Хабар телеарнасы

Еуроодақ елдері атом қуатын тұтынуға қайта оралмақ

Парижде Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің министрлері атом энергетикасын дамыту бойынша нақты қадамдар әзірлеу барысын талқылады. АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея мен кәрі құрлықтың 9 мемлекеті ортақ бастамаға қосылуға ниет білдіріп отыр. Мақсат – жаңа реакторлардың құрылысын қаржыландыру, жеткізу ісін жолға қою және білікті кадрлар дайындау.

Еуроодақтың көптеген елдері атом қуатын тұтынуға қайта оралмақ. Мысалы, Швеция 2035 жылға дейін электр энергия өндіру көлемін 2 есе арттыру үшін 10 жаңа реактор салуға дайын.

Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Атом энергиясы агенттігінің жаңа бастамасын қолдаушылар халықаралық деңгейде, оның ішінде Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Бұл ядролық энергетикалық қуатты 2050 жылға қарай 3 есе ұлғайту үшін қажет.

Эбба Буш, Швеция Премьер-министрінің орынбасары:

- Швеция елінің атынан мынаны жеткізгім келеді. Біз мүддесі мен құндылықтары бір елдермен ғаламдық тұрғыда бас біріктіріп, атом энергиясын игеру бойынша ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Осы бағытта еуропалық әріптестермен, АҚШ және Канадамен бірнеше меморандумға қол қойдық. Енді үздік сараптамаға ие кейбір Азия елдерімен тығыз байланыс жасауды жоспарлап отырмыз.

Уильям Мэгвуд, ЕЭЫДҰ Ядролық энергия агенттігінің бас директоры:

- Уранның ірі жеткізушісі ретінде ғаламдық нарыққа шыққан Қазақстанды атом энергиясының әлемі өте жақсы қабылдады. Осы кезде баға арзандады, жеткізу қауіпсіздігі артты. Бұл жағдайда Қазақстанның рөлі өте жоғары.