Хабар телеарнасы

Астанада «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтық платформасының 15-ші отырысы өтті

Еуропалық одақ – Қазақстанның ең ірі әрі маңызды инвестициялық және сауда серіктесі. Бүгін Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің елшісі Кестутис Янкаускас пен Еуропалық одақ елдері дипломатиялық миссияларының басшылары Астанада бас қосты. «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтық платформасының 15-ші отырысы Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өтті. Басқосуда сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту әрі нығайту, көлік және логистика саласындағы жобаларды бірлесе іске асыру мәселелері қаралды. Кездесуге қатысушылар "орта дәліздің" әлеуетін арттыруға қызығушылығын білдірді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында «Middle Corridor Multimodal» бірлескен кәсіпорны құрылды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Елімізге тартылған инвестицияның 40%-дан астамы және сыртқы сауданың 30%-ға жуығы Еуропалық одақтың  үлесіне тиесілі. Негізгі көлік дәліздерінің түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан әлемдік ірі нарықтарды қолжетімді ете отырып, Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік хаб саналады.  Осы тұрғыда Орта дәліздің стратегиялық маңызын атап өткім келеді.  Бүгінде Қытайдан Еуропаға жеткізілетін тауарлардың шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы тасымалданады.  Жалпы, біз Орта дәлізді одан әрі дамытуға мүдделіміз және Еуропа елдерімен логистикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз.