп кеуде соғамыз. Бірақ осы аптада сол сұйылтылған отын өңірге жетпей, жұрт жанайқайға басты.
Газды өздері өндіретін өңірдің тұрғындары мұндай жағдайға тап болғаны туралы ақпар елге лезде жарияланды. Энергетика министрлігі: «Облысқа қажетті отынды ай сайын белгілеп отырамыз», – деп мәлімдеді. Алайда соңғы уақытта Ақтөбеде газбен жүретін машиналар саны артқан. Сәйкесінше, аймаққа қажетті отын 5000 емес, 7000 мың тоннадан асып жығылған. Мәселені қараған жауапты мамандар уақытты созбай халықты қажеттілікпен қамтыды.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
-Барлық газ толтыру бекеттерінде қолма-қол ақшаға саудалаңдар. Ал ертең қосымша газ келген соң, кезекті жою керек.
Ақтөбеде тапшылық туындаса, Оралда газ бағасы қымбат екені айқындалды. Расымен Ақтау, Ақтөбеде отынның құны 40 теңге шамасында болса, Батыс Қазақстанда сұйылтылған газ 70 теңгеге жуықтаған.
Мөлдір Қайрекенова, облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:
-Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша, «Жайықмұнай» ЖШС сұйытылған мұнай-газдың көтерме сауда нарығында өзге сатып алушы серіктестіктерге қатысты қосымша ақы құнын қою іс-әрекеті тұрғысынан қосымша экономикалық және технологиялық негізсіз жағдайлар қолдану белгісі анықталды.
Осылайша, жылда көктем мезгілінде сөз болатын жанармай жыры биыл да айтылды. Сценарий бұзылмады. Алайда Энергетика министрлігі бұл келеңсіздіктер қолдан жасалғанын жеткізді. Олқылықтың орнын толтыру үшін қазір тиісті тексеріс жүріп жатыр.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Сәкен Сейітханұлы, Аманжол Байғазин
5. Көктемгі егістік науқаны
Жанармайдың жырына қарағандылық жас ғалымдар нүкте қоюға құлшынысты. Олар жусаннан биотын ойлап тауыпты. «Жаңа өнімге өзіміз түгілі, өзгелер де таңғалады», – деп отыр. Оны кез келген бензин түріне қоссаңыз, түгі қалмай жанып кететін көрінеді. Мамандардың есебі бойынша, бір тонна жусаннан 200 литр биоотын алуға болады. Ол үшін ендігі қажеті – қаражат. Осыған орай, жоба авторлары өнертабысты алдағы «ЕХРО-2017» көрмесіне апарып, көпшіліктің көңілін аудармақшы.
Нұрлан Мерхатұлы, жоба авторы:
-Бұл өсімдіктерде лигнин тәрізді заттар аз. Соған байланысты технологияда қолданатын термоөңдеу процесі төмен температурада жеңіл жүреді. Екіншіден, алынған пиролизді сұйықтың құрамындағы улы фенол компоненттері де аз. Сол себептен технология жағынан өте тиімді болып табылады.
Қазір америкалықтар Artemisia Annua деп аталатын өсімдікті өсіруге ден қойған. Себебі ол бар-жоғы 16 сағаттың ішінде өкпе қатерлігі ісігі жасушаларының 98 пайызын жойып жіберуге қабілетті. Мұны Калифорния университетінің ғалымдары анықтаған. Ал олардың Artemisia Annua деп жүргені кәдімгі жусан. Салқар сахарамыздың сай-сайында өсетін.
Біздің халық бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады деген байламды бекер айтпапты. Оның жұпар иісін аңсауымыздың астарында да бір айғақ жатқанын сезбеппіз-ау?! Демек, қазақтың құмы да құт болғаны.
Әсілі, жерге еткен жақсылық жерде қалмайды. Бабын қылсаң, байырсың. Оның үстіне биылғы мол су молшылықтың белгісі емес пе?!
Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Осы жылы 22 миллион гектар алқапқа дәнді-дақыл себіледі»», – айтады. Былтырғымен салыстырсақ, 311 мың гектарға артық. Дегенмен бізге керегі бос артықтық емес. Бидайдан басқа дақылдарды да дамыту қажет. Қашанғы өзгеге қарап отырамыз?!
Мәселен, шайға қосар қанттың 97 пайызын сырттан сатып алады екенбіз. Сонда жыл сайын миллиондап субсидия берілетін шаруалардың шамасы 3 пайызға ғана жеткені ме? «Бұл мәселені биыл шешіміз», – деген көп кәсіпкер.
Өнімнен өсім күтеміз. Себебі мемлекет көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарына жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын бюджеттік несиелендіру қарастырған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 9 пайыздың төңірегінде болды.
Үкімет отырысында: «Жанармайдың да жайы реттелген», – деп айтылды. Яғни қазіргі қарбаласқа 375 мың тонна көлемінде дизель отыны дайындалыпты. Әрине, былтырғыға қарағанда баға басқаша. Шаруалар оған шамданған жоқ. Көніп отыр. Бірақ бұл жолы тағы бір кілтипанның шеті көрінді.
Сәкен Сейітханұлы, шолушы:
-Биыл ел бойынша 22 миллион гектар жерге егін егіледі. Оның 12 миллионы – бидай алқаптары. Қазіргі уақытта астықты өлке атанған Солтүстік өңірлердің диқандары ақ қардан құтылған жоқ. Сондықтан шаруалар суық мезгілде де тірлік етіп, жердің ылғалын сақтау үшін қар тоқтатқан.
Байболат Рақымжанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
-Көктемгі түскен ылғалды қосқанда тұрақты өнім алуға деген жақсы негізіміз бар. Тек қана бұл ылғалды көктемгі жұмыс кездерінде дұрыстап сақтай білу керек. Агротехникалық шараларды дұрыстап қолдана білген кезде, жақсы өнім алуға деген сенім болады.
Солтүстіктің еңбеккерлері қар көбесі сөгілгенін күтсе, Жетісу жерінде егіс жұмыстары басталып кетті. Биыл да Алматы облысының жұрты қант қызылшасын көптеп отырғызбақшы. 9 мың гектар жерге. Өйткені дәл осы дақыл өңірдің өңін ашады. Былтыр Елбасы аймаққа жасаған сапарында: «Балтамыр алқаптарын арттырыңдар», – деп тапсырма берген еді.
Шаруа Герман Нам сол кездегі сөзін ұмытпапты. Биыл ерте қамданып, күн жылыған бетте алқапқа беттеген. Тірлігі ширақ шаруаның көңілі жайлы, техникалары сайлы.
Герман Нам, шаруа қожалығының басшысы:
-Өткен жыл біз үшін табысты болды. Әр гектардан 600-800 центнерден өнім алдық. Бәрін қант зауыттарына өткіздік. Осы жылы алқап көлемін ұлғайтамыз. Былтыр 200 гектарға қант қызылшасын ексем, биыл оны тағы 40 гектарға ұлғайтам. Осылай жылда балтамыр алқаптарын көбейтіп, Елбасыға берген уәдемді орындаймын.
Ақ күріштің отаны саналатын Сыр елі де қарекет қамына кірісіп кетті. Жер айдап, жылдағы жұмысына бас қойды. Биыл Қызылордада 78 мың гектарға күріш себіледі. Егетін тұқымдары да жаңа. Отандық ғалымдардың ойлап тапқан «Айсәуле» дәнін сынақтан өткізіп, Иран Ислам Республикасынан әкелінген жаңа сұрыпты байқайды.
Өмірхан Пашкенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Жалпы бізде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 6 мың тонна дизель отыны бөлінді. 3,5 мың тоннасы осы наурыз айында облыстарға жеткізіліп, ақшасы оператор арқылы төленіп, шаруаларға беріліп жатыр.
Қарағандының дихандары болса, Үкіметтің көрсеткен жайлылығын сезінбей отыр. Айталық, енді оларға арзан жанар-жағармайды сатып алу үшін ат терлетіп, сонау Қарағандыға баруға тура келеді. Ал бұған дейін бұл отын әр ауданның өзінде үлестірілетін. Әсіресе шалғай ауылдың шаруалары шығынға батты. Оның үстіне осы жылдан бастап әр фермер өзіне қажетті жағармайды үш айға бөліп, тасымалдауы тиіс. Яғни 9 тонна қажет болса, оның үш тоннасын наурызда, қалғанын тиісінше сәуір мен мамырда жеткізіп алуы керек.
Дәурен Өмірқұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Мысалы, наурыз айында жанармайды осында сатып алып келсем, өз ауылыма апара алмасам, басқа жерге барып, оны сәуір айына дейін сақтау керек қой. Ол үшін мен аренданың ақшасын төлеуім керек. Бірақ содан соң жанармайдың құны өсіп кетеді. Одан да маған кәдімгі бекеттен алған арзан болады.
Еңбеккерлер: «Бұл олқы іс жалғасса, арзандатылған жанармайдан бас тартамыз», – дейді. Өйткені 300 шақырымнан келіп, 123 теңгеден алғанан, ауылдан 130 теңгеге құйған әлдеқайда тиімді екенін айтады. Алайда облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы: «Бұл істің ақ-қарасын ажыратып, түйткілдің түйінін тартақатымыз», – деп отыр. Қалай дегенмен де, жанар-жағармай жеткілікті. Техника сай. Шаруалар көктемгі егістік науқанына дайын.
6. Астық сапасы
«Биыл 12 миллион гектар жерге бидай егіледі», – деген есеп жасалды. Бұл – өткен жылдан 338 мың гектарға қысқарған көлем. Ас атасын азайтудың астары мынада.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған бағдарламасы бар. Сол құжаттың аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі: «Астық алқабының көлемін 2,3 миллион гектарға азайтамыз», – деп айтқан. Себеп – ысырап. Бұған дейін біз 2,9 миллион тонна бидайды артық алып, игере алмаппыз. Түнеу жылдары дақылдың қамбаға сыймай, далада шірігені де, шабылып бітпей, қар астында қалғаны да, соның салдары болар.
«Астығымыз артығымен шықты», – деп астамсыймыз-ау. Ал құнары қалай? Сол жағы құнтталмай қалған сыңайлы.
Қамбада жатып қарайған тұқымды жыл сайын егу арқылы бидайдың сапасын төмендетіп жатқаны және бар. Соның кесірінен орылатын астықтың жартысынан астамы ұн тартуға жарамсыз. Бұл біздің емес, Қостанайдағы Ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының тұжырымы.
Қазақтың наны әлемдік нарықта қара үзіп тұр. Айтпақшы, бұл да біздің бренд. Осы абыройымыздан айырылып қалмаудың амалы қайсы?
Қостанай ауылшараушылық ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақыткүл Тынысбаева майлы дақыл зығыр тұқымының жаңа түрімен таныстыруда. Айтуынша, өнімділігі, тез пісіп жетілуі, салмағы жағынан артықшылығы көп. Ал мынау бір қарағанда кәдімгі шекілдеуік. Бұл да жақында шығарылған жаңа сұрып.
Зейнагүл Ағыбаева, Қостанай ауылшаруашылық ҒЗИ ғылыми қызметкері:
-85-90 күнде пісіп шығады. Мұның майлылығы жоғары. Өнімділігі 30 пайыздан жоғары болады.
Қостанай ғылыми зерттеу институтының мамандары ойлап тапқан күнбағыстың жаңа түрі жоғары өнімділігімен ғана емес, түсімен де ерекшеленеді.
Зейнагүл Ағыбаева, Қостанай ауылшаруашылық ҒЗИ ғылыми қызметкері
-Гүлденген кезінде сап-сары болып тұрады. Мынау солдаттар секілді сап-сары, сондай сүйкімді, өте ғажап. Сосын біз сары деп атын қойдық.
Отандық ғалымдар ұсынып отырған осындай дәнді-дақылдардың жаңа түрлері аз емес. Алайда алушы сирек. Тұқым жаңартылмағандықтан, астық сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Мысалы, Қостанай облысында жалпы алқаптың 71 пайызына үйреншікті «Омск-36» тұқымы себіледі. Бидайдың бұл түрі құрғақшылыққа , суыққа төзімсіз екендігін көрсетіп отыр. Соған орай сапа көрсеткіші де төмен. Мысалы, 2014 жылы алынған астықтың 56 пайызы 3-ші класты болса, былтыр небары 39 пайызы сол деңгейге жетті.
Алмабек Нұғыманов, Қостанай ауылшаруашылық ҒЗИ директоры міндетін атқарушы:
-Элиталық тұқымдар 3-4 пайызға егіледі. Ал осында элиталық тұқыммен егілетін жерлер Канада, тағы сондай дамыған елдерде ол 10 пайыздан артық болып жатыр. Сондықтан тұқым шаруашылығымызды көтеру үшін осы элиталық егінді 2-2,5 есе көтеруіміз керек.
Әлемде табиғи таза өнімге сұраныс зор. Әр мемлекет бұл мәселеге мұқият қарайды. Сондықтан қазір органикалық егіншіліктің заманы туып тұр. Яғни ешқандай химиялық қоспасыз, экологиялық таза өнім алу жолы. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндігі мол екендігін шетелдік ғалымдар да мойындайды.
Альдо Черви, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы (Италия):
-Қазір әлемдік нарықта органикалық өнім үлесі ақшаға шаққанда 89 миллиард доллар шамасында. Ол жылдан-жылға өсе береді. Сондықтан дамыған елдер табиғи таза өнім алуға ден қойған. Органикалық егіншілікке негізделген егістік алқабының көлемін 10 пайызға жеткізіп үлгіргендер бар. Ал енді ұлан-ғайыр жерге ие Қазақстанда бұл іс оңға басса, экспорттық әлеуеті еселеп артары сөзсіз.
Қостанайлық ғалымдар тіпті органикалық егіншіліктің тиімділігін нақты тәжірибеде көрсетіп берді. Алғашқы рет тың технология облыстағы бір шаруашылықтың алқабында қолданылған. Нәтижесі кәнігі мамандарды да таңқалдырды. Бидай түсімі орташа көрсеткіштен 1,5 есе артық, сапасы әлдеқайда жоғары.
Юрий Тулаев, егіншілік зертханасының меңгерушісі:
-Жыл сайын топырақта және ол жерден алынған өнімде пестицид, гербицид құрамы қаншалықты екендігін тексеріп отырдық. Ол газсұйықты хроматография әдісімен анықтайды. Алғашқы зерттеуде улы заттар басым еді. Үш жылдың ішінде органикалық егіншілікті қолданудың арқасында тәжірибелі алқапты толық тазартып, сапалы өнім алу мүмкіндігіне қол жеткіздік.
Қостанай облысында таза органикалық өнім өндіреді деген арнайы сертификатқа ие он шақты шаруашылық бар. Солардың бірі Федоров ауданында. Мұнда улы-химикаттарсыз зығыр дақылы өсіріледі. Оны өңдеп, сұйық май шығаратын зауыты да бар.
Владимир Заверуха, шаруашылық басшысы:
-Еуропалық комиссия алқаптарымызды жылына бір рет тексеріп отырады. Бар құнары бойында сақталған, химия қолданбаған дақылдан алынған өнімнің дәмі де өзгеше, сапалы болады. Сапа бар жерде, сұраныс өздігінен туындайды. Бізде шығарылған өнімнің бәрі экспортқа кетеді.
Таза өнімді Германия, Балтық жағалаулары, Азия елдерінен арнайы келіп, аттай қалап, алып әкетеді. Келісімшарт жасасқан шетелдіктер тізімінде кытайлықтар да бар.
Гуо Янцзюнь, сұйық май зауытының директоры (Қытай):
-Химиялық тыңайтқыштарсыз өсірілген органикалық өнім біз үшін өте маңызды. Бұл тұрғындардың денсаулығының кепілі ғой. Қытай нарығында мұндай тауарларға деген сұраныс аса жоғары. Бірден өтіп кетеді.
Ғылым мен өндірісті ұштастыра білудің тиімділігін іс жүзінде көрсетіп отырған шаруашылықтар жоқ емес, баршылық. Алайда оны назарға алып жатқандар әлі де аз. Қара жерге қиянат жасау болашаққа балта шапқанмен бірдей. Тың игеру жылдарынан бергі аралықта топырақ құрамындағы органикалық заттардың мөлшері 4-5 есе азайғандығы соған дәлел. Ал заңға сүйенсек, жер иеленушілер топырақ құнарлығын сақтауға міндетті.
Любовь Колесникова, Қостанай ауылшаруашылық ҒЗИ жетекші технологы:
-Біздің ғылыми мамандар өз қызметін көрсетуге дайын. Өнім дұрыс шықпаса, барып, зерттеп, анықтап бере аламыз. Тәуекелге бара бермей, ең болмағанда топырақты қандай тыңайтқыштармен байыту керек екендігін білсе, өздеріне ұтымды болар еді.
Қазір шаруалар егіншілікті әртараптандыру арқылы мал азығы, майлы дақылдар көлемін көбейте бастады. Мысалы, Тобыл өңірінде биыл өткен жылға қарағанда күнбағыс және зығыр алқабының аумағы 50 мың гектарға артқан. Ол түсінікті де. Бидайға қарағанда бағасы қымбат және мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия тағы бар. «Алайда көбі алды-артын бағамдамай дүрмекке еріп, майлы дақылдарды егуге дайындықсыз келетіндігі көңіл қынжылтады», – дейді кәнігі диқан Ибраш Естаев.
Ибраш Естаев, шаруа:
-Кеңес уақында қалған шемішкелерді сортты дейді. Соны себе береді. Ол өнім бермейді, екіншіден, оны уландыра алмайсың. Үшіншіден, уландырмағасын жерде арам шөп өсіп кетеді. Арам шөп өскеннен кейін жерді құртамыз.
Енді майлы дақылдарға демеуқаржы бұрыңғыдай гектарына емес, өңдеуге тапсырған өнім көлеміне байланысты төленеді. Әзірге қанша субсидия берілетіндігі белгісіз. Ал элиталық тұқым алғандарға биылдан бастап, оның бағасының 70 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. «Әрине, бұл астық тұқымын жаңартуға үлкен сеп», – дейді мамандар.
Алмабек Нұғыманов, Қостанай ауылшаруашылық ҒЗИ директоры міндетін атқарушы:
-Элита қазір бүкіл көбісі сатылған. Ол 90-95 пайыз шаруашылықтармен алынып жатыр. Сондықтан тәжірибелік станциялар жоспарлап, келесі жылда элиталық егіндерді көбейтейін деп жатыр.
Мағауия Қалиев, тілші:
-Әрине, егіншілік тәуекелі көп кәсіп. Әсіресе ауа райына аса тәуелді екендігі пешенеден белгілі. Бірде құрғақшылық қысса, енді бірде жауын-шашын жұмысты жүргізбейді. Алайда тұқымын қамдап, техникасын сайлап, танабын дайындап алған шаруаның қашанда қамбасы қызыл дәнге толы. Осыған қарап, қазақ егінші мәрт болса, жер жомарт деп тегін айтпағандығын түсінесің.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг
7. Ұлыбритания Еуроодақтан шығу процесін бастады
Президент: «Қазақстанның Үшінші жаңғыруын жүзеге асыру үшін, алдымен ауыл шаруашылығы саласын экономиканың диірменіне айналдыру керек», – деп Үкіметке міндет жүктеген. Егер өндірілген өнім табиғи таза әрі құнарлы болса, бұл мақсаттың орындалуы оңай сынды. Бүгінгі сұраныстың сипатына қарағанда.
Бұдан былай аграрлы саланың адуыны артатыны, айдан анық, күннен жарық жайтқа айналды. Өйткені шикізатқа тәуелділік тәуба қыларлық дүние емес. Қазір бағаның құбылуына қара алтын хал-қадірінше әсер еткенімен, түбінде таусылатыны айтпаса да түсінікті. Қысқасы, қойнаудағы қазынаның ғұмыры торғайдың тұмсығынан сәл ғана ұзын боп тұр.
Кәрі құрлықтың да құрығын қысқартқан осы түйткіл тәрізді. Бұл ретте Экономикалық трендтер қорының құрылтайшысы әрі президенті Джереми Рифкиннің ой-талқысын таразы табағына тастап көрсек.
Ол айтады: «Интернет әлемді өзгертті. Бірақ адамзат пайдаланып келе жатқан қуат көздері бұрынғы қалпында қалып отыр. Біз бұрынғысынша көмір мен мұнайды, газды тұтынып келе жатырмыз. Олар миллиондаған адамдар үшін жеткілікті еді. Алайда әлемде бірнеше миллиард тұтынушы пайда болған кезде жыртыққа жамау болатын түрі жоқ. Адамзат ұрынып отырған қазіргі экономикалық дағдарыстар, міне, осы жағдайдан бастау алады».
Соңғы дағдарыстан дамыған деген Еуропаның өзі дағдарып қалды. Біразға дейін ес жия алмай, есеңгірегені де шындық. Олардың ендігі шешімі – жасыл экономиканы жандандырып, индустрияландыруды жеделдету. Бүгінде батыстың батылдылары бұл істе ілгері шығып, төртіншік өнеркәсіптік революцияны бастап жатыр.
Бірақ баяғы бірлікпен бірігіп, тірлік қылу трендтен шыққан. Әркім өз әлінше әрекет етуді тиімді деп тануда. Сөзімнің айқын көрінісі, Еуроодақтан кетеміз деп жүргендер көп. Басын Ұлыбритания бастап берді.
Осылайша, саясат сахнасында үлкен сауал туындады: 28-ден 1-ді алсақ, не болады?
29 наурыз – Ұлыбритания тарихындағы айрықша күн. Премьер-министр Тереза Мэй Біріккен Корольдіктің Еуропалық одақтан шығу туралы келіссөзді бастайтынын жариялап, құжатқа қол қойды. Басқаша айтсақ, 44 жыл бір одақ астындағы қоян-қолтық жұмыс істеген әріптестеріне ескерту хат.
Жауапты миссия Британияның Еуроодақтағы елшісі Тим Барроуға жүктелген. 6 парақтан тұратын құжаттың көшірмесін Брюссельдегі Еуропалық одақтың төрағасы Дональд Тускке табыстады.
Дональд Туск, Еуропалық одақтың төрағасы:
-Лиссабон келісімінің 50-бабы бойынша Корольдік басшылығымен келіссөздер басталады. Бұл қуанарлық жағдай емес. Брекзиттің жақсы жақтары да бар. Осы арқылы одақтағы 27 мемлекеттің бірлігі бұрынғысынан да беки түседі.
Бұл Ұлыбританияның одақтан оқшау болуын көксейтіндер үшін қуанышты сәт еді. Туск мырзаның жұмысы ауыр. Енді келіссөз жүргізудің ережесін әзірлеуі тиіс. Тереза Мэй депутаттар алдында мәлімдеме жасап, 2 жылға созылатын процесті бастамақ. Осылайша, 60 жылдан аса айрандай ұйып отырған Еуропа елдерінің бірлігі сетінеді.
Гюнтер Эттингер, Еуропалық одақтың қаржыны жоспарлау жөніндегі комиссары:
-Лондоннан жіберілген бұл хат Еуропаның тұтастығына қауіп төндіреді. Ұлыбритания халқы өзі жеке өмір сүргісі келеді. Бірақ алдағы келіссөздер барлық тарап үшін ауыр болады.
Күллі әлем жұртының назары кәріқұрлықта. Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы экономикаға қалай әсер етеді? Тұманды Альбионның ендігі тағдыры не болмақ? Жаһан сарапшылары осы секілді сан сауалға жауап іздеп әлек.
Иан Уолкер, сарапшы:
-Еуропа бүгінде үлкен күрделі өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Еуро валютасы өте әлсіреді. Италия мен Греция банктері қарыздан шыға алмай жатыр. Шынтуайтын айтқанда, Еуропа былыққа батты.
Брексит ағылшынның Britain және exit сөздерінің қосындысы. Яғни Британияның Еуроодақ құрамынан шығуына қатысты туындаған мәселе.
2012 жылы Грекия қарызға батқанда одақтан шығу туралы мәселе көтерілді. Сол кезде Grexit термині пайда болған еді. Грекситке қарағанда, брекситтің әлегі көп. Өйткені Британия Корольдігі – одаққа мүше 28 елдің ішіндегі ең ықпалдысы. Қалтасы қалың. Жаһандық саясатта салмағы басым. Тарихқа үңілсек, тұтас халықты колония ретінде бодандығында ұстаған Британия өзін ешкімнің алдында қарыздармын деп есептемейді әрі басқаларда есем кетпесін деп интеграциялық шешімде аса сақ тактика ұстанды. Біріншіден, визалық шектеуді жоятын Шенген келісіміне наразы. Екіншіден, ортақ валюта еуроны қабылдаған жоқ. Ендігі көксегені – Корольдікті бұдан да бай-қуатты мемлекетке айналдыру. Уинстон Черчильдің сөзімен айтсақ: «Мәңгілік дос та жоқ, мәңгілік жау да жоқ. Тек британ халқының мүддесі ғана бар».
Премьер Терезе Мэй: «Ұлыбритания Еуропаны емес, Еуроодақты тастап барады», – деді. 2016 жылы маусымдағы референдумда британдықтардың көбі Еуропалық одақтан шығуды жақтап дауыс берді. Еурокомиссияның талабы Ұлыбритания одақтан шығуы үшін 60 миллиард фунт стерлинг өтеуі тиіс. Бұл сома – Лондон қаржыландыруға келісімін берген жобалардың шығыны.
Брекситке Корольдік қарамағындағы 4 мемлекеттің бірі Шотландия қарсы. Яғни халықтың 62 пайызы. Лондондықтар арасында да наразылық білдіргендер жетерлік. Меллани Гудфеллоу көппен бірге жол тапқан адаспайды деген сенімде. Брекситтен кейін британиялықтар жаппай екінші азаматтық алып жатыр. Елде Франция төлқұжатын алушылар қатары 60 пайызға артқан. Еуропада қос азаматтыққа рұқсат.
Меллани Гудфеллоу, Лондон тұрғыны:
-Мен Британиядан ешқайда кетпеймін. Елдегі 16 млн адам Еуроодақта қалуға дауыс берді. Солардың бірі – менмін. Біздің қалауымыз ескерілуі үшін елден кетпеуіміз керек.
Кәріқұрлықтың тағдырына қатысты пайым көп. Лондон мен Брюссель арасындағы келіссөздер күрделі болмақ. Әркім өз мүддесін қорғап шығуы тиіс.
Майкл Хук, сарапшы:
-Бұл әлбетте мықты ел болуды қалаған Британия халқының шешімі. Меніңше, Британия өзін ғаламдық экономиканың бас ойыншысы ретінде көргісі келеді және бұл қадам осыған апарар негізгі жол.
Сарапшылардың пікірінше, Brexit-тен кейін Ұлыбритания Еуропамен бірге әрекет етпек. Ағылшындар өзге мемлекеттермен де алыс-берісті нығайтуға ынталы. Британ Корольдігі одақтан еншісін алса, Қазақстанмен қандай саясат ұстанады? Бізді алаңдататыны осы.
Марат Бәшімов, сарапшы:
-Қазақстан түк те жоғалтпайды. Өйткені Қазақстанда шарты бар. Біздің Ұлыбританиямен де қарым-қатынастарымыз жақсы. Ұлыбритания шықса да, бізге ол ешқандай зияны тимейді. Экономикалық ең маңызды партнер Еуропалық одақ болып тұр ғой.
Бір кем дүние.Түркия болса Еуроодақ құрамына кіре алмай әлек. Қазір Еуропа үлкен жолайрықта тұр. Дәл ертең не боларын дөп басып, болжау қиын. Ұлыбритания 2019 жылдың наурызына дейін одақтан толықтай шығуы тиіс. Ағылшын жұрты ортақ өгізден оңаша бұзауды жөн деп тапты. Алдағы барлық өзгерістің әлемдік нарыққа тікелей ықпалы бар. Тұрақты дамып келе жатқан қазақ елі қос тараппен де әріптестікті теңдей дамытуға әзір. Әрдайым құшағы ашық.
Авторлары: Әсем Қабылбек, Ғалымжан Қараманұлы
8. «ЕЛ АРНА» қайта жұмысын бастады
«Хабардың» сіздерге көрсетері көбейді. Елге арналған «ЕЛ АРНА» қайта жұмысын бастады. Бірақ бұл жолғы бағыты басқа. Көрерменге тек отандық кинотуындыларды, деректі фильмдерді және телехикаяларды тарту етпек. Демек, «Қазақфильмнің» алтын қорындағы барлық киноны көруге мүмкіндік туады. Телеарнаның хабар тарату желісі барлық жас шамасындағы адамдарға қызықты етіп жасалған. Ал каналды «Отау ТВ» ұлттық спутниктік желісі және «Ғалам ТВ» интернет порталында тамашалауға болады.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
-Алтын қорымызды ұрпақ игілігіне жаратуды көздеген жаңа арнаны біз елдің арнасы болсын деген ниетпен «ЕЛ АРНА» деп атадық. Жаңа телеарна бүтін бір буынға әсер еткен Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдулла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов сияқты майталмандардың туындыларын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға тамаша мүмкіндік болмақ.
«ЕЛ АРНА» ескі дүниелерді ұсынумен ғана шектелмейді. Бүгінгі режиссерлердің туындылары да эфирге шығады. Сериал түсіруге бекінген, ізденісте жүрген дарынды жастарға да өріс ашылады. Бұл сөзсіз киногерлер арасындағы бәсекелестікті артыратын алаң болмақ.
Алмагүл Ахметжанова, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрайымы:
-Біз негізінен «Қазақфильмнің» классикалық туындыларын, яғни алтын қоржынымыздағы киноларды көрсететін боламыз. Сондай-ақ тәуелсіз продюсерлік компаниялармен жұмыс істейміз. Ондағы мақсат – заманауи еңбектерді де көрерменге паш ету.