Хабар телеарнасы

Жеті күн 01.07.2017

Сюжеттер
1. Елбасы қабылдаулары 2. II сессия қорытындыланды 3. Сенат сайлауы
4. Премьер-Министр сапары 5. Қош келдіңіз, турист! 6. Қазақстан дипломатиясына 25 жыл!
7. Рухани жаңғыру 8. EXPO – ғылым мекені 9. Түнгі Астана
   
10. БАҚ қызметкерлері күні    

1. Елбасы қабылдаулары

Арқа төсіндегі Астананың тарихы биыл он тоғызыншы жылмен толығып, жиырма дейтін жасқа қарай ақырын жылжып барады. Шаһардың бұл шағын Бұқар жырау сипаттауына салсақ, «ағып жатқан бұлақпен» пара-пар. Яғни «шыққанынан гөрі, шығар биігі әлі алда» деген түсінікке саяды. Ал атқарылған еңбектер тұрғысынан елесек, қазірдің өзінде Елорданың еңсесі өр. Аз ғана уақытта дүйім дүниеге танылды және Қазақ елін танытты.

Енді осы тұстан тарихтың қойнауына бойлап кетсең, еріксіз таңдай қағамыз. 1997 жыл. Елбасы: «Елдің ордасын Алатаудың баурайынан Есілдің бойындағы ен далаға көшіремін», – деді. Сонда сасқан жұрт: «Онсыз да қиын жағдайда отырған елге астана ауыстырудың қажеті не?», – деп қарсылық білдірді. Бірақ Президент алған бетінен кері қайырылған жоқ. Айтты. Істеді. Нәтижеге Өзіңіз куәсіз!

Мемлекет басшысының «астананы ауыстыру» туралы шешімі Алматының «лайық қала» болмағандығынан емес. Салқар сахарамыздың қай бұрышына аяқ бассаңыз да, қала салуға жарап тұр. «Онда неге тап осы Арқа төсі таңдалды?», – дейсіз ғой. Мұнда үлкен стратегиялық ой бұғулы. Ол жағы өткен ғасырдың тарихымен таныс жандарға әбден ұғынықты.

Астананы қайта құру – шын мәнінде Тәуелсіз елдің жаңа байтағын қалыптастырудың алғашқы қадамы, яғни мемлекетті қайта құру. «Жаңадан құрылған мемлекеттің болмысы қандай?», – деген сауалға келсек, оған да бас қала жауап беріп тұр. Астана Батыс мәдениетінен прагматизмді, Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алды. Осынау даралығының арқасында «қазақтың қарашаңырағы» алты құрлықтың кеңес құрар алаңына айналды. Бүгінгі адамзат баласын алаңдатқан ең түйінді мәселе болса, ол – Шам еліндегі шайқас. Бұл текетірестің де түйінін тарқатуға келісті орта ретінде біздің Елдордамыз таңдап алынды. Сондай-ақ  жасыл технологияның  жаршысы бола алады» деп, «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастыруды әлем елдері Қазақстанға, оның ішінде Астанаға сеніп тапсырды. Осыдан-ақ салмағымызды саралай беріңіз.

Астананың абыройы артқан сайын шаһарды мекен қылған халықтың да саны көбейіп келеді. Тиісінше көлік қозғалысы да жиіледі. Демек, «қоршаған ортаға көмірқышқыл газы көбірек бөлініп жатыр» деген сөз. Алып мегаполистердегі экологиялық жағдай өздеріңізге мәлім. Мәселен, Бейжіңдегі тұрғындар бетперде киіп, тұмшаланып қалды. Ал бұл жағынан Астана аман. Және солай бола береріне де сенім мол. Себебі бас қаланы айнала «жасыл фабрика» орналасқан. Яғни орман. Қазір оның көлемі 78 мың гектарға жетті. Алғашқы ағаш Астананың іргесі қаланған сәтте егілген еді. Он тоғыз жылда 78 мың гектар жерді жасыл желекке айналдыру – ерен еңбек. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, бір гектар орман 400 келі көмірқышқыл газын өзіне сіңіре алатын көрінеді. Енді есептеңіз, 78 мың гектар алқап 31 миллион 200 мың келі көмірқышқыл газын жоқ қылады.

«Экономика мен экология – егіз ұғым» дейтін Елбасының бір ойлағаны осы. Сондықтан «Жасыл ел» бағдарламасын бастаған. Президент әр қазақстандыққа: «Әрқайсысың кемінде бір ағаштан отырғызыңдар, өсіріңдер!», – деп ұран тастады. Өзі үлгі. Көктем шығысымен ағаш егеді. Жылда жасыл аймаққа қырғауыл жібереді. Бұл құсты әдетте «орманның санитары» деп атайды. Өйткені ол зиянкес жәндіктердің көбейуіне жол бермейді. 

Міне осындай «болашақты баянды етер» жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ бұл – жоспарға сызылғанның бір ғана легі. Әлі атқарылар іс ауқымды. Оны осы аптада тағы бір мәрте байқадық. Президент жауаптыларды қабылдап, нақты тапсырмалар жүктеді. 

Тасқын судың салдарымен күресіп əлек болғанша, апаттың алдын алатын əрекет керек. Ол үшін елді мекендерде шағын су қоймаларын салу қажет. Жылда бір тасқа сүрінсе де, шекесіне тимейтін жауапты шенеуніктерді Мемлекет басшысы сынға алып, мәселемен күресудің жолдарын көрсетті. Елбасы қабылдауында болған Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевке бұл кездесуде бірнеше тапсырма жүктелді. Тоқетері – Астананы және өзге де өңірлерді тасқын судан қорғайтын жобаларды іске асыруды қолға алу. Өйткені тексеру қорытындылары қорқынышты. 319 су қоймасының 31-і апаттық жағдайда тұр. Ал ебін тапса, бұл қоймалар тұрғындар тынығатын демалыс орындары ретінде жарап қалар ма еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Міне биыл 1492 үй, 860 саяжай, 85 тұрғын мекендер суға кетті. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстары. Біріншіден, прогноздарымыз нашар. Содан кейін гидроқұрылыс мәселелердің барлығының сапасы төмен. Дамбылардың сапасы төмен. 319 су қоймасының 31 аваринный жағдайда. Мекемелердің арасындағы бір-бірімен жұмыс істеу жағдайы қиын. Астанадағы контррегулятор салмағанда, не болар еді?!

Ислам Әбішев, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы:

-Онда биыл Астана судың астында қалар еді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Судың биіктігі Астана қаласында 70-80 см көтеріледі. Кеңбидайық су қоймасы Астанадан қанша шақырым? Кеңбидайық, біріншіден, су қоймасы. Екіншіден, Астана жұртының барып демалатын орны болу керек. Жаңағы зона, суға түсетін пляждар. Орман отырғызып, қаланың түбінде 500 млн кубо метр су болатын болса, ол өте үлкен. Сондықтан Кеңбидайықты жасауымыз керек. Ана үлкен су қоймасын зерттеңдер. Оны да салу керек. Зерттеңдер! Төңірегіндегі суды ауылшаруашылығына пайдалану қажет.

Сарыарқаның сайын даласын жасылдандыруды Елбасы бір кісідей біледі. Табиғат ана тарту етпесе, қолдан орман өсіруге болатынын дəлелдеген жасыл белдеу жобасы 1997 жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаевтің жеке бақылауында. Жасыл желектердің жалпы аумағы 2020 жылы 100 мың гектарға жетпек. Мұндағы межелі міндет – бас қаланың орманын Бурабаймен қосу. Осы жəне өзгеде шаруалардың барысын Президент Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтан білді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Биылғы салынатын 5 мың гектар қай жерде?

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

-Биылғы салған 5 мың 175 гектар салдық. Соның биылғы салған жеріміздің көбі Шортанды трассасынан қаладан шыққан бері ГАИ-дан Шортандыға дейін екі жағын толық алып тұр. Оны жасадық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Облыстың лесничийлері анау Бурабайдан Шортандыға дейін қатынауы керек қой. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

-Ол жақта бұл кісілер 1800 гектар отырғызды. Қазір 754 гектар жерді әзірлеп жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Сонда Астананың орманы Бурабаймен қосылады деген сөз.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:

-Былай қосылды, қазір біраз объем бар. 757 гектар жерді әзірлеп жатыр. 2019 жылы қосылатын болады. Проектісін жасады. «Шортандыға дейін бой беріп, керемет болды», – деп өзіңіз бағана айттыңыз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-78 мың отырғызылған ағаштың сапасы қалай?

Ерлан Нысанбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-Жалпы ағаштарды ектік, ортасына жер қалдырдық. Сол жерге қарағай мен қайыңды отырғыздық. Өзіңіздің 2012 жылғы тапсырмаңызға сәйкес министрліктің жанынан біздің баланстағы 7,5 мың жерге орман егіп жатырмыз. Жылына 300 гектардан егіп егілуде.

«Орманы бардың, қорғаны бар», – деп халқымыз бекер айтпаған. Елордамызды қоршап тұрған жасыл белдеу бүгінде бас қаланы желдің өтінен сақтап, шаһарды оттегімен қамтамасыз етеді. Сортаң топырақ үстінде ит тұмсығы батпайтын  орман болады дегенге кезінде көпшілік күмәнмен қараған еді. Алайда ғылым мен еңбектің жемісі Астананың  аязын жұмсартып, жазын  жайлы етті. Мұнда самсаған қайыңнан өзге шегіршін, қарағай, сары қарақат, жиде, тіпті шие де бар.

Астанадағы орман ғылымның нəтижесі болса, Көкшетау – тəңірдің ең бір көркем қолтаңбасы. Бұл табиғаттың сұлулығына сүйсінбеу, мұнымен мақтанбау əбестік. Жаһанның əр қиырынан ЭКСПО көрмесін көруге келген қонақтарға Бурабайды неге көрсетпеске?! Алайда ол үшін сапа ақсамауы қажет. Соған сәйкес қызмет бағасы да шектен тыс шарықтамауы шарт. Президент Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалинмен кездесіп, облыстың туристік әлеуетін әлдендіруді жүктеді. Жері құнарлы өңірдің өндірісі де ілгері. Өнімдері өтімді, алайда өздерінен ауыспайтынға ұқсайды. Аграрлы аймақ Ақмола облысының өнімі Астана дүкендерінің сөрелерінде кездесе бермейтіндігіне Президенттің көңілі толмады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Даже на прилавках Астаны нет вашей продукции. Из многих других областей, Кыргызстана есть продукция. Ақмола облысының заттары Астанада жоқ. Это же неправильно. Мы же говорим, чтобы область должна обеспечивать продовольствием Астану.

Мәлік Мырзалин, Ақмола облысының әкімі:

-В первую очередь увеличили в ходе посевной работы количество семян элиты, удобрение, для того, чтобы увеличить производительность труда и урожайность. У нас 622 населённых пункта в области. В 140 нет бань, пекарен, фотосалонов, аптек, парикмахерских. 7,8 млрд тенге выделено, чтобы вот это все создать. По дорожной карте.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Теперь по курортной зоне. По сравнению с южными курортами загруженность характеризуется нестабильностью в летний период – сто процентов почти, в весенние-летние 40 процентов, в зимний период 20 процентов. Говорит о неразвитости в целом комплекса туристических услуг. Качество сервиса низкое, цены высокие. Необходимо воспользоваться моментом проведения выставки «ЭКСПО-2017». Приехало очень много туристов, в том числе из-за рубежа. При этом не следует перегружать экосистему. Вместе с тем, необходимо создать цивилизованные условия для отдыха людей.

 Ақмола облысының басшысынан кейін Астана қаласының әкімі де Президентпен  кездесті. Әсет Исекешев Елбасына Астананың даму қарқынын баяндады. Экономикалық өсім бар, халықтың əл-ауқаты да оң. Елорда тұрғындары санының күн санап артуы да осыдан болар. Бұл ретте Елбасы бас қалада балабақша мен мектептен таршылық болмау қажеттігін қаперге салды. Көші-қон үдерісін ерекше бақылауға алып, мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй беру жүйесін жөнге келтіруді де тапсырды. Салымшылар мəселесі де Президент назарына ілікті. Сан соғып қалған салымшылар санының жыл санап артуының себебін Елорда əкімі өзінше түсіндірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-В столице по-прежнему большое количество дольщиков. В чем дело?

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

-Нурсултан Абишевич, когда был в 2013-14 году мораторий на проверки бизнеса, тогда они появились, около 60 таких проектов проблемных, они подняли за это время, пользуясь мораторием. Уже более 20 человек осуждено, возбуждены уголовные дела. Идет работа по достраиванию этих объектов за счет средств дольщиков, то есть они создают жилищно-строительные кооперативы, у нас совместная группа с Генеральной прокуратурой, Министерством юстиции, МВД, мы работаем. Процесс очень сложный и конечно, дольщики просят, чтобы государство помогло достроить. Но работаем, ищем инвесторов, сами дольщики достраивают, идет такой сложный юридический процесс, судебные тяжбы. Но те руководители-бизнесмены, они в основном, осуждены и поэтому мы, основываясь на этой позиции, работаем, помогаем максимально чтобы достроить не за счет средств государства. Работа находится на постоянном контроле, еженедельно проводятся комиссии, мы обсуждаем с правительством и новый закон о дольщиках, он полностью устраняет этот закон.

Сонымен бірге Әсет Исекешев Мемлекет басшысына «Талдыкөл» ағын су жинақтаушысы орналасқан жердің құнарлығын қалпына келтіру, жауын суы ағатын кәріз жүйесін және жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында қабылданған шаралар жөнінде және  алдағы атқарылар істер туралы баяндады.

Авторы: Елдар Бақпаев

2. II сессия қорытындыланды

Кеше Парламенттің алтыншы шақырылымы екінші сессияны қорытындылады. Он айдың ішінде Мәжіліс 38, Сенат 25 мәрте жиналыпты. Ал бірлескен отырыс саны алтау.

Осы басқосуларда халық қалаулылары 111 заң жобасын қарап, оның 84-ін қабылдаған. Депутаттар бекіткен заңдардың 66-на Президент қол қойып, олар өз күшіне енді.

Қолданысқа берілген құжаттардың ішінде халқымыздың болашағына тікелей ықпал ететін маңыздылары да бар. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық Декларациясы» және Конституциялық реформалар. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей: «Конституциялық өзгерістерді біздің депутаттарымыз жоғары сеніммен Елбасымыздың, халықтың, мемлекеттің алдындағы зор жауапкершілігі», – деп қабылдады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

-Осы теңдессіз конституциялық реформа – Қазақстанымызды әлемдік абыройға жеткізген Елбасы Н.Назарбаевтың әрқашан да халықпен бірге болып, тарихты бірге жасайтын салиқалы саясатының жемісі. Бұл өзгерістерді біздің депутаттарымыз жоғары сеніммен Елбасымыздың, халықтың, мемлекеттің алдындағы зор жауапкершілігі деп қабылдады.

Дегенмен тоқмейілсуге болмайды. Әлі атқарылуға тиіс жұмыс алпауыт. Елбасының экономикалық, технологиялық және рухани сананы түбегейлі жаңғырту жөніндегі стратегиялық міндеттерін орындаумен байланысты біраз іс күтіп тұр. Қазірдің өзінде Парламент қоржынында 30-ға жуық заң жобасы жатыр. Оларды жүйелеп-талқылау күздің еншісінде.

3. Сенат сайлауы

Айта кеткен жөн Сенат үшінші сессияны жаңа құраммен бастайды. Себебін білесіздер?! 28 маусым күні жоғарғы палатаның сайлауы өтті. Әр облыстан, Астана және Алматы қалаларынан бір үміткерден барлығы 16 депутат сайланды. Олардың 7-ін мәслихат ұсынса, қалған 9-ы өздері қатысқан. Жалпы сенатор орынтағынан үміттілер саны 89 болыпты. Соның 38-і ғана сайлау бюллетеньдеріне енгізілген. Биыл тамыз айында қызметтегі бірқатар сенатордың өкілеттік мерзімі аяқталады. Орындарына басқа депутаттар сайланды. Оларға облыстық, қалалық пен аудандық деңгейдегі 3165 мәслихат депутаты дауыс берді. Сайлауды шетелдік БАҚ өкілдерін қосқанда, 288 халықаралық байқаушы қадағалады.

Ирина Малюгина, ТМД елдері сарапшылары миссиясының өкілі:

-Сайлау науқанына тыңғылықты дайындық және өткізу деңгейі, оның ашық әрі ҚР барлық заң талаптарына сай өткенін көрсетті. Дайындықтың жоғары деңгейде болғанын атап айтқым келеді. Мысалы, электронды тіркеу жүйесі жұмысты жеңілдетеді. Байқаушыларға да жағдай жасалған.

Алматыда да таңдаушылар электронды түрде тіркелді. Қалалық сайлау комиссиясының мәліметінше, сенат депутаттығына 8 азамат өзін-өзі ұсынып, 5-і тіркелген. Сайлауды шетелдік және жергілікті 14 байқаушы бақылады. Қалалық мәслихат депутаттарының 94% дауыс берді.

