Хабар телеарнасы

Қызылордада алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды

Қызылордада алғаш рет бауыр трансплантациясы жасалды. 10 жыл бойы бауыр циррозына шалдыққан 40 жастағы келіншекке қайын інісі бауырының бір бөлігін берді. Білікті мамандар тобына белгілі хирург-трансплантолог Болатбек Баймаханов жетекшілік етті. Ал оның ұлы Жасұлан Баймаханов донорға операция жасады. Әкелі-балалы хирургтармен бірге жергілікті дәрігерлер күрделі операцияны сәтті өткізді.

Біз қазір операция өтіп жатқан бөлменің есігінің алдында тұрмыз. Білікті дәрігерлер 40 жастағы келіншектің өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Бұл кісі 10 жылдан бері бауыр циррозына шалдыққан. Донор ретінде 1993 жылы туған туысы бауырының бір бөлігін беріп жатыр.

Операцияны Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас дәрігері, профессор Болатбек Баймаханов бастаған дәрігерлер тобы мен қызылордалық мамандар бірлесіп жасады. Бауыр трансплантациясы әлемдегі ең күрделі операция саналады. Иненің жасуындай тамырларды жалғауға тура келеді. Дегенмен, мамандардың ұзақ жылғы тәжірибесінің арқасында донор бауырының 65% науқасқа салынды. «Он сағатқа созылған операция сәтті өтті»,-дейді мамандар.

Болатбек Баймаханов, А. Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО бас дәрігері:

-Донорға операция жасаған осы жергілікті дәрігерлер. Баймаханов Жасұлан өзі жасады. Мұндай операция жасап жүрген. Сондықтан бізге ешқандай мәселе жоқ, біз тек жалғастыру, рецепиент этапында көмектестік. Жалпы негізгі этапты өздері жасады.

Облыстық көпбейінді ауруханаға соңғы екі жылда құны 2,5 миллиард теңге болатын заманауи құрылғылар сатып алынған. Мамандардың айтуынша, аймақта жыл сайын бүйрек, бауыры ауыратын жандар қатары көбейіп барады. Сондықтан жергілікті жерде ағза трансплантациясын жасау аса маңызды.

Олжас Ысқақов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

-2023 жылы үш бүйрек ауыстыру отасын жасасақ, 2024 жылы осы жердегі мамандарымыз 6 бүйрек ауыстыру отасын жасады. Биыл 2025 жылдың басында осы бауыр ауыстыру отасы жасалды. Енді біздің көпбейінді аурухана толық, трансплантация жасайтын орталықтардың бірі деп тануға болады.

Бұған дейін бауыр трансплантациясы тек Алматы мен Астанадағы орталықта жасалатын. Енді бұл тізімге Қызылорда облысы қосылды. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мәліметі бойынша елімізде бауыр ауыстыруды қажет ететін екі мыңдай науқас бар. Оның 76-сы қызылордалық.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев