Астанада ескі кітаптарды қалпына келтіретін орталық ашылды
Астанада ескі кітаптарды қайта түптеп, қалпына келтіретін «Кітапашар» орталығы ашылды. Бұл әмбебап дүкенде түпнұсқа басылымдар мен антиквариаттарды кездестіре аласыз. Бүгінде кітап емдейтін орталық мәдени hub-қа айналып келеді.
Мақпал Рахатқызы, тілші:
- Ескі кітапқа екінші өмір сыйлаңыз. Бұл орталық өзіндік атмосферасы бар, кітапсүйер оқырманның сүйікті мекеніне айналып үлгерді.
Бүгінде «Кітапашардың» қорынан бірнеше тілдегі көркем әдебиет пен түпнұсқа басылымдарды кездестіруге болады. Мұнда мамандар том-томдарды түптеп, қайта қалпына келтіреді. Жоба авторы Арайлым Қадыр: «Бұндай кітаптарды сатып алатын оқырманның дені – жастар», - дейді.
Арайлым Қадыр, жоба авторы:
- Қорда 4000-ға жуық кітап бар. Біз бүкіл кітапты Астана қаласының тұрғындарынан жинадық. Әр үйге бірден оннан, жүз-жүзден. Сөйтіп Астана қаласынан букинистік қор жасадық. Біздегі басты мәселе – ескі кітаптарды сақтап қалу. Менің аудиториям – бізге келетін адамдар көбіне жастар. Бұл жердің құндылығы мен қызығы да жастарға мәлім.
Қазіргі таңда орталық мәдени хабқа айналған. Мұнда жас ақын, жазушылардың шығармашылық кеші жиі өткізіледі. Кітапсүйер қауым өнермен сусындап, жанын тазарту үшін осында асығады екен.
Дінмұхаммед Молдабай, оқырман:
- Қызықтық, бұл қай орын, не орын. Бізге қызық болды. Міне, бүгін Құдай сәтін салып, келіп отырмыз. Ұнады маған, атмосферасы бөлек, аурасы басқаша екен. Енді уақытымның көп бөлігін осында өткізсем деген ойым бар.
Орталықтағы антиквариат басылымдар көздің жауын алып, келген оқырманды бірден өзіне баурап алады. Мейірбан мамандар емдеген кітап оқырманның да жанын емдейтіні сөзсіз.
Мақпал Рахатқызы, Бауыржан Ебелеков