Абдолла Сапарұлы, «Ауыл» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы:

-Халықаралық байқаушылар мен жергілікті байқаушылардың тарапынан ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Сайланған депутатқа табыс тілейміз. Халқымызға қызмет етсін!

Алматы облысында Сенат депутаттарын сайлауға жергілікті мәслихат депутаттарының 98% қатысты. Саяси дода екі үміткердің арасында өтті. Сайлау барысын Оңтүстік Корея мен Ресейдің 14 байқаушысы бақылап, әлеуметтік желіге тікелей эфирге шыққан. Депутаттардың көбі Нұрлан Қылышбаевқа дауыс берді. Қарсыласы өзіне сенім білдірген депутаттарға алғыс айтты.

Еркебұлан Өмірзақов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер:

-ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер ретінде қатыстым. Мен үшін барлығы ашық түрде өтті. 29 депутат дауыс берді. Барлығына рахмет айтқым келеді осылай қолдап, үміт артып, маған дауыс бергеніне.

Петропавлдан 3 кандидат қатысты. Құрылысшы, агроном мен жолшы сайлауалды үгіт-насихатын жүргізіп, бағдарламаларымен таныстырған. Үміткерлерге жергілікті мәслихаттардың 209 депутаты дауыс берді.

Валерий Самокрутов, Халықаралық байқаушы /Ресей/:

-Сайлау заң бойынша, барлық талаптарға сай өтті. Ешқандай заңбұзушылық байқалмады. Лайықты кандидат жеңіске жетті. Ол ең көп дауыс жинады.

Батыс Қазақстан облысында Сенат депутатын сайлауға барлық деңгейдегі 198 депутаттың 194-і қатысты. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен жіті танысқан таңдаушылар өз қалауын жасады.

Салтанат Тұманбаева, облыстық мәслихат депутаты:

-2 кандидаттың да бағдарламаларымен таныспыз. Әлеуметтік желіде жақсы жарияланды, БАҚ арқылы, кездесулерде де. Жалпы енді әрқайсысының алдағы жылда облыс үшін, еліміз үшін қандай тигізер пайдасы бар екенін нақтылап, сол бағдарламаға сәйкес біз өз шешімімізді қабылдадық.

Оңтүстік Қазақстан облысында өткен саяси науқанға Ресей мен Өзбекстаннан 4 байқаушы қатысты. Екі үміткер де – инженер-құрылысшы. Өңірдегі 312 мәслихат депутаттарының саяси науқанға 99,3 пайызы қатысып, өз таңдауларын жасады.

Ал Ертіс өңірінде дауыс беруге 206 депутаттың 196-сы келді. Сайлау барысын ТМД елдерінің миссиясы бойынша екі халықаралық байқаушы қадағалады.

Сайлау Атырау облысында да заңға сай өтті. 3 кандидатқа дауыс беруге 132 мәслихат депутатының 99 пайызы қатысты. Сайлауға қатысушылар мен дауыс санау онлайн бақыланды.

Сергей Костенко, ТМД елдері миссиясының байқаушысы:

-Қазақстанда алғаш рет қолданысқа енгізілген таңдаушыларды электрондық тіркеу жүйесіне қызығушылығым артып отыр. Бұл жүйе тек Қазақстанда ғана емес, болашақта бүкіл Достастық елдерінде қолданылса, сайлаулардың әділ өтуіне жол ашылады.

Маңғыстау облысынан сенат депутаты болып «Нұр Отан» партиясының мүшесі Бақтыбай Шелпеков сайланды. 76,11% дауыс жинады. Ол бұған дейін жоғары палата депутаты болған. ТМД байқаушылар Миссиясының өкілдері барлығы заңға сай өткенін мәлімдеді.

Республика бойынша тіркелген 89 кандидаттың екеуі Ақмола облысынан. Ең жас үміткер де осы өңірден. Көкшетауда 271 мәслихат депутаты дауыс берді. Сайлауды 11 халықаралық байқаушы мен кандидаттардың өкілдері қадағалады.

Сенат депутаттарын сайлау Сыр өңірінде де лайықты деңгейде өтті. Облыстағы 147 депутаттың 144-і 3 кандидатқа дауыс берді. Дауыс беру аяқталып, бюллетеньдер саналып, қорытындысы ашық жария етілді.

Шығыс Қазақстан облысында cайлау халықаралық байқаушыларды тіркеуден басталды. Сайлау барысын ТМД елдерінің 7 өкілі бақылады. Ал үміткерлерді таңдау құқығына түрлі деңгейдегі 312 мәслихат депутаты ие болды. Байқаушылар: «Сайлау әділ де ашық өтті» , – дейді.

Әкімбек Баймолдинов, ҚР Парламеті Сенатының депутаттығына үміткер:

-Жеңіске жеткен Дүйсенғазы Мусин тәжірибесі менен молырақ. Бар жағдай жасалған екі жаққа да. Сайлау комиссиясы жағынан, облыстық акимат жағынан сайлау дұрыс өтті деп санаймын.

Сенат депутаттарының сайлауы кезінде Орталық сайлау комиссиясының сайтына бәз біреулер 28 маусымда түскі сағат 1-ден 13 минут кеткенде интернет ресурсты бұзып, мәліметтер базасына кіруге әрекеттенген. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев: «Хакерлер табылып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалады», – деді. Соған қарамастан сайлаушыларды электронды тіркеу кезінде техникалық кедергілер болмаған, комиссия тарапынан ескертулер түспеген. Сайлауға 518 халықаралық және отандық байқаушы қатысты. Барлық миссия өкілдері оның өту деңгейін жоғары бағалады.

Ван Кайвень, ШЫҰ байқаушылары миссиясының жетекшісі:

-Миссиямызда Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстанның өкілдері, барлығы 12 байқаушы болды. Біз орталық және Астана, Алматы, Көкшетаудағы аумақтық комиссиялардың қызметімен танысып, кандидаттардың сенімді өкілдерімен кездестік.

Мұстафа Исен, Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясы миссиясының жетекшісі:

-Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы ел. Біз қазақ бауырларымыздың туы бұдан да жоғары желбіресін деп үнемі тілейміз.

Рамиль Гасанов, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы:

-Бірде-бір сайлау комиссиясының жұмысына заңсыз араласу фактісі болмағанын сеніммен айта аламыз. Дауыстарды санау шарасы да ережеден ауытқыған жоқ.

Ал күні кеше орталық сайлау комиссиясында жаңадан сайланған сенаторларды тіркеу жөнінде кеңес өтіп, халық қалаулыларына депутаттығын растайтын төсбелгілер берілді.

Авторлары: Ақбөпе Бәкір аймақтағы тілшілердің көмегімен

4. Премьер-Министр сапары

Елбасының тапсырмасына сәйкес, осы аптада Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болды. Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысты. 

Премьер-Министр облыс активімен кездесті. Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында алға қойған міндеттердің орындалу барысын талқылады. Экономиканың тұрақты дамуы үшін стратегиялық бағдарламаларды жүйелі жүзеге асыру маңызды. Бұл ретте жаппай жұмыспен қамту және кәсіпкерлік, «Нұрлы Жер» бағдарламасы мен ауылшаруашылығы өнеркәсібіне айрықша маңыз берілуі тиіс. 

Премьер-Министр Сырдария өзеніндегі су тоспасын көрді. Осы жерде Мемлекет басшысының тасқын суды жинау және суармалы жерлердің көлемін арттыру бойынша тапсырмасының орындалу барысын зерделеді.

Мұнан соң бірнеше бағыт бойынша 289 түрлі қызмет ұсынып отырған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды. Орталық әкімшілік кедергілерді азайтып, мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін арттыру бойынша Үкіметтің шараларын өңірде іске асыруға бағытталған. Премьер-министр Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кеніші мен ортағасырлық Сығанақ қаласын зерттеу жұмыстарымен танысты.

Авторы: Айнұр Қуатбайқызы 

5. Қош келдіңіз, турист!

21 ғасыр – туристік индустрияның дәуірі. Себебі бұл сала дамуда желден жүйрік, құлдырауда тасбақадан баяу деп танылған. Бұған мына сандар да дәйек бола алады.

Қазір әлемде 200-ден аса мемлекет бар десек, соның 40-қа жуығы туризмнен табыс тауып, бақуатты өмір сүріп жатыр. Тағы 90-ға тарта елдің экономикасында осы сала екінші орын алады. Демек төрткүл дүниенің тең жарымын жарылқап тұрған – сырттан келер қонағы.

Бұл қатарға қосылуда Қазақстанның мүмкіндігі мол. Бізде тамылжыған табиғат бар. Бізде қасиетті орындар да, тарихи мекендер де қаншама. Тек тілін тауып, тетігін жасап, қолға алу – қалғаны.

Осы аптада Үкімет атаулы мәселе жайлы ойласты. Отандық туризмді дамытудың түбегейлі өзгерген тұжырымдасын бекітті. Әрине, қуаныштан «бөрікті аспанға атуға» болады. Бірақ көкейді бір сауал кернейді. Бағдарламада көзделген жағдайлар өз деңгейінде жүзеге аса ма? Бұған жауап ретінде жаңадан «Қазақтуризм» ұйымы құрылатындығын айтса жарасар. Ол қандай ұйым? Жұмысы немен шектелмек? 

Әлемде мұнайдан кейінгі ең үлкен табыс көзі – туризм. Дамыған елдер, мәселен, Испания ішкі жалпы өнімінің 62 пайызын осы саяхаттан құрайды. Біздің елдегі бұл көрсеткіш көп емес. Ел табысының 8 пайыздық үлесін қамту жоспарда. Дүниежүзілік туристік ұйым дерегінше, әлемде 1 миллиардтан астам адам саяхатшы қатарында. Туристерді батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпір Ұлы дала еліне қайтсек көптеп тарта аламыз?

Әзірге құзырлы министрлік басшысының өзі де мойындайды. Қаржы жағынан айтқанда, бізге Бурабай мен Алакөл жақын да болса, алыс. Ал Түркияға саяхат қалтаға қонымды. «Оны өзгертудің бір ғана жолы бар», – дейді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

-Туристік салада біздің тұжырымдаманы, концепцияны бірінші рет қабылдап жатырмыз. Қазақстанға осы салада келетін инвесторлар бар. Ол бізге өте керек. Біздің керемет орындарымызды әрі қарай дамыту үшін, әрине, біз инвесторларды әкелуіміз керек.

Ел үкіметі туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдады. Енді туристік бағыттар айқындалады. Өңірлердегі көрікті орындар белгіленеді.

Жергілікті кәсіпкер Назым Сейтқазықызы жолдасы Ринат екеуі отбасылық бизнесті туризмнен бастаған. Өскеменнен 80 шақырым жердегі «Дұбығалы» көлінің жағасына 80 орындық демалыс жайын салып жатыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 20 миллион теңге жеңілдетілген пайызбен несие алған. Бұл көлдің суы жартылай тұзды, емдік қасиеті бар. Алайда демалыс орны туралы жарнама жоқтың қасы. Жол да жоқ.

Назым Сейітқазықызы, кәсіпкер:

-Құжат дайындауға 8 айымыз кетті. Қолжетімді бағамен осы жерде демалуға балалар ойнайтын жері, спорт алаңы болады. Волейбол жағажайын осы жерде салайық деп отырмыз. Семей мен Өскемен арасында үлкен трасса бар, сол жерден бері қарай осы жерге жолымызды жасап берсе, жақсы болар еді деп ойлаймыз.

Мемлекет те ішкі туризмді дамытуға мүдделі. Үкімет тапсырмасы бойынша енді қызмет көрсету орталықтары бір үлгіде салынады. Жол мәселесі, қызмет көрсету сапасы мен жарнаманың жоқтығы. Туризм келешегіне басты кедергі болып отырған бұл мәселелердің шешімі жаңа тұжырымдамада қамтылған. Екі кезеңдік жоспар бойынша келер жылы «Қазақтуризм» ұйымы құрылады. Олар өңірлердің ерекшеліктеріне қарай аймақтың имиджін қалыптастырып, маркетинг жұмыстарын жүргізеді. Әзірге алты өңірлік мәдени-туристік кластер анықталған. Шығыста «Алтай інжулері» кластері пайда болады.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

-Қазір аумақтың инфрақұрылымын дамытуға 550 миллион теңге қарастырылып, 1 миллиард 400 миллион теңгеге жол және коммуникациялар тартылады. Алакөлдің жылына 2 миллион адам қабылдайтын қауқары бар. Қазір осы аумақта түрлі ойын-сауық қызметтерін көрсететін орындар, мейрамхана мен курорттық нысандар салу үшін инвесторлар тартылуда.

Қазірдің өзінде Алакөл маңында құрылысы қызу жүріп жатыр. Қонақүй, мейрамхана секілді 140 нысан қайта қалпына келтірілуде.

Жеңіс Жүрсімбаев, жобаларды бақылау инспекторы:

-Үржар ауданы бойынша республикалық, облыстық жолдардың барлығы жөндеуден өтіп, қазір халықтың келуіне үлкен мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта 80 демалыс үйі демалуға жарамды деп айтуға болады.

Владимир Бажин,  турист /Ресей/:

-Тамаша! Табиғаты, ауа райы керемет! Жақсы демалыс үшін бәрі бар. Мұндағы көлдің шипасын сезініп, халықтың кең пейіліне бөлендік.

Алматы облысы да Алакөлдің зор мүмкіндігін арттырмақ ниетте. Аймақта 152 туристік демалыс орны жұмыс жасайды. Былтыр 500 мыңдай адам осы жерде демалып, 2 айда көрсетілген қызмет бағасы 2,4 млрд теңгеге жуықтаған.  

Жақсылық Омар, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

-Үшарал қаласындағы аэропортқа облыстық бюджеттен 896 млн теңге бөлініп, қазір құрылысы аяқталады. Жақын күндері маусымның басталғанына дейін біз пайдалануға береміз. Қазір 2 бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны да жақын күндері іске қосатын боламыз. Ақши ауылында былтыр үлкен медициналық көмек көрсететін амбулатория салынды. Қазір сол станцияда қонақтардың келіп кетуіне ыңғайлы болу үшін темір жол бекетінің құрылысы жүріп жатыр.

Жолымызды жөндеп, әуежай салып жатқанда туристер лек-легімен ағыла бастады. Қазақстанның Швейцариясы Бурабайға соңғы екі аптада 10 шақты елден арнайы делегация келіпті. Бұған Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі ықпал етіп отыр. Жақында Қытайдан құрамында 600-ге жуық саяхатшысы бар автокеруен, ЭКСПО көрмесінен соң осы Бурабайға аялдайды.

Шынарбек Батырханов, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:

-Көбі әсіресе шетелден келген қонақтар мынау 5 жұлдызды отельдерге Риксостан бастап, ол жерге тоқтауға тырыспайды. Өзі табиғаттың ішінде, палатка ұйымдастырып, таза ауада сондай жағдайда демалғандарын жақсы көреді.

Үкімет туристерге барынша қолайлы жағдай жасамақ. Визалық көші-қон саясатын реттеп, әуе қатынастарын дамыту көзделген. Елге визасыз кіре алатын елдердің тізімі 63 мемлекетке дейін ұлғайған. Сондай-ақ қазір Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында «ашық аспан» режимі қолданыста. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев көші-қон полициясында шетелдіктерді тіркеу, электронды визаларды енгізу мәселелерін әртараптандыруды назарда ұстауды тапсырды.

Талеб Рифаи, БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымның бас хатшысы:

-Біз визаны алып тастауды сұрамаймыз. Тек оны алуда жеңілдік болса дейміз. Біз 100 пайыз электрондық виза тұжырымдамасын қолдаймыз. Себебі елшіліктерде кезекке тұрып, уақыт жоғалтқысы келмейтіндер үшін онлайн қызмет тиімді. Қауіпсіз әрі ыңғайлы саяхат – бір біріне кедергі емес, керісінше үйлестіретін фактор.

Қонақ келсе – құт. Қарапайым мысал, Қазақстанға бір турист аялдаса, 6 адамға жұмыс табылады. Алысқа бармай-ақ, ЕХРО-2017 көрмесін алайық. Көрме басталған уақыттан бергі санаулы күнде 400 мыңдай адам келген. Астана 140 мың шетелдік мейманды қарсы алыпты. Қонақжайлылық танытуда алдымызға жан салмаймыз. Талайды таңдай қақтыратын табиғаттың өз тартуы да жеткілікті. Жер жаннаты – Жетісу, Шыңғысхан мен Қабанбай батыр ат шалдырып, әскерлерінің жарасын жазған атақты Алакөл жағалауы, Қазақстанның Швейцариясы атанған Бурабай. Тізе берсек, құт дарыған мекен көп. Тек соны пайдаға жарата алсақ игі.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Жұрағат Баман аймақ тілшілерінің көмегімен

6. Қазақстан дипломатиясына 25 жыл!

Қазақстан дипломатиясына 25 жыл! 1992 жылдың 2 шілдесінде Елбасының Жарлығымен еліміздің Сыртқы істер министрлігі құрылды.

Ұлы Дала Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бірден шекарасын айқындады. Өзге мемлекеттермен саяси-экономикалық және мәдени тұрғыдан байланыс орнату маңыздылығы күн тәртібінде тұрды. Тарихты парақтасақ, түрлі «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерген жас ел үшін кәсіби маман, яғни кадр тапшылығы қатты сезілді. Әсіресе Сыртқы істер министрлігін түбегейлі жаңадан құрып, шетелдерде дипломатиялық өкілдіктер ашудың үлкен міндеті тұрды.

Егемен еліміздің алғашқы елшілері мемлекет және қоғам қайраткерлері арасынан таңдап алынып, тағайындалды. Сол дипломат деген маңызды миссияның тізгінін ұстаған азаматтардың әртүрлі салалардағы мол тәжірибесі мен отаншылдық қасиеттері сыртқы дипломатиялық корпустың іргетасын қалады. 25 жылда кәсіби дипломаттарымыздың бірнеше буыны қалыптасты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Осы жылдардың ішінде сіз бен біздер ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның тәуелсіздігін орнатуға атсалыстық. Жаңадан ешуақытта болмаған институттарды құрдық. Мемлекетті құрдық. Оның болмаған министрліктерін құрдық. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға алып келдік. Жасалған жұмыстар, сыртқы саясатты іске асыруда сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Мен оны білемін. Сол үшін де ризашылығымды айтамын. Заманның беталысы қазіргі бізге басқа талаптар қойып отыр. Сондықтан дипломатиялық қызмет жұмысын жүргізе түсудің, өсіре түсудің, жақсарта түсудің маңызы барлығымыз үшін өте зор.

Кеңес үкіметі кезінде құрамында қазақтың академигі Қаныш Сәтпаев бар делегация іссапармен Ұлыбританияға барады. Қонақтарды қабылдаған Уинстон Черчилль ғалым Сәтпаевқа: «Қазақтардың барлығы сіздей биік пе?», – деп сұраған  көрінеді. Сонда ағамыз: «Жоқ, менің халқым менен де биік», – деп жауап қатыпты. Бұл – ұлтымызға тән қасиет. Қашанда ең алдымен халық мүддесі жоғары қойылады. Ширек ғасырда халықаралық қоғамдастықтың бәрімен сенімді байланыс орнады. Әлемнің түкпір-түкпірінде елшіліктер ашылды. Қазір Қазақстанмен төрткүл дүние санасады.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

-Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы жұмыс Қазақстан үшін халықаралық істерге қатысудың сапалы да жаңа бір белесі болмақ. Бұл бейбітшілік пен қауіпсіздіктің игілігі жолындағы одан арғы жұмыстарымызға және Ұлттық қауіпсіздігімізді практикалық қамтамасыз ету тұрғысынан да аса пайдалы. Осы тәжірибе баға жетпес болып табылады. Стратегиялық сипаттағы бұған дейінгі дәстүрлі қалыптасқан әріптестігімізді одан ары нығайту жолындағы жұмысты жалғастырамыз.

Алдымен – экономика, сосын – саясат. Осы формула Қазақстанды жетістікке бастаған. Ал бұл күні кеше пайда болған алгоритм емес. Қадым замандардан қауқар алады. Мәселен, әл-Хорезми айтқан әңгімемен ұштасады. Ғұлама: «Жамандықты жақсылыққа айналдыр, қисайғанды түзе», – депті. Яғни «ең әуелі әлеуметтің әлеуетін арттыр, елдің етек-жеңін жина, одан кейін барып басқа мәселелерге мән бер» дегенге саяды. Елбасы тап солай жасады. Нәтижесіне уақыт атты төреші куә.

Кеше аңқасы кепкен Аралдай болсақ, бүгінгі көрініс арнасынан асқан Каспийді көзге елестетеді. Әлем алпауыттарының айтқан ойларын шайқап, қаймағын шығарсақ, қазіргі Қазақстан алты құрлық ақылдасар қазыналы қартқа қатты ұқсайды.

Дегенмен, бұл толдық, болдық дейтін шақ емес. Әлі атқарылмаған іс әжептеуір. Енді не істеу керек? Елдің болашақ бағыты қандай? Қайда барамыз? Оған жауап тарихтан табылады. Тарихқа үңілсек, неше түрлі тайпа мен неше түрлі халықтың тағдырына тап боласың. Солардың арасында «арыстандай азулымын» дегендері де алысқа шаппаған. «Менмін» деген мемлекеттердің құрдымға кетуінің себебі неде? Қателік қайдан?!

7. Рухани жаңғыру

Біреу соғыста жеңілді. Біреу тілін-ділін жоғалтты. Біреу жаңа заманға бейімделе алмады. Міне осындай тарихи мысалдарды негізге ала отырып, қателіктерді ескере отырып, біз өзіміздің болашаққа бастар алгоритмімізді құрастыруымыз керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мақсатын осылай ұғынсақ, құба-құп.

Сонымен кемел келешекке бастар бастаманның жүзеге асу барысы қалай? Рух пен намыс егіз. Қазақ халқы екеуін де биік қояды. Маңғыстау өңірінің халқымен жүздескен Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері тарихи-мәдени жауһарларды шетелге танытып,  жастарға ұлттық тәрбиені сіңіру, латын қарпіне көшу мәселесін қызу талқылады. «Әр адам туған жерін түлетуге ұмтылуы тиіс», – дейді зиялы қауым.

Жүрсін Ерман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

-Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» дейтін бағдарламасы халық түсінуге тиісті нәрсе. Ұлт болып қалыптасамыз, халық болып ұйыймыз десек, біз өзіміздің тарихымызды, дәстүрімізді, салтымызды меңгеруіміз керек. Тілімізді түзеуіміз керек. Балаларымызды осы заманғы оқулықтармен дайындап, туған жеріне оралып, әркім өз жүрегінде жаңғыру, өзгеру керек.

Ұлттық кодты сақтауы тиіс жастар тәрбиесінің мәні айрықша. Маңғыстау өңірінің Ақшұқыр мектеп-лицейінің ауласы этноауылға айналған. Өңірге белгілі шеберлер балаларға ши тоқу, қамшы өру, киіз басып, құрақ құрауды үйретіп, ұлттық тағам түрлерін әзірлеуге баулып жатыр. Этнолагерьде Ақшұқыр ауылының 300-ге тарта баласы 12 күн тынығып, ата-дәстүрді терең меңгермек.

Қаламқас Тілеубаева, Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры:

-Мұндағы мақсатымыз – халқымыздың салт-дәстүрлерін оқушыларға көрсете отырып, насихаттау, олардың бойына елжандылықты қалыптастыру. Тілімізді, ділімізді, дінімізді, ұлттық өнерімізді барлығын бала бойына сіңіріп өсу керек.

Сол ұл мен қыздың өнегесіне үлкендер үлгі. Атпал азаматтар рухани жаңғыру бағытындағы «Туған жер» жобасын жарыса жүзеге асырып жатыр.   

Қояндыдағы мына 10 бөлмелі зәулім үйде енді жетім қалған 10 бала тұратын болады. Қарағандылық жеке кәсіпкер Нұрлан Қалтаев өз қаржысына ауылда үй салып, оған балалар үйінің қызметкерлерін көшіріп әкелмек. Бұдан өзге де жобалары көп. Нұрлан Қалтаев Қояндыдан көшкелі 30 жыл болды. Бірақ туған өлкесін ұмытқан емес. Ауылына мешіт пен балалар алаңын салып берген.

Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:

-Енді Алла қаласа, бұлар өскеннен кейін мына жақта Талды деген шеткі көше бар, сонда бұрынғы жәрмеңкенің кезінде салынған, кейін тастан салынған үйлер бар. Төбесі жоқ, едені жоқ. Солардың құжаттарын жасап, жөндеп, соларға берсек деген ойымыз бар.

Ауыл демекші, Маңғыстау өңірінде «Үлгілі ауыл» байқауы жарияланды. Жүлде қоры – 30 млн теңге. Бұл қаржы ауылды абаттандыру ісіне жұмсалмақ. Жеңістен үміттілердің бірі – Шалғайдағы шөлейтті Шайыр ауылы. 2 мыңдай халқы бар ауылда минералды су шығарылады. «Шайыр суы» мұнай компаниялары мен облыс аумағына сатылады. Дүкен, шаштараз, наубайхана жұмыс істеп тұр.

Санақбай Тілегенов, Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы:

-Газымыз бар, суымыз әр үйге барып тұр, жарық та келіп тұр. Енді біздің бір ғана арманымыз бар. Мына Шайырдың үстімен өтетін Жыңғылдыдан Шерқала арасындағы асфальт жол. Осы орындалса, Шайырда ешқандай арман болмайды.

Ал еліміздің шығысындағы Үржар ауданында ақын Әсет Найманбайұлының  150 жылдығы атап өтілмек. Оған қытайлық ғалымдар да шақырылған. Қарқаралыда туып, Мақаншыда өсіп өнген Әсет Найманбайұлы жыр-дастандарынан бөлек, ұлттық музыка өнерінде өлшеусіз мұра қалдырды.

Әбен Разуев, Ә.Найманбайұлының әдеби-мемориалдық мұражайының меңгерушісі:

-Біздің рухани жағымыздан бүгінгі даму деңгейімізге пара-пар келеміз бе? Міне осы жағдайды Елбасымыз өте көрегендікпен айтып өтті. Әсет бабамыздың зерттелмей жатқан дүниесін, асыл қазынасын су түбінен маржан тергендей қылып бүгінгі дәрежеге жеткізіп, оны ары қарай аша түссек деген ниетте болатынбыз.

Дәл осы шығыстағы «Ақбауыр» археологиялық кешенін ғылыми зерттеу қолға алынбақ. Тарихи таңбаларға толы мұндай үңгір әлемде екеу ғана. Үңгірдің төбесінде күндіз жарық түсетін, түнде жұлдыздар көрінетіндей ойық бар. Сондықтан тас үңгір туралы әртүрлі аңыз тарағанымен, нақты ғылыми тұжырым жоқ.

Галина Петенева, «Ақбауыр» музей кешенінің  жетекшісі:

-Біз тек археологиялық тұрғыдан ғана емес, тарихи жағын да зерттеуіміз керек. Бізде осы аумақта бұрын тұрған адамдардың рулық, туыстық қатынасын зерттейтін ғылыми-қызметкер бар. Ол тіпті өткен ғасырлардағы осы жерде болған адамдардың ұрпақтарын анықтады. Сондықтан жан-жақты зерттеу жүргізілуі тиіс.

Ал Ақмола облысының археологтары үлкен олжаға кенелді. Зеренді ауданындағы Кеңөткел қорымынан қола дәуіріне тиесілі әшекейлер мен қыш ыдыстар табылды. Арада мыңдаған жыл өтсе де, қолөнер бұйымдары жақсы сақталған. Жәдігерлер  облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылады.

Жасұлан Үкеев, облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің ғылыми қызметкері:

-Мысалы, мына қыш ыдыстың бүйірінде салынған орнаменттеріне қарап, бұның біз қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатқызамыз. Өйткені бұған ұқсас зат 2010 жылы қазылған археологиялық қазба жұмыстары барысы кезінде «Орманды бұлақ» қорымынан табылған қыш ыдыстар, осыған ұқсас, тура келеді, дәл келеді.

Ал Петропавлда жазғы оқу залы ашылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары қалаған әдебиетін таза ауада отырып оқи алады. Кітаптардың электронды нұсқасын телефонға жүктеуге мүмкіндік бар. Ол үшін «Мобильдік кітапхана» жобасы іске қосылды. Кітапхана жаз бойы жұмыс істейді.

Қайыржан Мәлікова, С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері:

-Бізде сонымен қатар «Буккроссинг» жобасы қолға алынды. Яғни оқырмандарымыз өздерінің кітаптарын әкеліп, біздің осында алаңға қойылған кітаптардың ішінен ұнағанын орнына ауыстырып алуына болады.

«Білім – гауһар, бағасы жоқ, надандық – кесел, дауасы жоқ» дегендей, кітаптың таусылмас рухани байлық екені күмәнсіз.

Авторлары: Индира Жылқайдарова аймақтағы тілшілердің көмегімен

8. EXPO – ғылым мекені

Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін жарты миллионға жуық адам көріпті. Көрермендердің ең көп баратын нысаны – «Нұр Әлем» сферасы. Қазақстандық павильонды 150 мыңнан аса қонақ тамашалаған. Ондағы жобалар жайлы қай мейманның да пікірі оң. Жасалған жұмысты жоғары бағалап жатыр.

Осы аптада «Болашақ энергиясы» атауымен конференция өткен болатын. Сол жиынға арнайы ат сабылтып келген Потсдамдағы «Тұрақтылықты зерттеу институтының директоры» Клаус Тепфер таңдасын былай тарқатты: «Қазақстанның қойнауы қазынаға толы. Бірақ қазірдің өзінде «Болашақ энергиясы» жайында бастама көтеріп жүр. Бұл – көпке үлгі боларлық әрекет».

Рас мұнай бүгін-ертең біткелі тұрған жоқ. Әлі біраз жыл жарылқайды. Қазір елімізде жыл сайын шамамен 80 миллиион тоннаға жетер-жетпес көлемде қара алтын өндіріледі. Ал игерілмеген кен орындарына келсек, ол да баршылық. Қысқасы қойнау толы құт.

Бірақ «барға қанағат» деп қарап отыру – бүгінгінің белгісіне жат. «Жасыл энергияға» жан бітірмей, енді «екпінді даму» дейтін үш ұйықтасаңыз да, түсіңізге кірмейді. Соны көптен болмаса да, біраз елден ерте ойладықтың жайы бұл.

«Шетелдік инвесторлар кеңесінің» отызыншы отырысында «Еуропа қайта құру және даму банкінің қаржыландыруымен Байқоңырда күн электр стансасы салынатыны» белгілі болған.

Енді міне осы аптада «Ақтөбеде жел генераторын шығаратын зауыт бой көтереді» деп қуантты. Жоба құны – 84 миллион еуро. 500 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.

Алты құрлыққа абыройымызды мәшһүр еткен шараның үшінші аптасындағы айшықты оқиғалардың бір парасы ғана бұл. Асылы ауыз толтырып айтарлық ақпарат мол. Әрине, барлығы жайлы баяндаймыз. ЭКСПО көрмесіне әлемнің жарты бөлшегін қазақ даласына әкеліп қойғандай. Халықаралық көрмеге қатысушылардың жобасы адамзаттың игілігі үшін. Барлығына ортақ. Өз идеяларын ұсынып, басқалармен тәжірибе алмасуға дайын. Технологиясы озық Оңтүстік Корея әлемді таңқалдырудан жалыққан емес. Павильон аумағы – 1804 шаршы метр. Өткенсіз болашақты болжау қиын. Сондықтан кореялық ғалымдар келешектің қамын ойлайды. Энергияға деген тапшылықты жойып, қоршаған ортаға зиян келтірмеудің тетіктерін барынша зерттейді.

Бён Йонг Соп, Оңтүстік Корея павильонының директоры:

-Корея павильонының басты идеясы – қоғамның болашағы. Баламалы энергия көзінсіз келешекті елестете алмаймыз. Біздің елде энергияның 76 проценті қоқыстан алынады. Желден 66 процент энергияны аламыз.

Кореялықтар – заманауи технологияны күнделікті өмірде қолдануда көшбасшы. Көрмеге тыңғылықты дайындалған. Экспоға қатысуда тәжірибесі мол. Нарықты жан-жақты зерттеген. Павильонды аралаған жұртқа ұсынған жобалардың біразын виртуалды тамашалауға болады. Әсіресе сутегімен жүретін автомобильге қызығушылық басым. Салмағы – 1,5 тонна. Экологиялық жағынан тиімді.

Асан Оспанов, Оңтүстік Корея павильонының қызметкері:

-Машинаның жұмыс істеу механизмі көптеген тексеруден өтті. Сутегінің көмегімен жанар-жағармайды қажет етпейді. 2015 жылы 15 көлік құрастырылды. Кореяда 400-дей данасы сатылды. Бағасы – 77 мың доллар.

Әлемде электромобильді көліктерге сұраныс көбейіп келеді. Қазір барлық ел инфрақұрылымнан бастап, қуаттау бекеттері және жаңа автоөнеркәсіпті қалыптастыруға айрықша көңіл қойып отыр.

Ағылшындар Нобель сыйлығын алған ғалымдардың жаңалығымен жұртты таңқалдырды. Кез келген үйде жарықсыз тіршілік жоқ. Ал шамның сапасы –бөлек әңгіме. Ғалымдар вольфрамды графендік шамға алмастырған. Графен – ең төзімді, темірден берік, тоқ өткізгіштігі жоғары. Болашақта ұшақ жасауда да қолдану жоспарда бар.

