Білімге құштар жастар бүгін еліміздің көк туын желбіретті. Астанада математика, физика және информатика бойынша XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы қорытындыланды. Апта басында басталған білім додасына әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша «Алматы қаласындағы Республикалық физика-математикалық мектебінің» командасы 3-ші орынды иеленді. Ал Ресейдің Овчинников атындағы «Екінші мектеп лицейінің» оқушылары «Үздік Олимпиадалық команда» атанды. Ал Санкт-Петербург қаласының Президенттік физика-математикалық лицейі абсолютті жеңімпаз деп танылды.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:
- Бұл жерде мотивация деген жетеді. Бұлар осы дипломмен университетке түсе алады. Мықты-мықты университетке түсе алады. Мысалы, IIT , Гарвардың өзіне де мұның дипломы болса, оның өзінің үлкен рөлі бар. Ол бір. Шетелдің студенттеріне келетін болсаңыз, мысалы Моңғолиядан жыл сайын келеді. Кемі 5-6 команда келеді. Осының дипломы оларда бірден, тіке жазда өтетін әлемдік олимпиадаға жолдама береді.