Әйгерім Сағимұрат, Ұлыбритания павильонының қызметкері:

-Бұл материал 2004 жылы екі ұлыбританиялық ғалыммен Манчестер университетінде ашылған болатын. 6 жылдан соң олар осы жаңалық үшін Нобель сыйлығын жеңіп алған еді. Яғни тоқ қосылған сәтте энергия көбіне жарыққа беріледі де, жылуға берілмейді. Сондықтан оны қолмен ұстай аласыздар, ол ыстық емес. Графен болашақтың материалы болып саналады.

Осы аптада ұлттық күнін өткізген Ұлыбритания Қазақстан арқылы Ресей мен Қытай нарығына шығуды көздейді. Астанаға серіктес іздеп келгенін жасырған жоқ.

Иэн Коттон, Манчестер университетінің профессоры:

-Назарбаев Университетінің ғалымдары графенге деген қызығушылық танытты. Графенді көп салада қолдануға болады. Әлемдегі ең жеңіл әрі берік материал энергия жинақтау қасиетіне ие. Оның көмегімен сутектен қуат көзін алатын құрылғылар жасап, ғаламат қуат көзіне айналдыруға болады.

Ал киіз үйдің керегесі арқылы ауа райының құбылуын көрсету – сәтті шыққан жобалардың бірі.

Диана Өтежанова, Ұлыбритания павильонының қызметкері:

-Алдарыңызда тұрған пейзаж бұл шынайы болып келмейді. Ол компьютерлік графика. Мұны жасау үшін көптеген тәжірибелі ғалымдардың жұмысы керек болды. Жарты жылдық еңбек. Бұл компьютерлік графиканы жасау үшін 8 мың компьютерлік процессор қолданылды, 40 мың пиксель және де диаметрі 60 метр болып табылады. Бұл пейзажда сіздер ауа райының өзгерісін, табиғаттағы түрлі құбылыстарды көрулеріңізге болады. Найзағайдың болғанын, жаңбырдың жауғанын немесе күннің күркірегенін, күн мен түннің теңелгенін көруге болады. Яғни келушілер қонақтар ішіндегі киіз үйдің уықтарын ұстаған сайын, олар ауа райын өзгертеді. Киіз үйдің уықтары адамның жылуын сезген сайын, сәл уақыттан соң осы пейзажда ауа райының құбылыстарын көруге болады.

Ғылым мен техника жетістігі ЭКСПО-дан бастау алып, әлемге тарайтыны хақ. Отандық ғалымдар да қол қусырып жүрген жоқ. Тыңбай инвестор іздеу жатыр. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Айнұр Исованың ойлап тапқан жобасы – қатты отын элементтерінің негізінде жұмыс істейтін генератор. 5 жылдан бері соны зерттейді.

Айнұр Исова, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

-Химиялық процесс негізі. Шағын ғана анодтан, электролиттен, катодтан тұрады. Анодтан берілген сутегі диффузияның әсерінен электрге айналады. Содан электр тоғы пайда болады. Отынның элементтерінің химиялық энергиясын электр энергиясына түрлендіру.

Қарапайым тілмен айтқанда, куаты 1 кВт тан 1 мВт-ке дейінгі әртүрлі генераторлардан элекр станцияларын құрастыруға болады.

Серікбол Тоқмолдин, «Физика-математика институты» директоры:

-Одан ауаға шығатын қалдықтар бірнеше есе аз болып келеді. 1 кубаметрден шығатын қуат 1 кВт-тан асуы мүмкін. Қазір ондай станцияларды айта алмайсыз. Ол бәрі үлкен-үлкен құралдар. Ал мұның көлемі кіші болып келеді.

Автономды электр энергиясының бұл түрі тасымалдауға ыңғайлы. Генератор тасымалдауға жеңіл. Ауыл шаруашылығы саласында пайдалану тиімді. Ғалымдардың жобаны қолдайтын инвестор табылса деген тілегі бар.

Әлемдегі өндірістің көбеюі мен халық санының өсуі энергияға деген сұранысты еселей түсті. Шағын ғана жері бар Катар мемлекеті күннен энергия алудың қыр-сырын меңгеруге ден қойды. Бұл елде қысы-жазы күн ыстық. Ең бастысы мұнай мен газға бай елдің баламалы энергетиканы дамытуға деген құлшынысы жоғары.

Мұхаммед әл-Блуши, Катар Республикасы павильонының комиссары:

-Біз таңдаған бағыт «Жаңа энергетикалық көкжиек» деп аталады. Баламалы энергия көздерін зерттеудегі озық тәжірибелерді үлгі ретінде аламыз. Әсіресе күннен алынатын энергия елдің тұрақты дамуына әсер етеді.

Күн энергиясы – сарқылмас қор. 4 жылдан бері Гималай тауларында шалғай жатқан елді мекендер күн энергиясының игілігін көріп келеді. Ауылдарға арнайы күн панелдері орнатылған. Энергия 5 күнге дейін сақталады. Әдетте тау мен тастың арасындағы үйлерге кейде адам аяғы жете бермейді. Мамандар Үндістандағы сәтті жобадан кейін тоқтап қалмақ емес.

Милош Илеш, «Platio» жобасын құрастырушы:

-Біз пластик қалдықтарынан жол үстіндегі тақтайшаларды құрастырдық. Оның ішінде арнайы кабель мен панель бар. Бұл құрылғы күн сәулесі мен жаяу жүргіншілердің қозғалысынан қуат алады. Бұл энергияны кабель арқылы қалалық электр желісіне жіберуге болады.

Үздік тәжірибелер алаңындағы жобалар адамзаттың өмірін жақсартуға бағытталған. Ең бастысы – қоршаған ортаны қорғайды. Астанадағы көрменің міндеті де сол. Жаһан жұртының пайдасына жарайтын инновациялық дүние шығару.

Авторлары: Мырзабек Түсіпов, Әсем Қабылбек, Ерсін Мұхабеталин 

9. Түнгі Астана

Астана жаз келгелі сұлу қыздай сыланды. Қазір көше-көшенің бойы қызыл-жасылды бұйымдармен көмкерілген. Таза ауаға шығып, серуен құрған жанның көңілін жадыратады. Кешкісін ерке Есілдің бойына бара қалсаңыз, «Күн» деп аталатын фонтан көзіңізге оттай басылады. Дөңгелек пішінді субұрқақ су мен отты қосып ойнатқанда, техникаға тіл бітірген адамның ақылынан айналасыз! Жалпы қала бойынша ірілі-ұсақты 122 субұрқақ жұмыс істеп тұр. Бәрі әлгіндей әсерлі болмағанымен, өз алдына өзгеше. Бірі ән ырғағымен тербеле билейді, бірі түрлі түске боялады.

Астанада аулаға шығып, тынығудың өзі бір ғанибет. Ересектер үшін дене шынықтыратын неше түрлі құрылғы қойылған. Спорттық сарайлардың есігін қағудың еш қажеті жоқ. Ебі келісті адам емін-еркін жаттығады. Ал ойын баласына қалағаны жолында. Алаңның асты қап-қатты тас емес, мамықтай жұмсақ. Анығы Қызылордадағы автокөліктің шинасын қайта өңдеу зауытынан шыққан төсеніш төселген. Құлаған бүлдіршінге қауіп жоқ. Қазір шаһарда 1500-дей аула болса, соның барлығы тап осы суреттеуге сай келмесі анық. Бірақ бұл тұрғыдағы жұмыс тоқтаған жоқ. Енді қарқын алып келеді. Мәселен, жергілікті билік: «Жыл аяғына дейін 60 ойын ауласын аяқтаймыз», – деп отыр.

Рас, Астана  көркі  секунд  сайын өзгеруде. Шаһар халқының  өмір  сүруіне  қолайлы  аймақ қалыптастыру, көгалдандыру және экологиялық тепе-теңдікті сақтауды Президент қатаң тапсырды. Көшедегі түрлі композициялар жергілікті тұрғындарды да, шетелдік қонақтарды да таң қалдырады. Әсіресе «кешкі Астана керемет» деп бағалайды.

Мемлекет орталығы ретінде елдік мүддеге қатысты негізгі шешімдер бас қалада  қабылданады. Бәлкім содан болар Астана десе зәулім ғимараттар, ағылған көліктер мен классикалық үлгіде киінген адамдар көз алдыңызға елестеуі мүмкін. Бірақ қас қарайғанда бас шаһар басқа кейіпке енеді. Бұл – өзге Астана.

 Түнгі қаланың тынысы бөлек. Шамдар самаладай жарқырап, қаланың келбетін өзгеше бір күйге бөлейді. Түнгі Астананың тіршілігі қандай? Ойыңызға бірден Есіл жағалауы оралары хақ. Себебі мұнда туристер қысы-жазы қыдырады. Биылдан бастап ерке Есілге ағылатындардың саны артты. Басты себебі – жаңадан ашылған Арбат. Әлемнің барлық қалаларында өз Арбаты бар. Мұнда зергерлер, суретшілер секілді түрлі талант иелері арқылы шаһардың бет-бейнесі қалыптасады. Былайша айтсақ, төлқұжаты іспеттес. Осы жерді танып, ел туралы пікір қалыптасады.

Әсем Қабылбек, тілші:

-Жаңа Арбат астаналықтардың ең сүйікті орындарының біріне айналып үлгерді. Мұнда өтетін іс-шара өте көп. Мәселен менің артымдағы мына үлкен монитордан жаз бойы қалаған киноңызды көре аласыз. Онда отандық режиссерлардың түрлі туындылары көрсетіледі.

Ашық аспан астындағы кинотеатр – кешкі серуенге шығатындар үшін таптырмас жер. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осында. Табиғат аясында отбасылық және тарихи фильмдерді көріп, өзара талқылап мәз.

 Әбдіразақ Бөрібаев, Алматы қаласының тұрғыны:

-Мен ЭКСПО-ға Алматыдан келдім. Бірінші рет. Қуаныштымын. Жазғы кинотеатр бар, жақсы. Бәрі жақсы қарап отыр. Күшті!

Шағын ғана аумақтан әнші, биші, суретші тіпті қолөнершілерді де кездестіресің. Көше музыканттары көпшілікке деген сүйіспеншіліктерін әндерімен жеткізіп, көңіл-күй сыйлайды.

Табын Қылышбай, суретші:

-Негізі көп адам – өнер адамдары. Негізі мынау сату емес, бір жағынан отырып, мына жерде адамдармен жұмыс істеу, сөйлесу, әңгімелесу. Сосын отырып, наброскіде жұмыс істейміз.

ЭКСПО көрмесі аясында шетелдіктердің ұлттық бұйымдарға сұранысы жоғары. Арбаттағы сауда нүктелерінде сауда қызып тұр.

 Эни Калл, турист /Австралия/:

-Астанадан қазақ халқының жылылығын сезіндім. Маған тамақтанатын орындар мен музыка ерекше ұнады. Жолдасыма Қазақстаннан естелік болсын деп мына қойын дәптерді сатып алдым.

Басем Рамзе, турист /Мысыр/:

-Еуразия төріндегі Астананың әсемдігіне көз тоймайды. Шаһардың сұлулығы мен қонақжай халқы бірден баурап алды.

 Түркістандық Әлібек Жұманның ісі – көпке үлгі. Жас жеткіншек мылқау жандар жасаған бұйымдарды сатуға көмектеседі. Түскен пайда қолөнершілердің қорына аударылады.

 Әлібек Жұман, ерікті:

-Осы жерге келіп туристер мына заттарды алады. Көбінесе қызығатыны – міне, мына киіз үйлер. Бізде киіз бағалары 500 теңгеден басталады. Мынау 2000. Міне 500 теңгенікі, кішкентайы. Мынау 2 мың теңгелік. Былайша айтқанда, барлығы қолжетімді.

 Аға буын өкілдері теңізшілердің тастаяқ ойынын үйретуден де жалықпайды. Ал ұйықтар алдында дәл осы жерде қым-қуат тірлікті ұмытып, рухани демалуға мүмкіндік бар.

 Әсем Қабылбек, тілші:

-Арбат – шынында да нағыз мәдени орда. Көшедегі кітапханадан кез келген жанрдағы туындыны тауып оқи аласыз. Мәселен, мен Мағжан Жұмабаевтың жырларын таңдадым.

 Есіл жағалауындағы ең үлкен субұрқақ. Гидротехникалық дөңгелек нысан – күннің символы. Ол түрлі декоративтік құралдармен жарақтандырылған. Өзендегі су 80 метр биіктікке дейін көтеріледі. Компьютер арқылы басқарылады. Қазақстанның тарихымен танысуға мүмкіндік. Шоудың ұзақтығы – 10 минут.

 Су бетінде қалқыған гүл пішіндес электр шамдары ертегілер еліне жетелейді. Арманыңа қанат бітіретіндей. Өзенді өрлеген шағын кемелер туристерді қаланың айшықты жерлерімен таныстырады. Жалпы Астанада кемедегі серуен қызметін шамамен 20 мың жолаушы пайдаланады.

Шынықсаң, шымыр боласың. Осы қағиданы берік ұстанатындар қатары көбейгені қуантады. Әсіресе кешқұрым жүгіретіндер бір сәт дамыл таппайды.

Әсем Қабылбек, тілші:

-Спортсүйер қауым үшін бұл паркте барлық жағдай жасалған. Мәселен, мына мен жүріп келе жатқан жол тек велосипед айдайтындарға арналған. Ал ортаңғысы жаяу жүрушілерге, соңғысы ана мен балаға.

Қарттық қорқыныш емес. Жаңа шыңды бағындыру. Бұл – зейнеткер Ғалымжан Орынбаевтың өмірлік ұраны. Жасы 66-да. Оның  алдағы мақсаты – марафонда үздік нәтиже көрсету.

Ғалымжан Орынбаев, зейнеткер:

-Осы жерге келіп жаттығу жасап жүрмін. Күнде-күнде келемін де, жүгіремін. Енді тағы да міне 10 шақырымға дайындалып жатырмын, қыркүйекте марафон болады. Соған қатысамын.

Астана – сан түрлі мәдениеттің тоғысқан жері. Оған дәлел – «Art Fest» шарасы. Бейнелеу, сәулет, мүсін, өнеркәсіптік дизайн, хореография және театр жанрларында орындалған туындылардың бәрін «Нұржол» бульварынан тамашалауға болады. ЭКСПО көрмесі кезінде өнерсүйер қауымның көзқуанышына айналды. Серуендеп шыққан жұртқа саудагерлер қызмет көрсетуде. 18 жастағы Әділет ЭКСПО кезінде іс алға басқанына қуанышты.

Әділет Жұмағұлов, сатушы:

-Мен ЭКСПО-ны көп күттім. Себебі көп турист, адамдар ЭКСПО-ны көру үшін Астанаға келді. Мен сол себептен ағылшын тілді үйрендім.

ЭКСПО-ға келген шетелдіктер түнгі Астананы аралап, шаһар туралы өзіндік пайым қалыптастырып үлгерген. «Қонақжай, таза, заманауи қала саф ауасымен де ерекше», – дейді меймандар.

Уан Калимура, турист /Колумбия/:

Астана – өз қолтаңбасын қалыптастырған шаһар. Қаланы аралап университет, кітапхана секілді ғимараттарды көріп қуандым. Өйткені білім бар жерде ғана жетістік болады.

 Роман Новоселов, турист /Ресей/:

-ЭКСПО-да жұмыс істеймін. Астанаға келмес бұрын көп мәлімет жинадым. Интернеттен суреттерін іздедім. Ұшақтан түскенде аузыма бірінші түскен сөз: «Мынау жаңадан тұрғызылған қалаға ұқсамайды», – дедім.

 Гүлге оранған Астана көшелері туристердің есінде ұзаққа сақталары сөзсіз.

 Авторлары: Әсем Қабылбек, Еркебұлан Тілеуқазы, Батырбек Ғаділбек 

10. БАҚ қызметкерлері күні

Осындай көңілді сәттерге біздің төл мерекеміз де тұспа-тұс келді. Апта ортасында Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күнін атап өттік. Айтулы мерекеге орай, Президенттің  бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттары табыс етілді. Жоғары дәрежедегі марапаттан біздің Агенттік те құр алақан қалған жоқ. Елбасының өкімімен «Хабар» теларнасының меншікті тілшісі Майра Қабиқызы Әбдірахмановаға сыйлық тапсырылды және «Хабар 24» ұжымына алғыс жарияланды. Бұл елеп-ескерулер журналистер қауымының қаламына қарым қосары анық.

Заманында Асан қайғы: «Мына ерке Есілдің бойы алты күнде ат семіртіп мінерлік жер екен», – деп айтыпты. Сол аңыз бүгінде ақиқатқа айналды. Ұшақпен биікке көтерілсеңіз, құдды «Арқа төсіне жасыл көрпе төселгендей» көрінеді. Керемет көрініске Сіз де көзайым болыңыз!